06 Сәуір, 2016

Жер-Ананың жүрегі аман соқсын

473 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мейрман ШакеновАйтудың өзі ауыр... Адамзат ойы­ның жемісі игілікке айналудың орнына, неге жаппай қырып-жоятын қару жасауға бағытталады? Бұл өзі, сайып келгенде, ақылға сыймайды ғой. Біздің Қазақстан, Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев әлемге осы­ны қа­­пер­­леп келе жатқаны кө­ңі­лі­мізге әрдайым қуаныш ұялатады. Ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдаған Қазақ­стан о баста-ақ халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне белсенді түрде қосылды және өзінің аждаһа қаруды таратпау туралы ұстанымын ашық түрде жария етті. Жер-Ананың тыныштығы үшін Қазақ елі тәуелсіздік жылдары талай бас­тама көтерді. Міне, кеше ғана бейбіт­шілік­сүйгіш адамзат тағы да біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Əлем. ХХІ ғасыр» атты мани­фесіне құлақ түрді. Бұл талайды толғандырып, тебіренткені сөзсіз. Өйткені, әңгіме Жер-Анамыздың амандығы, адам­заттың амандығы, тыныштығы туралы болып отыр. Елбасы ұсын­ған бағдарлама ойлы, саналы кім-кімді де бейжай қалдырмағаны шүбәсіз деп есептеймін. Атом энергиясымен жұмыс істейтін нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ядролық материалдардың терроршылар қолына түсуіне жол бермеу шаралары жайында алаңдаушылықпен айтылуы бізді, шалғайда жатқан ауыл тұрғындарын да ерекше толқытты. Елбасының: «Бұл үшін бүкіл халықаралық қоғамдастықтың бірлескен нақты жұмысы қажет. Мен террорлық ұйымдарға қатысы бар əркімді бақылауға алуға болатын бірыңғай əлемдік желі құру қажет деп санаймын», дегені оның əлемдік деңгейдегі қайраткер екенін бүкіл жаһанға тағы әйгіледі. Мен мәдениет қызметкері ретінде барлық әріптестеріммен бірге байтақ еліміздің әлемдегі бейбіт тірлікке қосып келе жатқан үлесі және адамзаттың амандығы жолындағы күресі жайында халық арасында кеңінен әңгімелеп, тұрғындармен жан-жақты пікір­лесіп отырамыз. Ірі ядролық держава – КСРО-ның орнында жаппай қырып-жоятын қарулары бар 4 тәуелсіз мемлекет – Ресей, Қазақстан, Украина және Беларусь пайда болғаны көпшілікке мәлім. Ресейді қоспағанда, олар 1991 жылғы желтоқсанда қабылданған Алматы декларациясына сәйкес, КСРО-ның құқықтық мұрагері болып қалды. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер алдында жоғарыда аталған қауіпті мұра­ны қайтпек керек? – деген күрделі мәселе тұрды. Сол кезде еліміз аумағында ірі ядролық қару арсеналы шоғыр­лан­дырылған болатын. Оның үстіне, хи­­миялық және био­­логиялық қару өн­ді­рісіне қатысты елеулі әлеует жи­нақ­­­талған еді. Мұн­дай жағдай ел бас­шылығынан қысқа мер­­зім­де ядролық сала­дағы мем­лекеттік саясатты түбе­гейлі қайта қарастыруды талап етті. Елбасымыздың алдында қиын таңдау тұрды. Ядролық қаруды сақтау жаңа тәуелсіз мемлекеттің халықаралық ұс­танымы үшін айрықша қиын салдар, қауіптер әкелер еді. Біз­дің мемлекетіміздің ядро­лық қаруды таратпау туралы болашақтағы саясатының негізі болған алғашқы қадам Елбасының Жарлығымен 1990 жылы, Кеңес Одағы әлі күшінде тұрған кезде, Семей ядролық полигонының жабылуы болды. Қазақстан басшысының батыл да шешімді әрі тағдыршешті бастамасын бүкіл Отанымыз жұртшылығы қолдады. Міне, осындай ерен батылдық, келешек жарқын тағдырымызға негіз қалаған үлкен қадамды жұртымыз лайықты бағалайды. Тәуелсіздік жылдарындағы шежіреміз бізге тыныштықтың қадірін терең ұғындырады ғой. Мұны білуге тиіспіз. 