05 Сәуір, 2016

«Алтын маска» фестивалінің айтары да, берері де көп (фото)

298 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

05-04-16-zolotaya_maska-toplivo-0

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қазіргі күндері Мәскеу қаласында Ресей ұлттық театр сыйлығының дәстүрлі «Алтын маска» фестивалінің XXII кезегі өзінің шешуші кезеңіндегі қойылымдарын көрермен назарына ұсынып жатыр. Ол сәуірдің 16-сында мәреге жетеді. Мамандардың айтуынша, театр өнерінің дамуы тұрғысынан қарағанда, бұл фестивальдің театр қайраткерлері мен көрермендерге айтары да, берері де көп болып отыр. Бұл туралы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының докторанты, театртанушы Жаңагүл Сұлтанова Мәскеуден хабарлайды: - Кремльді қалада жүріп жатқан «Алтын маска» фестивалімен танысуды 1 сәуірде бастағанымызды осының алдында баяндаған болатынбыз. Ал бірінші тамашалағанымыз Санкт-Петербургтің «Театр.doc» театры «Мост» театрының сахнасында қойған драматург Евгений Казачковтың «Отын» («Топливо») пьесасы болды. Жас режиссер Семен Александровский қойған қойылым бізді ең алдымен өзінің тақырыпты ашудағы жаңашылдығымен баурап алды. Спектакльде 2015 жылы Санкт-Петербургтің ең жас үздік актері атанып, «Прорыв» сыйлығын алған «Мастерская» театрының артисі Михаил Фоминнің бір өзі ойнады. Ол ABBYY компаниясының негізін қалаушы, Lingvo электронды сөздіктер жүйесі мен FineReader мәтіндерді анықтау беру бағдарламасын жасаушы, Ресейдегі флэшмобтың атасы, экстраординарлы тұлға және әлемге танымал IT-кәсіпкер Давид Янның образын сомдайды. Режиссер мұнда ойынды көрермендер қабылдауының жаңа пішіміне көшіріп, мәтіндегі ойларды жеткізудің жаңа тәсілдерін іздестіруге әрекет етеді. Спектакльдің мазмұны бірте-бірте оның формасына айналып кетеді. Біраздан кейін оның доңғалағы кері ойналып, «Отын» Мебиустің лентасы болып шыға келеді. Дегенмен, мұның қалай жасалып жатқанына аса көп мән бере қоймай, актердің шегіне жеткенше қырланып жасалған монологынан байқалатын ақылды ойыны мен тапқыр сөздерінің шумақтарына рахаттанып отыра беруге де болар еді.

IMG_1645

Спектакль көрерменін шым-шытырық оқиғаларға толы сериалдардан бетер буырқандырып, өзіне тартып әкетеді. Бұл жерде оның барынша тартымды екенін еліктіріп әкететін желіге құмар жалпы көпшілік те, актуальді режиссураны қатты қадірлеуші жаңалыққа құштар мамандар да мойындайды. Ата-аналар мен ұстаздардың беделдерінен қаймықпастан, өзіне лайықты жол іздеу, нонконформизм мен өзін өзі дамытуды ұстанып, пайда әкелудің қажеттілігін сезіну – міне, «театралдар үйірмелері» ауқымынан шығып кеткен кездердегі әрекеттерді көрсетеді. Расында актер Максим Фоминнің ойыны еріксіз таң қалдырады. Ол бір сағаттан астам уақыт залды өзінің уысында ұстап тұрды. Осы уақыт аралығында жұртты күлдірді де, сүйсіндірді де, қайғыртты да. Онымен бірге бәріміз осы сезімді түгел бастан кешіп отырдық. Актер бір жағынан спектакльдегі ең басты тұлға да болды, екінші жағынан көрерменді түгел өзімен бірге оқиғалардың желісіне араластырып жібергендіктен, ондай тұлға бола да алмады. Қойылым бізге қазіргі заманғы театрлардың ендігі кезекте даму жолдарының бағыты мен бағдарынан мағлұмат беріп кеткендей әсер қалдырды. Бұдан кейін бізді А. Чехов атындағы МХАТ театрының кіші залында Ярославльдің Ф. Волков атындағы облыстық драма театры қойған орыстың классик жазушысы Иван Тургеневтің «Деревнядағы бір ай» пьесасының сахналық нұсқасы күтіп тұрды. Режиссер Евгений Марчелли қойған бұл спектакль «Алтын масканың»алты бірдей номианциясына үміткер болып отыр екен. Атап айтқанда, ол үздік спектакль, үздік режиссура, суретшінің костюм жөніндегі үздік жұмысы және үш актерлік жұмыс бойынша жүлде алып қалуы әбден мүмкін.

