Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады.
А.Жұмағалиев Мемлекет басшысына министрліктің 2010 жылғы қызметінің негізгі қорытындылары туралы, соның ішінде 3G үшінші буын ұялы байланыстың стандартын енгізу жөнінде, ауылда кең жолақты интернетті дамыту бойынша жобаны іске асыруға дайындық жұмыстарын жүргізу туралы, сандық телехабарларды іске қосу және электронды үкімет порталы арқылы 1 млн. 600 мыңнан астам электрондық анықтама берілгені, сондай-ақ 2011 жылға жоспарланған міндеттер туралы баяндады.
Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық саласын халық пен бизнес өкілдері үшін мемлекеттік қызмет көрсету спектрін кеңейту, сандық телехабарларды дамыту, елді мекендерде кең жолақты Интернет желісіне қолжетімділікті және ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бөлігінде дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банктің Төрағасы Григорий Марченконы қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.Г.Марченко Президентке 2010 қаржы жылының алдын ала қорытындылары туралы баяндады.
– Тұтастай алғанда, макроэкономикалық жағдай тұрақты. Өткен жылы инфляция болжамды дәліз аясында 7,8 пайызды құрады. Мемлекет басшысы Үкіметпен және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігімен бірлесіп, банктердің экономиканың нақты секторын кредиттеуін ынтыландыру әдістемесін әзірлеуді тапсырды, – деді брифингте Ұлттық Банктің төрағасы.