30 Наурыз, 2016

Жолаушылардың тағы да үрейін ұшырды

303 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
шар-1Кеше Александрия – Каир бағытымен ұшып келе жатқан «Airbus А 320» жолау­шылар ұшағын бір қарулы адам басып алды. Ұшақ Кипрдің Ларнак әуежайына аман-есен қонды. Бортында 81 адам болған ұшақ EgyptAir авиакомпаниясына қарайды. Бұған дейін ұшақ бортында экипаждың жеті мүшесі қалғаны, басқа барлық жолаушылардың ұшақ бортынан сыртқа шығарылғаны хабарланған еді. Кейбір мәліметтер бойынша, ұшақ әуежайға қонғаннан соң, тиісті мекемелер қызметкерлері терроршымен келіссөз жүргізген. Нақты емес деректерге қарағанда, терроршы бір өзі ғана әрекет еткен, онда жарылғыш зат болған көрінеді. Кейін белгілі болғанындай, жолаушылар ұшағын Каир университетінің профессоры Сейф ад-Дин Мұстафа деген басып алған. Үш партия жаңа коалиция құрмақ Украина парламентіндегі ірі үш партия жаңа коалиция құрып, парламент төрағасы Владимир Гройсманды елдің премьер-министрі қызметіне ұсынуға уағдаласты. Бұл жөнінде үш партияның өкілдері хабарлады. Алдын ала жасалған болжам бойынша, жаңа парламенттік коалицияға Жоғарғы Радада бұған дейін серіктес болған премьер-министр Арсений Яценюктің партиясы, президент Петр Порошенконың блогы және бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партия­сы кіруі мүмкін. Коалицияға кіруден бұрынғы одақтастар – Радикалдық партия мен «Самопомощь» реформашыл партиясы бас тартқан сияқты. Сарапшылар парламентте жаңа коалицияның құрылуы Украинада бірнеше айға созылған саяси дағдарысқа нүкте қоюы ықтималдығын айтады. Елдегі саяси тартыс Украина экономикасын қолдау үшін Халықаралық валюта қорынан 1,7 миллиард доллар несие алу туралы келіссөзге де кедергі келтіріп отыр. шар-2Ақиқат немесе жалған екені белгісіз Мемлекетаралық авиация комитеті осы жылдың 19 наурызында Ростов маңында апатқа ұшыраған «Боинг» ұшағы экипажының соңғы сөздері туралы ақпаратты не нақтыламай, не оны жоққа шығармай отыр. Жоғарыда аталған ведомство жетекшісінің көмекшісі Артур Мурадянның мәлімдеуінше, Ресейдің мемлекетаралық авиация комитеті «Коммерсантъ» басылымына да, басқа да ақпарат агенттіктеріне «Боинг» экипажы мүшелерінің арасында болған сөздер жөнінде қандай да бір ақпарат бермеген. Ұшақтың «қара жәшіктеріндегі» жазуды «оқу» әлі аяқталған жоқ. Оның алдын ала қорытындысы бір-екі аптадан соң жария етіледі. Бұдан екі күндей бұрын «Коммерсантъ» газеті апатқа ұшыраған ұшақтың «қара жәшіктердің» жазуы ашылды, оның құлауына ұшқыштардың қателігі себеп болды, деген мағынада ақпарат жариялаған еді.

Қысқа қайырып айтқанда:

