«Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі ашықтық және кәсібилік тұрғысындағы жаңа сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді».
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
Парламенттің VI шақырылымдағы бірінші сессиясының
ашылуында сөйлеген сөзінен.
Адам біреуден зорлық, яки нақақ қиянат көріп, бірақ сол сәтте әділдікке қол жеткізе алмайтынын білген жағдайда ашынғаннан амалы құрып, сосын күпті көңілін көншітер соңғы үміті ретінде «сотқа беремін» дейді. Осы сөзді айтудың өзі қиянат көрген адамның көңіліне сәл жеңілдік тудырары да анық. Өйткені, «жәбірленушіні сот ақтайды, жәбірлеушіні сот соттайды» деген сенім басым тұрады. Сол сияқты, өзін лауазымдық жағынан жоғары, әлеуметтік, яки тұрмыстық немесе материалдық жағынан бай-қуатты санап жүрген біреу екінші біреумен жанжалдасып, оны сол сәтте басып-жаншып тұқыртып алғысы келгенімен, анау әділдігін алға тартып болмай қойса және бұл оған есесі кетіп ұтылғанын байқаса, намыстан ба, ызақорлықтан ба көгеріп жарылардай болып: «Тұра тұр бәлем, әлі көзіңді көгертіп түрмеде шірітемін, соттатамын!» дейді. Сөйтіп, екеуінің де айтқаны орындалатындай көрінеді. Бірақ алғашқыда екінші мысалдағы адамның қаһары іске аспайтын кіжіңдей ғана әсер қалдырады. Өйткені, нақақ қиянат шеккен адам сотқа барса, айтқаны жүзеге асатыны белгілі дейміз. Себебі, заң біздің санамызға осы әділдіктің ғана салтанат құратынын сіңіріп тастаған. Қалайда, қашанда нақақ қиянат көрген адам жапа шекпеуі қажет. Алайда, бұл қағаз жүзіндегі шындықтың көрінісі ғой. Ал нақты өмірде қалай?
Әрине, нақты өмірде өзгешелік көп. Өйткені, көпшілік ана лауазымы жоғары, қолында билігі бар, ақшасы мол байдың дегені болатынын айтады. Расында, солай ма? Олай емес десек, оған қандай нақты дәлел бар? Сол сияқты, бұған келісер болсақ, оны немен дәлелдей аламыз? Жұрттың дені мұның алғашқысына да, соңғысына да келіспейтіндіктері сөзсіз және екеуіне де келісетіндер аз екені тағы рас. Сонда бұл адамдардың көзін нақты ақиқатқа қалай жеткізуге болады? Егер дауласқан екі жанның да айыбы болып тұрған жағдайда оларға ақиқатты ұғындыру мүмкін бе?
Нақты жағдайда мүмкіндік аз. Сондықтан, адам айыпты ма, айыпсыз ба, дұрыс па, жоқ па, кінәлі ме, кінәсіз бе, оның бәрін заң айқындайды. Заң осы даудың шешімін тауып, оған түпкілікті, әйтеуір, бір нүкте қою үшін қажет. Сосын сот заңға сүйеніп шешім шығарды дейді, бітті. Бұл орайда, осындай жағдайларда заңды сөзбұйдалыққа, қағазбастылыққа, сот істі қарауды ұзақ сергелдеңге айналдырмас үшін сот жүйесіне де өзгерістер енді. Өзгеріс тіптен көп. Бір ғана бес сатылы сот жүйесінен бірден үш сатылы сот амалына ауысудың өзі неге тұрады. Ол ел үшін жаңалық қана емес, ең бастысы, тараптарға әділдікке тез қол жеткізудің оңды жолы деп қарастырылуда. Осыған орай алғашқы саты – аудандық соттың, екінші саты – облыстық апелляциялық соттың және үшінші саты – Жоғарғы Соттың кассациялық мәртебесі артып, әрқайсысының дәрмені күшейді.
