06 Сәуір, 2016

13 жас оғылан

673 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Негимов«Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел», деп ұлы Абай айтқандай, көлдей толқып, желдей зулап, судырлап, бұлдырлап замандар өтсе де, шыңға біткен шынардай күн келбетті жақсының тұлғасы ірілене бермек, жарығы-жақсылығы өрістеп, өркендемек. Бір сәт тарихқа ой жүгіртсек, «Лениншіл жас» газетінің 1935 жылғы 14 қаңтар күнгі №12 санында жарияланған білімпаз Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың «Он үш жас күш» дейтін мақаласында: «Қазақстанның мемлекеттік педагогика институтын бітіріп шығып отырған осы 13 кісі сондайлық қымбат адамдар екені даусыз. Бұлар осындай бақытты кезеңде, абыройлы кезеңге тап болған жастар. Тіл-әдебиет жұмысының жоғары дәрежелі маманы болған 13 адам сан жағынан біздің қазіргі тілегімізге сәйкес, әрине, аз, бірақ сол аз болуымен қатар, үлкен олжа, төңкерістен бұрын тіл-әдебиет жөнінен мамандығы бар 13 емес, бір де бір адамымыз болмайтын. Төңкерістен кейін де, тіпті, кешеге шейін – 1932 жылға шейін – бізде бұл жұмыстың басында жоғары дәрежелі білімі бар адам болып көрген емес. Кітап жазатын да, оқытатын да, жоғары мектептерімізде сабақ беретін де, емге әдебиет-тіл мәселелерінде сарапшы-эксперт болатын да – бәрі де семинарияда оқыған, орташа мағлұматтылар ғана болатын», дейді. Содан соң ойын төмендегідей жалғастырады. «Соның ішінде өткен жылы өлкелік партия комитетінің атынан ҚазПИ-дің алдына күрделі міндеттер де қойылған. Бұл жағдайда жақсы маман жетістірудің қиын болуы да рас. Оқудың сапасы ойдағыдай болмаған кездері де болуы, әлде де жоқ емес. Бірақ сол қиын жағдайдың ішінде жүріп-ақ, сол қиындықпен күресе отырып-ақ, мына 13 маманды Қазақстанның кеңес жұртшылығына бүгін табыс етіп отырмыз. Жойылмайтын кемшілік болмайды. Бұлардың ішінде оқудағы кемшілікті іс үстінде жоя жүргендері де, әлі де жоя алатындары да бар. Бұл 13-тің тең жартысы тек оқып қана жүргендер емес, тіл-әдебиет құры­лысына белсене қатысып, жа­рысқа түсіп жүргендер, газет-журнал беттерінде қаламының ізін көр­сетіп жүргендер. Ысмайылұлы Ес­мағамбет, Алтынбекқызы Мыр­зай, Ғабдоллаұлы Мәлік, Байшы­мырұлы, Дайрабайұлы, Мейір­бекұлы сияқтыларды біздің мәдени жұртшылығымыз біліп те қалған болатын. Бұлардың әдебиет сыны жөнінде мақалалары, өлеңдері, әңгімелері бар, баспадан шықты. Бұлар мұндай еңбекті бұдан былай одан да гөрі өндірер деп сенеміз. Бүгін Қазақстан жұртшылығына 13 маманды тапсыра отырып, олар алған білімдерін іске асыра алар, көптің күткеніндей жеміс берер, социалистік ұлт мәдениетін құру жұмысында бұлар үмітті ақтап, шын қайраткер болар деп сенеміз». Қ.Жұбанов осылай деп ағынан ақтарылып, үміт отын маздатқан. Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдары акаде­­миясының академигі, оқы­мыс­ты, әскери-мемуарист Мәлік Ғабду­линнің курстасы, Абай атын­дағы Қазақ педагогика институтында 1931-1935 жылдарда бірге оқыған Мырзай Алтынбекова (1915-2013) өз естелігінде: «1932 жылы қазақ тілінің білгір маманы Құдайберген Жұбанов бізге келіп, лекция оқи бастады. Сырттай естіп, көруге құштар болып жүрген ұстаздың сырт келбетіне қарап отырудың өзі бір ғанибет еді. Оның үстіне ізетшілдігі, сөз мәнері, өзін асқақтатпай төмен ұстай білуі – оның ішкі дүниесінің де тазалығын аңғартып тұратын. Тұңғыш профессордың қазіргі қазақ тілінің жай-күйінен дәріс оқыған әр сәті біздерді таңғалдырғаны сонша, бәріміз демімізді ішімізге тартып, қыбыр етпей тыңдап қалыппыз. Тіпті, қоңыраудың соғылғанын да байқамағанбыз ғой. Сонда бәрімізден батыл Мәліктің: «Ағай, біз демалысқа шықпаймыз, тоқтамай сөйлей бе­ріңізші», дегені бар. Әрине, бұл өті­ніш қабылданды. Ұстаз әңгімесін тұ­тас айтып шықты. Біз Жұбановтың маңына көбі­рек үйіріліп, оның ғылым, білім жайындағы әңгімесін көп тыңдадық. Біздің әрқайсымыздың мінез-құлық, білімге деген ынта-ықыла­сы­мызды түгел аңғара білген ұста­зымыз 1935 жылы институтты бітір­генімізде «13 жас күш» деген мақаласын жазған-ды. Ол уақытта ҚазПИ-де арнаулы жатақхана жоқ. Бізге төбесінің кре­сін жұлып алып тастаған ескі шіркеуден орын берді, бәріміз оқуды бітіргенше сонда тұрдық. Асхана, тамақ жағы да нашар. Күніне 400 грамм қара нан, айына 4 сом стипендия аламыз. Осы қиындықтың бәріне қарамастан біз институтта оқып, білім алып жүргенімізге мәз, соншама риза, бақытты едік. Онымызға жебеуші болған қазақ халқының маңдайына біткен әдебиет, мәдениет саңлақтары – Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев, Мұхтар Әуезов, Шарафий Әлжанов, Санжар Аспандияров, Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов сынды топ­жарғандардың дәрісін оқып, алдымызда жүргені ме, әлде... Ал студенттер арасындағы шаралардың ұйым­дастырушысы жас та болса Мә­лік еді. Сабақтан қалу, не кешігу дегенді білмедік және институттың түрлі қоғамдық жұмысына да белсене араласамыз. Мәлік екеуміз қабырға газетін шығарамыз. Ол жетпесе, жастығымызға, әлімізге қарамай, орталық газет-журналдарға араласуға ұмтыламыз. «Лениншіл жас», «Пионер» газеттеріне өлең, әңгіме жазамыз. Олар кейде жарыққа да шығып тұрады. Мәлік өзінің соншама кішіпейіл, ақжарқын мінезімен курсқа ғана емес, бүкіл институттың сүйіктісіне айналып кетті. Оны «Мәлік» деп шақырғандар болса, әрдайым: «Әу, жаным!» деп жауап беретін», – дейді. Осы нөмірде ҚазПИ-дің директоры Сақайұлы (Сакаев) өз мақаласында «ұлт кадрларын дайындау» жолында «күшті жігермен қызмет істер деген зор сеніммен» Ғабдоллаұлы Мәлікті, Ысмайылұлы Есмағамбетті, Дайрабайұлы Орда­ны, Алтынбекқызы Мырзайды, Мейірбекұлы Қаныбекті, Байшы­мырұлы Оразды ерекше атап көр­сетеді. Ал Мәлік Ғабдоллаұлы «Ұлы міндет – алдымызда» дейтін пікі­рінде: «Мен ҚазПИ-ді он тоғыз жасымда бітіріп отырмын. ҚазПИ-дің қабырғасында жүргелі үш жарым жылдай уақыт болыпты. Төрт рет бәйге алдым. ҚазПИ-дің маған берген жемісін – еңбекшілер көпшілігіне беру, міне, міндет осы! Мен бұл міндетті ақтаймын» деп жазыпты. Есмағамбет Ысмайыловтың: «Бүгін бозторғайдай шырқап қа­нат қақтым... Шырқап көтеріліп, қалық­тап көк жүзінде жас