Сенімге соны серпін
Кеше «Ақмола Медиа Орталығында» Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының» Ақмола облысында орындалу барысы туралы» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл шараға республикалық, облыстық, аудандық ақпарат құралдарының аккредитацияланған 40 журналисі мен облыстық басқармалардың, ведомстволардың басшылары қатысты. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылдың наурыз айында белгілеген бес институттық реформаны басшылыққа алған Ақмола облысы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыруды бастады, – деді Сергей Витальевич. – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері 30 наурыз күні баспасөз мәслихатын өткізіп, жалпыұлттық жоспардың барлық бағыттары бойынша кеңінен түсінік берді. Енді сіздерге өңірлік деңгейдегі атқарылған жұмыстар туралы баяндап беруге рұхсат етіңіздер. Өңір басшысы Ұлт Жоспарын жүзеге асыру міндеттері кеңінен әрі тиянақты түрде талқыланғанын айта келіп, оның негізгі бағыттары бойынша жан-жақты және толық ақпарат берді. Біз бір сағаттан астам уақытты алған мәжілістегі мәселелердің барлығын тізбелемей, журналистер қойған сұрақтарға қайтарылған жауаптарды іріктеп сөз етуді жөн көрдік. Аймақ басшысының айтуынша, аграрлық сектор – өңірлік iшкi өнiмнiң жалпы көлемiнiң төрттен бiрiн өндiретiн облыс экономикасының негiзгi саласының бiрi. Сонымен қатар, өңiрде мал шаруашылығы да жақсы дамып отыр. Облыста жалпы қуаты 27,6 мың iрi қара малға арналған 31 бордақылау алаңы жұмыс iстейдi. Бұлардың қазiргi кездегi қуаты 65 пайызды құрайды. Биылғы жылы Ерейментау ауданындағы «Жаңа Береке» ЖШС 3 мың бас iрi қараға арналған бордақылау алаңы ашылмақ. Сондай-ақ, Зерендi ауданындағы «Щучье сүт зауыты» ЖШС қуатын 3 мың басқа дейiн ұлғайту көзделген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста ет өндiрiсi 12,1 пайызға артты. «Ырыс» бағдарламасының аясында жалпы саны 1200 бас сауын сиыры бар 14 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Осындай қолға алынған шаралардың нәтижесiнде сүт өндiрiсi 28 пайызға өскен. Қажеттi жемшөп қоры да жасалған. Көктемгi дала жұмыстарына дайындық та тыңғылықты жүргізілуде. Өткен жылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыста егiннiң орташа шығымдылығы гектарына 11,6 центнерден айналып, 4,7 миллион тонна астық жинап алынған. Осыған орай, облыстан тыс жерге 1,8 миллион тонна астық экспортқа шығарылды. Биылғы жылы ақмолалық диқандар 4,7 миллион гектар жерге дән сiңiрудi көздеп отыр. Оған қажеттi 520 мың тонна тұқым қоры жасалыпты. Сондай-ақ, 3,3 миллион гектар алқапқа немесе егiстiктiң жалпы көлемiнiң 75,3 пайызына ылғал үнемдеу технологиясы енгiзiледi. Машина-трактор паркiн жоғары өнiмдi техникамен жаңарту қарқынды жүргiзiлуде, дедi С.Кулагин. Ақмола облысында мемлекеттiк-жекеменшiк серiктестiк аясында 24 миллиард теңге көлеміндегі 52 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр екен. – Бiрiншi кезеңде жетi жобаны iске асыруды көздеп отырмыз. Бұл тұрғыда жетi балабақшаның құрылысы ескерiлген, яғни бұл нысандар бойынша құжаттардың толық топтамасы дайындалып, инженерлiк-коммуникациялар тартылды. Ал, қалған жобалар инженерлiк желiлердiң даярлығына қарай жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Еуропа Қайта құру және даму банкiмен ынтымақтастық аясында 18 миллиард теңгеге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы үш жобаны iске асыру жоспарланып отыр, – дедi облыс әкімі. Журналистер Көкшетау қаласында жылу электр орталығын салу мәселесі қашан шешілетіні жөнінде сұрақ қойды. Бұл туралы облыс әкімі израильдiк және қытайлық компаниялар бұл маңызды нысанды салуға ниет танытып отырғанын хабарлады. – Қазір Көкшетауда құны 126 миллиард теңге болатын ЖЭО-ның құрылысы бойынша әріптес компаниялардың ұсыныстарын қарастырудамыз. Бүгiнде аталған жобаны жүзеге асыруда израильдiк «ALLENERGYHoldingLTD» компаниясы iлгерi келе жатыр. Бұл компания Көкшетауда энергия өндiру нысанын, сондай-ақ, Сарыадыр көмiр кен орны маңында 400 МВт қуаты бар қосымша электр стансасын салуды ұсынды, – дедi әкiм. Сонымен қатар, ол қалада газ таратқыш қондырғыларды қалпына келтiру жұмыстарына тоқталды. Сергей Витальевичтің сөзiне қарағанда, Көкшетауда жалпы ұзындығы 58 шақырымға созылған 227 газ тарату желiсi бар. Бүгiнде 75 қондырғы жұмыс iстеп тұрған көрiнедi. Биылғы жоспарда 10 желiнi қалпына келтiру қарастырылған. Аталған бағдарлама мiндеттi түрде орындалады, дедi ол.Еуропа банкімен ынтымақтастық
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Еуропа Қайта құру және даму банкінің өкілдерімен кездесті.
