«Күлкі – күштілердің қаруы», «Күле білгеніміз – өмір сүре білгеніміз», «Өмір бар жерде – юмор бар»...
Кезінде қазақ сатирасының сарабдал қазысы атанған Темірбек Қожакеев бізді осылай оқытатын. Әншейінде қарасы көрінсе алты қырды айналып қашатын студенттер қатал профессорымыздың сабағында екі езулерін жия алмай қалатын. Қызықты лекцияның «қызуымен» тіпті, оның журфакты ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын дөкей декан екені есімізден шығып кететін.
Ал, енді осы Темкеңнің «тепкісіне» шыдаған шәкірттерінің талайы кейін баспасөздің баһадүрі атанғаны белгілі. Елорда ендігіндегі ең беделді оқу ордаларының бірінен саналатын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырған «Ән мен әзіл» атты көңілді кеште көпшілікті күлкіге кенелткен Көпен Әмірбеков те солардың сойынан.
Әңгіме тізгінін әдеттегідей өз қолына алған аталмыш рухани тағылым отауының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбаев кездесуге келген қадірлі қонақтың Қожанасыр бабасынан мирас қылған қалжың қоржынын ақтарып, көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Көргені бар Көпекең көзі қарақты оқырманға жақсы таныс «Мың бір мысалынан» үзінділер оқып үздіккен жоқ. Есесіне есімдері елге танымал Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Садықбек Адамбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Шәмші Қалдаяқов, Қажытай Ілиясов секілді Алашқа аты кеткен алдыңғы буын ағалары туралы әзіл-шыны аралас әдемі естеліктер айтты. Олардың қоғам қотырын қанын шығара қасыған тікенек тілді туындыларының әлі күнге дейін өміршеңдігін атап өтті. Ұзақ жылдарғы үзілістен кейін республикалық «Айқын» газетінің қосымшасы болып жарық көріп жатқан «Араның» редакторы ретінде қазіргі таңда қатты белең алған жемқорлық, парақорлық, сыбайластық сияқты кесапаттардың тамырына балта шабылмай мемлекеттігімізді нығайту ісі ілгері баспайтынын жеткізді.
Әсерлі кеш дауысы көкте дамылдаған Кенжеғали Мыржықбаевтың орындауындағы Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай», Сыдық Мұхамеджановтың «Әйтеуір сол қыз – бір сұлу» , Шәмші Қалдаяқовтың «Әнім сен едің» және тағы басқа әлеумет сүйіп тыңдайтын тамаша әндермен әдіптеліп отырды.
Кездесу соңында сахнаға көтерілген университет ректоры Ерлан Сыдықов қабырғалы қаламгерге жиналған жұртшылық атынан ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ербол ЕРДЕНБЕК.