Елбасының ел шекарасынан еркін экономикалық аймақ ашып, Құрғақ Порт салып, төрткүл дүниеге сауда-саттық есігін ашу мүмкіндігін тудыру идеясы айтылғанда халыққа ертегідей естілген еді. Арада бірер жыл өткенде шағыл құмның орнында жаңа қала бой көтеріп, ен даланың күре тамырындай болып теміржол төселіп, Алтынкөл, Құндызды стансалары салынса, тақтайдай тегіс автобан тағы көсіліп жатыр. Көгалдандыру жұмысы да қарбалас тірлікті көрсетеді. Міне, осынау мемлекеттік мәні зор жұмыс жайлы Панфилов ауданының әкімі Бердәулет АБДУЛДАЕВТАН алған сұхбатымызды ұсынамыз.
– Бердәулет Ешенұлы, негізгі әңгімені «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы туралы айтудан бастасаңыз?
– Елбасы осыдан төрт жыл бұрын осы орталықты салу туралы идея айтып, заңды құжатқа қол қойғанда ел сенерін де сенбесін де білмегені жасырын емес. Төбе-төбе болып жатқан шағыл құмды ен дала бүгінде зәулім үйлер бой көтерген қалаға айналды. Теміржол мен автобан көсіліп жатыр. Еуропалық стандартпен салынған мектеп пен балабақшаның бүлдіршіндерге толуының өзі көп жайды аңғартады. Жалпы алаңы 560 гектар жерді алып жатқан бұл орталық екі бөліктен тұрады. Оның 217 гектар жері Қазақстан, ал 343 гектар жері Қытай бөлігі болып саналады. 2012 жылдың 18 сәуірінде «Қорғас» ШМЫХО Қазақстан, Қытай және басқа ел азаматтарының виза рәсімдеусіз 30 күнге дейін кіруіне мүмкіндік жасау үшін ашылған. Сөз реті келгенде айта кетсем, Алматы – Алтынкөл жолаушылар пойызымен келіп-кетудің өте ыңғайлылығы сол, тақ күні оңтүстік астанадан кешқұрым пойызға отырған адам небәрі 12 сағатта Панфилов ауданы аумағындағы еркін экономикалық аймаққа жетіп, күні бойы сауда-саттығын жасап, сол күні кешқұрым пойызға мініп үйіне жетеді. Тек қолында шетелдік паспорты болса, рұқсат етіледі. Мемлекет тарапынан осындай игілікті істер ретімен атқарылып жатқанда жаркенттіктер де қарап отырмай бүгінгі күнге дейін жеке инвесторлармен 35 инвестициялық нысандардың құрылысына жалпы сомасы 263 млрд.теңге болатын келісімшарт жасалды. Терминалдық аймақтағы 3 нысан іске қосылды. 14 нысан бойынша құрылыс жұмысы жүргізілуде. Нақтылай түссем, орталық алаң, қолөнер шеберлерінің қалашығы биылғы жылы, 4 сауда галереясы, конгресс-холл келесі жылы, 4 сауда үйі, жатақханалар кешені, сауықтыру кешені, сауда орталығы 2018 жылы іске қосылады. Сондай-ақ, 18 нысанның жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Тұтастай алғанда 2018 жылдан бастап «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы толыққанды жұмысын бастайды деп күтілуде.
– «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы жайлы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз?
– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолының Панфилов ауданы аумағындағы бөлігінің ұзындығы 75 шақырымға созылып жатыр. Онда 31 көпір, оның ішінде 4 жол айырығы, 4 жол өткелі, 9 мал өткізетін орын, 14 өзендерден өтетін көпір, барлығы 98 дана құбыр өткелдері салынады. Жалпы аудан бойынша Алматы – Қорғас автомобиль жолын қайта қалпына келтіруге 32,8 млрд. теңге қаржы жұмсалады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары 2013 жылдың желтоқсан айынан бастау алды. Жоба бойынша құрылыстың аяқталу мерзімі – 2016 жыл. Құрылыс жұмыстары негізгі үш бөлікке бөлінген: Автомобиль жолының жол жабынының құрылысы, автомобиль жолының бойындағы үлкенді-кішілі көпірлердің құрылыстары және Іле өзенінен өту үшін салынатын ірі көпір құрылысы. Бұл жұмыстарды италиялық «TODINI Construzioni Generali S.p.A.» компаниясы, түркиялық «СП Сине Мидас Строй» ЖШС-і, «СП Evrascon МО-1», Әзербайжан мен Қазақстан біріккен кәсіпорны, чехиялық «OHL ZS» компаниясы, қазақстандық «МО-25» ЖШС-і атқаруда. Оларда құрылыс жұмыстарына 1400-ге жуық адам тартылған, оның ішінде жергілікті тұрғындар – 660 адам. Алматы – Қорғас автомобиль жолын қайта қалпына келтіру жобасы аяқталған соң жол бойында сервистік қызметтер көрсететін орындар салынады. Негізі құмды далада ықылым заманнан бері аптап ыстығы мен желіне төтеп беретін тораңғы, сексеуіл секілді бұтақты ағаштар ғана өсетін. Біз қара топырақты сырттан тасып әкеліп, бұл өңірге тез бейімделе тамырын тереңге жібере өсіп кететін емен секілді ағаш көшеттерін әкеліп отырғызудамыз. Мақсат – сусыған құмды тоқтатып, жасыл желекті жайқалтып көрген жанның көзін тойдыру болып отыр.
