Жайық Бектұров пен Нұрмахан Оразбек бір салада, бір қалада онша көп уақыт қатарлас қызмет жасамаса да бірін-бірі тани білді. Жақаң Нұрекеңнің жоғары деңгейдегі көрнекті журналист, білікті редактор, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қайыспас батыл азамат екендігін байқады. Ал Нұрмахан аға Жайық Кәгенұлының көпті көрген, оқыған-тоқығаны мол, алаш ардагерлері туралы көп шындықты білетін дегдарлығына көзі жетті. Міне, осындай қасиеттері екеуін жақындастыра түсті. Содан бірі рухани аға, екіншісі – іні болып, өмірлерінің соңына дейін бірін-бірі сыйлап өтті. Жақаңмен танысуы туралы Нұрекең өзі былай дейді: «1988 жылдың қазан айында ҚазТАГ директорының орынбасарлығын зорлықпен тастап, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторлығына тағайындалдым. Редакцияның папкаларында нендей материалдар жатқанын сұрадым жігіттерден. Пәлендей ештеңе жоқ екен, тек Жайық Бектұровтың, туындылары, ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері, Серік Сексенұлының мақалалары жарияланбай
жүр екен. Жақаңның материалдарымен таныссам, баяғыда-ақ айтылуға, айтқызылуға, іле-шала жариялануға тиіс жайт – жазықсыз жазаланған аталар, ағалар күйініші. Сөз сайрап тұр, пікір көсіліп жатыр, деректер ұшан-теңіз. Сөз саптасының ешқайсысына қалам тигізбей, газетте жариялай бастадық. Ауырып қалуына байланысты, бір ай өткеннен кейін танысуға келді. Алғашқы әңгімелесуіміздің өзінен бұл кісімен көптен таныс-біліс, сыйлас адамдардай сезіндім өзімді. Содан былай Жақаңмен жиі ұшырасатын болдық. Әкелген материалдары ылғи да өткір болып, халықтың көкейінде жүрген, бірақ көпшілікке жол таба бермейтін мәселелерді қозғайтын».
Нұрмахан Оразбектің Жайық Кәгенұлына сіңірген ең елеулі еңбегі – оның кітаптарын шығаруы. Бұл кезде «Қазақстан» баспасының директоры болатын. Жақаңның өтінішімен «Жазушы» баспасында ұзақ уақыт басылмай жатқан «Таңба» романын алғызып, бастырады. Жайық ағамыз көзі тірісінде романды көріп, оқып шығып, Нұрмахан інісіне ризашылығын білдіреді. Бұл роман Нобель сыйлығын алған А.Солженицынның «Архипелаг Гулаг» романынан кем түспейтіндігін бір жазушы ағамыз айтқан болатын. Жақаң қайтыс болғаннан кейін көп жазбаларын сол үйдегі Жәукен жеңгей облыстық мұрағатқа тапсырыпты.
Жайық Бектұровтың Қарағандыда өткен 100 жылдық мерейтойында сөз сөйлеген мұрағаттың директоры Өмірзақ деген азамат мынадай бір жайдың бетін ашты. Жақаңның біраз қолжазбаларын Нұрекең Өмірзақтың жасырын көмектесуімен бір қапқа салып алып кетеді. Мұрағат басшысының оны беруге құқы жоқ. Сол қолжазбаларды сұрыптап отырып Нұрмахан Оразбек «Енеден ерте айырылған төл секілді...» деген атпен кітап шығарды. Жинаққа Жақаңның әр жылдары жазылған публицистикасы енді. сталиндік зұлматтың қанды шеңгелінен көп азап шеккен қарт қаламгер өзінің өткір де шыншыл шығармаларында қоғамдық құрылыстың әділетсіздігін, тоталитаризмнің озбырлығын, ұзақ жылдар бойы қыспақтан қазақ халқы шеккен азап сырын ашады, халық тағдырының қисынсыз идеологияға сәйкес бұрмаланып бейнелеуін әшкерелейді, тәуелсіздік тұсында қайталанбауға тиіс өткеннің қателіктерін таңбалап көрсетеді.
Замандастары Нұрекеңді ептілігінен беттілігі басым, кімді болсын мысы басатын текті азамат еді деп бағалайды. Мәселен, академик Өмірзақ Айтбайұлы былай дейді: «Қолына қалам ұстаған азаматтар жазушы-журналист Нұрмахан Оразбеков десе сол бір 1991 жылдың тамызында КСРО мемлекеті басында болған төңкерісті есіне алады. Сол тұста нағыз азаматтық бағдарын көрсетіп, ол туралы өзі басқарып отырған газетте «Бұл – мемлекеттік төңкеріс!» – деп ойын ашық айтқан да осы Нұрекем еді!».
2012 жылы Қарағанды қаласында Жайық Бектұровтың 100 жылдық мерейтойы кезінде екі кеш Нұрекеңнің жанында болдым. Жақаң туралы көп естеліктер айтып, ол кісінің басынан кешкен қиыншылықтары туралы, Алаш ардагерлері жайында ақиқатты алғашқылардың бірі болып халыққа жеткізгендігін және т.б. еңбектерін әңгімелеп еді.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ.
Астана.