29 Наурыз, 2016

Есту-сөйлеу бойынша оңалту

901 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ЛОРҚазақстанда жаңа деңгейге көтерілуде Соңғы жылдары елімізде мүгедектерді әлеуметтік жағынан қолдау мәселесіне лайықты көңіл бөліне бас­тады. Осы бағыттағы мемлекеттің сарабдал саясаты мен медициналық технологиялардың дамуының жоғары деңгейі қандай да бір кемістігі бар адамдарды қоғамға қайтаруға мүмкіндік беруде. Осындай күрделі мәселелердің бірі есту қабілетінің бұзылуы болып табылады. Зады, 10 мың жаңа туған нәрес­теге орта есеппен үш-төртеуінің есту қабілетінің бұзылып туылатыны көп ешкімді ойландыра қоймас. Яғни, уақытында ота жасалмаса бұл балалар толыққанды өмір сүру, оқу және жұмыс істеу мүм­кіндігінен айырылады. Бұл ретте мәселені қалай және қай жерден анықтауға болады? Ең дұрысы – республиканың әрбір перзентханасында жаңа туған нәрестелерді скринингтеуге ар­­налған құрылғылардың болуы. Өкінішке қарай, шындық жағдай олай емес, сондықтан көп жағдайда баланың есту қабілетін тексеру тек кереңдіктің күдікті белгілері көріне бастаған кезде ғана басталады. Алайда, патологияны мейлінше ерте анықтау өте маңызды, өйткені, сонда ға­на балаға бір жасқа дейін ко­хле­арлық имплантация бойынша ота жасалып, содан кейін оны дыбыс­тар әлеміне қайтару үшін есту-сөйлеу бойынша оңалтудың ұзақ үрдісі басталады. Осы мәселені шешу мақ­са­тында 2014 жылы республикада Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы («ҒТО» РМҚК) құрылды. Осыған дейін елімізде кохлеарлық имплантация бойынша ота жасалған емделушілерді есту-сөйлеу бойынша оңалту үдерісін нәтижелі түрде жүзеге асыруды өз мін­де­тіне алуға қабілетті, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және кәсіби шебер мамандары бар оңалту орталығы болмаған еді. Тек 2007 жылы мемлекет елімізде осы мақсатқа кохлеарлық имплантация бойынша ота жасауға 2 млрд.теңге бөлгеннен соң ғана пайда болды. Бұрын құлақ мүкістігінен зардап шегуші емделушілерді шетелдік клиникаларға жолдайтын. Кохлеарлық имплантация – 10 мың АҚШ долларынан аса тұратын өте қымбат ем-шара. 5 жылда бір рет ауыстырылуға тиісті сыртқы сөйлеу процессоры одан да қымбат тұрады. Отаның мәні мынада – емделушінің басына дыбыстарды жүйке жүйесіне түсінікті электрлік импульстерге айналдыра алатын имплант қойылады, басқаша айтқанда адам құлағымен емес, миымен ести бастайды. Бұл еліміздегі мүмкіндігі шек­теулі көптеген жандардың жағдайы көтермейтін шығын екені түсінікті, бірақ мемлекеттің қомақты қаржыландыруы арқа­сында 2007 жылдан бе­рі бүкіл Қазақстан бойынша 2000-нан артық балаға ота жасауға қол жетті. Алайда ко­х­леарлық имплантация – ем­делушіні еститін қоғамға қайтарудың тек бірінші қадамы ғана. Адамның дыбыстарды қаншалықты жақсы еститінінің, оларды ажыратуының, ең бас­тысы, сөйлеуінің 90 пайызын қамтамасыз етуші негізгі кезең – ол отадан кейінгі есту-сөйлеу бойынша оңалту болып табылады. Бұл – оториноларинголог, сурдолог, сурдопедагог, жүйке дәрігері, психолог, педиатр, радиологтың және т.б. мамандардың кешенді жұмысын талап ететін ұзақ та бейнетті үдеріс. Есту-сөйлеу бойынша оңалтусыз кохлералық имплантация жасауға кеткен ақшаны желге ұшты деп есептеуге болады, өйткені ол күтілген нәтижені бермейді. Есту-сөйлеу бойынша оңал­туды жүзеге асырушы мекеменің болмауы, ота жасалған балалардың ата-аналарының наразылығын тудырды, өйткені, шын мәнінде олар медициналық қызметтің тек бір бөлігін ғана алған. Осы­лай 2014 жылы Петропавл қаласының есту патологиясы бар мүгедектері аталмыш мәселе бойынша сол уақытта Мәжіліс депутаты болған Д.