Тәуелсіздік тартуы
«Ақтөбе металл құрылғылары зауыты» ЖШС-нің жұмыс істеп тұрған кәсіпорнын қайта жарақтандыру жұмыстары аяқталып, пайлалануға берілді. Бұл жоба қаланы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Оған салынған инвестиция көлемі 350 миллион теңгені құрады.
Қайта жарақтандыру барысында зауыттың өндірістік қуатын ұлғайту, осы заманғы технологиялық үдерістер мен бағдарламалық жұмыстарды енгізу, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды меңгеру, зауытішілік логистиканы оңтайландыру және өндірістің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстар жүргізілді. Жаңа корпус тұрғызылды, 1000 КВт аралық станса пайдалануға берілді.
Зауыт техникалық дамытудың бекітілген жоспарына сәйкес, осы заманғы жоғары технологиялық және дәлдігі жоғары құрал-жабдықтармен қайта жарақтандырылды. Атқарылған іс-шаралардың арқасында кәсіпорынның жоғары сапалы металл құрылғыларын өндіру қуаты екі есеге өсіп, айына 1000 тоннаға жетті. Шығарылатын өнімнің негізгі түрлерінің арасында базальтты талшықты жылытқышы бар «сэндвич» типіндегі қабырға және төбе жабатын панельдер бар. Олар тұрғын үй, қоғамдық және өндірістік ғимараттардың сыртқы қабырғаларына, төбелеріне, шатырларына және қабырғалар арасына арналған.
Зауыт биіктігі 200-ден 1300 мм-ге дейін болатын дәнекерленетін болат двутаврлар, мұнай, мұнай өнімдерін, ауыз су және техникалық су, қышқылдар сақтауға арналған жер асты және жер бетіндегі сыйымдылықтарды шығарады. Сонымен қатар, қоймалар, өндірістік цехтар, сауда кешендері сияқты өнеркәсіптік металл құрылғыларын дайындайды. Кәсіпорын қайта жарақтандырылғаннан кейін қосымша жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.