Украина парламенті ақпараттық салада революциялық ретінде саналатын «Ақпараттар туралы» және «Көпшілік ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңдарды қабылдады.
Осы аталған заңдарға билік өкілдері де, оппозициядағы депутаттар да бірдей дауыс берген. Құжат цензура дегеннің не екеніне анықтама бере отырып, оны қолдануға тыйым салады, ақпараттарды алу, оларды алмасу, пікірлер мен сенімдерді білдіру еркіндігі құқыларына кепілдік береді. Сол сияқты адамдарды олардың жеке бастары мен отбасылық өмірлеріне араласудан қорғау да осы құжатта қарастырылған. Сонымен бірге қабылданған заңдар журналистердің кәсіби қызметіне араласуға, ақпараттардың мазмұнына бақылау жасауға және жекелеген тақырыптарды жазуға тыйым салады.
Гуманитарлық көмек жеткізілуде
Австралияның су тасқынынан зардап шеккен Брисбен қаласының халқына азық-түлік, су, медикаменттер тәрізді алғашқы гуманитарлық көмек жеткізілді.
Тоқтаусыз жауған нөсер жауынның салдарынан 25 мыңнан астам бірнеше күннен бері электр жарығы, ауыз су мен азық-түлік жоқ, жартылай су басқан үйлерде қалуда, деп хабарлады ИТАР-ТАСС агенттігі. Брисбеннің лорд-мэрі Кэмпбелл Ньюманның айтуынша, бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізіп берумен қорғаныс ведомствосы мен полиция айналысуда. Іздеу-құтқару жұмыстарына 1,2 мың әскерилер жұмылдырылған.
Соңғы мәліметтер бойынша құрбан болғандар саны 15 адамға жеткен, тағы 51 адамның тағдыры әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
Ұшақ апаты үшін кім кінәлі?
Смоленск қаласының түбінде өткен жылдың көктемінде болған ұшақ апаты үшін Польша жағының жауапты екендігі айдан-анық деп есептейді осы елдің бұрынғы президенті Лех Валенса.
Польшаның қазіргі басшысы Бронислав Коморовский де Халықаралық авиация комитетінің қорытындыларына еш күмән келтірмейді. Таяу уақыттарда ел президентінің қаза табуына әкеліп соқтырған Смоленск түбіндегі апаттың себептері мен жағдайларына қатысты польшалық нұсқа да пайда болмақ. Бұл жөнінде әуе апаты туралы ХАК-тің баяндамасын толыққанды емес деп санайтын Польша премьер-министрі Дональд Туск Варшавада өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Ал тергеу қорытындылары қайғылы оқиғаға ұшақ экипажы кінәлі деп тауып отыр.
Интернет материалдары негізінде дайындалды.