АСТАНА. 30 наурыз. Бүгін түнде Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында футболдан Грузия және Қазақстан құрамалары жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Бұл туралы «Р-Спорт» дерегіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осымен бас жаттықтырушының міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов Қазақстанның бас командасын екінші мәрте алаңға бастап шықты. Ол бұдан бұрын 26 наурыз күні түрік жеріндегі Анталья қаласында Әзербайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 етіп жеңген еді.
Грузинның бас қаласындағы келесі кездесу екі жақтың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Рас, біршама уақыт алаң иелерінің аздаған территориялық басымдық та танытты. Дегенмен, есепті бірінші болып қазақстандықтар ашты. Ол 35-минутта Серікжан Мұжықовтың қақпаның алыс бұрышына жеткізген добын аяқтың ұшымен іліп тастай салған Азат Нұрғалиевтің дәлдігі арқасында мүмкін болды. Бірақ арада үш минут өтер-өтпесте грузиндер есепті теңестіріп үлгерді. Бұл гол да алдыңғыға ұқсас жағдайда соғылды. Таразы басын Торнике Окриашвили теңгеріп берді. Бұдан кейін екі жақта да есепті өзгертуге мүмкіндік болды. Сондай сәтті біздің жерлестеріміз де жіберіп алды. Бірінші тайм осы 1:1 деген есеппен аяқталды.
Матчтың екінші таймында екі команданың жаттықтырушылары да алаңда біршама өзгерістер жасауға тырысты. Олардың тактикалық суреттері біршама алмасты. Осы кезде алаң иелерінің басымдылықтары айқын білінді. Алайда, олар өздері ұйымдастырған шабуылдардан лайықты нәтиже шығара алмады.
Дамир Қожамқұл.
Дерек, фото: Спорт-Р.
Грузия - Қазақстан 1:1
29 наурыз, сейсенбі. Тбилиси. «Динамо-Арена – Борис Пайчадзе» стадионы. 5449 жанкүйер.
Төреші: Клейтон Пизани (Мальта)
Грузия: Нукри Ревишвили, Уча Лобжанидзе, Гурам Кашия, Александр Амисулашвили, Георгий Наваловский, Джаба Канкава, Георгий Абурджания, Валерий Казаишвили, Торнике Окриашвили, Джамо Ананидзе, Георгий Чантурия.
Қазақстан: Давид Лория (Владимир Плотников, 46) Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Ғафуржан Сүйімбаев, Азат Нұрғалиев (Бауыржан Исламхан, 81), Исламбек Қуат, Серікжан Мұжықов (Ұлан Қонысьаев, 66), Самат Смақов (Мақсат Байжанов, 78), Алексей Щеткин (Сергей Хижниченко, 46).
Гол: Азат Нұрғалиев 35, Торнике Окриашвили 38.