қанатымды сермеймін» дегенінде қайтпас қай­сар­лық, мұқалмас жігер, бұрқы­раған қуат, ізгі мұрат бар. Сол бір жылдарда, яғни 1930-1937 жылдарда ҚазПИ-де әдебиет, мәдениет, ғылым тарихында жар­қын із қалдырған көсемдер тобы ұстаз­дық еткен екен. Ақыл-ойдың ордасы, таза, шынайы кісілікті, білікті зиялылар ортасы десеңізші! Олар мына бір тарихи суреттегі (Қазақ­стан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, қор 1864) Санжар Аспандияров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Телжан Шонанұлы, Мол­дағали Жолдыбайұлы, Сәрсен Аманжоловтар. Бұлар Ұлт, Жер, Тіл, Ұрпақ тағдыры, Рух жасампаздығы үшін бір мақсатта, бір тілекте жұ­мы­ла жан аямай қызмет істеген ар­дақ­­тылар, білгірлер мен дүлдүлдер еді. Осынау ұлы тұлғалардың бейнесі шоғырланған тарихи суреттің жо­ғарғы жағында ҚазПИ-дің дирек­торы Шәміл Сақаев (ұлты я татар, я башқұрт), директордың орынбасары Дүйменов және доцент Митрофан Семенович Сильченко (1898-1970). Ол 1917 жылы Воро­неж діни семинариясын, 1924 жылы Воронеж мемлекеттік универ­сите­тінің педагогика факультетін тәмам­даған. 1931 жылдан бастап ҚазПИ-де дәріс берген. Мәлік Ғабдул­иннің көрсетуінше, академик М.С.Сильченко лекция оқу ба­рысында қазақ студенттерін орыс ті­лі­не де жан-тәнін салып, әрбір ой­ы­­ның, әрбір сөйлемінің бөлшегін, ма­ғы­­насы мен мәнісін терең, жетік тү­­сін­­дірген майталман ұстаз еді дейді. Қазақ білімпаздары С.Асфен­дияров, Т.Шонанұлы, М.Жол­дыбайұлы, С.Сейфуллин М.Силь­­ченкоға қазақ тілін үйретіп, кө­­кейіне құйған, ұлт фольклоры мен әде­биетінің мәселелерін зерттеуіне мү­мкіндік тудырған. Мұнан соң әмбебап оқымысты, өзі дәрігер, өзі тарихшы, өзі педагог, ғылымның ірі ұйымдастырушысы Асфендияров Сан­жар Жафарұлы (1889-1938). Ол Петерборда 1912 жылы әскери-меди­циналық академиясын тәмам­даған. Н.Нариманов атындағы Шы­ғыс­тану институтының дирек­торы, Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің Шығыс тарихы бойын­ша профессор, Бүкілресейлік Орта­лық Атқару Комитетінің хатшысы, 1928-1933 жылдарда ҚазПИ мен Алматы мемлекеттік медицина институтының директоры, ҚазАССР Денсаулық сақтау Халық комиссары, КСРО ҒА Қазақ филиа­лы төрағасының орынбасары. Ұлттың ұлы тұлғасы, кемел қайраткер С.Асфендияров ұлт­тық ғылыми кадрларды жақсарту, қазақтың ұлттық мәдениетін дамыту, ғылыми тілді қалыптастыру, халық шығармашылығын қастерлеу (жинау, жариялау, зерделеу), сонымен қатар ғылыми-зерттеу қызметкерлері мен қазақ зиялыларының жаңа легі арасындағы табиғи байланыс орнату – ғылыми басты ұстанымы болған. Бұл сол жылдардағы қазақ студенттерінің рухани кемелділікке жетуіне, шұғыл есеюіне жойқын әсер еткен. ҚазПИ-дің директоры С.Асфендияров 1929 жылы жаратылыстану-химия факультетінің 1-ші курсына қабылданған Қажым Жұмалиевті белгілі бір жазушының қалауымен тіл-әдебиет факультетіне ауыстырғанда шын мәніндегі әде­биет тарихын жасаушыларды тәр­биелеу біздің басты нысанамыз деп қадап айтқан екен. Әрі қарай төменгі қатарда солдан оңға қарай сипаттасақ, алдымен профессор (1934), көрнекті педагог әрі психолог, 1932-1937 жылдардағы педагогика кафедрасының меңгерушісі және педагогика факультетінің деканы Шәрәпи Әлжанов (1901-1937). Дарынды, дарабоз Ш.