Әзіл - оспақ, сын - сықақ
*Суретші көзімен
*Бірде... Хандар бір бөлек Қарағанды облысында қазақ әдебиетінің күндері өтіп, бір топ қаламгерлер ел аралап, жер көріп дегендей осы облыста қонақ болып қайтады. Араларында драматург Қалтай Мұхамеджанов, жазушылар Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Қалмұқан Исабаев, ақындар Сабырхан Асанов, Темірхан Медетбеков, тағы басқалар бар екен. Қалмұқан қайда жүрсе де қуақы тіл, қалжың сөзімен қаламдас достарын күлкіге кенелтіп жүреді. Үшінші күні астаналық меймандар екіге бөлініп, бірі Егіндібұлақ, енді бірі Тельман аудандарына баратын болып келісіледі. Кімді қай жаққа бөлерін білмей, облыс басшылары дағдарып тұрған кезде Қалмұқан Исабаев ортаға шығыпты да: – Қалмұқан, Қалихан, Оралхан, Темірхан, Сабырхан сияқты «хандар» мына автобусқа отырыңдар. Ал, Қалтай, Балтай, Шалтайлар анау автобусқа барсын! – деп жұртты тағы да ду күлкіге батырыпты. Қоштасып келдім Әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің машинасына қаламдас жазушылардың бірде-бірі отырмайтын болса керек. Бірде Жазушылар одағынан баспа үйіне кетіп бара жатқан Қасекеңе, осы дәстүрді бұзып, жазушы Қалмұқан Исабаев мінгеседі. «Ойпырмай, бұларды машинама жалынып мінгізе алмаушы едім. Не көрінген мынаған?» – деп орнынан енді қозғала бергенде, Қалекең Қасекеңе жалынышты көзбен қарап: – «Тоқтай тұрсаңыз! –деп өтінеді де, Қалекең машинадан шығып, одақтың алдында тұрған бір топ ақын-жазушыларды жеке-жеке құшақтап, қайта келіп машинаға жайғасады. Одан бетер таңданып, мұның мәнісін сұраған Қасым Қайсеновке Қалекең: – Кім біледі жолда не боларын? Аналарға: «Қасымның машинасымен кетіп барамын. Олай-бұлай болып кетсем, қоштаспады демеңдер» – дедім, –деген екен. Судың өзі туралы Жазушы Қалмұқан Исабаев әйгілі Ертіс-Қарағанды каналының құрылысына бастан-аяқ қатысып, жаяу-жалпы каналды бойлап, көктей жүріп өткен адам ғой. Соның нәтижесінде 1982 жылы «Арна» атты көлемді роман жазады. Қалекең романы біткен соң онысын қолтықтап «Жұлдыз» журналының редакциясына барыпты. Ол кезде журналдың проза бөлімін Оралхан Бөкеев басқарады екен. Қалекең әкелген қолжазбасын Оралханға тапсырып жатып: – Сендерге келіп түсіп жатқан романдардың бәрінің де суы көп. Ал мен болсам сендерге сол судың өзі туралы роман әкелдім, – депті. Бақыт сыйлау Қалмұқан Исабаев Жазушылар одағына келсе бір топ жігіт отыр екен, шетінен барып амандаса бастайды. Сонда біреуі Қалекеңнің қолын алып: – Сіздің қолыңызды алу үлкен бақыт қой, – деп сілкілейді. Сонда Қалекең міз бақпастан: – Сені бақытыңнан айырып қайтейін, ұстай тұруыңа болады, – деп ананың уысынан қолын алуға асықпапты. Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ. АСТАНА. ОРАШОЛАҚ Білімі – таяз, Жегені – қаяз. Орындығы – кресло. Ішетіні – сыра-пыра, Тексеретіні – жұрттың арызы, Ойлайтыны – қаржы-маржы. Үйреніп жүр ағылшынша, Орысшасы – анша-мұнша. Қазақ тілін – шатып-пұтып, Туристік агенттік ашып, Бірде – ұтылып, бірде – ұтып, Шетелдік «қонақтарын» Жүреді құдайынша күтіп. ЖЕМҚОРЛАРҒА ДАУА ЖОҚ... Баяғыда тұлпарлар жем жеуші еді, Бапкерлері баппенен жемдеуші еді. Ал енді, жемқорларға дауа бар ма, Оларды қалай осы «емдеуші еді?» Меніңше, жемқорларға – дауа жоқ қой, Ажалы – тапанша мен атар оқ қой... Қаржы ұрлап шет елдерге қашар болса, Мінетіні – тұлпар емес, самолет қой... ЗЫМЫРАН МЕН ЗЫМИЯН Заман күнде алай-дүлей құбылып, Зымияндар алуан саққа жүгіріп, Кеше ғана төмпештесе біреуді, Бүгін өзі жеп жатыр ғой жұдырық. Зымиянның бірақ «түзу есебі», Екіжүзді, бүлікті өмір кешеді. Халық қамын ойлайтұғын олар жоқ, Құлқын қамы кеңірдегін теседі... Зымырандар шарлап аспан әлемін, Адамзатқа салып жатыр әлегін. Зымияндар кезеп суық қаруын, Жер жүзіне шашып жатыр зәр-уын... Нұртан ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ. АЛМАТЫ. Тікенек сөз Әріптесіңді тыңдай білу – жақсы қасиет, ал тыңдап отырғандай кейіп таныта білу – талант! *** Мәні өзгерген мақал: «Қайтадан кредит алатын банктің есігін қатты жаппа!». *** – Кеше ет комбинатында болып, колбасаның қалай жасалатынын көрдім. Екінші ет жемейтін болдым. Бүгін сүт фермасына барып, сыр, айран, сүттің қандай жағдайда жасалатынын көрдім. Бұдан былай сүт тағамдарына жоламаспын. Осы көргенім жетер! Енді арақ зауытына мені итпен сүйретіп апара алмайсың! *** Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық сені басқалардан ерекше етеді. БЕТКЕ ТАЛАС Решат Нұри ГҮНТЕКИН, түрік жазушысы. Қырықтың қырқасындағы бай саудагер Халит Бей бөлменің бір бұрышында ойнап отырған баласына: – Жават, бері кел... Қарашы, саған бірдеме әкелдім, – дейді. – Ол не, папа? – деп баласы кергиді. Әкесі қолындағы шоколадты қалтасынан шығарып: – Міне, мынау... Тоқтай тұр, тегін емес, бетіңнен сүйгізбесең бермеймін... – Жақсы, папа... Мінекейіңіз, – деп, әкесінің тізесіне отыра қалып бетін тақайды. Осы сәт Халит Бейдің бәйбішесі Ферхунде ханым: – Халит, саған қанша айтамын, мына баланы сүйе бермеші!.. – деп наздана қарайды. – Саспа, саған да бірдеме қалдырамыз ғой... – дейді Халит Бей. – Сүйе берме деген соң, қойсаңшы енді! – Қоятын несі бар? Сүйем бе, сүймеймін бе, онда шаруаң қанша?! – Шаруаң қанша дегенің не?! Баланы осылай құртасың ғой... Бетін әбден сорып тастадың, созып жібердің... Темекінің иісінен мен де сүйе алмай жүрмін. Баламыздың бетінен темекінің сасық иісі шығады... – Баяғыдан бері соны айтсаңшы... Сен өзіңді ғана ойлайсың. Ендеше, мені тыңдап ал! Мен қырық жасымда бала сүйдім, сондықтан өле-өлгенше сүйіп кеткім келеді... – Сен баланы сүйемін деп, бір күні мені темекінің сасық иісімен тұншықтырып өлтіресің ғой... – Олай болса, таптым... Баланың екі бетін бөліп алайық. Оң жағы менікі болсын, сол жақ сенікі... – Жарайды. Бірақ менің жағыма жолай көрсең... Балапаным, мынау жағың менікі, ешкімге сүйгізбе, жарай ма! – Ал бетіңнің мына жағы менікі. Біреуге сүйгізетін болсаң саған ештеме әкелмеймін. Сондықтан, байқа, балам! – Ал балам, бетіңнің қай жағы менікі? – дейді шешесі. Баласы саусағымен сол жағын көрсетіп: – Мынау жақ, – дейді. – Ал менікі ше? – деген әкесіне оң жағын нұсқап: – Міне, – деп, бетінің екі жағын екі қолымен ұстап: – Мынау жақ маманікі, мынау жақ папанікі... – дейді. Әке-шеше, бала