Ал бұрын бұл салада аудандық сот судьясының шығарған шешімі Жоғарғы Соттың шешімдеріне жұрттың күмәнін келтіретін жайттарды туғызатыны бар еді. Себебі, ертеректе аудандық соттың екі адамды соттаған ісін облыстық аппеляциялы, кассациялық соттар қолдап, бірақ Жоғарғы Сотқа келгенде, әлгі істің шикілігі байқалып, екі жігіттің жазықсыз сотталғаны анықталып, аудандық сот шешімі бұзылып, қайта қарауға облысқа жіберілген болатын. Жоғарғы Соттың аталған істі қараған қылмыстық алқа отырысының қаулысы бойынша облыстың апелляциялы алқасы бұл істі одан әрі жете толыққанды зерттеп, зерделей келе Жоғарғы Сот алқасының тапқан қателігі дұрыс екенін, аудандық сот тек қудалау органының бір жақты шала тексерісіне сай теріс үкім шығарғанын ашып, шешім күшін жойды. Одан әрі не болды дейсіз ғой. Одан әрі нағыз қызықтың көкесі орын алды.
Облыстық кассациялық алқа Жоғарғы Соттың да, облыстық апелляциялық алқасының шешімін де дұрыс емес, өйткені, олар аудандық сот судьясының шешім күшін жоюда қателескен деп тауып, істі бұрынғы бәз қалпына түсірді. Бұған, әрине, бәрі де наразы болды, бірақ бұл істі қайта қараған Жоғарғы Соттың жаңа құрамдағы қылмыстық істер бойынша алқасы енді істі алдында қараған облыстық апелляциялық соты да, Жоғарғы Соттың бірнеше судьялары да теріс шешім шығарған, сондықтан, аудандық соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылсын деп, дәу нүкте қойды. Сөйтіп, аудандық соттың тоқпағы мықты екен, облыстық, Жоғарғы Сот судьяларының уәждерін қайтарып тастады. Бұл ештеңе емес, бәрінен бұрын жұрт енді кімге сенім артарын білмей қалды. Өйткені, тағы бір жаңа құрамдағы қылмыстық істер алқасы осы істі тағы бір мәрте қарар болса, басқа шешім қабылданбасына кім кепілдік бере алады?
Ал аталған іске байланысты бастапқы шешімді шығарған аудандық соттың судьясы бірден ауысып кеткен. Бұл істі тергеген тергеушінің өзі қылмысқа шатылып, сотталған дейді. Жалпы, жазықсыз соттауға «заңды жағдай» жасаған құқық қорғау органдары өкілдерін олардың келеңсіздігінен тас қапасқа қамалып, тағдырлары тәрк болған екі баланың көз жасы жібермеген секілді. Мұны текке мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Біздің елде мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Сондықтан да, Мемлекет басшысы әділдік тек соттарда ғана салтанат құруы қажет деп атап көрсетті. Бұл сөздің мәні де, маңызы да зор. Адамның бәрі бірдей, сондықтан да, біздің елдің Ата Заңы бойынша бірде-бір адам жазықсыз жапа шекпеуі қажет. Ал оны қамтамасыз ете алатын тек сот қана.
Елбасы бұл туралы айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ, әділдік ауылының төбесі қашан көрінеді деп көпшілік әлі алаңдаулы. Өйткені, қазір адам біткеннің көзі ашық: тарихтан та, саясаттан да, құқықтан да хабары мен ақпараты мол. Жаман мен жақсыны қалай тез айырса, дұрыс пен бұрысты да тез ажыратады. Демек, ешкім ештеңеге алдана қоймайды. Бірақ, қандай озық қоғам болмасын, адамдар арасында жоғарыдағыдай дау туындамай тұрмайды. Ал дау шешімін табуы тиіс дейміз. Онда да әлгі көкірегі ояу, көзі ашық жандардың көзін жеткізу үшін даудың нүктесіне ешкім шүбә келтірмеуі керек. Алайда, оған қол жеткізу оңай емес. Өйткені, әркім өзінікін ғана жөн дейді. Бірақ, шындығына келгенде, олардың бірінің ғана ақиқаты басым екені даусыз. Сонда оны қайткенде, қалай айыруға болады? Және екінші тараптың көзін оған қалай жеткізуге болады? Демек, қайткенде, қалай ғана қара қылды қақ жаратын әділдікті орната алуға болады дейміз, біз де. Мұның қазіргі күні бір амалы табылды ма?