– Біз Еуропа банкімен коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және экологияны жақсарту мақсатында су және жылу жүйелерін инвестициялау жөніндегі жобаларды атқаруға мүдделеспіз. Менің тапсырмам бойынша Көкшетау қаласының әкімдігі осы салалар бойынша банкпен жұмысты белсенді түрде бастап кетті. Сонымен бірге, біз Степногор, Атбасар, Ерейментау, Державин, Макин қалалары мен Аршалы кентіндегі су және жылумен қамту нысандарының құрылысы мен қайта құрылуын сіздердің банк арқылы қаржыландырылуына ұсыныс білдіреміз. Біздің тарапымыздан несиелік ресімдеу құжаттарын дайындауға қатысты жұмыстар жүргізіледі, – деді өңір басшысы. Еуропа Қайта құру және даму банкі Ресей және Орталық Азия инфрақұрылымдары департаментінің жетекші банкирі Бахтияр Файзиев өз кезегінде қазіргі күні ұсынылған барлық жобалардың қаралып жатқандығын атап өтті. Соның ішінде, Көкшетау қаласын сумен қамту жөніндегі жоба қанатқақты болуы мүмкін. Еуропа Қайта құру және даму банкі өкілдерімен кездесу барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын толық көлемде қаржыландыру жөніндегі өзге де жобалардың таныстырылымы өткізілді.Жас мамандардың аймақтық байқауы
Облыстық филармонияда «World Skills Kazakhstan» аймақтық байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы болып өтті. Оған облыс аумағындағы кәсіптік-техникалық мамандықтарға оқытатын оқу орындарының 100-ге тарта оқушылары қатысты. Елбасының өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мәселесіне жете көңіл бөлу қажеттігі аталып өткен еді. Бүгінде әлемнің 72 елін қамтып отырған жұмысшы мамандары арасындағы «World Skills» байқауына Қазақстан 2014 жылдан қатысады. Жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыруға бағытталған бұл шара біздің елімізде де қызу қолдау тауып отыр. Әрбір екі жылда өткізіліп тұратын халықаралық жарысқа іріктеу болып саналатын аймақтық байқауда 14 мамандық бойынша үміткерлер бақ сынасты. Олардың арасында металл дәнекерлеу технологиясы, шаштараз ісі, кірпіш қалау, аспаздық, мектепке дейінгі бала тәрбиесі, токарьлық іс, тағы басқа бүгінде еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандықтар бар. Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова байқау жеңімпаздарын құттықтап, арнайы дипломдармен марапаттады. Аймақтық жарыста жеңіске жеткендер таяу арада Астанада өтетін республикалық біріншілікке қатысатын болады. Ал, онда жеңіс тұғырына көтерілгендер биыл жазда Сан-Паулуда өтетін әлемдік конкурсқа жолдама алады. Еске сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын өткен әлемдік сайыста степногорлық колледж оқушысы Әділет Тәкежанов «Токарьлық іс» аталымы бойынша жүлдегер атанған болатын. Бүгінгі аймақтық жарыс қорытындысы бойынша республикалық және әлемдік конкурстың жүлдегерлері толыға түседі деген үміт ұялатады.Қорғалжын – экологиялық және этнотуризмдік мекен
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауларында экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамды нығайтуды көздейтін белсенді бағыттарды күн тәртібіне шығарып келеді. Солардың қатарында туризмді дамытуға қатысты кластерлік жүйені қалыптастыру айрықша тапсырма саналады. Бұл тұрғыда бірқатар шаруалар атқарылуда. «Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың 2020 жылдарға арналған тұғырнамасында» елімізде ірі бес туристік кластер құру жоспарланған. Астана кластері елордамыз бен Ақмола облысын біріктіреді. Мұнда Қорғалжын ауданы мен ЮНЕСКО тізіміндегі Қорғалжын мемлекеттік табиғат қорығы ерекше орын алады. Қорғалжын қорығында орналасқан интерактивті сапар-орталық қазақстандықтар мен шетелдерден жылына 2000 туристі қабылдайды. Бұған қоса, 2011 жылдың қаңтар айында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын туристік-ақпараттық орталық құрылды. Ақпараттық орталықтың сайтынан 3 тілдегі кез келген ақпаратты алуға болады. Осының нәтижесінде, Астана, Қарағанды және шетелдік туристік фирмалармен әріптестік байланыстар орнатылған. Орталық Азияда баламасы жоқ қорық айна көлдер мен сайын далалық 543171 гектарлық екі экожүйені қамтиды. Қайталанбас