15 Қаңтар, 2011

Картоптың бағасы 170 теңгеге жетті!

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мәссаған! Айналасы бір аптаның ішінде Қос­та­найдың орталығындағы көкбазар мен  көкөніс дүкендерінде  картоптың  бір килосының ба­ғасы 170 теңгеге көтерілді. Одан  сәбіз, қызылша, капуста да қалған жоқ, олардың бағасы да 150 теңгеге жетіп жығылды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда баға үш есеге қымбаттаған. Тек облыс орта­лығында ғана емес, Лисаков, Арқалық және бірқатар аудандардың тұрғындары да қым­батшылықты сезініп отыр. Облыстағы көкөніс өсіретін және сақтайтын кәсіпорындар бас­шыларының айтуынша, картопқа бағаның ша­рықтауы оған деген сұраныстың күшеюінен болып отыр. Облыста көкөніс өсіретін  ірі серіктестің бірі «Иволга-Холдинг»  картоп пен көкөністің басқа түрлерін сұраныс білдіргендерге көтерме  артудан бас тартты. Қой­мада азық-түліктің бұл түрі тауар жеткілікті болғанмен оны сұрағандарға көтерме бере берсе,  көктемге жетпей таусылады. Тек «Иволга-Холдинг» қана емес, картоп мен көкөніс өсіретін басқа  кәсіпорындар да осындай  ұстанымда отыр. Бұрнағы жылдары Қостанай базары Ресейден  әкелінген картоппен де молығатын. Ал былтыр қуаңшылыққа байланысты облыста картоптың шығымы  аса мәз болған жоқ. Биыл тұтынушыларға тек  облыс ауыл­шаруашылық тауарын өндірушілер өсірген  көкөніс қана ұсынылғандықтан оның  тап­шылығы білінбей қалған жоқ, соған орай бағаның әлде де өсуі әбден мүмкін. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.