Жоғарыда айтқанымыздай, әділдіктің соттарда салтанат құратынын Елбасымыз шегелеп айтып берді. Енді сол әділдікті орнату үшін не жетпей тұр? Әлде қазір әділдікті әділетсіздікпен айырбастап алған адамдар қатары көбейіп бара ма? Олай десек, онда қандай сот болмасын бекітілген заң шеңберінен шығып кете алмайтындай, яғни тура шешім ғана шығаруға мәжбүр қылатын құқықтық тетіктер қамтамасыз етілген амалдар іске асатын күн туа ма, өзі? Осы шетін мәселе төңірегінде реті келгенде біз Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәмимен ашық әңгімелескен едік. Ол біздің көкейімізде жүрген күпті мәселеге орай: «Міне, қазір сол күнге, сол сәтке де келіп жеттік. Қазіргі уақытта заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін нақты іс-шараларды жүзеге асыру кезеңі басталды. Ал ондай шаралар Ұлт Жоспарында көрсетілгені баршаға аян. Өзіңіз айтқандай, адамдар кейде сот істі заңды қараған жоқ, заңсыздық орын алды дейді. Олар оны неге айтады? Заңсыздықтар орын алатын жағдайлар болуы мүмкін ғой. Міне, енді байқасаңыздар, осындай заңсыздықтарға жол берілмеуі үшін қажетті тетіктер жаппай қарастырылып отыр», деді.
Расында, байқар болсақ, Ұлт Жоспарына сай қазір тараптарға сотқа жүгіну мен судьяларға сот ісін қарау оңтайлы болуы үшін сот жүйесінде күрделі жаңалықтар пайда болғаны анық байқалады. Мұндағы алға тартылып отырған 11 қадамның барлығы да заңды түрде реттелді. Және оны азаматтар құқының талапқа сай қорғалуын оңтайландыру үшін көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сөйтіп, уақыт талабына толық сәйкес келетін жаңа Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғары Сот кеңесі туралы» жаңа заң қолданысқа енді. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша, бүгінде барлық деңгейдегі соттар жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама бойынша жұмыс істеуге кірісті. Ал мұндай жаңалықтар бұрын болмады ма дерсіз. Болды. Бірақ заман ағысы бір орында тұрмайды ғой, даму үрдісі зор. «Сол дамуға сай біздің де негізгі мақсатымыз – әділдік. Ендеше, мына заңдарымыз да заман ағымына сай пайда болған кедергілерді жойып, тек сот әділдігін жүзеге асыруды ғана үдете түседі. Бұл, біздің көптен бергі межеміз – ұлттық сот жүйесіне деген халықтың және қоғамның сенімін арттыра беру», дейді Төраға.