Әлжанов 1918 жылы Шортандының бастауыш училищесін аяқтаған, 1920 жылдан бастап қызыл әскер қатарында болып соғысқа қатынасқан, Қазақ полкінің әскери комиссары, мұнан соң уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары, уездік милицияның бастығы, 1925 жылы Мәскеудегі әскери-педагогикалық курста оқыған. 1932 жылы Ұлттар ағарту институтының педагогика мамандығы бойынша аспирантурасын аяқтаған. Орыс, қазақ тілдерінде жүйрік сөйлеген. Қайраткер Әди Шәріповтің өзінің ұстазы Ш.Әлжановтың ұстаздығы, шешендігі, рухани тазалығы жөнін­де естелігі бар. Профессор Шәрә­пи Әлжанов «Абайдың педа­гоги­калық туралы көзқарасы», «Ұлт мектептері қазіргі кезеңде», «Ес және есте қалдыру мәселелері», «Ой мәселелері», «Халық ағарту қызмет­керінің білімін көтеру жайында бас­ты материалдардың жинағы» дейтін еңбектер қалдырған. Сәрсен Аманжолов (1903-1958) – 1930 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін тәмамдаған. 1931-1958 жылдарда ҚазПИ-де оқыту­шы, доцент, профессор, қазақ тілі кафе­драсының меңгерушісі, 1934-1936 жылдарда Қазақтың Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының ғалым хатшысы, директоры. 1937-1942 жылдарда СССР ҒА Қазақ филиалының тіл және әдебиет секторының мең­герушісі, 1946-1958 жылдарда Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиет инс­ти­тутында академиялық сөздік пен терминология бөлімінің меңгерушісі. Ұлы Отан соғысының ардагері. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов Құдай­берген Жұбановты «ірі оқы­мысты» деп әділ сипаттап, ойын былайша өрістетеді: «Өздігінен оқып, ғылым-білімнің әр саласынан да әжептәуір хабардар болған Құдайберген сонау ерте уақыттардың өзінде, 20-жылдар ішінде математиканы, физиканы, логиканы, психологияны, рефлексологияны тесіле зерттеді. Сол жылдарда Құдайберген жапон тілін зерттеді. Оның себебін сұрағанда ол былай деп жауап беретін: «Қазақтың тілі, тарихы жөнінде қытай тілінде көптеген деректер бар. Оларды оқу үшін қытай тілін зерттеу керек. Ол өте қиын, көп уақытты керек етеді. Ал жапон тілі болса, о да оңай емес, бірақ қытай тіліне қарағанда, ол едәуір жеңілдетілген және жапондықтар қытай тіліндегі ғылыми еңбектердің бірқатарын өз тіліне аударып алған. Мен сол тіл арқылы қытайдың қазақ туралы жазылған деректерін оқимын ба деймін». Шынында да ол бұл жұмыста біраз табысқа жеткен. Ал батыс тілдерінен: неміс, француз, ағылшын тілін сөздікпен пайдаланатын. Маған неміс білімпаздары Кизеветтер мен Раманның шығыс музыкасы туралы жазған кітаптарынан мақалалар аударып беретін. Әл-Фарабидің, Қашғаридің, Мұрағидің, Халелдің еңбектеріндегі музыка туралы айтқандарын маған үнемі түсіндіріп, соларды пайдалану керектігін айтатын. Құдайберген осындай өзінің кең дүние тану, терең ғылымдық мағлұматы арқасында азғана уақыт ішінде көптеген еңбектер жазды. 