Түркістан қаласын ислам дініндегі 45 ел ғана емес, Қ.А. Ясауидің шарапатымен бүкіл әлем халқы жақсы біледі. Сондықтан да бұл қалаға мұсылмандар да, басқа діндегілер де қысы-жазы ағылып келіп жатады. Оған қоса Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 29 елдің жастары келіп оқитынын ескерсек, осы студенттердің ата-аналары да оқып жүрген ұл-қыздарының хал-жағдайларын білу үшін Түркістанға жиі келіп тұрады.
Тап қазір Түркістан қаласында бір университет, бір сазды драма театр, 4 колледж, 22 мектеп, 4 аурухана, бір арнаулы мектеп, бір мүгедектер үйі, 5 балабақша, бір жасөспірімдер орталығы, бір қазақ-түрік лицейі, бір музыка мектебі, бір дарын мектебі бар. Ал, осылардың бәрі бірдей орталық жылу жүйесіне қосылмаған, өздерінше тіршілік жасап, күндерін көруде. Сондай-ақ, қалада 19 тойхана, 21 кафе, 7 сауна, 5 дәріхана, 31 сауда орындары мен 17 мешіт тағы бар. Енді бұған 21992 жеке тұрғын үйлерді қосыңыз. Міне, осылардың бәрі таңертеңгі сағат 7-ден бастап кешкі 10-ға дейін от жағады. Осынша пештерден шыққан көмірдің қою қара түтінінен көшеде жүріп-тұру мүмкін емес, тұншыға жөтеліп, кейде құсып та жібересіз. Ал, осындай кезде шетелдік қонақтар (туристер) Түркістанға келіп, қала халқының мынадай халін көрсе, біздің отын тасып, күл шығарып жүрген ХХІ ғасырдағы тірлігімізді күлкі етіп жүрмей ме?
«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, биыл күн суытқалы бері Түркістанда түтінді айдап әкететін жел де, оларды сорып алатын қар да жоқ. Сондықтан болар, қаланы қою қара түтін жан-жақтан тұмшалап, тұмандатып, күндіз-түні басып тұрады. Анығын айтсақ, 50-60 метр жердегі адамның нобайын көру қиын. Міне, осының салдарынан жүрегі мен өкпесінің ақауы бар кісілердің арасында оқыс өлім-жітім де өте көп.
Бүгінде кім болса сол пайдаланып жатқан табиғи газдың қасиетті Түркістан қаласына осы уақытқа дейін келмеуі, халыққа бұйырмауы өкінішті жағдай. Түркістан қаласында тұратын 150 мың халықты қазіргі күні қашанға дейін от жағып, күл шығара береміз деген сауал алаңдатады.
Елтай БИМАХАНБЕТҰЛЫ, Түркістан қаласының құрметті азаматы, зейнеткер.
Оңтүстік Қазақстан облысы.