Жоғарыда аталған мысалға байланысты Төраға үш сатылы соттың басымдықтарына кеңінен тоқталып өтті. Қандай өзгеріс болса да, қандай заң шықса да, оның бәрі тек халық мүддесіне сай қызмет етуге тиіс. Сол айтылғандай, сот жүйеміз бес сатылы ма, үш сатылы бола ма, мәселе, о да емес. Халыққа ең бастысы құқының талапқа сай қорғалғаны, даудың жоғарыдағы заңдарға сай әділ шешілгені керек. Демек, үш сатылы дегенде адамдар одан не ұтады деген заңды сұрақ туындайды? «Иә, не жасалса да, ол алдымен халықтың игілігіне асуы қажет. Сотта әділдікке жетудің бір-ақ жолы бар – әділ шешім. Ал мұндай жолдың тарихы әріден басталатын, әбден тәжірибеден өткен көрнекті бағыты өмірде қолданылып жатыр. Соның бірі – үш буынды сот жүйесі. Үш буынды сот жүйесі Еуропаның көптеген дамыған елдерінде қалыптасқан үрдіс. Демек, бұл – бәріміз өте көп айтатын, яғни әділдікке жетудегі өте қажетті құрылым болып табылады. Осы құрылым арқылы біздің ойлаған басты мақсатымыз не? Басты мақсат – сот сатыларын мейлінше азайту арқылы азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот әділдігіне қолжетімділікті арттыру! Демек, үш сатылы сот жүйесі іс бойынша сот шешімінің жедел қабылдануына негіз қалайды. Ендеше, бұдан былай сотқа түскен істердің басым көпшілігі бірінші және екінші сатыдағы, яғни, аудандық, облыстық және оған теңестірілген соттарда өзінің түпкілікті шешімін таба бермек. Бұрын облыста адамдарды әрлі-берлі сабылтып қоятын, яғни бірінің шешімін бірі қайталайтын аппеляция мен кассация қатар жұмыс істеген еді. Енді бұл кемшілік қайталанбайды.
Осылайша, апелляциялық саты облыстық сотта қалып, ал кассациялық саты Жоғарғы Соттың құзырына берілді. Мұның пайдасы сол, ол сот шешімдерінің жедел әрі сапалы орындалуына мол мүмкіндік тудырады. Істі негізсіз созу, түрлі бұлтаққа салу сияқты келеңсіздікті жойып, кейде соттардың атына айтылатын әлгі «іс заңсыз қаралды» деген секілді небір алыпқашпа сөздерге тұсау салғызады. Сөйтіп, бұл аталған құрылым бүгінгі заман талабынан туындаған оңтайлы ұстаным екендігін халықтың разылығына бөлену арқылы дәлелдейтіні анық. Өйткені, осы жаңалықтың арқасында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың рөлі күшейеді. Істі қарауда таразының әділдік басы ғана тартады, демек, оның маңыз-дылығы мен мәртебесі де арта түседі» дейді Қайрат Әбдіразақұлы.
Демек, қазіргі уақытта заңдарымыздың әлеуеті артып, маңызы күшейді. Қылмыстық саясатқа байланысты төрт бірдей Кодекске өзгертулер мен толықтырулар да енді. Соған сай, міне, сот жүйесін реформалауға байланысты бірнеше қадамнан тұратын нақты амалдар да көрсетілді. Бірақ бұлар қанша жерден «алтынмен апталып, күміспен күптелгенмен» оларды жүзеге асыра алатын мамандар болмаса, әлі де біраз уақытымызды жоғалтатынымыз рас-ау. Осыған орай судьялық лауазымға үміткерлерге алдымен қатаң талап қойылатыны бекер емес. Бұл өте маңызды мәселе. Кейін бармақ тістеп, сан соқпас үшін судьялыққа бірден дұрыс адамды іріктеп, таңдап алған жөн. Көпшілік күтетіндей, судьялыққа сотқа жүгінген әр тарапқа мынау ақ, мынау қара деп ақиқатты тура айтып бере алатын білікті де, білімді жан тағайындалғаны керек. Бұл мақсатта кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Мысалы, жоғары заңгерлік білімі бар, адамгершілік ұстанымы берік, кемінде бес жыл сот отырыстарының хатшысы, судьяның, прокурордың, адвокаттың консультанты (көмекшісі) немесе заңгерлік мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар үміткерлер судьялық қызметке таңдалынады. Үміткерлер үш кезеңнен тұратын біліктілік емтихандарын тапсырады. Бірінші кезеңде еліміздің заңдарын білуге арналған компьютерлік тестілеуден өтеді. Екіншісінде, сот практикасына қатысты сұрақтарға жауап береді. Содан кейін психологиялық тестілеу жүргізіледі. Көрдіңіз бе, мұндай талаптар тек судья болатын үміткерлерге қойылатын сынақтар. Ол осы талаптарға сай келмесе, судья бола алмайды.