1991 жылы Беларусьтің, Қазақстанның, Ресейдің, Украинаның басшылары Алматыда Стратегиялық ядролық күштер туралы декларация қабылдап, онда ядролық қауіпсіздікті тиісті деңгейде ұстауда қандай да бір болмашы кемшілікке жол бермеу мақсатында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналына бір­лесіп бақылау жасаудың тетігін бел­гіледі, сол арқылы олар стра­тегиялық шабуыл жасау қаруын қысқарту саласында бұрын­ғы КСРО-ның халықаралық мін­дет­темелеріне адалдықтарын паш етті. Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне адалдығы 1995 жылдың 21 сәуірінде ел аумағынан ядролық қарудың толықтай шығарылуымен қуат­тала түсті. Ал сол жылдың 30 мамырында Семей ядролық сынақ полигонындағы соңғы ядролық оқтұмсық жойылды. Осы сәттен бастап Қазақ жері ядролық қарудан мүлдем тазартылды. Еліміз басшылығы бұл қадамдарға бас-көзге қарамай, жайдан-жай бара салған жоқ. Әлемдік қоғам­дастықтағы ядролық қаруы бар беделді мемлекеттердің өзінің қауіпсіздігіне деген толықтай кепілдігін алып барып барды. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, әскери әлеуетті еселей түсу мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепіл бола алмайды, қайта, керісінше, тұрақсыздандырушы факторға айналады. Сондықтан, Қазақстан халықаралық қауіп­сіздікті нығайту жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне белсенді түрде қосылып, өзінің ядролық қаруды таратпау туралы ұстанымы дұрыс екендігіне еш күмәнданбайтынын ашық білдірді. Қазақстан Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы жобаға да қосылды. Ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға бағыт­талған азат аймақ құру жө­ніндегі Орталық Азия мемле­кет­терінің бастамасы 1997 жылғы 28 ақпандағы Алматы декларациясында жария етілді. 2001 жылғы 29-30 тамызда Алматыда «ХХІ ғасыр – ядро­лық қарудан азат әлем жолын­да» атты халықаралық конференция болды. Форум Семей ядролық полигоны жа­былуының 10 жылдығына және Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналды. Алқалы жиынға әлемнің 9 елінен 300-ден астам көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері келді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде осы конференцияның өткізілуі 10 жыл бұрын халықтың еркі бойынша ірі ядролық полигондардың бірін жапқан, әлемге ядролық қарудан ерікті түрде бас тартудың бұрын-соңды болмаған үлгісін көрсеткен біздің еліміздің күш-жігерін халықаралық қоғамдастық тарапынан тану әрі сенім білдіру фактісі екенін атап өтті. Немесе 2014 жылдың 24-25 наурызы күндері Голландияның Гаага қаласында Мемлекет бас­шыларының ядролық қауіп­сіздік жөніндегі үшінші сам­миті де аталған бағыттағы Қа­зақ­станның көшбасшылық рөлін айқындай түсетін факт болып табылды. Ядролық қару­сызданудың қазақ­стандық жолымен күллі әлем мемлекеттері жете таныса түсті. 2012 жылы 29 тамызда Астана­да халықаралық анти­ядролық конференция өтті. Президентіміз аталған форумда «ATOM» жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба «Сынақты тоқтату – біздің мақсатымыз» дегенді білдіреді. Яғни, бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы күресті аға буынның жас ұрпаққа лайық­ты аманаттауын көздейді. Бұл бағдарламамен бүкіл әлем жұрт­шылығы таныс. Міне, Жер-Ананың жүрегі аман соғуы үшін Қазақ елінің, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мығым ұмтылы­сынан кейбір мысалдар осындай. Қазақстан әлем халқына соғыс деген қырсықтың ешқашан жеңімпазы болмайтынын түсін­діріп келеді. Иә, біз мұның бәрін білуге, бағалауға тиіспіз.  Мейірман ШӘКЕНОВ, Жұбан ауылдық кітапханасының меңгерушісі.  Батыс Қазақстан облысы. Ақжайық ауданы.