1932 жылы Алматы қаласына қайта келгеннен кейін, ол педагогикалық инс­титутта тілден профессор әрі СССР Ғылым академиясының қазақ­стандық филиалында ғылыми қызметкер болып істеді». Осылайша, толғаған алғыр, зейін­ді, еске сақтау, оқу-тоқу, ойлау қа­білеті керемет сұңғыла Әуезовтің өзі «Библияны» грекше сайратып, дереу орысшаға аударған және түркі тілдерін жетік білген-ау! Бұған араб-парсы тілдерін қосыңыз! Неткен өре­лілік! Неткен білімпаздық! Неткен құштарлық! Сәкен Сейфуллин (1894-1938) – мемлекет қайраткері, ақын, әдебиет тарихшысы, мемуарист, көсем­сөзші, қазақ әдебиетінің классигі. Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Қазақстан Жазушылар одағы бас­шыларының бірі, «Еңбекші қазақ» газеті мен «Әдебиет майданы» журналының редакторы. Молдағали Жолдыбаев (1887-1937) – ағартушы, педагог-әдіскер. 1919 жылы Жымпиты уезі ревко­мының төрағасы, 1920-1922 жылдарда Орал губерниясы атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1922-1924 жылдарда Қазақ АССР Оқу Комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың төрағасы. КПСС Орталық Комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының қызметкері. Телжан Шонанұлы (1894-1937) Ырғыз уезі Аманкөл болысында туған. 1912-1916 жылдарда Орынбор мұғалімдер семинариясында оқыған. Ұстаздық, шығармашылық іспен шұғыл­данған. 1929 жылдарда Қазақ АССР Халық ағарту комис­са­риа­тында қызмет еткен. Ұлт ұстазы Ах­мет Байтұрсынұлы бас­қарған Оқу­лықтар жазу комиссиясында бол­ған. ҚазПИ мен Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде дәріс оқыған. «Қазақ тілінің оқу құралы» (1926, 1933), «Тіл дамыту» (1930), «Қазақ жер мәселесінің тарихы» (1926) дейтін айтулы еңбектер жазған. Замана тудырған тұлғалар тәрізді Шығыс тілдерін және неміс тілін білген. Энциклопедиялық эрудициясы орасан, ойы қуаты білімдар ғылыми-әдістемелік сектор меңгерушісі Телжан Шонанұлы 1935 жылы ҚазПИ-ді бітірушілерді білім-ғы­лым нәрімен сусындатқан. Ұлтын сүй­ген парасат иесінің «ел қазақ, тіл қазақтікі, сондықтан мектепте оқу тілі қазақ тілі де болу керек» деген өміршең қағидасы бар. Телжан Шонанұлынан кейін қазақ әдебиетінің классигі, даңқты «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы, көрнекті оқымысты-педагог Мұхтар Әуезов жайғасқан. Мұнан соң, 1931-1935 жылдарда Әдебиет кафедрасының меңгерушісі, профессор М.П.Баталов (1901-1935). Ол 1934 жылы жарияланған «Қа­зақ фольклоры мен әдебиеті жөнін­дегі очерк­тер» кітабының (М.С.Силь­ченкомен бірігіп) авторы. С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» деген поэ­масын орысша сөйлеткен. Ол 1920-1922 жылдарда Орынбор губко­мында, 1922-1925 жылдарда Қазақ Халық ағарту комиссариаты мен газет редакциясында, сондай-ақ 1924-1930 жылдарда Қазақ өлкелік медицина техникумының директоры болған. Түйіп айтқанда, ҚазПИ-дің іргетасын қалаған Алаш елінің әйгілі ұстаздарына және олардың дәрісін, тәрбиесін, ұлылығын болмысына дарытқан, шапағатын көрген айтулы шәкірттеріне мың да бір тағзым! Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АСТАНА.