Судьялыққа кандидат үшін бұрын еңбек өтілі екі жыл ғана болатын. Қазір олай емес, алдында айтқанымыздай, талап күшейді. Демек, енді бес жыл мерзім қажет етіледі. Ал тағылымдамадан өту бір жыл болды. Ол тұрақты түрдегі және еңбекақы төленетін тағылымдама. Яғни, кандидат өзінің жұмысынан босатылып, тағылымдамадан өтуге тиісті. Жаңадан тағайындалған жас судьялар үшін бұлайша бір жылдық сынақ мерзімін енгізу – сот саласындағы маңызды жаңалық. Олар сынақ мерзімі кезеңінде әкімшілік, күрделі емес қылмыстық және азаматтық істерді қарайды. Сынақ мерзімі аяқталған соң, оның нәтижелері облыстық соттың жалпы отырысында талқыланады. Оң қорытынды алған жағдайда, кәсіби деңгейіне қарай Сот жюриінің біліктілік комиссиясы баға береді.
Демек, біліксіз, тәжірибесі жоқ, тура шешім шығара алмайтын адам судьялыққа келе алмайды. Оған жол жоқ екен. Өйткені, сапалы сот төрелігін жүзеге асыру – осынау ауыр еңбекті таңдаған адамның кәсіби деңгейіне және адами қасиеттеріне тікелей байланысты болып отыр. Әр даудың артында адам тағдыры тұрады. Оны ешуақытта естен шығармаған жөн. «Сондықтан, біздер дамыған елдердің осы бағыттағы тәжірибесін терең зерделеп, үлкен талдау жасадық. Сөйтіп, ақыр аяғында судья лауазымына кадрларды іріктеу мәселелері бойынша осындай мәні зор, мазмұны ерекше өзгерістер енгізілді», дейді Қ.Мәми.
Алайда, кемшіліксіз адам жоқ дегенімізбен, судьялардың білмей қалып қателесуі мүмкін емес. Демек, олар қате шешім шығарса не біліксіздіктен, не сыбайластық жемқорлық жетегінде кеткендіктен деп түсінеміз. Бұл сенімге селкеу түсіреді. Оған жол бермеу мақсатында, дейді Төраға, Елбасы тапсырмасына сәйкес, Жоғарғы Соттың жалпы отырысында Сот жюриінің жаңа құрамы бекітілген. Мұндай жүйе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ыстамбұл жоспарын орындау мақсатында іске асырылып отыр. Бұл құрылым қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметіне баға береді. Сонымен қатар, судьяның орнынан түсу құқығын растау, оны тоқтату мәселелерін және оларға қатысты тәртіптік істерді қарайды. Бұл не деген сөз? Мұны тарқатып айтар болсақ, яғни Сот жюриінің құрамы біліктілік және тәртіптік комиссиялардан тұрады. Олар жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметіне баға береді. Біліктілік комиссиясы 7 судьядан тұрады, олардың құрамында облыстық соттардың екі судьясы, Жоғарғы Соттың екі судьясы және доғарыста жүрген бұрынғы үш судья болады.
Енді осы біліктілік алқасы әлгі судьялыққа үміткерлер бір жыл тағылымдамадан өткеннен кейін, олардан біліктілік емтиханын қабылдайды. Ал судьялық қызметке тағайындалғандар бес жылдан кейін осы біліктілік алқасында тағы да емтихан тапсырады. Сондай-ақ, аудандық соттардың төрағаларына, облыстық соттардың алқалық төрағаларына және облыстық соттардың төрағалары лауазымдарына тағайындалатын адамның да осы біліктілік алқасында емтихан тапсыруы қарастырылып отыр. Демек, судьялардың кәсіптік деңгейі үнемі бақылауда деген сөз.
