30 Наурыз, 2016

«Идикут» романы түрік тіліне аударылды

492 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
_DSC1212Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ахметжан Аширидің түрік тіліне аударылған «Идикут» романының тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ пен ұйғыр әдебиет­шілер қауымынан жоғары баға алған атақты шығарма – «Идикут» романы Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Бенгу» баспасынан жарық көрді. Кітапты аударған Өмір Білген, баспаға ұсынып дайындаған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев. Тұсаукесер рәсіміне Қазақ­станның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы, Гази университеті Түркият зерттеу орталығының директоры, профессор, ғылым докторы Хулия Касапоғлы Ченгел, Гази университетінің профессоры, ғылым докторы Айсун Демирез Гюнери және Анкара қаласындағы шығармашылық һәм мәдени орталықтардың басшылары, дипломатиялық және мемлекеттік мекемелердің өкілдері, белгілі түрік қалам­герлері мен журналистер қа­тысты. Анадолы жұртын түгел түр­кінің ұлы күні – Наурыз мере­кесімен құттықтап, тұсаукесер рәсімін ашқан елші Жансейіт Түймебаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, бүгінгі күнде бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін қалыптастыру мақсатында қыз­мет етіп, бүкіл әлемге үлгі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен таныстырып, Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен елдің бе­реке-бірлігіне назар аудар­ды. Сондай-ақ, қазақ пен ұйғыр әдебиетінің ежелден ара­ласып, түркі әдебиетінің қалып­тасуына орасан зор үлес қосқандығын және әдебиет өкілдері арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде дамып отырғандығын жеткізді. «Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, белгілі жазушы, ұйғыр әдебиетінің белді өкілі Ахметжан Ашири түркі әдебиеті мен сөз өнерінің дамуына, соның ішінде ұйғыр әдебиетіне, қазақ әдебиетіне зор үлес қосты. Екі туысқан ха­лықтың арасында көпір болды; елді елдестірді, ұлтты ұйыстырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясаты турасында қалам тербеді. Тарихи романдар жазып, шынайы шығармаларды дүниеге әкелді. Сондықтан тү­рік тіліне аударылған кітап­тың шығуына қолдау білдіріп, туысқан Анадолы жерінде кеңі­нен насихатталуына атса­лыстық. Кітаптың жолы болсын, оқырманы көбейсін!» – деп елші жүрекжарды тілегін айтты. Еуразия Жазушылар қауым­дастығының төрағасы Якуб Омароғлы кітаптың шығуына және де тұсаукесер жиынының өтуіне тікелей қолдау көрсеткен елші Жансейіт Түймебаевқа Анадолы жұрты атынан, түгел түркі бауырлары атынан алғыс айтып, Ахметжан Ашириге шы­ғармашылық табыстар тіледі. Түркиядағы ұйғыр әдебие­тінің зерттеуші ғалымдары – профессор Хулия Касапоғлы Ченгел мен профессор Айсун Демирез Гюнери ұйғыр әде­биетінің қалыптасу тарихын, ұйғыр әдебиетшілердің түркі мәдениеті мен өнерге қосқан зор үлесін, қазақ пен ұйғыр әдебиеті арасындағы байланыс пен даму кезеңдерін, Зия Самеди, Хизмет Абдуллин, Ахметжан Ашири сынды ұйғыр қаламгерлерінің сіңірген еңбектерін, «Идикут» романының көркемдігі мен көтерген салмағын егжей-тегжей баяндап берді. Жиын соңында елші Жан­сейіт Түймебаев жазушы Ах­метжан Ашириді Қазақстан мен Түркия арасындағы дос­тықтың нығаюына қосқан үлесі үшін «Қазақстан-Түркия Достығы» медалімен марапаттады. «Егемен-ақпарат».