арасындағы бөліске түскен әңгіме осымен бітіп, кешке жақын бір өзі ғана тамақтанып отырған үйдің ерке баласы қызметші аспаз ағасына: – Ағатай, маған құрма тәттісінен берші, мамам: “Бетің бөртіп кетеді” – деп бермейді... – дейді. Осы сәтте елуді еңсерген толық аспаз ағасы: – Беремін ғой, шырағым... Бірақ бетіңнен сүйсем ғана беремін, – дейді қырсыққанда. – Болмайды, мама ұрсады. – Мамаңа білдірмейміз. – Онда папам маған шоколад әкелмейтін болады. Аспаз ағасы жүгіріп жүрген баланы ұстап алып: – Сен сүйгізбесең де мен бәрібір сүйіп аламын, – деп, баланың қарсылығына қарамай «сол жақ» бетінен сүйіп алады. Көп өтпей үйге шақырылған қонақтар келіп жайғасады. Өңкей ығайлар мен сығайлар... Араларындағы мешіттің имамы бір әңгімені айтып отырғанда үйдің ерке баласы томсырайып келгенде әкесі: – Балам, не болды? – деп шошып кетеді. Балада үн жоқ, қабағы қату, ерні дүрдиген... Ыңғайсыздықты сейілтпек болған мешіт имамы: – Батырым, не болып қалды? Айтшы, кәне! – дегенде, бала болғанды баяндап: – Анау аспаз ағай... Бағана «мамамның бетінен» сүйіп алды... – деген екен... Аударған Мәлік ОТАРБАЕВ. ЕРКЕКТЕР «ЕРКЕЛІГІ» Бір жігіт дәрігерге келіп мұңын шағып отыр: – Білесіз бе, жарты жыл болды, әйелім мүлде сөйлемейді. – Қуанышыңызға ортақпын! * * * Екі кісі әңгімелесіп отыр: – Сендердің үйленгендеріңе 25 жыл толыпты, күміс тойларыңды жасамайсыңдар ма? – Керісінше, осы уақытқа дейін мынадай әйелге шыдап жүргеніме шүкір деп, құдайы шай берсем бе деп жүрмін... * * * Екі кісі кездесіп қалады: – Осы сен үш-төрт рет үйлендің, неге неке сақинасын тақпайсың? – Бәрін жарқыратып тағып жүргенім біртүрлі ұят емес пе? * * * – Кеше газетке жар болар жан іздеп хабарландыру бергенмін. Енді міне, бір қап хат алдым. – Не жазған екен? – Негізінен «менікін алшы!» деген ұсыныстар. * Ауылдың айтқыштары УӘЖ – Шиелі ауданында басшылық қызмет істеп жүргенімде екі рет сөзден тосылып, ұялғаным бар, – дейтін көрінеді Қонысбек Қазантаев. Оқиға былай болған көрінеді. Көктемгі салым тау бөктеріндегі малшыларды аралап бара жатқан ол Қаратауға кіре беріс Дарбаза маңындағы бұлақ басында арқандаулы тұрған екі атты байқайды да, сонда бұрылады. Орталарына бір бөтелкені алып қызу әңгімеге кіріскен екі кісі тіпті Қонекеңнің таяп келгенін де аңғара қоймаса керек. Төл науқаны секілді жауапты кез алдында мұндай жайбарақат отыру, оның үстіне ішімдік ішу сол кездегі ұғыммен барып тұрған жауапсыздық, кісінің басы кететін шаруа. Ту сырттарынан келіп: – Бұл не тойыншылық? – деген басшыға аңтарыла қараған екеудің бірі – фельдшер Бағдат та, екіншісі – веттехник Сәлмен екен. Сонда орнынан көтеріле берген Сәлмен жалма-жан: – Сырдың соқыры мен қырдың соқыры тап осы жерде жолығысып қап, қауқылдасып жатыр едік, – деп қолындағы үремкені Қонекеңе ұсына береді. Айтып тұрғаны ащы да болса шындық, екеуінің де бір көздерінің кемістігі бар, бірінің сырға, екіншісінің қырға қарай жұмыс бабымен бара жатқандығы да рас болуы керек. Уәжді сөзге не деуге болады, басшы ләм-лим деместен үремкедегіні тауысып, ұсынған титімдей құртты аузына сала бұрылып кете