Сонымен қатар, судьялардың кәсіби қызметіне баға тұңғыш рет судья лауазымын атқарған алғашқы жылғы жұмыс нәтижелері бойынша беріледі. Мұндай баға беру әрбір бес жыл сайын өтеді. Судьялық өтілі жиырма жылға толған судья кәсіби қызметін мерзімдік бағалаудан босатылады. Бұған қоса тәртіптік комиссия деген бар. Тәртіптік комиссия 9 судьядан тұрады. Оның құрамына аудандық және оған теңестірілген соттардың үш судьясы, облыстық және оған теңестірілген соттардың 3 судьясы және Жоғарғы Соттың 3 судьясы енген. Тәртіптік комиссия судьяның орнынан түсу құқығын растау, судьяға қатысты тәртіптік іс қозғау мәселелерін қарастырады. Судьяға қатысты материалдарды тәртіптік комиссияда қарауға облыстық сот пен Жоғарғы Соттың жалпы отырысы төралқасының шешімдері негіз болып табылады. Ал Сот жюриі судьяға қатысты материалдарды жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде қарайды.
Сол сияқты, судьялардың әдептілігін де бақылайтын жаңа Әдеп кодексінің жобасы қазіргі уақытта дайын. Бұл Кодекстің бір ерекшелігі, азаматтар судьяның іс-әрекеттеріне көңілдері толмаған жағдайда, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриіне шағымдануға құқылы. Мұны аз десеңіз, осыларға қоса Судьялардың этикалық кодексінде судьяларға Президент, халық тарапынан қойылған талаптардың барлығы ескерілді. Кодекс жобасы Бангалор қағидаты мен ең үздік халықаралық тәжірибенің негізінде жасалды. Осы жаңа кодекс судьялардың кезектен тыс жетінші съезінде қабылданады деп күтілуде. Көрдіңіз ғой, судьяларға тік тұрып, тура қызмет істеуден басқа бұлтаруға шама жоқ. Өйткені, тап осылай судьялар есептілігін күшейту, жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін мерзімдік бағалау, азаматтарға судьялардың әрекетіне қатысты Сот жюриіне шағымдану мүмкіндігінің берілуі – олардың кәсіби тәртібін нығайтады.
Бұған қоса, Сот төрелігі институтын дербес оқу орны ретінде Мемлекеттік басқару академиясынан бөлу сот жүйесі үшін білікті кадрларды даярлауға және қызметтегі судьялардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретіндігі әбден зерделенген екен. Аталған институт Жоғарғы Сот жанынан қайта құрылып, судьялардың біліктілігін арттыруда тұрақты жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Академия түрінде жоғары оқу орнын қайта құру еліміздің «Білім туралы» Заңының талаптарына сәйкес келеді. Академия қызметінің негізгі бағыты – мамандандырылған магистратурада жоғары білімнен кейінгі бағдарламаны жүзеге асыру, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, сот қызметі саласында ғылыми зерттеулерді жүргізу. Осы мақсатқа орай, Академияны үш институттың: Заң институты (мамандандырылған магистратура), Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты және Ғылыми-зерттеу институты базасында құру көзделінген. Білім беру мекемесінің мұндай моделін құру республикамызда судьялар корпусын даярлау және қайта даярлауды жетілдіруге тың серпін береді деп есептейміз. Ол тек жаңадан қызметке кірісетін судьяларды ғана дайындап қоймайды, бүгінгі күні жұмыс істеп жүрген судьялардың да кәсіби деңгейін көтерумен айналысады. Сондықтан, Сот төрелігі академиясының Жоғарғы Соттың жанынан ашылғаны тиімді болмақ.
