Еуразиялық топ 22 жылдан бері өңірдегі әлеуметтік игіліктердің жүзеге асуын қолдап, Қостанай облыстық әкімдігімен әлеуметтік әріптес болып келеді. Осы уақытқа дейін дүниежүзіндегі кен өндіретін қуатты кәсіпорындар қатарынан саналатын Еуразиялық топ басқармасы жақында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен екі меморандумға қол қойды. Еуразиялық топтың басқарма төрағасы Алдияр Қазтаев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойған, оның алғашқысы Қостанай өңірінде инфрақұрылымдық мәселелердің шешімін табуына көмек береді.
Биыл ERG меморандум шеңберінде облысқа 1,3 миллиард теңге беретін болды. Бұл қаржы өткен жылдардағы секілді өңірдегі маңызды әлеуметтік жобаларға жұмсалады. Мысалы, Рудный қаласында «Соколов» стансасынан Васильев буландырғышына дейінгі су насосының жөндеу жұмыстары, Арқалық, Қостанай қалаларындағы орталық стадиондарды қайта жаңғырту, Амангелді ауданындағы батыр музейін жөндеу жұмыстары осы қаржыны күтіп тұр.
Екінші меморандумға республикалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Еуразиялық топтың менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды. Бұл шара шеңберінде облыс өңірінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жобалар жүзеге асатын болады. Облыс әкімдігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірде халықты жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін шағын несие ұйымын құруға бәтуаласты. Бұл ұйым кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерді ынталандыру, олардың тәжірибесін толықтыру үшін ыңғайлы, жеңіл несиемен қаржыландыратын болады. Еуразиялық топ кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасына 300 миллион теңге қаржы бөледі, осындай көлемдегі қаржыны облыс әкімдігі де береді. Бұл қаржыға негізінен Рудный, Лисаков, Арқалық қалалары тұрғындарының шағын кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасалады.
Облыс әкімі екі меморандумның өзара байланысты екенін айтқан болатын. Олардың екеуі де өңірдегі негізінен Еуразиялық топқа кіретін өндіріс орындарының тұрғындары тұратын Рудный, Арқалық, Лисаков қалалары мен Качар кентінің тұрғындарына арналған әлеуметтік және кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруға арналады.
Еуразиялық топтың құрамына Қостанай облысында орналасқан кен алыбы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі, «Қазақстан алюминиінің» филиалдары болып саналатын Краснооктябрь және Торғай боксит кен өндіру басқармалары кіреді. Осы үш өндірісте 24 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тек Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі жұмысшылар саны 19700-ден асады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов меморандумға қол қою кезінде өңірдегі Еуразиялық топқа кіретін өндірістегі жұмысшылар жалақысының өсетіндігін, ол мақсатта Еуразиялық топпен келісіп отырғандығын да айтып кетті.
Әлеуметтік әріптестік барда дүниені теңселтіп отырған дағдарысқа өңірдегі өндіріс пен әлеуметтік саланың қайығы қайырламайды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.