30 Наурыз, 2016

Жиырма бес жыл өткен соң

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жаңақалада ет комбинаты жаңғыртылды Қырық жылдық журналистік тәжірибе қайда апармады дерсіз. Өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдарының бас кезінде жайсаң жандар мен ақиық алыптардың мекені атанған қазақ жерінің бір құт мекені Жаңақалаға журналистік сапармен жолымыз түскені бар. Аудан орталығында ең алдымен көзімізге көрінгені ет комбинатының атшаптырым алып ғимараты еді. Ой мен қырдан сою үшін тасымалданып жеткізіліп жатқан ірі қара мал мен қой-ешкінің есебі жоқтай көрінді. Несін айтасыз, ет комбинатының қызметі бұл жылдары дүрілдеп тұрған-ды. Сөйтіп, араға тағы да табаны күректей он жыл түсті. Бұл тоқсаныншы жылдардың бас кезі еді. Тағы да Жаңақала жеріне жеттік. Ет комбинатына еріксіз көзіміз түсті. Бәрі зым-зия. Комбинат ғимараты қаңырап бос қалыпты. Сыртқы көрінісі де сүреңсіз күйге еніпті. Не дейік, «О, заман-ай», деп басымызды бір шайқап қойғанбыз. Ал күні кеше араға тағы бір жиырма бес жыл түскен кезде Жаңақаладан қуанышты хабар келді. Құлазып тұрған ет комбинаты жан-жақты жаңғырту жұмыстарынан кейін іске қайта қосылыпты. Осы жағымды жаңалыққа куә болғаныңызды қалар едік, деді елден телефон арқылы тіл қатысқан Жаңақаланың жайсаң азаматтары. Несі бар, жақсыны көрмек үшін деген. Жолға жиналып, жүріп кеттік. Бардық. Көрдік. Бұл жолғы көрініс кеңестік кезеңдегіден де әсерлі болды. Егер сол кезде ауылдағы аталған тұтыну құрылымы тек бір ғана малды сойып, содан кейін етін тоңазытқышқа қатырып, Орал ет комбинатына жөнелтумен ғана айналысқан болса, қазір мұнда малды союмен қатар, ет өнімдерін тікелей өндіру мен өңдеу ісі белгіленіпті. Ең бастысы, бүгінгі заманғы жаңа технологияға негізделген құрал-жабдықтарды айтсаңызшы! Әрі бұрынғыдай емес, тар, шектеулі мүмкіндіктердің барынша көбейгені бөлек әңгіме. Қысқасы, айырмашылық жер мен көктей. Кеңестік нұсқадағы ком­би­наттың адам танымастай болып, қайта жаңғыртылуына «Қаз­АгроҚаржы» АҚ қомақты қар­жылай қолдау көрсетіпті. Ендігі жерде осындай жаңа өндірістің игілігін тек өз фермерлеріміз және Жаңақала өңіріндегі жеке аула иелері ғана емес, сонымен бірге көршілес аудандарының да мал өсірушілері көре алады деді, бізге Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов. Жаңақала – малды өңір. Түлік өз төлі есебінен өседі дегендей, әрі мұнда соңғы жылдары мал саны күрт көбейіп келеді екен. Бұған Үкімет тарапынан берілген жеңілдіктер мен мал өсіруді ынталандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың шапағаты тиіпті. Тіпті, мемлекет тарапынан белгіленген осындай мүмкіндік өңірде асыл тұқымды мал санының жедел түрде артуына да септігін тигізіпті. Бұған дейін республиканың мал өсірумен айналысатын кез келген ауыл тұрғынына тән болған көрініс – ақ-адал маңдай терімен өсірген малдары өте арзан, су тегін бағаға жұмыртқадан жүн қырыққан алып-сатарларға жем болып кетуі десек, шындықтан ауытқымаймыз. Алыс ауданда ет комбинатының ашылуы мұндай «әттеген-айлардың» алдын алуға да алғышарт қалайды. Өйткені, ендігі жерде мал иелері оны өздеріне тиімді әрі ыңғайлы бағаға өткізе алады. Тағы да шегініс жасар болсақ, Жаңақала секілді шалғайдағы ауыл тұрғындары өсірген малдарын Орал немесе Атырау қалаларына пұлдау үшін көлік жалдап алып баратын жағдайлар да жиі кездескен. Көлікпен тасымалдау, тағы басқа да моральдық және материалдық шығындарды есептегенде мұндай әурешіліктің нәтижесі қаражат құрап жарытпайтын. Ендігі мәселе мүлдем басқаша. Малыңды іргедегі ет комбинатына апар да өткізе бер. Іздегенге сұраған деген осы да. Қазіргі күні Жаңақаладағы ет комбинатында бір ауысымда жүз ірі қара мал және мыңнан астам қой-ешкі сойылуда. Бірақ бұл мүмкіндік шегі емес, дейді мұндағы меншік иелері, есімдері Орал өңіріне танымал кәсіпкерлер Асқар Сұңғатов пен Мерлан Кенжеғалиев. Әзірге цехта он жеті адам жұмысқа тартылған. Әйтсе де, таяуда шұжық және сүт өнімдері цехтарын ашуды көздеп отырмыз. Бұл үшін сүтті бағыттағы жиырма сиыр сатып алған едік. Аталған жоба қазірдің өзінде әзір тұр. Оның іске қосылатын күні де алыс емес. Сол кезде қазіргі жұмыс орындары екі-үш есеге дейін көбейетін болады, деді олар. Жаңақалада қайтадан жаңғыр­тылған ет комбинатында өнім сапасын бақылайтын әрі тексеретін арнайы зертхана жұмыс жасайды. Сондай-ақ, мұнда санитарлық нормалардың сақталуы үшін де барлық жағдайлар жасалғанына куә болдық. Осындайда бәрекелді демегенде, не демекпіз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы.