«Мың өліп, мың тірілген» қазақ шежіресінде өткен ғасырдың 60-шы жылдары Арқадағы бес облыстық қазақ газеттері жабылып, қабырғалы қаламгерлері «Тың өлкесі» атты ақмолалық жалғыз газеттің төңірегіне топтасты. Арқадағы ұлт зиялыларының қаймағындай осы топ ежелгі Қараөткел топырағына мол рухани игілік, үлкен қазақи қазына әкелді. Сол қарымды топтың құрамында Қостанайдың облыстық газетінен келген жас тілші Нұрғожа Ораз да бар еді. Ол туралы қазақтың белгілі қаламгері Сарбас Ақтаев былай тебіренген болатын: «Нұрғожа өлкелік газетке әдеби қызметкер болып орналасып, табан аудармай Ақмола топырағында тұрып қалды. Қараөткелдің киелі топырағы оның дарыны бүр жарып, гүл ататын құнарлы мекенге айналды. Оның ақындық дарыны дәл осы жерде қанат жайып, қалың оқырман қауымға жол тартты. Осы өңірде ұзақ тұрған ол бүкіл Сарыарқаның шежіресі іспетті...».
Иә, Арқаның аяулы ақсақалы, қабырғалы қаламгер, асыл ағамыз Нұрғожа Ораздың өмірден озғанына да, міне, 40 күннің бедері болыпты. Қалам жанрының барлық саласында, қоғамдық істердің қалың ортасында өзіндік айшықты ізін қалдырған Нұрағаң – Нұрғожа Нарынбайұлы сарабдал сабырлылығымен, ешкімге қиянаты жоқ адалдығымен, сөзге шешен, ойы терең парасаттылығымен кешегі Ақмола, бүгінгі Астананың абыз шежіресі, шығармашылық ортасының ғибрат алар ақылшысы болған еді. Жарты ғасырдан астам шығармашылық еңбек жолында Нұрғожа Ораздың Астана қаласы мен астаналық облыстың мәдени дамуына, рухани толысуына қосқан үлесі өлшеусіз.
1965 жылы Нұрғожа ағамыз республикамыздың солтүстік аймағындағы бес облысты қамтитын Қазақстан Жазушылар одағы Целиноград облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болып тағайындалып, оны 1991 жылы таратылғанға дейін басқарды. Әлі есімде, сонау жетпісінші жылдары қазіргі Астана қаласының әкімдігі орналасқан ғимараттың жетінші қабатында үш редакция (қазақша-орысша облыстық газеттер және республикалық неміс тілді «Фройндшафт» газеті) және Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесі орналасқан болатын. Бөлімшеге қарасты үлкен бөлмеде оның жауапты хатшысы Нұрғожа Ораз және әдеби кеңесшілері жазушы Әскен Нәбиев пен ақын Владимир Гундарев отыратын. Бұл орта Алматыдан келетін ақын-жазушылардың атбасын тірейтін орны, бес облыстан келетін жас қаламгерлердің жиналатын ұясы еді. «Ақмолада шығармашылық қауым атбасын тірейтін орын болмаған екен» деп кейбіреулер айтып жүргендей емес, «Кеңестер үйінің» жетінші қабаты сөз ұстап, өнер қуған қауымның қайнаған ортасы болатын. Облысаралық бөлімшенің осы шағын шаңырағында Сәбит Мұқановтан бастап, қазақтың талай-талай марғасқаларының жүздесулері өткен еді.
Жалпы, күні кешегі тоқырау жылдары біздің халқымыздың басына түскен ауыртпалық, оған жасаған қысастық пен қиянат аз болған жоқ. Тіпті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысымыздан да айырылып қала жаздаған жоқпыз ба? Соның ішінде айрықша зардап шеккен ұлттық өнеріміз болатын. Бұл тек қазағы аз солтүстік облыстарға ғана қатысты ахуал емес еді. Ұлттық өнердің аяғына тұсау салу мақсатында «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік», «интернационалдық» деген небір кедергілер де қойылды. Сөйтіп, ұлттық өнеріміз көмескіленіп, оның кейбір түрлері тоқырай бастады.
Мәселен, Ақмола өңірінде ақындар айтысы соңғы рет 1957 жылы өткізілген көрінеді. Содан кейін бұл өнер Арқада ұзақ уақыт ауызға да алынбапты. Республика деңгейінде жетпісінші жылдардың ортасында қолға алынып, әр жер-әр жерде ақындар айтысы ұйымдастырыла бастады. Сол тұста Нұрғожа Ораз Ақмола өңірінде айтыс өнерін қайта түлетудің ұйытқысы болды. Ол жоғары басшыларға ақындар айтысын өткізу туралы ұсыныс жасап, облыстық, қалалық партия комитеттеріне бірнеше рет хат жазады. Басшылардың арнайы қабылдауларында болып, тікелей әңгімелеседі, айтысты қалай өткізу керектігі жөнінде жазбаша да, ауызша да толық мағлұматтар береді. Облыс, қала басшылары «ұзын арқан, кең тұсаумен» жүріп алады. Нұрекең сонда да алған бетінен қайтпай, табандылық танытады. Ақыры Нұрғожа Ораз облыстық мәдениет басқармасының рұқсатымен 1981 жылы Целиноград облыстық ақындар айтысын өткізеді. Облыстың барлық дерлік аудандарының ақындары қатысқан алғашқы айтыс табыспен өтті. Сөз жоқ, бұл халқымыздың өшкені жанып, өлгені қайта тірілгендей теңдесі жоқ зор қуанышы еді.
Арқа атырабында айтыс өнерінің қайта түлеуі бастауында ақын Нұрғожа Ораз тұрды. Ол жеті дүркін (2 рет республикалық – Бөгенбай батырдың 300 жылдығы мен С.Сейфуллиннің 100 жылдығына арналған, 5 рет облыстық) ақындар айтысын өткізіп, әділқазылар алқасына төрағалық жасапты. 1991 жылы қазақтың қамал-қорғаны – Қанжығалы қарт Бөгенбайдың 300 жылдығына арнап, республикамызда алғаш рет белгілі режиссер, марқұм Жақып Омаровтың жетекшілігімен «дала сахнасында» өнер көрсетілсе, Нұрғожа Нарынбайұлының жетекшілігімен ірі республикалық ақындар айтысының шымылдығы ашылды. Сол бір дүбірлі күндері ұлы тойдың қос қанатын қомдаған Жақып аға мен Нұрғожа ағаға қолғабыс еткен күндер де әлі есте. Сол тойдан кейін қазақ мәдениетінің білгірі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков: «Республикамызда ақындар айтысы қайта жанданғаннан бергі соңғы он жыл ішіндегі ең бір тамаша айтыс осы болды», деп баға берген екен.
1991 жылғы ақпан айынан бастап, Нұрғожа Ораздың тікелей бастамасымен, ұйымдастыруымен әуелде республиканың 8 облысына тарайтын, кейіннен еліміздің барлық өңірлерін қамтыған республикалық әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Сарыарқа» (кейіннен «Жаңа Сарыарқа») журналы жарық көре бастады. Қандай да бір игі бастаманы қолға алған адам оның алдағы жауапкершілігінің ауыр жүгін де мойнына артады ғой. Шығармашылықпен «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» нарық заманында әдеби журналды әрі ұйымдастырып, әрі бас редакторы болу оңай болған жоқ. «Сарыарқа» журналын шығаруды қолға алған сәттен бастап бас редакторының алдында негізінен екі басты міндет тұрды. Бірінші, Алматыдағы Жазушылар одағының қамқорлығынан тыс қалған шалғайдағы жергілікті қаламгерлердің шығармашылық жолда көрініп, танылуына көмектесу. Екіншіден, «Сарыарқаның» ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан уыз әдебиеті мен ұлттық бай мұраларын қайта жаңғыртып, оны халыққа кеңінен насихаттау еді. Журнал қарымды қаламгер Нұрғожа Ораздың қажырлы еңбегінің нәтижесінде бұл міндетті ойдағыдай атқарып шықты.
«Сарыарқа» журналының алғашқы төрт жылдық сандарына белгілі ғалым, сыншы Зейнолла Серікқали талдау жасай келіп, еліміздің әдеби өміріндегі елеулі оқиға ретінде баға берді. Ол «Егемен Қазақстан» газетінде жарыққа шыққан мақаласында журналдың шығармашылық тынысын жоғары бағалады. Халық жазушысы, марқұм Әбіш Кекілбаев журналға өзінің үнемі қалам тартып келгенін атап көрсете келіп: «Бұл әдеби журнал болумен бірге ғылыми-танымдық журнал болды деуге толық негіз бар», деген пікір айтқан еді.
Нұрекең ауқымды шығармашылық жұмыстарына қарамастан, астаналық өңірдің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Бұрын облыстық партия комитеті, облыстық атқару комитеті, кейіннен қалалық әкімдіктің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Президент Әкімшілігінің тарапынан берілетін қауырт тапсырмаларға белсене араласты. Мәселен, ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Рақымшылық жасау комиссиясына тұрақты мүше болды. Астана қаласының ономастика және экология комиссиясына ұзақ жылдар бойы белсенділікпен араласты. Осы ретте Нұрғожа Ораз елорданың бірқатар көшелерінің атауын қазақша өзгертуге өзіндік үлесін қосты.
Патша көңіл оқырманына ақын, жазушы, публицист ретінде кеңінен танылған Нұрғожа ағамыз жүрек сырын ақ қағаздың бетіне түсіруден бір сәт қолын үзбей өткен қаламгер. Өмірінің соңғы сәтіне дейін ол қолынан қаламын түсірген жоқ. Асыл ағаның жарық дүниедегі соңғы тынысымен бірге тоқтаған тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 40-тан астам кітап оқырман қолына тиді. Әр жылдарда жарық көрген осы кітаптардың әрқайсысы оқырмандардан және әдебиеттанушылар мен қаламгерлерден лайықты бағасын алды. Мәселен, «Тың түлегі» поэмасы жас ғалым Батырхан Дәрібаевтың кандидаттық диссертациясына негіз болса, 1997 жылы шыққан «Сарыарқа сырлары» атты өлеңдер жинағына «Егемен Қазақстаннан» бастап бірнеше газетте салиқалы авторлардың жоғары баға берген мақалалары жарияланды. Ал «Айыпкер» повесіне белгілі сыншы Бақыт Сарбалаев «Қазақ әдебиеті» газетінде толымды талдау жасап, әдебиетіміздегі табысты шығармалардың бірі ретінде атап көрсетті.
Ақиқатын айтсақ, Нұрғожа ағамыз өзі өмір сүрген уақыт шежіресін хал-қадерінше жырлап, хатқа түсіріп, тасқа басып қалдырған ақын. Оның поэзиясындағы бір ерекшелік, ол оқырмандарын ойландыра отырып, жыр жолдары арқылы ашық сырласуға тартады. Осындай ойлана оқитын поэтикалық тәсілді ақын табиғат көрінісін суреттеуде де, өмір туралы толғаныстарында да, көңіл күйін бейнелеуде де, махаббат жырларында да берік ұстанады. Жалпы, ақын Нұрғожа Ораздың шығармашылығына жан досы, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтен артық ешкім баға бере алмас. «Нұрғожа поэма деп ат қойып, айдар тағып, «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Досымның тағдыры» деген дүниелерін оқырмандарына ұсынды. Осы үш шығармадан да мен Нұрғожаның ақындық мүмкіндігінің молдығын, шапқан сайын тынысының кеңейе түсетінін аңғардым. Шығармашылыққа толы жарты ғасыр текке кеткен жоқ», – дейді Тұманбай Молдағалиев.
Осы ретте қазақтың қос ақыны Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғожа Ораздың арасындағы қалтқысыз достық ақындар арасында, жалпы, шығармашылық саласының азаматтары арасында сирек ұшырасатын шынайы достық болғандығын айтпай кете алмаймын. Бұдан көп уақыт бұрынғы кезеңде де Нұрекеңмен кездейсоқ кездесіп қалған сәттерде ол әңгімесінің әлқисасын Тұманбай досының шығармасынан бастайтын. Қазақ лирикасының хас шебері Тұмағаңның сиясы кеппеген жаңа өлеңдерінің бірін жатқа оқып: «Тұмашымның жаңа туындысы еді, Тұмашымның поэтикалық тынысын көрдің бе?!» деп тап бір өзі қайталанбас дастан жазғандай қуанатын. Ал Тұманбай Молдағалиев болса: «Мені әдебиетке жетектеп әкелген Нұрғожа, әдебиет үйірмесінде мені ұстап берді», деп ақын досының азаматтығын алға тартып өтті. Иә, өткеннің өнегесіндей, ұрпаққа ұлағат болардай-ақ шынайы достық!
Ақмоланың абызындай болған Нұрекеңнің үлгі тұтар өнегелері өрісті еді. Ата дәстүрді пір тұтқан ақ жеңгеміз – Айман тәтеміз екеуі ортаның гүлі, тойдың сәні болатын. Сыңарынан айырылған аққудай ақ жеңгеміз жалғызсырап қалды. Амал қанша, орнында бар оңалар! Асыл ағамыздың артында қалған мол шығармашылық мұрасы оқырман игілігіне айналып, ақын Нұрғожа Ораздың екінші мәңгілік өмірі ұзағынан болсын. Ендігі айтылар ойды ақын Тұманбай Молдағалиевтің сөзімен түйіндесек: «Шабысынан жаңылмаған ақын достың өлең өлкесіне әкелген қазынасы аз да емес, көп те емес. Сенің ұзақ жылғы еңбегіңнің еліңді сүйсіндіретініне мен де үлкен сеніммен қараймын. Өміріңнің ұзақ жолындағы сенімді серігің жырларыңның ғұмырлы болуына тілектеспін!».
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».