– «Жетіген-Қорғас» теміржолы туралы не айтасыз?
– Елбасының арнаулы тапсырмасымен жаңадан салынған «Жетіген-Қорғас» теміржолының ұзындығы 300 шақырымға созылып жатыр. Ең соңғы нүктесі – Алтынкөл стансасы. 2012 жылы Алтынкөл-Қорғас жаңа теміржол өтпесі пайдалануға берілгені мәлім. Сөйтіп, Еуразияның картасында Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы қосымша теміржол маршруты пайда болған-тын. Теміржол құрылысын салып, пайдалануға беруге қазақстандық ірі компаниялар атсалысты. 5 мыңнан аса адам жұмысқа тартылды. 293 шақырымы негізгі жолдар, 5 станса, 9 разъезд, 28 көпір және 2 жол көрсеткіш салынды. Стансада жергілікті жолаушылар вокзалы, әкімшілік ғимарат, 180 орынға арналған қонақ үй, келіп-кететін жолаушыларға арналған вокзал, 90 орындық асхана, тексеру-инспекциялық кешендері, контейнерлерді тиеуге, қапталған жүктерді және ірі-габаритті жүктерді түсіру-тиеуге, жүктерді уақытша сақтауға арналған қоймалар және басқа нысандар салынды. Стансаның жұмысшыларына және басқа да қызметкерлерге тұрғын үй мәселесін шешу үшін Нұркент ауылында 357 пәтерден тұратын 21 үш қабатты үй және екі отбасына арналған 40 коттедж, 70 орынға арналған жатақхана пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандарға тоқталсам, 600 оқушыға арналған орта мектеп, 240 орындық балабақша, сырттан келетін 100 адамға арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, 80 орындық асхана, 10 орындық монша, 2 автокөлік бекеті, өрт сөндіру депосы бар. 2012 жылдың 3 қыркүйегінде «Жетіген-Қорғас» теміржол магистралінде «Алматы 1 – Алтынкөл – Алматы-1» алғашқы жолаушылар пойызы жүргізілгені мәлім. Биыл Пенжім (Нұркент) ауылында 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысын салу басталды. Сонымен қатар, «Алтынкөл ҚТЖ» АҚ-ы 200 пәтерлік тұрғын үй құрылысын салуда. Барлығы 320 пәтер пайдалануға беріледі. Жалпы ауданның болашақта даму бағытына қарай туристердің келуі артатыны анық. Сондықтан туристерге қызмет көрсететін қонақ үйлер, мейрамханалар, мегақұрылыстарды салу дамытылатыны өз алдына. Осы теміржолдың бойындағы тағы бір станса Құндызды деп аталады. Бұл станса арқылы сұйық отын, көмір, цемент алып келу аудан халқына әрі арзан, әрі жылдам болып отыр. Былтыр қыста жаркенттіктер сол мүмкіндікті молынан пайдалана білді. Мұны халық қажеттілігін өтеу үшін атқарылған игі іс деп бағалаған дұрыс.
