АҚШ президенті Барак Обама өзінің Куба республикасына сапарын «тарихи оқиға және тарихи мүмкіндік» деп бағалады. Әрине, жұрт оның бұл пікірін өзін өзі мадақтағандық деп қабылдамайтыны анық. Әңгіме бұрын бір-бірін жау санайтын елдердің табысуында болып отыр.
Жауласу екі жаққа да тиімсіз. Куба сияқты аралдағы шағын елге ғана емес, әлемге айтқанын істетіп отырған АҚШ-тай алып елге де тиімсіз. Бүкіл коммунистік жүйе бұл арал-мемлекетті өзінің бір әскери базасына айналдырса, АҚШ оған қарсы біраз әскери шараларды жүргізуге мәжбүр болды. Ол миллиардтаған доллар қаржыны талап етті. КСРО-ның басшысы болған Никита Хрущевтің ұрдажық бір әрекеті осы Куба жерінде болған. 1962 жылы осында ядролық соғыстың бастала жаздағанын да ешкім ұмытпайды. Сонда АҚШ президенті Джон Кеннедидің ұстамдылығы, Хрущевті келісімге шақыруы алапат соғыстың алдын алған.
Куба алыстағы ағайындары КСРО-ға, Қытайға, Варшава шарты елдеріне арқа сүйеді. Олардан аз да алған жоқ. Әскери қорғаныш болғаны өз алдына, көп қаржылай көмек берді. Жай берді, қарызға берді. Тіпті, бертінде, осы өткен жылы КСРО-ның мұрагері Ресей Кубадағы 32 миллиард доллар қарызын да кешті. Аз емес, бірақ алып көршісімен жауласу Кубаға бұдан да қымбатқа түскен. Куба экономистерінің есебіне қарағанда, АҚШ-тың бұл елге сауда эмбаргосын жариялауынан Куба экономикасына 236 миллиард доллар зиян келіпті. Бұл дос елдерінің көмегінен әлдеқайда көп.
АҚШ-қа неге сауда эмбаргосын енгіздің деп өкпе айтудың да жөні жоқтай. Куба алыстағы достарына арқа сүйеп, 1960 жылы өз аумағындағы АҚШ мүлкін иемденіп алды. Сонда Вашингтон эмбарго енгізді, 1961 жылы дипломатиялық қатынасын үзді. 1982 жылы бұл елді терроризмді қолдайтын елдер тізіміне кіргізді. Осылайша, Куба айтарлықтай экономикалық та, саяси да шектеуге ұшырады. Өзіне өзі жасады. Алыстағы ағайынның өз күйлері кетіп, қарайласа алмаған. Сонда Куба өткен ісіне өкінген де шығар. Бірақ, өкпесі қатып қалған АҚШ президенттерінің ешқайсысының Кубаға іші жылымады.
Бұл тоңды бұзған Б.Обама болды. Мұны нағыз қайраткерлік қадам деп бағалаған жөн болар. Бұл көп қайраткерлердің қолынан келе бермейтін қадам. Әсіресе, мен ұлы елдің басшысымын деп көкірегін көтеретін кердеңдердің қолынан келмейді. Обама кішірек елдің басшысын (Рауль Кастроны) төмендетпей, алдымен өзі қолын ұсынды. Төрт кездесуге де өзі бастамашы болды. Соның арқасында жаулық тыйылды, ел табысты, дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Куба террорды қолдаушы ел тізімінен шығарылды.
Б.Обаманың Кубаға сапары жөнінде әртүрлі пікір айтылып жатыр. Америкалықтардың 60 пайызы оны құптайды екен. Көрші елдердің табысқанын жөн санайды. Ал ел халқының 40 пайызының құп көрмейтініне, әрине, таңданасың. Бұлар президенттің саяси қарсыластарын қолдаушылар, сырт жақтағы жалпы АҚШ-қа қарсылар екені анық. Президенттікке республикашылардың бас үміткері Дональд Трамп Куба Обаманы жөндеп қарсы алмады деп, АҚШ абыройын ойлаған болады. Сондағысы қарсы алуға Рауль Кастро шықпаған көрінеді. Шын мәнінде, Кастроның қарсы алуы алдын ала қарастырылмаған екен. Мұны Барак Обаманың кішіпейілділігі, 80-нен асқан қартты әурелемегені десе де болар. Мықтыларға кішіпейілділік жарасады.
