спектаклін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту еттік, дейді Зайсан халық театрының режиссері Алма Сүлейменова
Зайсан халық театрының әртістері Наурыз мерекесі қарсаңында күрделі, жоғары шеберлікті қажет ететін драматург Думан Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» спектаклін көрермендер назарына ұсынды.
– Наурыз мерекесін зайсандықтар ел есінде қалатындай, жастарға ұлттық дәстүр мен мәдениетімізді ұлықтайтын, үлгі-өнеге алатындай етіп өткізбек. 22 наурыз күні орталық алаңда Зайсан халық театрының әртістері театрландырылған көріністі ұсынбақ. Абыз әз Наурыздың келгенін хабарлап, әжелер ортаға шығып, халықты жаңа жылмен құттықтайды, аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, би билейді, киіз үйлер байқауы өтеді, спорттық жарыстар, арқан тарту, балуандар белдесуі, гір тасын көтеру сияқты сайыстар жанкүйерлерді бейтарап қалдырмайды деген ойдамыз. Ауданның барлық елді мекендері Наурыз мерекесін мәнді де сәнді өткізуге әзірленіп жатыр. Ал Зайсан халық театры «Кенесары-Күнімжан» спектаклімен өнерсүйер қауымды бір серпілтіп тастамақ, – деді бізбен хабарласқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серікбол Сиырбаев.
Мұның алдында зайсандық өнерпаздар белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек немесе әйелдер әлемі» спектаклін сахналаған болатын. Сондай-ақ, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Махаббат машақаты» атты туындыларды жұртшылық тамашалап, жерлестерінің өнеріне алғысын білдірген. Дәл қазіргі сәтте атақты «Қарагөз» спектаклі әзірленуде. Сонау 60-жылдары әртіс, күміскөмей әнші Ораз Кәкеевтің «Зайсан-Ақжар»халық театры құрамында атақты режиссер, профессор, КСРО-ның халық әртісі Асқар Тоқпановтың «Қарагөз» спектаклінде Мәскеудің Кремль сарайында Сырымның рөлін ойнағаны көпшіліктің есінде шығар.
– Бүгінге күнге дейін «Кенесары-Күнімжан» спектаклін қала тұрғындары 8 рет тамашалады. Бұл туындыны тағы да көрсетсеңіздер деген ұсыныс түсіп жатыр. Кенесары ұлт мақтанышы, қазақ елінің азаттығы үшін, өз алдына жеке дербес мемлекетін құру жолында жанын құрбан еткен батырымыз. Тарихи драманы сахнаға шығарар алдында көп іздендік, әртістеріміз шеберліктерін жетілдіре түсті, – дейді театр режиссері Алма Сүлейменова.
Алма Төлегенқызы – Қызылорданың қызы, М.Әуезов атындағы драма театры студиясының актер бөлімін бітірген. Кейін режиссер мамандығын да алып шығады. Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Бикен Римова сияқты өнер тарландарының шеберлігіне тәнті болып, олардың сахнадағы образдарын жасаудағы ізденісіне театрда жүрген кезде көз жеткізіп, соларға еліктеген Алма келешекте мен де сол сияқты болсам деп армандайтын. Өзімен студияда бірге оқыған Зайсанның Бақытбек Нұрғазин деген жігітімен көңіл жарастырады, отау құрады. Бақытбек «сегіз қырлы, бір сырлы», өнер десе ішкен асын жерге қоятын термеші, қазір халық театрының мәдени мұра жөніндегі бөлімінде қызмет етуде.
Қызылорданың талантты қызы Алманың Зайсанға келін болып келген 34 жыл ішінде атқарған істері ұшан-теңіз. Зайсан халық театрының қалыптасуында Алманың көп үлесі бар екенін әріптестері мойындайды. Ауданда өтіп жатқан мәдени шаралардың барлығының басы-қасында Алма жүреді, соңғы жылдары зайсандық өнерпаздардың табысқа жетуінде ұжыммен бірге Алманың да лайықты үлесі бар дейді, мәдениет үйінің директоры Манарбек Ибраев. Айтса айтқандай, ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Мәдениет саласының үздігі» атанған қарындасымыздың келешекте де бағы жана берсін, дегіміз келеді.
«Кенесары-Күнімжан» спектаклінде Жексен Тоқтасынов, Рауан Сақан, Мерхат Тұрғанбаев, Шашубай Мамырбекұлы сияқты талантты әртістер генерал-губернатор Горчаков, Кенесары, Нысанбай жырау, Наурызбай батыр рөлдерін сәтті сомдаған. Күнімжан рөлінде ойнаған, жас болса да шеберліктері шыңдала түскен Айгүл Хамит пен Жәния Кисинаға жұртшылық дән разы. Спектакльдегі басты тұлға Ақмола уезінің аға сұлтаны Қоңыр Құлжаның рөлінде ойнаған Жексен Тоқтасыновтың әртістік шеберлігі көрермендерді елеусіз қалдырмайды, еліктіріп отырады. Бай-манап Тұрсын рөлін сомдаған күміскөмей әнші, жақында ғана халықаралық байқаудан екінші орын алып келген «Мәдениет саласының үздігі» Мұратхан Домбайдың әртістік шеберлігі жайлы жылы лебіз білдірген орынды. Ал Бикен Нұрғазықызының Хадишаның образын жасаған кезде көп ізденгені аңғарылады. Жүргенов атындағы өнер академиясының сын бөлімін бітіріп келген талантты актер Мерхат Тұрғанбаев сомдаған Наурызбай батыр рөлі мен Батыс Сібір губернаторы Горчаковтың образы бір-біріне қарама-қарсы, қайшы болса да талантты актер өз образдарын аша білген. Сонымен бірге, Мерхат спектакльдегі би көріністеріне жан бітірген.
– Спектакльді сахналаған кезде қаржы тапшылығына байланысты киім, қажетті құрал-жабдықтарды алуда қиыншылықтар кездесті, – дейді Алма Төлегенқызы. – Барлығын керек-жабдықтарды өзіміз тіктік, тауып алдық. Мәселен, патша офицерінің рөлінде ойнаған Ақыл Сұлтанов өзіне қажет киімді өзі тіккізді, театрдың көркемдік жетекшісі Анар Домбаеваның ізденісі мен іскерлігі нәтижесінде тұйықтан шыға білдік. Дыбыс режиссері Берік Ақаев өз міндетін абыроймен атқарды. Патша офицері Карбышевтің рөліндегі Наурызхан Іспек, бай рөліндегі, басқа рөлдердегі Мұрат Қайнолда, Жасұлан Көккөзев, Балғынбек Өрімханов, Майгүл Можанова, Динара Аршабаева, Аяу Серікқызы сияқты әртістер спектакльдегі эпизодтарды сәтті шығара білген.
Алма Сүлейменова өзінің жеке жобасы бойынша поэзия жастар театрына жетекшілік етеді екен. Жастар театры да ізденіс үстінде...
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы.
Суретте: Зайсан халық театрының әртістері. Ортада театр режиссері Алма Сүлейменова.
Сурет автордыкі.