18 Қаңтар, 2011

Ғылым атақ үшін емес ел игілігі үшін жасалады

1033 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ғылымды – іргелі ғылым және қолданбалы (кәделі) ғылым деп бөліп жүрміз. Нағыз ғылым іргелі ме, басқа ма кәдеге жарамай қоймайды. Біздің мемлекеттің – халқы аз, жері ұшан-теңіз. Сондықтан ба, ғылыми жаңалықтарды өндіріске ендіру мәселесі өте қиын. Оның үстіне жаңалықты қабылдайтын өндіріс бізде кемшін. Қалай десек те, іргелі ғылымға көңіл бөлуіміз қажет. Мұның ғылым, білім беру жүйелеріне, халықтың интеллектісінің дамуы­на қосар үлесі зор. Ал жоғары интеллектілі қауым өз елінің, шет елдердің ғылыми жетістіктерін қажеттілікке жарата алады. Қазақстанда ғалыммын деп жүргендердің ішінде шамамен 150-200-ге жуығының еңбек­тері жоғары деңгейде деуге келеді. Ондай ға­лымдарды жоғары деңгейлі ғалымдар (ЖДҒ) деуге болады. Ал жалпы ғылыми-педагогикалық жұмыс­пен айналысып жүрген ғылыми атағы бар азаматтардың саны бірнеше мың. Өкінішке орай, ЖДҒ-дың жағдайы жастарды қызық­тыра алмайды. Себебі, олардың атағы болған­мен, ақшасы аз. Бірақ олар қалап алған, бүкіл өмірін арнаған жанкешті тірліктен кете алмай­ды. Керісінше, ғылыми атақты атүсті иеленіп алып, қазақ халқының: ғылымды, ға­лымды қадір тұтатынын пайдаланып, лауа­зым­ды қызметке, байлыққа қол жеткізгендер бар. Жас­тарды солар қызықтырады. Осындай жағ­дай ғылым дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Мұны жасырмай айтуымыз керек. Соңғы жылдары псевдоғалымдар (ПҒ) қаулап өсуде. ПҒ-дар жалған ғылым жасау салдарынан – соңғы 10-15 жылда дипломдар құнсызданып барады. Өйткені, әлетке жарата­тын жарыған жаңалық жоқ. Осындай қырсық­тан математика ғылымы 2009 жылға дейін аман еді. Соңғы бір жылда ПҒ-дар математика саласына да «шабуыл» жасауға көшті. Байқап қарасаңыз, олардың «шабуылы» нәтиже бере бастағандай. Біз басында бұрын­ғы кандидат, доктор деген жүйеден PhD доктор жүйесіне көшсек, әлгі «шабуыл» толастар деп едік. Қателесіппіз, керісінше, «шабуыл» оларға жеңіс үстіне жеңіс әкеліп жатыр. Таза математика саласы ПҒ-дар тобына алдырмас қамал деп ойлайтынбыз. Олай болмай шықты. Олар алдымен математикаға жуық информатика саласын «бағындырып» ал­ды. Сөйтіп, өздеріне керек нәтижелерге қол жеткізуде. Қазіргі «Ғылым туралы» жаңа заң жоба­сын мен қолдаймын. Бірақ псевдопедагогтар, псевдоғалымдар оп-оңай тауып алатын құжат­тың есік-тесігі бар екенін айтуды парыз санай­мын. Мысалы «...комиссия мүшелері көр­некті ғалымдардан...” деген төрт сөзді ала­йықшы. Көптеген псевдоғалымдар “...аса көр­некті ға­лым, қоғам қайраткері...” деген атаққа ие бо­лып алды ғой. Ол бәрімізге де құпия емес. Олар комиссия мүшелері, тіпті төрағасы болмасына кім кепілдік береді? Ендеше, елімізде ғылым дамуы үшін жастарға ондайлар емес, ЖДҒ үлгі болып, артық тұ­руы тиіс. Сонда ғана таза ғылым болады. Таза ғылым қалып­тасады. Қазіргі ғылымға бө­лінген қаражат ЖДҒ-дарға да, ПҒ-дарға да тең дәрежеде беріледі. Бұл әділеттілік емес. Егер, біз бұдан бас тарт­пасақ, жас­тарға үл­гі болар ғалым шығара алмаймыз. Тең­гер­­меші­ліктен құтылуы­мыз керек. Мен осы себептерден ғалымдарға, оның ға­лым­дық дәре­жесі­нің көр­сеткіші (өлше­мі) ретінде бір рейтинг жү­йесін (сис­те­ма­­сын) ұсынып отыр­мын. Бұл жүйені Қазақ­стан ішіндегі корруп­ция­ланған топтар бұза ал­май­ды. Бұл ғылым құл­дырауына тосқауыл болатынына сенемін. Егер де менің ұсыныс­тарым төңірегінде пікір-талас қажет дегендер бар болса, ой бөлісуге мен дайынмын. Рейтинг (құзыреттілік) ұғымы – салыс­тырмалы түсінік. Сондықтан ғалымның ға­лым­дық деңгейін анықтайтын арнайы көр­сеткішті қалайда енгізу қажет. Бүгінгі күні Қазақстанда ғылым кандидаттары мен докторлар санының күрт өсуі псевдоғалым­дар­дың