табиғаты, жануарлар әлемінің байлығымен ерекшеленетін Теңіз-Қорғалжын көлдері 1976 жылы халықаралық Рамсар тізіміне, ал 2007 жылы ІВА орнитологиялық жүйесі аймағына енгізілген. Сондай-ақ, нысан 2008 жылы ЮНЕСКО-ның халықаралық табиғи мұра тізіміне алынып, 2012 жылдың шілдесінен Қазақстанның бірінші биосфералық резерваты саналады. Қорық өсімдіктің 60 тұқымының 374 түрін, су мекенділерді қосып есептегенде, жануарлардың 1400 түрін біріктіреді. Құстардың 347 түрі кездессе, олардың 60-ы «Қызыл кітапқа» енгізілген. Қорғалжын әлемге белгілі қызыл қоқиқаздардың мекені екендігін бөлектеп айтуға болады. – Қорғалжын халқымыздың қонақжайлық дәстүрлерін кеңінен қамтыған аймақ, – деді бізбен әңгімесінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Гүлшат Қарағожина. – Ауданымызда жекеменшік 6 шағын қонақүй бар. Бұлар бір мезетте 50 адамға дейін қабылдай алады. Осы орайда, кластерлік жобаның жолашары саналатын «Пана» жеке кәсіпкерлігіне ризашылығымызды білдіреміз. Қазір Бибінұр Әлімжанова басқаратын қонақүй кешені дәрежесіндегі нысан БҰҰ бағдарламасымен құрылған еді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан алынған 6 миллион теңгеге өз қаржысын қосқан кәсіпкер ұлттық нақышта толық жабдықталған көпқанатты киіз үй, үш шағын қонақүй, асхана тұрғызды. Туристер мен саяхатшыларға ұлттық тағамдарымыз, қымыз, айран, сүт ұсынылып, отағасы Марат Әлімжанов ұйымдастырған «Дударай» фольклорлық ансамблі қызмет көрсетеді. Ауданда іссапарда болғанымызда біз де осында қонғанбыз. Ұлттық киімдегі Әлімжановтар ізетпен төрге оздырып, тапсырыстағы тағамыңыз дайын болғанша ел аңыздарын жаңғыртып, домбыраны күмбірлетіп отырады екен. Шетелдік қонақтар көңіл жадыратар шашумен қарсы алынады, ұлттық салт-дәстүрлердің көрсетілуі ұмытылмас әсерге бөлейді. Қонақтар демекші, пікір кітабынан Еуропа, Америка, Жапония, Австралия, тіпті, Жаңа Зеландиядан келген туристердің әртүрлі тілде жазған алғыстарын оқып, қайран қалдық. Шетелдіктер Әлімжановтарды туризмді дамытудың ресурстық сайтынан тауып алатын көрінеді. Сондай-ақ, ауданға ұзақ мерзімді жұмыс бабыман келгендер үш мезгіл тамағымен айына 35 мың теңге төлейді екен. Өңірге танымал азамат Ербол Балтабеков Біртабан көлінің маңайынан «Бал-Мырза» ат спорты сауықтыру орталығын пайдалануға беріпті. Мұнда ағаштан қиылып салынған элиталық үш үйдің жасауы көздің жауын алады. Жыл бойы жұмыс істейтін орталықта бірнеше бағытта туристік-сауықтыру қызметі көрсетіледі. Сапар барысында ұлттық киім мен көрпеше, қалта, қамзол, тағы басқа бұйымдарды тігуші Райхан Қасымның, әсем әшекей-алқаларды, моншақты сөмкелерді, саналуан гүлдерді жасайтын Гауһар Қасымованың шағын шеберханасындағы ыждағатты жұмысқа риза болдық. Қорғалжын аудандық әкімдігі мемлекеттік қорықпен бірлесіп өткізетін «Қоқиқаз» фестивалі маңызды оқиға саналады. Дәстүрлі түрде әрі ауқымы кеңейіп отырған шара табиғат байлығын сақтап, молайтуда қоғамдық ықпалдың күшеюіне де септігін тигізуде. Былтырғы фестиваль Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылыпты. Яғни, «Ақмола облысының туристік кластерді дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған шеберлік-жоспарындағы» жобаның тәрбиелік тәлімі артып отыр деген сөз. Бұған қоса, фестиваль нұсқаушы-гидтердің сынақ-дәрісіне де айналған. Жалпы, аудан туристік бағыттағы ауқымды шараларды ұйымдастыру орталығына айнала бастағаны діттеген түпкі мақсаттың орындалатынына сенім қалыптастырады. Мұнда былтыр «Қорғалжын бренді» кәдесыйлар акциясы, Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының тәжірибе алмасу семинары, Дүниежүзілік туризм күніне орай рафтинг (су туризмі) сайысы өткізілуі, халықаралық «SES аға сеньор» ұйымынан германиялық тәжірибелі сарапшы Гюнтер Дресстің шеберлік сабағын өткізуі, биыл да осындай шаралардың жалғасып жатқаны жақсы ойларға бастайды. Сондай-ақ, ел туризміне ерекше екпін беретін ЭКСПО-2017 көрмесі қорғалжындықтардың игі қадамын өрістете түсетіні анық. Қорғалжын ауданы. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстанның» Ақмола облысындағы тілшісі Бақберген Амалбек.