Дұрыс ұйымдастырылған корпоративтік басқару – қазақстандық компаниялардың инвестициялық тартымдылығының кілті. Жақында Астанада корпоративтік басқару бойынша форум өткізген елдің мемлекеттік жоғары билік өкілдері, ең ірі деген ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері және халықаралық сарапшылар бір ауыздан осындай қорытындыға келіп отыр.
«Корпоративтік басқару – инвесторларды қызықтыруға көмекке келетін жай айтылған сөз емес», деп баса мән беріп өтті ел Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев. Отандық компаниялардың топ-менеджерлеріне механизмдер мен әдіс-тәсілдер құрып, бағаны көтеріп, мінсіз абырой-бедел қалыптастырып, осыдан кейін инвесторлар сенімінен әрдайым шығып отыру керектігі туралы ескертілді. Мұның бәрі – компаниялар үшін де, ел үшін де қажетті дүниелер.
«Бүгінгі форумның тақырыбы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың инвестиция тарту үшін керекті орта құру қажеттілігі туралы тапсырмасымен үндеседі. Корпоративтік басқаруды жетілдіру – ел экономикасындағы маңызды элемент, сондай-ақ Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу үшін қажетті талап», деп атап өтті Вице-премьер.
Теория жүзінде қазақстандық компанияларға ең үздік деген халықаралық бизнес-стандарттарға сүйене отырып корпоративтік басқару құру қажет. Аталған жайттың іс жүзінде қалай жүріп жатқаны туралы «Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджерлері әңгімелеп берді. 2015 жылы қор корпоративтік басқарудың жаңа кодексін жасақтап, бекіту бойынша үлкен жұмыс атқарған. Құжаттың дүниеге келуіне Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мамандары тікелей атсалысқан, жұмыстың мақсаты кодексті қазақстандық компаниялардың корпоративтік басқаруының нормативтік-құқықтық базасымен және іс-тәжірибесімен байланысты негізгі мәселелерді ескере отырып, ЭЫДҰ корпоративтік басқару қағидаларымен сәйкестендіру болған. «Самұрық-Қазына» ұйымының басқарушы директоры Елена Бахмутова атап өткендей, кодексті әзірлеуде қордың қоржындық құрылымдары көптеген акционері бар компаниялар ретінде қарастырылған екен. Жақын арада, яғни 2020 жылға дейін «Самұрық-Қазынаның» жеті еншілес ұйымы IPO-ға шығады, ал қор болса қазірдің өзінде болашақ миноритарлық акционерлер құқығының толыққанды сақталуының қамын ойластырып жатыр.
«Самұрық-Қазына» қоры үшін корпоративтік басқарудың ең үздік іс-тәжірибесін енгізу – басты міндеттердің бірі. Мен қажеттілік деп те айтар едім. Өздеріңіз білетіндей, 2014 жылдың 6 қазанында Мемлекет басшысы қордың трансформациясы бағдарламасын іске қосты. Аталған бағдарлама бүкіл компаниялар тобының қызметін өзгертіп, тиімділігін арттыруға бағытталған. Трансформация бағдарламасы, жекешелендірудің үлкен бағдарламасы, Астанадан Халықаралық қаржы орталығын құру елдегі корпоративтік басқаруды тез арада ең үздік әлемдік іс-тәжірибемен сәйкестендіруді талап етеді», деп атап өтті холдингтің басқарушы директоры.
Елена Бахмутованың сөзіне қарағанда, жаңа кодексте компанияларды кәсіби Директорлар кеңесі арқылы басқару, тәуекел менеджменті, тұрақты даму, айқындықты арттыру мен акционерлерге деген әділ қарым-қатынас секілді негізгі бағыттарға мән берілген. Мұның бәрі табысты түрде жүзеге асқан жағдайда компания өзгерістерге тұрақты және аумалы-төкпелі кезеңге бейімделе алатын, сәйкесінше инвесторлардың қызығушылығын тудыратын ұйымға айнала алады. Орталық Азия бойынша Халықаралық қаржы корпорациясының аймақтық басшысы Моаззам Мекан атап өткендей, корпоративтік басқарудың жоғары деңгейі бірлесіп жұмыс атқаруға дайын серіктестер үшін жақсы белгі бола алады.
