енді «қолын майлай алмайтын» болды
Әзіл-оспақ дегенмен, әр әзілдің түбінде шындық жатады ғой. Кезінде өзі автоинспектор болып жұмыс жасаған, зейнетке шыққан ақсақал өз ізін жалғастырып МАИ қызметкері болған баласын таңертеңгілік жұлқылап оятып жатыр дейді.
– Әй, тұрсайшы, сағат сегізден асып барады. Шопырлар таңғы алты-жетіден бері тегін жүріп жүр, – деп.
Сол айтқандай, ала таяқты жол-көлік инспекторын көргенде машина жүргізушілері сасқалақтап қалатындығы рас. Атақты жазушы Сафуан Шәймерденов «осы жас жігіттерге шопырлар неге иіліп амандасады деп ренжуші едім. Машина алып, бір-екі тоқтатқаннан кейін мен де олардың қарасы көрінгенде жымиып, басымды иіп амандасатын болдым», деп жазғаны бар.
МАИ қызметкерлері туралы, әсіресе, Шымкент инспекторлары туралы әңгіме көп. Кім қалай айтса да Оңтүстіктің жігіттерінің терісі кең, қанағаты бар.
Бір журналист досымыз Темірланға асығып бара жатып, жылдамдықты асырып жібереді. МАИ қызметкері тоқтатады. Қалтасын қараса ақша жоқ. Шынын айтады.
– Жарайды көке, кейін берерсіз, – дейді инспектор.
Шынында да, досымыз келесі жолы Темірланға бара жатып, әлгі инспектордың нәпақасын беріп кетіпті.
Енді ондай келісімге жол жоқ. Енді МАИ қызметкерімен «Шымкентше келісімге» келуге болмайды. Жол-көлік полицейімен сөйлессеңіз, барлық әңгіме оның өңіріндегі бейнежетонға жазылады. Камерасы бар бейнежетон Шымкент қалалық жол-көлік инспекторларына кезекшілікке шыққанда беріледі. Шешіп алсаң тәртіптік жазаға тартыласың. Бейнежетон жүргізуші мен полицейдің арасындағы бар әрекетті жазып алады.
– Жол-көлік полицейлері туралы ел аузында алыпқашпа әңгіме көп, – дейді Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан. Бейнежетон полицейлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуіне әрі қызметін таза, әділ атқаруына, полиция қызметкерлерінің имиджін көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жол-көлік полициясын келісімге келуге мәжбүрлейтін, пара ұсынғысы келетін жүргізушілерге де сабақ болады әрі оларды тәрбиелейді. Мұндай әрекетке саналы түрде барып отырмыз.
Кезекшіліктен соң полицейлер бейнежетонды бөлімге тапсырады.
Ал, ондағы сөйлесулер ОҚО ІІД-нің оперативтік басқару орталығының базасына жазылып алынып, бірнеше айға сақтауға қойылады.
Жетонның сақтау көлемі 32 гигабайт, бейнежазуы мен дауысы жоғары деңгейде. Жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуы бойынша, жол-көлік ережесін бұзғанға байланысты күніне 150 протоколға дейін толтырылады.
Әрине, жергілікті полиция қызметтің бұл түрін әуеден алған жоқ.
Елбасының 5 институттық реформаны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында жол-көлік полицейлерінің кезекшілік кезінде бейнерегистраторлармен жабдықталып, барлық әрекеті қадағаланатындығы жөнінде тапсырма берілген болатын.
Шымкент полициясының қолға алып жатқан шаруасы – Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру.
Бұл әрекет тек жол-көлік полициясына ғана қатысты емес, тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс жасайтын учаскелік инспекторларға да бейнежетон берілетін болады.
Өркениетті елдер үлгісі озық елдердің қатарына кіруді мақсат еткен Қазақстанның әр саласында осылай көрініс тауып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.