30 Наурыз, 2016

«Мэрцишор» – көктемнің мерекесі

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мэр-2Наурыз – мерекеге бай, құт қонған ай. Қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне қызу дайындалып жатқанда, Қарағандыдағы румын қоғамы өздерінің ұлттық мейрамы – Мэрцишорды атап өткен болатын. Жалпы, Румынияда Мэрцишор кеңінен аталып өтілетін көрінеді. Жергілікті халық бұл мейрамды 1 наурыздан бастап 10 күн бойы тойлайды. Оған Еуропа және ТМД елдерінен қонақтар арнайы келеді. «Мэрцишор» сөзі қазақшаға тәржімалағанда «наурыз» деген мағынаны білдіреді. Көктемді Румыния мен Молдова халықтары дәл осы мерекемен қарсы алады. Бұл күні тұрғындар бір-біріне тек ақ және қызыл түсті гүлдерді ғана сыйға тартады. Өйткені, мұнда аңызбен астасқан мән бар екен. Аңызда бәйшешек гүлді тікеннің шеңгелінен құтқарған Көктем туралы айтылады. Көктемнің бұл ісін құп көрмеген қаһарлы Қыс ашуға булығып, желдетіп, борандатыпты дейді. Бәйшешектің ғұмыры қыл үстінде тұрыпты. Бейшара гүлді құтқарам деп жүргенінде Көктемге тікенек кіріп, оның жарақатынан қан тамшылай бастайды. Осыдан кейін ғана Қыс қаһары қайтып, ақ қардағы қызыл қанның түсі Мэрцишор мерекесінің символына айналған екен. Сыйға берілетін ақ және қызыл гүл шоқтарын румындар наурыз айы бойы киімдеріне тағып, сәуір айында бүршік атып, гүл жарған ағашқа тілек айтып барып ілетін болған. «Мэрцишор» фестивалі облысымызда Николай Плушкис басқаратын «Дакия» румын мәдени қоғамының ұйымдастыруымен биыл төртінші мәрте өткізілді. Жыл сайын бұл іс-шара румындық және молдовандық танымал әртістердің келуімен есте қалады. 2013 жылы Василе Йову мен Зинаида Болбочану Қарағандының қонағы болса, 2014 жылы «кеңестік Челентано» атанып кеткен Ион Суручану және Каролина Препелицэ келген болатын. Былтыр атаулы мерекеге кишиневтік белгілі этно-поп ұжым «Трансбалканика» қатысса, биыл кеншілер астанасына атақты этно-поп топ «Ro-Mania» шақырылды. Қарағандылықтар «Ro-Mania» тобының шығармашылығымен жақсы таныс. Былтыр қазан айында «Дакия» этномәдени бірлестігінің 10 жылдық мерейтойына арналған концерттік кеште «Ro-Mania» тобы өнер көрсеткен болатын. Сонда салтанатты шараға Қазақстандағы Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Николай Уреке және Румыния Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі румын диаспорасы істері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Себастиан Хотка, сондай-ақ, Ресей Федерациясындағы Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Василе Соаре қатысқан еді. Өнер ұжымының орын­дауын­дағы этникалық музыканың энергетикасы адам жанын бірден баурап алады. «Ең бастысы, сүйікті ісіңе жаныңды салып берілуің керек. Жанрдың өзі рухани құндылыққа бай және де оның бойдағы қуатты көрсететін керемет әсері бар», дейді топ мүшелері. Концерттік бағдарламада «Да­кия» румын мәдени қоғамы» қоғам­дық бірлестігі жанындағы «Доруле» этнофольклорлық ансамблі румын халық әндері мен билерін орындады. «Доруле» ансамблі – аймақтық және республикалық ұлттық фестивальдердің белсенді қаты­сушысы, 2015 жылы астанамыз­да өткен «Шекарасыз ән» халық­аралық ән фестивалінің лауреаты. Көрермендер «Доруле» шығарма­шылық ұжымының би нөмірлерін, румын және қазақ тілдеріндегі вокал­дық композицияларын жоғары бағалады. Жыл сайын ансамбль ре­пертуары жаңа әндермен толығуда. Мэрцишор мерекесі барысында «Қоғамдық келісім» коммуналды мемлекеттік мекемесінің директоры Тілеубек Камалиев өңірдің дамуына және жаңа қазақстандық қоғамды құруға қосқан үлесі үшін «Дачия» румын мәдени қоғамы жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашовқа облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті. Мерекелік шараның жоғары деңгейде өтуіне Сәтпаев қаласының Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі, «Русалица» славян этномәдени орталығы және облысымыздағы беделді оқу орындары атсалысты. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.