еншісінде екені жасырын емес. Ғалым құзыреттілігінің сандық көрсеткішін енгізу шынайы ғалымдарды анықтауға және оларға көмек көрсетуге ықпал етеді деген ойдамын. Халықаралық тәжірибеде ғалымдарды және олардың жұмыстарының нәтижелерін бағалаудың бірқатар танымал рейтинг жүйе­лері бар. Бұл жүйелердің әрқайсысы әр ғалымның рейтингін бағалайтын белгілі бір сандық критериге негізделеді. Бірінші, жоғары рейтингі бар (мысалы, «Journal Citation Reports» тізіміне енген) журналдардағы жарияланған мақалалар саны; екінші, сол ғалыми мақалаларға жасалатын сілтемелердің саны (мысалы, «Web of Scien­ce» мәліметтер қоры); үшінші, ғалым­ның бас­қа да жұмыс нәтижелері есепке алы­нады, олар­дың ішінде (бүкіл әлемге танымал) ха­лық­аралық сыйлықтар; баяндамашы ретінде қатысқан ғылыми конференциялардың саны, толық профессор атанған универси­тет­тің, баспа ұжымының мүшесі (немесе рецензенті) болатын ғылыми журналдың деңгейі, т.б. Егер осы тәсілмен әділ бағалау жүргізсек, Қазақстанда нағыз ғалымдардың саны 200-ден аспайды. Ондай мамандар ел ғылымын халықаралық деңгейге көтеруге өз үлестерін қосары сөзсіз. Оларға орташа есеппен 100 мың теңге төленсе, онда бюджеттің шығыны бір айда 20 млн. теңгеден немесе бір жылда 240 млн. теңгеден аспайды. Саны бар сапасы жоқ ғалымның бәріне ақша төлей берсек, шығыннан көз ашпайтын боламыз. 2011 жы­лы Қазақстан ғылымын қаржыландыру көлемі 10 млрд. теңгеден артық болатын­дықтан шығындар жалған ғалымдарға емес, іргелі ғылымдарды қаржыландыруға жұмса­лар еді. Мұның пайдасы шаш етектен бола­тынына иманым кәміл. Бұл мемлекеттің шынайы ғылыми қызмет­керлерге нақты көмек көрсетіп, ғалымдардың ха­лықаралық деңгейдегі басылымдарға ғылы­ми ма­қа­лалар шығаруына ықпал етіп, кең жол ашар еді. Бұл қадам Қазақ елінің халықаралық дең­гейдегі білім беру мен ғылым жүйелері дамыған ел ретінде әлемге танылуына және халықаралық беделінің өсуіне жақсы әсер етеді деп білемін. Сондықтан осы рейтинг жүйе­сін 2011-2020 жылдар аралығында қолдануға болады деген ойдамын. Ал бұдан арғы жылдарда жастарымыз мен ұсынған жүйеден әлдеқайда ұтымды рейтинг жүйесін тауып алатынына сенімдімін. Әрине, мен ұсынып отырған рейтинг жүйе­сіне гуманитарлық сала ғылымдары, эконо­мистер және барлық псевдоғалымдар қарсы болуы әбден мүмкін. Алайда, уақыт тынысы осыны талап етіп отыр ғой. Гуманитарлық сала ғалымдары да өздеріне керегін жасақтаса, ешкім қарсы болмайды. Жасыратын несі бар, 1992-2009 жылдар арасында гуманитарлық сала ғалымдарының енгізген ұсыныстары математиканы дамытуға көп кедергі жасады. Мысалы, олар енгізген мына ұсыныс “... докторлық диссертация қор­ғау үшін кем дегенде 30 мақала жазу қажет...” деді. Бұл мақала жазу сапасын құлдыратып жіберді. 30 мақала жазу «жарысы» өршіді. Доктор болуың керек, өтірік-шынды аралас­тырып жазбасқа шараң қайсы. Жалған ғалым­дардың біразы осы мақала негізінде қорғап жатты. Біз коррупционерлер бұза алмайтын рейтинг жүйесін қабылдап, әр жыл сайын рейтингі нөлден жоғары ғалымдардың тізімін жариялап отырсақ, қане. Онда псевдоғалым­дардың біразы “ұлы ғалым” болуларын қояр еді. Рейтингпен қамтамасыз етілмеген ғылы­ми атақ пен дәрежеге қызықпас еді. Еуразия ұлттық университетінде «Journal Citation Reports» тізіміне енген журналдарға мақаласы жарияланған қызметкерлерге сый­ақы төлейді. Бұл әрекет халықаралық дең­гейде ғылыми мақалалар жазуға оқымысты­ларды ынталандырып отыр. Жаңадан келген министріміз Бақытжан Жұмағұлов мырза біраз жаңашыл шаралар енгізуге бет түзеді. Бұл дұрыс бағыт деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, ғылым атақ үшін емес, ел игілігіне қызмет ету үшін жасалуы керек. Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик.