28 Наурыз, 2016

Әзербайжанның белгілі режиссері Тофиг Исмайлов қайтыс болды

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

26-03-16-tofig_ismaylov

АСТАНА. 28 наурыз. Әзербайжанның белгілі актері әрі режиссері, халық артисі, профессор, ғылым докторы Тофиг Исмайлов 25 наурыз күні 77 жасында қайтыс болды. Бұл Trend Life ақпарына сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады. Тофиг Исмайлов 1939 жылы 6 сәуірде Бакуде туған. Әзербайжан мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін бітірген. Кейін Мәскеуде жоғары режиссерлер курсында оқыған. 1969-1988 жылдары «Әзербайжан» киностудиясында жұмыс істеді, 1971 жылдан өнер институтында режиссурадан сабақ берді, ал 1988-1994 жылдары сонда кафедра басқарды. 1994-2006 жылдары Түркияның Ыстамбұлдағы «Мемар Синан» мемлекеттік университетінде сабақ берді. Осында жүріп «Түркі халықтары киносының тарихы» деген энциклопедия жазып шықты. Бұған Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркия кинолары туралы мағлұматтар енгізілді. Әзербайжанда Мехти Гусейновтің «Абшерон» романы бойынша бірінші үш сериялы фильм түсірген. Ол бұдан басқа тағы «Біздің қаланың тастары», «Музыка мұғалімі», «Айрықша жағдай», «Мен ән шығардым» деген картиналарды қойды. Ал «Қиын жолдар» деген лентасы АҚШ-та кеңестік 17 үздік фильмнің бірі ретінде көрсетілді. Жастар тақырыбында «Біздің махалланың жігіттері», «Лахыдж», «Човган ойыны» деген картиналар түсірді. Т. Исмайлов актер ретінде де бірқатар фильмдерге қатысқан. Солардың арасында «Ауа храмы», «Отельдегі бөлме», «Ыстамбұл рейсі» және тағы басқалары бар. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Trend Life.