01 Сәуір, 2016

Қанағат

1387 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
қанағат«Қанағат қарын тойдырады, қанағатсыздық жарлының жалғыз атын сойдырады» деген мақал бар. Ғасырлар қойнауынан жеткен мақалдың бәрі халық даналығы. Ақиқат. Олар ұмытылмай, жойылмай бізге жетті, өйткені, ол шын сөз, ал, шын сөз ешқашан өлмейді. Мына мақал да соның бірі. «Ұлттық кесел» ойдан шыққан жоқ Ал, осы біз қанағатшылмыз ба? Қанағат­шылдық біздің менталитетімізге жат па, әлде жақын ба?.. деген сұрақтар туады. Имандылық жолына түсіп, Ислам талаптарын орындайтын мұсылмандардың көбі қанағатшыл екенін көзіміз көріп жүр. Олар дүниенің соңына қатты түсіп, ақыл-есінен айырылғанша қазына жинамақты тоғышарлық санап, ондайға кінә да қойып жатады. Бірақ халқымыздың басым бөлігі бай болмақты, дүниені мол қарпымақты ойлап, кейде, тіпті, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылуға бар. «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» деген халық дана­лығын да олар мансұқ етіп, «ақылды болсаң неге бай емессің» делінетін басқа халықтың нақылын бойына сіңіріп келеді. Әрине, мұны да терістеуге болмайды, дәулетті тұрмыстың залалы жоқ, керісінше, кедей болғандық, қол қысқалық қиын. Бірақ азға қанағаттанып, мүм­кіншілігіңе қарай дүние жию бар да, Абай айтпақшы, «бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ ырғып түсем деп, мертігеді, жатады» дегендей байлыққа бірден жетемін, жақсы тұрмысқа бірден бөгемін деген оймен сұғанақ қылықтарға жол беріп, дүние жиғысы келетіндер бар. Заңсыз жолмен мал тауып, қолынан келсе пара алып, басқаларға қысастық қылу, зардап шектіру арқылы дүниенің соңына түскендер осындайлар. Бұлар қызмет орнын, ақыл-ойын, амал-айласын, қысқасы, қолдан келетін барлық мүмкіншілігін осындай істердің жолына жегіп, басқа дүниені ұмытып, аласұрады. Өкінішке қарай, осындай жандар арамызда көбейіп барады. Талайлардың осы жолдағы қылмыстары әшкереленіп, кейбіреулерінің тірнектеп жиған бар абыройы лақ етіп бір-ақ ақтарылып, өздері түрмеден шығып жатса да, басқаларға ол сабақ болатын емес. Қанағатсыздықты қазір жалпы ұлттық кесел деуге де толық негіз бар. Өйткені, пара ала алатын, ақша жейтін мүмкіншілігі барлар ғана емес, қалтасына маңдай термен түскен аз табысын қайтсем жеңіл жолмен молайта аламын деп құмар ойындарына баратын, казинодан шықпайтын, ойын автоматтарының алдын бермейтін, букмекерлік кеңселерді тіміскілеп жағалайтын қазақтар да толып жүр. Талайлары өмір бойы тірнектеп жиған бар дүниесінен, баспанасынан, мәшинесінен айырылып жатса да, қайтсем де жеңіл табысқа, жедел байлыққа жетемін деп жанталасуда. Толып жатқан «алдауыш пирамидалар», күмәнділігі көп жүйелі маркетингтер де осындайлардың әуестігі. Жуырда Алматыға Румыниядан келген бір топ алаяқтарға жем болған отандастарымыз туралы естідік. «Шетелдік туристерміз» деп жақсы сөйлеп, жарқырап киінген алаяқтарға басқа жұртқа қарағанда ширақ, пысық деп саналатын алматылықтардың өзі жүздеп алданыпты. «Елге қайтуға ақшамыз таусылып қалған соң қысылғаннан ғана мына қымбат дүниелерімізді сатуға мәжбүр болып тұрмыз» деп Алматының базарларында 15-16 мың теңге ғана тұратын ыдыс-аяқтарды олар 1 мың долларға дейін бұлдап сатқан. Соны ондаған адамдар алып, аяқ астынан алаяқтарға жем болған. Өмірдің өзгеруімен алаяқтар әлемі де өз «өнерлерін» дамытып, қай жердің халқы аңқау, оңай сенгіш, байлыққа шектен тыс құмар, дүниеқоңыз екенін алдын ала зерттеп алатын