Иә, біз «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегенімізбен, жығылғанға жұдырық та жұмсамайтын халық екендігіміз рас. Бірақ, жоғарыда келтірілген мысалға сай қылмыстық істегі алғашқы тергеу кезінде талай дөрекілік пен заңсыздықтың орын алып жататынын жұрттың бәрі біледі. Сондайда, сотқа дейінгі айыптау кезеңінде азаматтардың құқын қорғау қалай жүзеге асырылмақ? Ұстаудың, күштеп қамаудың ақ-қарасын кім айырып бермек деп жұрт жарыса сұрайды. Енді, Қайрат Әбдіразақұлының айтуына қарағанда, мұны тергеу судьясы жүзеге асырады. Ұлт Жоспарының 22-қадамында адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына біртіндеп ауыстыру көзделген. Сондықтан, тергеу судьясы күзетпен ұстауға санкция беру, үй қамаққа отырғызу, медициналық мекемеге күшпен қамау және тағы басқа шаралардың заңдылығын тексереді. Бұған қоса, ол тексеру, тінту, алу және жеке адамды тінту әрекеттерін жүзеге асыруға құқылы. Прокурорлармен бірге азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды қадағалайды әрі ауыр немесе аса ауыр қылмыстардан бөлек істер бойынша кепілзат көлемін анықтайды. Осылайша, ол сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, тергеу процесі кезіндегі заңдық негіздер мен құқықтардың сақталуын жүзеге асыруы тиіс. Сонымен қатар, сот алдына барғанда кейбіреулердің бұрын берген жауабынан бас тартатыны бар. Осындай дәлелсіз деректерді азайтып, істің сотқа бұлтартпас айғақтар негізінде жетуін қамтамасыз ету – тергеу судьяларының басты міндеті көрінеді.
Әділдіктің нақ сотта ғана салтанат құру үрдісін кеңейту мақсатымен кезінде алқабилер соты да құрылғаны рас. Дегенмен, қазіргі күні осы алқабилер соты талап деңгейінен табылып келе ме деген сұрақ та көпшілікті мазалайтын секілді. Мүмкін, алқабилерден өзге, мәселен, өз ұлтымыздың ерекшелігіне лайықты етіп сот үлгісін жасау керек пе еді? Өйткені, сонау бұрынғы билер сотының әділдігіне орыс шаруалары да жүгінгені тарихтан белгілі ғой. Ендеше, қайсыбір адамдарды ежелден қалыптасқан еліміздің дәстүрлі құқық нормаларын сақтай отырып, қазақ сотын құру мүмкіндігі ескерілмей қалған жоқ па деген ой да мазалайды екен. Бұл орайда Төраға: «Бұрынғы билер сотының құрамын қазіргі қоғамға алып келейік деу – айтуға ғана оңай. Ол бүгінгі сот жүйесіне сол қалпында кіріге алмайды. «Алайда, біздің сот билер салған сара жолды, әділеттікті ту еткен турашылдықты, адалдық пен шыншылдықты берік ұстанған, имандылығы басым сенімдерінен рухани қуат аламыз. Қазіргі судьялар ұлы билеріміздің әділ сотта көрсеткен үлгі-өнегесінен мол тағылым алуына еш кедергі жоқ. Біз қай жағынан да Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің әділ билігінен таймауымыз керек. Бізге ең бастысы – осы ұлы билер қалдырып кеткен әділ биліктің өнегелі жолы. Дегенмен, қазақ елінің дәстүрлі құқығының кейбір ережелері жаңғырып келеді. Айталық, ХХ ғасырдың басына дейін келіп жеткен «Еселеп айып төлеттіру» – еліміздің жаңаша жасалған Қылмыстық кодексінен орын алды деп айта аламын. Кодекстегі мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде парақорлыққа делдал болу, пара беру, пара алу қылмыстары үшін лауазымды тұлға он еседен сексен есеге дейінгі теңге мөлшерінде айып тартады. Міне, мұның өзі дәстүрлі құқықтың кейбір нормалары бүгінгі заңнамадан орын алғанын көрсетпей ме?!» дейді.