«Корпоративтік басқару инвестиция тартады, шығынды азайтады, инвесторлардың сенімін арттырады, сонымен қатар, қарызға капитал алудың құнын түсіреді. Сәйкесінше, әлсіз корпоративтік басқару жоғары деңгейдегі қауіп-қатер мен қарызға қаражат алуда үлкен көлемдегі үстемеге тап қылады. Неге Қазақстан Нью-Йоркте, Лондонда, Сингапурда отырған инвесторлар үшін тартымды болуы керек? Корпоративтік басқару осы үшін қажет», деп түсіндіріп өтті Моаззам Мекан.
Корпоративтік басқарудың салыстырмалы түрде алғандағы жоғары рейтингіне қол жеткізу үшін «Самұрық-Қазына» қоры бизнес-процестерді түзу, қызметті талдау, түрлі ішкі механизмдерді әзірлеу бойынша ұзақ мақсатты жұмыс жүргізді.
«Самұрық-Қазына» ірі компанияларының корпоративтік басқаруының рейтингі тұрақты түрде өсіп келеді. Егер 2009 жылы рейтингтің орташа мәні 47%-ды құраса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша қор стратегиясында белгіленген қызметтің негізгі көрсеткішінен асып түсіп, 79%-ға жетті. Трансформация бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде қор өзінің еншілес ұйымдарын кәсіби біліктілігі жоғары деңгейдегі Директорлар кеңесі арқылы басқаратын стратегиялық инвестициялық холдингке айналуы керек», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Ғани Битенов.
«Самұрық-Қазына» іс жүзінде жинаған тәжірибесімен квазимемлекеттік сектордағы өзге компаниялармен белсенді түрде бөлісуде. Қор басшылығы ЭЫДҰ-мен тығыз серіктестіктің арқасында әзірленген корпоративтік басқару кодексі өзге ұлттық компаниялар үшін типтік құжатқа айналып, жеке фирмалардың кодексіне негіз бола алады деп санайды.
Форум аясында Ұлттық әл-ауқат қоры халықаралық ұйымдармен бірлесіп істелген жұмыстың тағы бір нәтижесі – «Тиімді директорлар кеңесі» кітабының аудармасын таныстырды. Практикалық ұсыныстар жинағын ең ежелгі және көпті мойындатқан әлемдегі Директорлар кеңесі мүшелерін кәсіби дайындықтан өткізу институттарының бірі болып саналатын Ұлыбританияның Директорлар институты шығарған болатын. «Самұрық-Қазына» қоры 2013 жылы Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстанға сапары барысында аталған институтпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған еді. Бүгінгі күні қордың қолдауымен басылым қазақ және орыс тілдеріне аударылып, көпшілік оқырман үшін қолжетімді болып отыр. Ұлыбритания Директорлар институты корпоративтік басқару департаментінің директоры, кітап авторларының бірі Др. Роджер Баркер де өз пікірін білдіріп өтті: «Директорлар кеңесі – корпоративтік басқару мен ұйымдардың көпшілігінің тиімділігінің негізі болып табылатын басты орган. «Тиімді директорлар кеңесі» кітабы директорларға арналған ұсыныстарды және олардың өз рөлін қандай жолмен бұрынғыдан да тиімді түрде атқара алатыны туралы ой-пікірді қамтиды. Басылымның тұңғыш рет қазақ және орыс тілдеріне аударылғанына қуаныштымын. Кітап Қазақстандағы компаниялардың көпшілігінің одан әрі дамып, табысқа жетуіне өз үлесін қоса алады деген үміттемін».
«Самұрық-Қазына» қорының өкілдері Қазақстандағы корпоративтік басқару мен Директорлар кеңесінің тиісті рөлін дәріптеу жақын уақытта ел имиджін шетелдік инвесторлар үшін қызығушылық тудыра алатын сенімді серіктес ретінде қалыптастыра алады деген сенімде. Осы мақсаттағы теориядан іске өту бойынша алғашқы қадам жасалынып та қойылды.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».