Назарбаеваға жүгінді. Шешім ұзақ күтуді қа­жет еткен жоқ. Артынша бұ­рынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әб­діқалықова Үкіметке екі мекеменің «Республикалық эксперименталды протездеу орталығы» РМҚК мен «Республикалық есту қабілетін оңалту орталығы» РМҚК қосу жөніндегі ұсыныспен шықты. Бұл ұсыныс құпталып, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму ми­нистр­лігінің ведомстволық ба­ғы­нысындағы «Әлеуметтік оңал­­­­­­­­туды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы» Респуб­ли­калық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы (РМҚК «ҒТО»)» Үкіметтің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі №1005 қаулысы шықты. 2014 жылдың өзінде-ақ Ас­тана, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысынан 170 бала есту-сөйлеу бойынша оңалтуды жүргізудің апробациясына қатысты. Сонымен қатар, «ҒТО» РМҚК аяқ-қол про­тездеудің эксперимен­тал­дық түрлерін жүргізуге, тех­­но­логиялық ережелер, әдіс­на­малық нұсқаулар, салалық республикалық стандарттар жасау бойынша міндеттемелер жүк­телді. «ҒТО» РМҚК-да өз саласында маңдайалды боп саналатын әлемдік серіктестермен де екіжақты тиімді ынтымақтастық орнатылған, олар: есту-сөйлеу бойынша оңалту бағытында – «Cochlear» (Швейцария) фирмасымен, аяқ-қол протездеу са­ла­сында «ОТТО BOCK» (Гер­мания), «Medicare» (Түркия), «Ортекс» (Ресей), «Арсенал» (Ресей) және басқалар. Аталмыш компаниялардың мамандары конференцияларға қатысып, шеберлік-сыныптарын өткізіп, «ҒТО» РМҚК мамандарын есту-сөйлеу бойынша оңалту және протездеу саласындағы заманауи әдістерге үйретеді. Қазіргі таңда «ҒТО»РМҚК толықтай дерлік қажетті аппаратурамен және әртүрлі құ­рыл­ғылармен жабдықталған, осы құрылғыларды алуға соң­ғы жылдары 150 млн. теңге мөл­шерінде қаражат жұм­сал­ды. Есту-сөйлеу бойынша оңалтудың тиімділігін арттыру мақсатында және осы үдеріске қатысушылардың бар­­­лығының жұмыла істеген жұмысы арқасында «ҒТО» РМҚК мамандары елімізде ал­ғаш рет кохлеарлық имплантты емделушілерді есту-сөйлеу бойынша оңалту бағдарлама­сын даярлады. Бұл бағдарламаның бірегейлігі мен құндылығы – оның медицина, сурдопедагогика және әлеуметтік оңал­ту әдістері мен білімнің то­ғысында жасалуында, бұл баланы толыққанды өмірге барынша тез қайтару үшін өте маңызды. Келесі қадамымыз осындай бағ­­дарламаны ересектер үшін даярлау. Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрі Т.Дүй­­сенованың мүгедектерді әлеу­меттік оңалтудың ауқымын және қарқынын үдету, инклюзивтік білім беруді дамыту және рес­публикада кедергісіз орта қалып­тастыру туралы тапсырмаларын орындай отырып, «ҒТО» РМҚК 2015-2018 жылдарға стра­тегиялық даму жоспарын жасады. Осы жоспарға сәйкес 2016 жылы 250 баланы есту-сөйлеу бойынша оңалту жүр­гізуге мемлекеттік тапсырыс орын­­­­­дал­мақ. Емделушілермен жұмыс даярланған есту-сөйлеу бо­йынша оңалту бағдарламасына сәйкес стационарлық және ам­бу­латориялық режімде жүргізіледі. Алайда, оңалту үдерісінің қо­мақты бөлігі ата-ананың иы­ғы­на да түсетінін айта кету керек, жұ­­­мыстың нәтижелілігі олар­дың табан­дылығына, шыдам­дылығына, бала өмір сүретін пси­хологиялық ахуалға, әлеу­меттік және санитарлық нор­маларға байланысты. Марат АХМЕТҚАЛИЕВ, Республикалық Әлеуметтік оңалтуды дамыту  ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры. АЛМАТЫ.