– Енді ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Жағрапиялық орналасу ыңғайлылығына орай біздің ауданымызда дала аруы деп те әспеттелетін жүгері керемет өнеді. Тек дер кезінде егіп, мол өнімді ысырапсыз жинай білсеңіз құрамындағы қанттылығы, белогы өзге дақылдардан әлденеше еселеп асады. Жалпы былтырғы жылы 153,1 мың тонна жүгері өндіріліп, өнімділігі әр гектардан 60 центнерден айналды. Ауданда жүгерінің Тұлпар 539, Марко 419, Скиф 619, Арман 689, Алтын 739, Молдавская 257МВ, Молдавская 215МВ, Молдавская 456МВ, Торғай 587, Қазақстан 435 СВ, Туран 480 СВ, Будан 237 МВ, Целинный 160СВ сорттары өсіріледі. Өндірілген жүгері қайта өңдеуге шикізат ретінде және мал азығына жемге өткізіледі. Былтыр жүгері дәнін кептіру үшін астық қабылдау пункттері ашылды. «Крахмал сірне зауыты» ЖШС-де 50 мың тоннаға жүгері дәнін кептіретін жаңа зауыт салынып, іске қосылды. Зауыттың жалпы құны 444,8 млн.теңге, қуаттылығы сағатына 40 тонна жүгері дәнін кептіреді. Зауытта қосымша 20 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл зауыттың ерекшелігі, ол озық технологияға негізделген, заманауи автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталады. Сонымен бірге, бұл зауытта өндірісті жаңғырту жұмысы жүргізілді. Жүгері дәнін суға бөктіретін қосымша 4 сақтау сыйымдылығы қойылып, аз уақытта сұранысқа орай оның жалпы саны 10-ға жетті. Оның әрқайсысына 60 тонна жүгері сияды. Бұрын зауыт тәулігіне 100 тонна жүгері өңдесе, бүгінгі күні 150 тонна өңдеуге қол жеткізді. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Пенжім ауылында 2 қырманға 477,0 млн.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл қырмандарға маусым кезінде үш ауысымда 27 мың тонна жүгері жиналады.
Сонымен қатар, өткен жылы Айдарлы ауылында «Жаркент Фрукт» ЖШС 1000 гектарға әртүрлі сортты ағаштардан тұратын бақ отырғызуды қолына алып, егу жұмысын бастап кетті. Онда жергілікті тұрғындардан 300 адам жұмыс істесе, алдағы уақытта 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, Жаркент қаласынан 600 га жерге бақ отырғызуды жоспарлап отырмыз. Мал тұқымын асылдандыру жұмысына келсек, Әулиеағаш ауылынан 500 бас, Жаркент қаласынан 500 бас, Талды ауылдық округінен 200 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңдарын саламыз. Жаркент қаласында бір күнде 600 литр сүт қабылдайтын орын ашылмақ. Биыл Алтынкөл аумағында 10 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысын салу басталады.
– Осынау мол мүмкіндіктерге орай туған жерде жаңа кәсіпкерлер табы пайда болып, өндіріс орындары да ашылып жатқан шығар?
– Әлбетте. Өнеркәсіп саласында 10,8 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Былтырғы жылы индустрияландыру картасы бағдарламасына 35 тұрақты жұмыс орнын ашқан темір-бетон шығаратын «Жар Тас Products» ЖШС зауыты енді. Бұл зауыттың құрылысын салу жұмыстары биыл басталады. Сонымен бірге, «Ақсұңқар» атты айына 30 тонна жүн жуатын, 10 мың дана тері өңдеп, бояйтын зауыт іске қосылуға дайын тұр. Бүгінгі күні қажетті қондырғылары толығымен орнатылды, құжаттары жасалуда. Бұл өндіріс орнына 601 млн.теңгеге жуық инвестиция тартылды. Зауыт іске қосылғанда 100 жұмыс орны ашылады. «Құндызды теміржол бекетінен» «Exim Base» ЖШС сыйымдылығы 15 мың тонналық қондырғы орнатып, тәулігіне 2500 тонна дән тазалап, кептіретін зауыт салуда. Осы серіктестіктің директоры Нұрлан Иманғазиев шаруашылықтардың өндірген жүгеріні сатуға, яғни жүк пойызы арқылы алыс жақтарға жіберуге жағдай жасап отыр. Аудан экономикасының дамуына 47,9 млрд.теңге инвестиция салынды. Инвестициялардың жалпы көлемінің 91,5 пайызын жекеменшік иелерінің өз қаражаты және өзге де несие қаражаты құрады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті қолдау мақсатында былтырғы жылы 275 орынға арналған жекеменшік 8 балабақша және 150 балаға арналған 2 шағын орталық ашылды. Соның нәтижесінде балабақшаға барған бала саны 3397-ге жетіп, жыл соңында балабақшамен қамту 77,2 пайызды құрады. Ағымдағы жылы 585 орынға арналған жекеменшік 3 балабақша ашамыз. Пенжім ауылынан жеке тұрғын үй салуға 52 гектар жер белгіленіп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілуде.
Оған 469,5 млн. теңге бөлінді. Жұмыстың нәтижесін жыл аяғына дейін көрсетеміз.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Панфилов ауданы.