15 Қаңтар, 2011

Ардагер – жыр, кәсіпкер – үй сыйлады

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасы Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен және Үкімет­тің 2000 жылғы 7 қарашадағы қаулысымен құрылған «Балдәурен» рес­пуб­ли­калық оқу-сауықтыру орталығында қызық көп. Осы жыл­дар ара­лы­ғында мұнда 58 мыңнан астам бала тынығып, денсаулықтарын түзеді. «Балдәуреннің» директоры Мұхитдин Төлепбаев орталықтың ха­лықаралық, республикалық мәдени-көпшілік, ғылыми-практикалық олимпиадалар мен конференциялар өткізу орнына айналғанын айтады. Мәселен, былтырғы шілде айында халықаралық 51-ші математика олимпиадасы өткізіліп, білім сайысында жүзі басқа, жүрегі бір 560 бала бақ сынасыпты. Яғни бұл, Бурабайға өз өкілдерін жіберген әлемнің 98 мемлекеті басқосудың танымдылығы мен Қазақстанның ғылыми әлеуеті жайлы қанықты деген сөз. Жоғарыда «Балдәуреннің» қызығы көп дедік. Бүгінгі күннің шындығы қуаныштың ортаймайтындығын айғақтайды. Сүйініштісі, оны еселеуге мемлекет қана емес, бүкіл қоғам, айтулы азаматтар да атсалысып отырғандығында. Күні кеше мұнда қызығы бөлек оқиға болды. Республикалық «Сауал» қоғамдық қорының және таэквондо спорт клубының президенті, Ауған соғысы ардагерлері ассоциациясы төрағасының орынбасары Бақытбек Смағұлов пен өңірге белгілі кәсіпкер Абай Садықов балалар әлемінің қуанышты құшағына бөленді.Ақын, сазгер Бақытбек Смағұлов бейбіт күннің қымбаттылығы, соғыстың зұлматтылығы жайында тебірене ән шырқады, Қазақстан тәуелсіздігінің ардақтылығы хақында жалынды жырлар оқыды. «Балдәуреннің» кітапханасына «Ауғанның от жалыны», «Мен көрген соғыс», «Қан кешкен күндер», «Намыстың құлы, Алаштың ұлы», «ҚаҺарман» атты туындыларын сыйлады. Ал кәсіпкер Абай Садықов бұл жолы да жомарттықтың ғажап үл­гісін жасады. Ол көл жағасындағы қос қабатты меймандар үйін Қазақстан балаларының бақыт ордасына тегін сыйлайтынын мәлімдеп, меншік құжатын табыстады. Енді еліміздің түкпір-түкпірінен бала­ларынан хабар алуға келген ата-аналар мен қонақтар жайлы қонысқа орналастырылатын болады. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.