14 Қаңтар, 2011

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа

453 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біз, Сіздің өкілеттігіңізді 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі рес­публикалық референдумның бастамашылары, Сізге, Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына үндеу жасап отырмыз. Біздің бастамамыз қоғамда айрықша серпіліс туғызды және бес миллионнан астам қазақстандықтар, яғни сайлаушылардың 55 пайызы референдум өткізуді қолдап, өз қолдарын қойды. Бұл Сіз жүргізіп отырған саяси бағыттың бүкілхалықтық қолдауға ие екенін барынша айқындылықпен дәлелдейді! Республика Конституциясына сәйкес, биліктің жалғыз қайнар көзі халық болып табылады және сол халық Сізді алдағы он­жыл­дықта елімізді өмір сүру деңгейі жоғары саналатын әлемнің да­мы­ған мемлекеттері қатарына қосуға қабілетті Көшбасшы ретінде санайды. Сайлаушылардың өз ерік-қалауын білдіруі – мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға, оның ілгері дамуына және азамат­тары­мыздың әл-ауқатының артуына бағытталған Сіздің қажырлы қыз­метіңізге берілген шынайы баға. Тәуелсіздіктің өткен он тоғыз жылы ішінде елдің ішкі жалпы өнімінің 16 еседен астам өскенін атап айтудың өзі жеткілікті. Жал­ақы, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер ұдайы өсіп келеді. Жаңа мектептер, ауруханалар мен мәдениет үйлері бой көтеру­де. Кең ауқымды бағдарламалар, соның ішінде Қазақстанның индустриялық әлеуетін түпкілікті жаңартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін елдің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Өзінің дәл бүгінгідей халықаралық зор беделге ие болуында Қазақстан нақты Сізге, әлемдік деңгейдегі Көшбасшыға қарыздар. Бұған Семей сынақ полигонын жабу мен ядролық қарудан бас тарту, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, интеграциялық бастамаларыңыз бен өзге де қолға алған істеріңіз ықпал етті. Сіздің көшбасшылығыңыздың арқасында Қазақстан айтулы жеңістерге қол жеткізді. Алайда алдымызда атқарар іс әлі көп. Және дем берушісі өзіңіз болып отырған барлық бастамалар нақ Сіздің басшылығыңызбен жалғасын тапқаны аса маңызды. Сіздің баға жетпес тәжірибеңіз бен қайсар мінезіңіз, мемлекетшіл тұлғаңыз және ешбір дағдарыстар мен сынақтарға бой алдырмай елдегі барлық істердің тыныс-тіршілігін әрдайым сезіп-біліп отыратын қабілетіңіз оларды іске асырудың кепіліне айналған. Бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен отбасындағы береке, елі үшін мақтаныш сезім және келешекке деген сенім референдум өткізу идеясын бүкіл халық болып қолдаудың алғышарты болды. Бұл – азаматтардың өзіңіздің басшылығыңызбен Қазақстанның қол жеткізген мол табыстарына деген ризашылық сезімі мен олардың жаңа жеңістерге деген үміті. Қазақстанның миллиондаған тұрғындары атынан бастамашыл топ Сізге, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, үндеу жасап, референдум өткізуге келісім беруіңізді сұрайды. Халықтың ерік-қалауы Сіз үшін қасиетті саналады және Сіз ешкімге де халық пікірімен санаспауға, елеп-ескермеуіне жол бермейсіз. Сіз бар ғұмырыңызды халқыңызға және Отанымызға қызмет етуге арнап келесіз. Халық мемлекетіміздің қалыптасуының осынау қиын-қыстау жылдарында Сізді әрдайым қолдап, бұлжымай соңыңыздан ерді. Бүгін де, яғни еліміз үшін осынау тағдыршешті сәтте Сіз өз халқыңыздың бастамасын қолдайды деп сенеміз.

Қазақстан Республикасының Президенті –

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін

ұзарту жөніндегі референдумның бастамашы тобы.

2011 жылғы 12 қаңтар.

Қазақстан Республикасы

Парламентінің депутаттарына

Құрметті депутаттар!

Біз, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.­Ә.На­­зар­­баевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жө­ніндегі референдумның бастамашы тобының мүшелері, Сіздерге жо­ғары заң шығарушы биліктің өкілдері ретінде үндеу жасап отырмыз. Референдум өткізу жөніндегі біздің бастамамыздың түрлі ұлттар мен діндер өкілдері, барлық жастағы буындар мен әлеуметтік топтар тарапынан бүкілхалықтық қолдауға ие болуы мемлекетіміздің басшысына деген аса жоғары сенімді айғақтайды. Бұл қолдау – еліміздің Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті нығайту, Қазақстанның серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және оның халықаралық беделін арттыруға бағытталған көреген саясатын шүбәсіз мойындау болып табылады. Біз белсенді азаматтық ұстанымы мен ел келешегіне деген жанашырлығы үшін барша отандастарымызға ризашылығымызды білдіреміз. Біз, сондай-ақ, бастамамызды белсенді әрі жан-жақты қолдаған Парламент депутаттарына алғысымызды айтамыз. Референдум идеясына қолдау көрсеткен бес миллионнан астам қазақстандықтардың атынан Сіздерден Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына «Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін республикалық референдумда 2020 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін көздейтін Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» мәселені шығаруларыңызды сұраймыз. Бұл – бүкілхалықтық референдумды қолдауға қолдарын қойып, өздерінің болашағы мен еліміздің келешек дамуын Қазақстанның Тұңғыш Президентімен байланыстыратын республика сайлаушы­лары­ның жартысынан астамының тікелей ерік-қалауы.

Қазақстан Республикасының Президенті –

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі

референдумның бастамашы тобы.

2011 жылғы 12 қаңтар.