Кім не десе де, Б.Обаманың Кубаға сапары тарихи оқиға болып тарихқа енетіні, басқа қайраткерлерге өнеге болатыны даусыз. Екі ел арасында әлі де шешілмеген мәселе көп. Бірақ ең бастысы – жақсылыққа, табысуға, түсіністікке жол ашылды. Оны ашқан билік мерзімі аяқталып келе жатқан Барак Обама. Осындай істерімен де ол тарихта қалады.
Шекара мәселесі митингімен шешілмейді
Қырғыз бен өзбек ағайындардың шекарасында жанжал туды. Зерделеп қарағанда, алып бара жатқан да ешнәрсе жоқ сияқты. Ал айқай күшті-ақ. Нота да тапсырылып жатыр, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына ресми өтініш те жасалған.
Жағдайды дөп басып айту да қиын. Жанжалдасқан екі жақ оны өздерінше түсіндіреді. Қырғыз жағы өзбектер шекараға әскер мен техникасын әкелді (2 БТР және 2 Камаз, 30-40 солдат), белгіленбеген аймаққа кірді дейді. Өзбектер ешқандай келісімді бұзғанымыз жоқ, келісім шегінде әрекет етіп жатырмыз дейді. Тек Наурыз мерекесі қарсаңында шекара күзетін күшейткендерін айтады.
Бұл жанжалға, әсіресе, қырғыз жағы қаттырақ көңіл бөліп отыр. Ел президенті Алмазбек Атамбаев ҰҚШҰ-ға өтініш айтып, жанжалды шешуге көмек сұраса, үкімет басшысы Темір Сариев даулы аймаққа, Жалалабад облысына барып, халықты сабырға шақырды. Мәскеуде ҰҚШҰ-ның Тұрақты кеңесінің отырысы болып, алғашқы күні ешқандай шешім қабылданған жоқ. Кейін қандай шешімге тоқтары белгісіз. Ал Қырғызстан премьер-министрінің жанжал аймағына сапарына тоқталған жөн-ақ.
Әңгіме бұл аймаққа Сариевпен жарысып, бәлкім, озыңқырап, оппозиция белсенділері, бірқатар арандатушылар да жеткен. Олар 500-1000 адам қатысқан митинг өткізіп те үлгерген. Үкімет басшысы солармен әңгімелесіп, «шекара мәселесін митингімен шешуге болмайды, оған дипломатиялық жол керектігін» түсіндірді.
Үкімет басшысының жөн айтып отырғаны даусыз. Бірақ оның сөзі сол халыққа жете қойғаны да күмәнділеу. Оппозиция тік көтеріліп, мына жағдайды билікті сынауға пайдаланып отыр. Олар мұны биліктің әрекетсіздігінен дейді. Соның салдарынан «жау» келіп қалды, қасиетті жердің әр сүйемін қорғауға халық көтерілуге тиіс екенін айтады. Жер үшін қан қозады. Оны арандатушылар жақсы біледі.
Сол митингте белгілі оппозициялық қайраткер Әзімбек Бекназаров «Путинге, халықаралық қоғамдастыққа» араға жүруге ұсыныс жасады. Тағы бір жас Бекназаров (Руслан) пайда болып, халықты күреске шақырды.
Көктемде қырғыз ағайындардың қаны қозады десек, олардың намысына тигендей боласың, ал арандатушылардың қауырт қимылдап жатқаны да шындық. Олар бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, жағдайды ушықтыруға барынша әрекет жасауда. Қырғызстанның біраз жері көршілеріне кеткен деп байбалам салуда. Қытай, Өзбекстан, Тәжікстанды былай қойғанда, тіпті, Қазақстанды да ауызға алады. Мұндай даурығудың мақсаты – қалайда ел ішін бүлдіру, жағдайды ушықтыру. Билік те солардың арандатуынан аса алмай отырған сыңайлы.
Шекара – әрине, маңызды мәселе. Оны бірден қолға алып, шешіп те тастау керек еді. Олай етпегеннің аяғы бүгінгі дау-дамайға соқтырып отыр. Енді, бұл мәселені арандатушылардың жетегінде кетпей, барынша байыппен шешкен жөн. Ағайындыққа жүгіну арқылы шешілетін мәселені әлем талқысына салу да қажетсіз-ақ қой дейсің. Ағайындардың өз қотырларын өздері қасығаны тиімді. Басқалар қасыса, қаны шығады.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.