05-04-16-zolotaya_maska-mesias-1

Режиссер Тургеновтің драмасын өзінің интерпретациясы негізінде екі әрекетті комедияға айналдырып жіберген. Ол бұрыннан танымал пьесаға жаңа серпін мен интонация беру жолымен жасалған. Спектакльдің басты кейіпкері – Наталья Петровнаның ролінде ойнаған Анастасия Светлова ондағы керемет поэтикалық, сұлу, музыкалық мәтінді өте дәл беріп, тыңдаушыларын рахат сезімге бөлейді. Қойылымда мизансцена барынша аз, сонымен бірге қозғалыс та оншалықты көп емес. Бірақ бұл оның тартымдылығын тартып әкете алмайды. Ал сәт сайын құбылып тұратын героиня болса, көрерменін ұдайы еліктіріп отырып, оншалықты жалықтыра қоймайды. Әлдекімге ғашық Наталья Петровна өзінің не істеп, не қойып жүргенін аңғармай, өзін отқа да, суға да тастай береді. Осы арқылы спектакль өзінің соңына дейін жұртты өзінің қауызынан шығармай ұстай алады. Осы жерде қазіргі уақытта күллі Ресей театрының басында бар мына жәйтті айта кетпесек болмайды. Қазір бұл елдегі қайсыбір қалада да театрлар саны кешегі кеңес кезеңіне қарағанда, анағұрлым көбейіп кеткен. Бұған екі түрлі жағдай тіркелей әсер еткен. Біріншіден, мұнда театрға деген жоғары сұраныс бұрынғыдан да арта түспесе кеміген емес. Сол сұраныс қажеттілікті тудырып отыр. Екіншіден, қатарға кейіннен келіп қосылған жас режиссерлер мен актерлердің бәріне бірдей бұрыннан келе жатқан театрларда орын табыла бермейді. Мұның жай-жапсарын бізбен сол күні кездескен, жас та болса, бас атанатын кезге жетіп қалған «Мост» театрының театртанушысы, белгілі театр сыншысы Павел Руднев айтып берді. Елдегі театрлардың көбінде бұрыннан келе жатқан режиссерлер кейінгі толқынға орындарын босатып бере қоймайды. Содан келіп, олар шағын да болса, өз беттерінше театр ашуға әрекет жасайды. Кей жағдайларда бұған әлдебір демеушілер көмектеседі немесе бұрыннан бар театрлардың жанынан тағы сондай бір жас құрылым пайда болады. Бізге жоғарыда әңгіменің тізгінін ағыттырған «Театр.doc» тап солай өмірге келген өнер ордасы болып табылады. Келесі, 2 сәуір күні біз Санкт-Петербургтің осы театрының «Театрдан тыс / Ал егер мен болмасам, қайтер еді?» деген деректі спектаклін қызықтадық. Режиссер Анастасия Патлай қойған бұл қойылым өмірде болған, бар адамдардың ешбір бүкпесіз шындыққа құрылған әңгімелерін сыр етіп шертулерінен тұрады. Атап айтқанда, «Театр.doc» өмірдің өзі сахнадан кетіп қалуға мәжбүр еткен жеті бұрынғы артистің қайта оралып, ойларын ортаға салуларына мүмкіндік береді. Былайша, нағыз бақытты түс көріп, оянған жандардың кескініне көшкен актерлердің қайта келгендегі сезімдерін буырқантып шығаруларына жол ашады. Ал бұл кезінде қанаттары қырқылып қалған жетеудің арасындағы МХАТ-тың бұрынғы актрисасының ең соңында айтатын: «Сахнада мен өзіме өмір сүруге рұқсат етілгендей жағдайда қанаттанып жүремін. Сахна – мен үшін өзімді ең жақсы сезінетін жалғыз орын», деген сөзі осылардың бәрінің тұжырымы іспеттес. Осы қатардағы өзбек актрисасы Наргиз Абдуллаева өзінің Ташкенттегі атақты «Ильхом» театрында жүрген кездеріндегі тәжірибелерін бүкпесіз ортаға салады. Анастасия Денисова мен Мария Сурова отбасылық өмірдегі ерекше оқиғалар мен әйелдердің ауырлау тағдырлары туралы тебірене әңгімелейді. Александр Топурия курьер болып кетуге мәжбүр болған кезіне жұртты оралтады. Спектакльде өздерін өздері ойнап берген актерлердің тағдырлары көрерменді де бейжай қалдырмайды. Сөз жоқ, бұл қойылым да осы заманғы театрлардағы жаңалықтардың бірі болып табылады.

05-04-16-zolotaya_maska-koncert-1

Осы күні біздің тағы бір жаңаша спектакль көруіміздің орайы туды. «Заманауи емес концерт» деп аталатын оны А. Чехов атындағы МХАТ театрының мектеп-студиясы Таганкадағы театрдың кіші залында қойды. Режиссер Виктор Рыжков сахналаған ойында артистер қариялар жөнінде жас адамдардың көздерімен айтып береді. Артистер аға ұрпақ өкілдерінің керемет пластикасы мен сөйлеу мәнерлерін сол қалпында қайталай отырып, өткен өмір жолдарынан өте жақсы хабарлар жеткізеді. Атынан айтылып тұрғандай, мұнда ертеректе қойылған спектакльдердегі әндер де шырқалып, өзіндік бір концертке де айналып кетеді. Өзге уақыттың екпіні мен үрдістерін бере отырып, бүгінгі күннің проблемаларын шешуге деген талпыныс қойылымды қызықты да тартымды ете түседі.