26 Наурыз, 2016

Батыс Қазақстан облысына әкім тағайындалды

427 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
26-03-2016 kolginovАСТАНА. 26 наурыз. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Қазақстан Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматуллин алдымен облыстық мәслихат депутаттарының талқысына аймақтың жаңа басшысының кандидатурасын ұсынды. Халық қалаулылары Алтай Көлгіновті қолдап, бірауыздан дауыс берді. Осыдан кейін жаңа әкім облыс активіне таныстырылды. Алтай Сейдірұлы Көлгінов 1978 жылы туған. Қ. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, Шотландияның Абердин университетін бітірген. Алтай Көлгінов 2000 жылы әскер қатарынан оралған. 2001-2008 жылдары Әділет министрлігінде, мемлекеттік қызмет жөнінде агенттік пен Бас прокуратурада әртүрлі қызметтер атқарған. 2008-2010 жылдары «Алаш Медиа Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директорының орынбасары, 2010-2012 жылдары Қазақстан Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-территориялық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы болған. 2012 жылдың ақпанынан 2013 жылдың сәуіріне дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып істеді. Ал 2013 жылдың сәуір айынан бері Орал қаласының әкімі болып қызмет атқарып келген. Темір Құсайын. Дерек: egemen.kz. Фото: oraloniri.kz.