Иә, сонымен халық қазір әділдікті соттан ғана іздейді. Сот қана соңғы сөзді айта алады. Сондықтан да, Елбасы жұрт іздеген әділдік сотта ғана табылатынын баса айтты. Бұл орайда еліміздің Жоғарғы Соты өзге соттарымыз бастау алатын әділдіктің шын мәніндегі қайнарына айналды десек, артық айтқандық емес шығар. Оған соңғы жылдары сот жүйесінде атқарылған орасан жұмыстар куә. Жоғарғы Соттың қазіргі Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы кезінде еліміздің Бас Прокуроры, Парламент Сенатының Төрағасы секілді беделді қызметтерді атқаруда халық пен мемлекет мүддесінің абыройын асқақтата түскен білікті басшы, мемлекетшіл абзал азамат. Оның отандық сот саласында көптеген реформалардың жүзеге асуына белсене атсалысқаны дүйім жұртқа белгілі және әлі де ат үстінен түспей келеді.
Ал енді биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Осы тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің сот жүйесінің басты жетістіктері қандай екендігі турасында ол: «Әлбетте, дүниежүзінде, қай мемлекетте болмасын әділдікті жүзеге асыратын сот орындары ғана. Біздің елде әділдік айту бағзы заманнан, өзің айтқандай, сонау сұңғыла да шешен билерімізден бері қарай жалғасып келеді. Демек, соттардың әділдікті орнату қағидаты ешуақытта үзілмейді. Ол сол үшін де сот. Біздің бәріміздің үлкен мақсатымыз бар, ол – халық пен елдің игілігін арттыру. Сол арқылы елімізді қуатты мемлекетке айналдыра алу. Бірақ бұл оңай емес. Өйткені, ел тәуелсіздігінің осы жылдар ішінде белін жазған экономикамыз төрт аяғын тең басып тұра алуы керек. Ол үшін бар сала, бар адам бір кісідей бір бағытта жұмыс істеуі тиіс. Мемлекет басшысы сот жүйесіне ерекше көңіл бөлуінің арқасында, ширек ғасырға жуық уақытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Алдымен сот жүйесі өз алдына тәуелсіз болды. Тәуелсіздігімізді баянды еткен осы уақыттан бері еліміздің құқықтық жүйесі, соның ішінде ең өзектісі – сот төрелігін заман талабына сай жаңғырту жылдар бойы жүргізілді», деді.
Иә, расында Елбасының ұдайы сындарлы тапсырмасының арқасында, отандық сот жүйесі халықаралық стандарттарға сай дамып келеді. Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Соттардың тәуелсіздігі» индикаторы бойынша Қазақстанның рейтингісі жыл сайын жақсаруда. Мәселен, 2015 жылғы дерек бойынша, еліміздің осы рейтингтегі көрсеткіші 86 орыннан 72 орынға көтеріліп, 14 позицияға жақсарды. 140 елдің сот жүйесі сынға түскен әлемдік рейтинг бойынша, бұл – жақсы көрсеткіш. Тағы бір мысал. Дүниежүзілік Банктің рейтингісінде соттардың жұмысы «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша бағаланады. Осы индикатор бойынша өткен жылы Қазақстан өз көрсеткішін 5 позицияға жақсартып, 189 елдің ішінде 9-шы орынды иемденді.
Қазақстандық сот корпусының біліктілігі мен кәсібилігін 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы жүргізген тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нәтижелері де растап отыр. Сауалдамаға жауап бергендердің 71,3 пайызы судьялар жұмысына қанағаттанушылық білдірген. Бұл – елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызды көрсеткіштердің бірі. Мемлекет басшысының бастамасымен жасалып жатқан сот жүйесіндегі реформалардың нәтижесінде соттардың жұмысы жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Осылайша, неғұрлым кәсіби, ашық, қолжетімді, сапалы және тәуелсіз сот жүйесі нығайып, еліміздің кез келген азаматы заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа нық сеніммен жүгінуіне мол мүмкіндік туғызылғанын көрдік. Бұл жетістіктер әділдікке жетудегі нақты сот кепілі екендігін тағы да дәлелдей түседі.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».