барады. – Кейін аңғарсам, талғажу етіп отырғандары да сол кішкене құрт болуы керек, сөз қайтара алмағаныма және қарап кетпей тіскебасарларын жеп кеткеніме осы күнге дейін кәдімгідей қысыламын, – дейді екен Қонекең. Екінші ретте де осындай оқиға басқа бір жылы осы маңда өтсе керек. Сыр бойындағы қыстаудан төл науқаны қарсаңында тауға қарай отарын аударған шопанның малының тым арық екендігін аңғарған Қазантаев: – Мал неге арық? – деп сұрайды. Шопанымыз лақап есімі «Апай» аталатын адуынды әйел кісі екен. Боқтамай сөз бастамайтын Апай сонда әдіріссіз бір сыбап алып, Қонекең қарап: – Ауданның бар жылы-жұмсағын аузыңа тосып отырған саған шыр бітпегенде, қыстан қысылып шыққан қой қалай семіз болады?! – деп атын тебініп қап ұзай беріпті. Бұл жолы да уәжден тосылған Қонекең үнсіз тұрып қалыпты. КІМДЕ ОСЫНДАЙ АҚША БАР Жалағаштың Аққұм ауылының қариясы Тайман үлкен жолдың бойында Қызылордаға қарай көлік күтеді де, қолына үш сомдық ақшаны көрсете ұстап тұрады. Осы мезет сол кездегі аудан басшысы Исатай Әбдікәрімов келе қалады да, қарияны жеңіл көлігімен қалаға жеткізеді. Баратын үйінің есігінің алдына әкеліп түсірген соң Исекең: – Бағанағы ақшаңызды бермейсіз бе, – дейді әзілдеп. – Қайдағы ақша? – Кім мінгізсе соған беремін, – деп желбіретіп тұр едіңіз ғой... – Ә, кері түсініп қалған екенсіз ғой, – депті сонда сөзден іркілместен Тайман. – Кімде маған беретін осындай ақша бар деп тұрғанмын, Исеке, – депті әзілге әзілмен жауап беріп. ӨКПЕЛЕСЕК БҰРЫН ТУҒАН ӨЗІМІЗГЕ ӨКПЕЛЕЙІК Обкомнан «жасы жеткен» басшы қызметтегілерді зейнетке шығару жөнінде ұсыныс жасау қажеттілігі туралы тапсырма түсіп, оны жеткізу бөлім меңгерушісі Нұрділлә Уәлиевке жүктеледі. Әлі де жұмыс қабілеті мол сыйлас ағаларына «зейнетке шығыңыз» деп айтуға Нұрекең де жүрексінеді. Бірақ, тапсырманы орындау керек. Шақырту бойынша алдымен Жұмабай Бәкішов келеді. Бөлім меңгерушісі жоғарыдан келген сәлемдемені суыртпақтап айта бастағанда: – Нұрділләжан-ау, ерте туған өзімізден көрмесек, обкомға несін өкпелейміз, сипақтамай ашығын айта берсеңші, – депті. ЕНДІ КЕЛМЕЙ-АҚ ҚОЙЫҢДАР Ардагер журналист Қален Әбдешов шамалы сырқаттанып қалса керек. Бірер күннен соң Сұлтанбек, Елтай деген қызметтес інілері көңілін сұрай үйіне барған көрінеді. Олардың келгеніне қуанып қалған Қалекең басын көтеріп әңгіме дүкен құрады. Ет піскенше уақыт өтсін деп аздап карта ойнайды. Карта – құмардың ісі. Көнге ақша түскен соң үлкен-кішіге, науқас-сауға қараушы ма еді! Көңіл сұрап келгендер науқастанып жатқан үй иесінің ақшасын ұтып алады. Екі-үш күннен соң әлгі інілері тағы келіп, сол оқиға айнымай қайталанады. Ағасының берген етін жеп, арағын ішіп, ақшасын ұтып алған көңілді жігіттер қоштасарда: – Қалеке, сауығып кетіңіз. Хабарласып тұрамыз, тағы да келерміз, – деседі. Сонда мазасы қашыңқырап тұрған Қалекең: – Рахмет айналайындар, келгендегі тірліктерің мынау болса, енді «өлді» деген жаман хабар естігенше жоламай-ақ қойғандарың жөн, – деп салыпты. Нұрмахан ЕЛТАЙ. Қызылорда облысы. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР Суретті салған Нұрлан ТАЗАБЕКОВ.