Астана қаласы ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі балалар ұшырап жататын жол-көлік жарақатының алдын алу бойынша үнемі аумақтық іс-шаралар өткізіп келеді. Соның бірі – ағымдағы жылдың 29 наурызынан 4 сәуірге дейін жалғасатын «Абайлаңыз, жаяу жүргінші» шарасы.
Шараның бірінші кезеңі «Қауіпсіздік селфиі» деп аталса, оған қалалық балалар үйінің бүлдіршіндері қатысты. Олардың салған суреттерінде көлік жүргізушілеріне жол-көлік ережесін сақтауды сұраған көріністер орын алыпты. Солардың арасындағы мағынасы терең әрі тартымды дегендері фотоға түсіріліп, байқауға жіберілген еді. Соның нәтижесінде үздік деп танылған авторлар әртүрлі сый-сияпаттарға ие болды. Ал, кешегі «Думан» ойын-сауық кешені алдындағы алаңда өткен шара акцияның екінші кезеңі саналады. «Жаяу жүргіншілер» деп аталатын бұл акция барысында Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері ең жас жаяу жүргіншілерге шағылыстырғыш элементтер – белдеулер, байламдардағы белгішелер, білезіктер тарту етті.
Психолог мамандардың айтуынша, балалар өздерінің жас ерекшеліктеріне қарай жолда болатын жағдайларды үнемі дұрыс бағалай алмауы мүмкін. Жолда жағдай неғұрлым күрделі болған сайын балалардың да шешім қабылдауы жылдам болғанымен, ол дұрыс бола бермейтіндігін өмірдің өзі көрсетіп келеді. Жыл басынан бері кәмелет жасқа толмаған 14 бала жол-көлік жарақатын алғандығымен бөліскен жергілікті полиция қызметінің инспекторы Айымгүл Валеева, балалар «туннелдік көз» сипатын ұстанатынын, тарқатып айтқанда, тек көз ортасына түскен бейнені ғана көретінін ұмытпау керектігін, олай болса, балаларға жол қауіпсіздік ережесін жастайынан бойларына сіңірген орынды екендігін алға тартты.
Жолды тек жаяу жүргіншілерге арналған жерлерден ғана кесіп өту, ал түнгі немесе кешкі мезгілдерде шағылыстырушы элементтері бар белгілерді тағып жүру сияқты пайдалы кеңестерді айту өз нәтижесін беріп келеді. Осылайша жыл басынан бері өткен жылдардың осы мерзімімен салыстырғанда, балалардың қатысуымен орын алған жол-көлік жарақатының саны 18 пайызға қысқарғандығы белгілі болып отыр. Елордадағы №70 мектеп лицейінің оқушысы Атажан Есназар өзінің бұл шараға қатысуын былайша түсіндірді: «Басты мақсат – жаяу жүргіншілерге жол жүру тәртібін қаперге салу. Қазіргі жылдамдыққа құрылған мына шақта асығыстық жасау өлімге ұшыратуы мүмкін. Олай болса, жол жүру мәдениетін қалыптастыру жолында адам өмірін сақтап қалу – ең маңызды міндет».
Жалпы, сарапшылар шағылыстырғыш элементтері бар жаяу жүргіншілерді жүргізушілер – жақын арақашықтықта 50 метрден, ал алыс арақашықтықта 150 метрден байқай алатынын дәлелдеген көрінеді. Бұл ретте көлік жарығына шағылысатын элементтері бар белгінің болмауынан жүргізушіге жаяу жүргінші тек 30 метр қашықтықтан ғана көрінеді дейді. Зерттеушілер қауіпсіздік талаптары ескерілмегенде түңгі немесе кешкі мезгілде жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғаларының тәуекелдері 5-6 есеге арта түсетінін дәлелдеп те қойыпты. Бұл тұрғыдан келгенде жергілікті полиция инспекторы Ләззат Бейсенбаева Еуропа елдерінде, әсіресе, мына көршілес Ресейде де балалардың шағылыстырушы белгілерді тақпай жүргені үшін ата-аналарына айыппұл салынатындығынан хабардар етті. Оның мәліметіне қарағанда, Ресейде осы үшін 500 рубль көлемінде айыппұл салады екен. Үшінші кезең – «Жаяу жүргінші, өткелмен жүр!» деп аталады. Іс-шара өткізілу барысында ең жас инспекторлар жасағы жол-көлік қауіпсіздігін қалай сақтау керектігін және жол өткелдерінен дұрыс өту керектігін көрсететін болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».