көрінеді. Ақшасы жоқ қырғыздарға олар бара қоймас еді, қалтасы қалың болса да көбінесе маңдай тер, табан ақысымен табатын оны жұмсауға келгенде табандап тұрып алатын өзбектерге жолай қоюы да екіталай. Ал, қазақтар жеңілдеу халық, өз­гергіш, құбылғыш, ақшаға құмартқыш, дү­ниеге алданғыш... Алаяқтар осыны білген соң бірден үлкен топ болып (17 адам) келіп, қаншама адамды қан қақсатып кеткен... Қым­бат киімдер киініп, көз алдау үшін жалға алған элиталы көліктерден шіреніп түсіп жатқан оларға таңырқағаннан аузы ашылған ал­матылықтар алаяқ екен деп әсте ойламапты... Сол сияқты, алматылық алаяқ әйел Жанардың Ақтау қаласында бірнеше адамды қан қақсатып кеткенін естідік. Алаяққа алданып, уақытша берілген «қарыздардың» көлеміне де таңғалмасқа шараң жоқ. Бір әйелден Жанар машина алған соң қайтарамын деп 6 млн. 750 мың теңге, тағы біреуінен 8 млн., ал соңғы әйелден 4 млн. теңге «қарыз» алыпты. Егер маңдай тер, табан ақымен табылған дүние болса адам осынша ақшаны басқа біреуге бүйтіп оңай бере қоймас еді. Бұл ақшалар да жеңіл жолмен келген дүниелерге ұқсайды. Қазір жұрт басқа түгілі, бір анадан туған бауырларына да мұндай соманы бермейді. Ал, мыналар соншама қазынаны көлденең көк аттыға ұстата салған... Павлодарда да 60 жастар шама­сын­дағы алаяқ бес адамды 100 млн. теңгеге «отырғызып» кеткен. Бұл да Ақтаудағы оқиғамен үндес. Тоғышар жандар қолындағы көп ақшасын оңай секіріспен еселеудің «жолын» айтқан алаяққа алданған. Мұның себебі де сол қанағатсыздық. Қолында осынша дүние болған соң оны оңай жолмен еселеуді ойлаған тоғышарлар алаяқтың ұсынысына алданып қала берген. Өйткені, ойында тек жеңіл жол, жылдам баю, «бір-ақ секіру» ғана тұр. Өзіне оңай келген ақша одан әрі жеңіл жол табады деп ойлаған. Ақыры, «желмен келген – желмен кетті». Мұндайда қазақ «Ұрыны қарақшы ұрлайды» деген сөз қалдырған. Тойымсыздықтың төркіні Психологтар алданудың ар жағында ашкөздік тұрғанын айтады. Тойымсыздық ақшаның көптігіне қарамайды, дейді олар. Оның төркіні басқа біреудің есебінен баюды көздеген өзімшілдіктен шығады екен. Ақша, дүние дегендер олар үшін Құдай. Тойымсыздар тек соған бас иеді. Сондықтан, азғантай ғана пайданың өзі олар үшін маңызды. Одан айырылып қалмас үшін мұндайлар жанын салады. Миллиондарын «қарызға» беріп жатқан жоғарыда біз айтқан нақ осындай адамдар. Олар қарызға осынша қаражатты жайдан-жай берген жоқ, тек өсімнің, әкелетін пайданың үлкендігіне қызығып беріп тұрғаны сөзсіз. Яғни, тойымсыз қомағайлық оларды орға жықты. Жеңіл жол, оңай әдіс іздемей-ақ, соншама қаражаты бар адамдар керек дүниесіне заңды жолмен қол жеткізуіне де болады ғой. Бірақ бойына сіңген ашкөздік, жан-дүниесінің жұтаңдығы оларға тек орағытпа әдістің тиімділігін айтып тұр. Осындайға құл болғандар үлкен ақылға сала алмай, ақырында, алаяқтардың қақпанына өз еркімен түсетін көрінеді. Өмірде көп нәрсеге қол жеткізе алмаға­нына, махаббат, қуаныш, байлықты те­рең кеше алмағанына өкінген өзімшіл адам осының бәрінің есесі ретінде то­йымсыздықты өзі қалайды екен. Сөйтіп, ол санасының сансырауын, көп нәрседен «құр қалдым» деп өкіндіретін көңіліндегі бос қуысты осылай толтыратын көрінеді. «Қысылған» туристердің «қымбат дүние­сін» арзанға сатып алып, олжаға қарық болғысы келу де сананың осындай осалды­ғының бір көрінісі. Қазақта: «Кедейдің байығанынан без», деген де сөз бар. Бұл жердегі «кедей» деген ақшасы жоқ, тұрмысы төмен адам емес, жандүниесі жұтаң, тар, қызғаншақ, көре алмайтын, оның үстіне өмір-бойы өзін жолым болмады деп қор тұтып келген адам. Біз айтып отырған адамдар тобы да осындайлар. Ата-бабадан берілген адамгершілік қасиеттері жоқ, яғни тегі әлсіз адамдар да осыған жатады. Енді аузы асқа жарып, ауы атқа жарып дегендей, қалтасы ақшаға толып, қымбат машина міне бастаса, мұндайлар адамдық қасиеттен мүлде жұрдай болады. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, олар үшін Құдай – ақша мен байлық қана Соған қол жеткізген соң олар ешкімді менсінбей, көзге ілмей, кеше ғана бірге жүрген жолдас­тарын да танымай өзгеріп кетеді. Қазір ел ішінде азды-көпті байлық жиған жан-дүниесі бай, текті адамдар да бар. Сондай-ақ бай, қуатты адамдардың жақсылық жасауына ықпал ете алатын текті тұлғалар да кездесіп қалады. Олар қайтсе де айналасына көмек қолын созып жатады. Жүрген-тұрған, өмір сүріп жатқан ортасын жақсы жаққа өзгертуге атсалысады, көмегін жасайды. Мысалы, Қуат Есімханов деген азаматты көп адам біледі. Бір кезде Павлодар облысының Ақсу ауданында әкім болған, одан Солтүстік Қазақстан облысында әкімнің орынбасары болды, кейінгі жылдары «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың бір құрылымын басқарады. Осы азамат жеке өзінде үлкен байлық болмаса да, талай бай жігіттерді ұйымдастырып, елге, жерге қажетті, халықтың рухани қазынасын арттыруға тиісті ондаған істер тындырды. Оларды санамалап шығудың өзі бір мақалаға жүк болар еді. Атырауда да осындай Мұрат Сарманов деген азамат шығыпты. Ол өзінің қалталы жолдастарын үгіттеп, кедей отбасыларын қамқорлыққа алуға үндепті. Осы бастаманың арқасында облыстағы 198 кедей отбасын 68 кәсіпкер өз қамқорлығына алып отыр екен. Міне, осындайлар жаны жомарт, көңіл көкжиегі кең, асыл текті адамдар. Өкінішке қарай, мұндай азаматтар өте аз. Ал, тексіз, жан-дүниесі кедей адамдар миллиард долларға дейін байлық жинаса да, халыққа істеген бірде-бір жақсылығы жоқ, аттарын да ешкім білмейді. Оларды тек «Forbes» журналының тізімінен ғана көріп қаласың... Біздің дана халқымыз осындайлардан без деген. Алаяқтықтың да қазір неше түрлі «жетіл­ген» әдістері шығып жатыр. Бірде интернетте үйіңдегі электр тогына төлейтін ақшаңды екі есеге дейін азайтудың жолы бар деген жарнама шықты. (Сол әлі де жүріп жатыр). Ол үшін жарнама берушінің бір құралын сатып алуың керек екен, соны үйге әкеліп токқа қосып қойсаң... о ғаламат, электр энергиясын екі есе үнемдеп, оған төлейтін ақшаңды азайтады. Қалай қызықпассың? Ондаған адамдар оны алып, алаяқтарды байытып жатқан көрінеді. Философияда «Бар нәрсе жоғалмайды, жоқтан бар пайда болмайды» деген постулат бар. Сол айтпақшы, үйіңдегі 220 ватта жұмыс істеуге шақталған электр құралдары оны азайтсаң болды, істемей қалады емес пе? Ал, электр қуатының құнын тек қана оның жұмсалған көлемін азайтып қана түсіруге болатыны сөзсіз. Мыналар олай демейді, біздің құралымыз электр есептегішті ақырын айналдыру арқылы оның көлемін азайтады дейді. Сонда, мемлекеттік стандарттау ұйымының өзі сапа сертификатын берген біздің есептегіш құралдарымыз дұрыс көрсетпегені ме? Егер осы ұйым жұмсалған қуаттың көлемін көп қылып көрсететін есептегішке сапа сертификатын берсе – ол қылмыс қой. Әрине, стандарттау ұйымы мұндайға бармайды. Демек, интернетпен сатылатын жұмбақ құралдың тиімділігі күмәнді. Дегенмен, сынамақ болып біз оларға хабарласқан едік, сіз дер шағында хабарлас­тыңыз, бізде қазір құралымыздың бағасын арзандатуды көздеген