  • Ұлыбританияда Капкеик атты сиам мысығы сәлемдеме қорабының ішінде сегіз күн қамалып отырса да тірі қалған. Ол өз иесінің Батыс Суссекс аймағына жібермек болған сәлемдемесінің қорабына кездейсоқ кіріп кеткен сияқты. Мысық сегіз күнде 400 шақырым жол жүріпті.
  • АҚШ астанасындағы конгресс өтетін Капитолий маңында атыс болды. «Рейтер» агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда, оқ жаудырғандардың бірі сол жерде ұсталған. Ал екіншісін полицейлер оқ атып жаралаған.
  • Әзербайжанның әскери қолбасшылығы Таулы Қарабақ даулы ауданында Армения әскерилерімен болған қақтығыста екі әскери қызметші оққа ұшқанын хабарлады. Олар мемлекеттік шекараны кесіп өтпек болған армян әскерилерін ұстау кезінде қаза тапқан.
  • Британиялық Сьюзан Браун деген 65 жастағы турист өздері түсіп қалған порттан әрі қарай аттанған саяхатшы кемені қуып жетпек болып, суда үш сағаттан астам жүзген. Абырой болғанда, оны балықшылар байқап, құтқарып алыпты.
шар-3Асадтың болашағы сөз бола бастады Ресейлік бірқатар ақпарат агенттіктерінің таратқан хабарларына қарағанда, АҚШ орталық барлау басқармасының басшысы Джон Бреннан наурыздың басында Мәскеуге келген сияқты. Мұнда ол Ресейдің тиісті ведомстволары жетекшілерімен Сирия президенті Башар Асад билігінің болашағына байланысты мәселені талқылаған. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Джон Бреннан «АҚШ билігінің Сириядағы саяси өзгерістерді жүйелі түрде қолдап келе жатқанын» атап өткен. Ал «Интерфакс» агенттігінің Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Олег Сыромолотовтың сөзіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Д.Бреннан Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінде кездесу өткізген. Дегенмен, министрдің орынбасары АҚШ орталық барлау басқармасы басшысының Мәскеуге жасаған сапары Ресейдің Сириядан әскерінің бір бөлігін әкету жөніндегі шешіміне қатысты емес екендігін айтқан. Жемқорлыққа қатысы бар екенін мойындады Гондурастың экс-президенті, сондай-ақ, футбол қауымдастығының бұрынғы басшысы болған Рафаэль Каллехас Халықаралық футбол федерациясындағы (ФИФА) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қатысы бар екенін мойындады. Рафаэль Каллехас ФИФА-ға байланысты тергеуде кінәсін мойындаған он төртінші адам болып отыр. Келтірілген деректер бойынша,  ол әлем чемпионатының біліктілік кездесу ойындарын өткізу және сол ойындарды трансляциялау құқығын беру үшін пара алған. Бүгінге дейін АҚШ билігі ФИФА-дағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 42 тұлға мен ұйымға айып тағып отыр. Бір-біріне жалғасқан және ұзақ жылдарды қамтыған қылмыстарды тергеу ФИФА-ның қызметіне, сонымен қатар, өзге де елдердің футбол қауымдастықтарының жұмысына кері әсер еткен. Айта кетейік, осы жанжалдар салдарынан ФИФА президенті Зепп Блаттер мен оның орынбасары Мишель Платини отставкаға кеткен болатын. шар-4Содырлар индонезиялық теңізшілерді кепілге алды Филиппинде «Әл-Каида» терроршыл ұйымымен байланысы бар «Абу Сайяф» тобының содырлары жүк кемесіне шабуыл жасап, экипаждың он мүшесін кепілге алды. Елдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Арманата Насирдің мәлімдеуінше, кепілге алынған адамдар Индонезияның азаматтары болса керек. Ал оқиға жексенбі күні  болған. Жүк кемесі Борнео аралынан Филиппинге көмір апара жатқан жолда шабуылға ұшырапты. Кейбір ақпараттарға қарағанда, шабуыл жасағандар кеме экипажының мүшелеріне алды­мен өздерін экстремистік топтың адамымын деп атаған біреу байланысқа шыққан көрінеді. Әлгі адам кемедегілерді босату үшін бір миллион доллар көлемінде ақша талап еткен. «Әл-Каида» ұйымымен байланысы бар «Абу Сайяр» тобы Филиппиннің оңтүстік бөлігінде орналасқан екен. Интернет материалдары негізінде әзірленді.