Қазақ күресі. Астанада қазақ күресінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің қалалық іріктеу жарысы өтті.
Сайысқа 38 балуан қатысты. Белдесулер күні бойы өтіп, кешке қарай екі балуан анықталды. Финалда Айбат Сейтен мен Айтуар Абдулов «Қазақстан барысы» республикалық турниріне жолдама алды. Енді олар бірнеше жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, халықтың қызығушылығына бөленген турнирге Астана қаласының атынан қатысатын болады.
Шахмат. Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу Даби қаласында Азия кубогы үшін командалық жарыс өтіп жатыр.
Бұл сынға Қазақстан құрамасы сапында Ринат Жұмабаев, Әнуар Есмағамбетов, Мұртас Қажығалиев, Рустам Хуснутдинов, Пётр Костенко, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Мәдина Дәулетбаева, Гүлмира Дәулетова мен Шолпан Жылқайдарова қатысуда.
Дүйсенбі күні Қазақстан командасы ұпай саны бойынша бірінші орында келе жатқан Өзбекстанды 3:1 есебімен ұтты. Қазір турнир кестесінде Өзбекстан, Қытай, Вьетнам, Қазақстан, Үндістан бір-бірлерінің өкшесін басып келе жатыр. Ерлер жарысында Үндістан, Қытай, Моңғолия, Иран мен Қазақстан шахматшылары жүлделі орынға таласуда.
Каратэ-до. Польшаның Быдгощ қаласында VII әлем чемпионаты аяқталды. Бұл додада Мөлдір Жаңбырбай мен Нұржан Ақпанбет әлем чемпионы атанды.
Қазақстан спортшылары тағы бір жарыста еліміздің намысын қорғап, Әнұранымызды шырқатты. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен халықаралық Junior Chempionship, USA Open және Ozawa Cup турнирлерінде каратэшілеріміз 3 алтын, 6 күміс және 5 қола медальді жеңіп алды.
Күрес. Эстонияның Таллин қаласында жастар арасында күрес түрлерінен халықаралық турнир өтті. Оған 20 елден 1800 спортшы қатысты.
Грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали 60 кило салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, 84 килода Бағдат Үсенов қола медальді иеленді. Ал, 74 килода Айдос Мұхан бесінші орыннан көрінді.
«Егемен-ақпарат».