акция жүріп жатыр, тезірек алып қалсаңыз пайдаға батасыз. Ертең әкелейік пе, әлде ақшаңыз болса бүгін-ақ жеткізіп берейік пе деп «жанашырлық» танытып, зарлап қоя берді. Құп. Алайда, маған алдымен сіздің құралдарыңызды алған бір-екі адамның мекенжайын айтыңызшы, мен олардан тиімділігін сұрап көрейін деп едім, жоқ, біз өз клиенттеріміз туралы ақпаратты жария қылмаймыз деп ат-тондарын ала қашты. Жақсы, ендеше, сіздер маған өз құралдарыңызды бір айға беріңіздер, мен оның бұзылмай сақталуына кепіл-хат берейін. Бір айдан кейін үйдегі электр есептегішім алдыңғы аймен салыстырғанда, сіздер айтқандай, екі есе аз көрсететін болса, құралдарыңызды сатып алайын, сонымен бірге кем дегенде тағы бес адамның алуына да кепілдік берейін деймін ғой баяғы. Қайдағы... Бұл жолы да құйрығына отырғызбады, сондағы айтатын уәждері: сіз дүкеннен бірдеңе алсаңыз ақшасын төлемей алмайсыз ғой, біздікі де сондай дейді. Дүкендегі нәрсе ашық сатылатын және сапасына көзің жеткен дүние, ал сіздердікі күмәнді десек, алғыңыз келмесе қош тұрыңыз деп тұтқаны қоя салды. Міне, жақсы сөйлеп, жалпылдап тұрған осындайлар да алаяқтар. Алаяқ болмаса, сататын дүниесін ашық саудаға салмай ма? Біздің жеңілге, жасырын дүниеге қызыққыштығымызды білетін қулар алаяқ­тықтың осындай түрін де ойлап тапқан. Өкінішке орай, осындайларға да алданып жатқандар көп. Оңай олжаға кенелемін деп ақшасын босқа шашады. Ал, еуропалықтар мұндайға алданбас еді, өйткені, олар дүниені тек таза еңбекпен, түзу жолмен, дұрыс жүріп тапқанды қалайды. Сондай дүние ғана бойға жұғымды дегенді санаға сіңірген. Ұрлық та қылмайды, ондайды ойға да алмайды. Заң бұзу деген оларға нан жеуден бас тартумен бірдей. Артық дүниені керек те қылмайды. Байлықтың жолына көз жұмып түспейді. Керегінше дүние жинап, артығын далаға шығарып тастайды. Оларда обырлық, мешкейлік жоқ. Алдау-арбау дегенді де білмейді. (Әрине, ішінара қылмыскерлер болмай қалмайды, бірақ олардың үлесі біздікімен салыстырғанда жер мен көктей). Жинаған азды-көп дүниелерін өздерінің қызығына ғана жұмсайды, саяхат жасайды, жер көреді, ел көреді. Міне, бұл Еуропаның бізден артық кеткендігінің бір айғағы. Біздің менталитетіміз Абай заманынан бері көп өзгерген жоқ. Ол өз заманында «Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп, Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп. Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен, Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп» деген болса, өкінішке орай, біз әлі де сол мінезден арыла алмай келеміз. Кеңес Одағы жылдары бізге білім берді, дүниеге көзімізді ашты, бірақ санамызды тойымсыздықтан, обырлықтан арылта алмады. Керісінше, осындай келеңсіз дүниелерді көбейтті. Өйткені, ол, ашпа-жалап, бірде жетсе бірде жетпейтін, адал еңбекпен үлкен табысқа жете алмайтын, сондықтан, ұрлықты жаппай күйттеген қоғам болды. Көрпеңе қарай көсілсең – байлық сол Осындайдан тыйылудың жолы туралы адам санасының жоғары сапаға жетілу баспалдақтарын арнайы зерттейтін психология ғылымы не дейді екен, соған тоқталып көрелік. Біз бай адам деп сақтық кассасында оншақты миллион доллар ақшасы бар, үлкен кәсіпорындары бар, жалға берген бірнеше ғимараты бар адамдарды айтамыз ғой. Психолог мамандар осының өзін дұрыс емес деп санайды. Егер сіздің шай-пұлыңызға, күнделікті шығындарыңызға еркін жететін тұрақты табысыңыз болса, осының өзі сіздің бақуатты екендігіңіздің төрттен бірін көрсетеді, дейді олар. Екіншіден, айы­на қанша ақша шығындайтыныңды білу және оны игерудің тізгінін бекем ұстай алу – бақуатты тұрмыстың басты белгісінің бірі осы көрінеді. Сонымен қатар, сіз пәтеріңіздің коммуналдық ақыларына, телефоныңызға, салығыңызға және т.