«Адам көркі – шүберек» деген сөздің астарында терең мән бар. Заманның талабына сай талғаммен киіну – қазіргі өлшеммен алғанда табысқа бастайтын алғышарттың бірі. Қарағандылық кәсіби тігінші, талантты конструктор-модельер Әлфия Гумарова осындай ұстанымға жүгінеді.
Әлфияның анасы да өз ісінің хас шебері. Манзума Жүнісова облыс орталығындағы тігін цехында еңбек етті. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары бұл цехтың аумағы атшаптырымдай болушы еді. Бір мезгілде құрамында 6-7 тігіншіден бар 5-7 бригада қатар жұмыс істейтін. Ол кезде шетелдік киімге екінің бірі қолы жете бермеуші еді. Сондықтан да жұрт киімнің барлық түріне тапсырыс беріп жататын.
Әлфия бес жасқа толғанында анасы Алматыға барып, модельер мамандығы бойынша білім алды. Одан кейін Ригаға аттанып, ол жақта пішуші-модельер курсында оқыды. Бір сөзбен айтқанда, өз ісіне шын берілген еңбекқор жан ізденуден бір танбады. Анасының жанында жүріп Әлфия да көргенін көкейіне түйе берді. Сол кездің өзінде талапты қыз қуыршақтарына арнап киімді өзі тігіп алатын.
Әлфия 10-шы сынып оқып жүргенінде өзіне арнап сәнді киімдерді тіге бастады. Біреудің үстінен өзіне ұнаған киімді көре қалса болды, үйге келе сала соны айнытпай пішіп, тігіп ала қоятын. «Ана көрген тон пішер» деген осы ғой!
Орта мектепті аяқтаған соң, Таулы Алтай технологиялық техникумына түсті. Оқуын бітіргеннен кейін анасы жұмыс істейтін «Сарыарқа» фирмасында еңбек жолын бастады.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда тігін цехы жабылды да, өңкей шебер тігіншілер жан-жаққа тарап кетті. Амал жоқ, Әлфия да үйде отырып, киім тігуге мәжбүр болды.
Бірде ол дүңгіршектен «Бурда» сән журналын кездейсоқ көріп қалды. Әлфия осы журналды қолынан тастамай, өздігінен талмай үйреніп, талай сәнді дүниелерді өмірге әкелді. Сөйтіп жүргенінде Саят Досыбаев деген тележурналистің «Мода эксклюзив» деген авторлық бағдарламасына шақырту алды. Мұнда Әлфия эфирде Энна Бурда жүйесі бойынша киім пішу курсын жүргізетін болды. Бір қызығы, телевизиялық шағын шеберхана Әлфияның үйінен орын алған еді. Бұл кез еркін шығармашылыққа есік айқара ашылған жылдар болды. Жалпы, жоба үш жылдай жемісті жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде талай жас тігінші, дарынды пішушілер өмірге жолдама алып, кәсіби маман ретінде қалыптасты.
Телевизиялық жобадан кейін Әлфия да өз алдына жеке кәсіп ашып, жұмыс істей бастады. Өзінің шағын ғана ұжымымен күні бүгінге дейін киім тігіп, сәнді киінгісі келген жерлестерін тамаша дүниелермен қуантып келеді. Әлфияны ұлағатты ұстаз деп те бек сеніммен айтуға болады. Ол өз шеберханасында сәндік пішу сабақтарын өткізеді. Өңірдің әр тарабынан ондаған қыз-келіншектер келіп, шебердің қалыптасқан нұсқаулығы бойынша тігін ісінің қыр-сырына қанығады. Бұл жерден оқып-үйреніп, тәлім-тәрбие алған жас тігіншілердің көбісі қазіргі уақытта өз алдына іс бастап, жерлестерін сәнді киімдермен қамтамасыз етіп жүр.
Әлфия отбасында да үлгілі ана. Отағасы екеуі үш ұлды тәрбиелеп өсірген.
Бүгінгі күнде Әлфияны кәсіби тұрғыда мазалайтын мәселе аз емес. Соның бірі туралы ол былайша ой толғайды. «Қазір Қарағандыда қолы алтын мықты тігіншілер көп, – дейді Әлфия. – Осы шеберлердің басын қосып, ортақ іске жұмылдырса ғой. Өкінішке қарай, қарағандылық тігіншілер күнкөріс қамы үшін Астанаға барып жұмыс істеуге мәжбүр... Ал Қарағандыға Түркия мен Бішкектен арзан тауарлар әлі ағылып келіп жатыр...».
Әлфия Гумарованың тігін саласында жүргенінің өзіне де қырық жыл болыпты. Өз ісін кәсіби тұрғыда әбден меңгерген конструктор-модельерге берілетін тапсырыс та әралуан. Кеңсе киімі, кешкі және үйлену тойының көйлектері, пальтолар мен тондар, джинсы, би киімдері дейсің бе, осының бәрі де Әлфияның шеберханасынан тұтынушыларына тікелей жол тартып жатады. Тапсырыс бергендер бұйымның сапасына қарап таңдай қақса, ал олардың көңілдерінен шығу деген Әлфия және оның командасына да зор мерей. Қазіргі таңда Астана мен Алматыдан да талғамы жоғары жандар тарапынан тапсырыс түсе бастаған. Бұл енді кәсіби шеберлікті мойындау деген сөз!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.
Суретті түсірген
Линар ГАЛИМОВ.