б. міндетті төлемдерден еш қиналмастан уақытында құтылып отырсаңыз, бұл да бақуатты тұрмыстың бір белгісі екен. Ал енді анда-санда әріптестеріңізбен қыдырыстап жүріп, өзіңізге аса қажет болмаса да был­ғарымен қапталған әдемі күнделік, я басқа бір қымбаттау, алайда, қажеттілігі күйіп бара жатпаған зат сатып алдыңыз дейік. Осындай шығындар сіздің қалтаңызға ауыр салмақ түсірмесе, сіздің бақуатты екеніңіздің тағы бір белгісі сол. Егер сіз қажетті шығындарыңызды еркін игеріп, тіпті, одан да көбірек шығынға іші­нара жол беруге шамаңыз келіп отырса және осының үстіне болашақ үшін азды-көп қаражат жия алсаңыз, бұл енді сіздің тұрмысыңыздың бақуаттылықтан да жоғары екендігінің бір белгісі. Ал, осы жиып жүрген қаражатыңызға 2-3 айда бір ірі зат сатып алуға шамаңыз келсе немесе аса ірі зат аламын деп кез келген банктен несие алуға және оны еркін өтеуге шамаңыз келіп жатса – онда сіз өзіңізді байлықтың табалдырығында тұрған адаммын деп санауыңызға толық хақыңыз бар екен. Психологтар байлықтың жай адам көре бермейтін нәзік тұстарын да назардан тыс қалдырмайды. Егер сіз, дейді олар, қаржылық жоспарларыңызды, өмірдегі мәселелеріңізді жан жарыңызбен ақылдасып, бірігіп, келісіммен шешетін болсаңыз – бұл да бақытты, бай тұрмыстың белгісіне жататын көрінеді. Осындайда қазақтың: «Жарасып екі жұбай тату болса – дүниенің бар қызығы сол-ақ екен» дейтін даналығы еріксіз еске түседі. Қазекең психологияны арнайы оқымаса да оның қиын қырларын жүрегімен таныған ғой... Қазір бақуатты адамдарды «табысты адамдар» дейтін сөз шықты. Мұның мағынасы байлықтан гөрі кеңірек. Ол қалтадағы қара­жатты ғана емес, жаңа технология жолындағы табысты, қоғамдағы салмақты, қоршаған ортадағы ықпалды, т.б. қамтиды. Психологтар осындай адамдар өмірдің барлық саласында білімін жетілдіріп отырса, оны да байлық деп санайды. Сонымен бірге, түсімді деген жерді дәл тауып, акциясын сатып алсаңыз, бұл да байлықты игергеннің бір белгісі екен. Міне, ғылымның өзі аспандағы айға қол созбай-ақ осындайларға қол жеткізген адам өзін баймын деп санауына болады және соны бағалай білу керек дейді. Ендеше, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып оның соңына түсудің қажеті жоқ. Қазақтың Алланың бергенін қанағат тұтып, денсаулығың жақсы болса – соның өзі байлық дегені де сол емес пе? Аталарымыз да адамға көп нәрсе керек емес, бәрібір ана дүниеге алып кететінің 20 метр бөз ғана деді ғой? Өкінішке қарай, бізде өте жайсыз жарыс бар. (Орысшада мұны «нездоровая конкуренция» дейді. Бұл қазақ тіліне тереңірек орнамай жатқан термин). Мысалы, өзімдей анау адамның тұрмысы қалай жақсарып кеткен, мынау қалай керемет той жасады... Мен де солардан қалмауым керек қой деген қарау ой қамшы болып, ақ жүректің адал пердесіне қара көлеңке түсіре бастайды. Сөйтіп, қанағат деген қасиеттің бетіне шіркеу түсіп, байлыққа жабайы жолмен (заңсыз, тойымсыз деген мағынада) ұмтыламыз. Сайып келгенде, сол бізді орға жығады. Сондықтан, саналы адамның бойына Алладан берілген асыл қасиет – қанағатты әрқашан да ардақтап ұстап, оның бетіне шіркеу түсірмеу керек. Хакім Абай айт­қандай, «сонда ғана толық боларымыз» ақиқат. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».