Халық бейбітшілікті қалайды. Бірақ, бүгінде әлемді соғыс вирусы кезіп жүр. Кеше ғана тату-тәтті отырған қос мемлекет аяқ астынан бүлініп, бір-біріне қару кезейтін күйге түсті. Жақында Мемлекет басшысы Америкаға барып, әлемдік аренада «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» деген бағдарлама қажеттігін айтты. Осыған байланысты біз экономика ғылымдарының докторы, профессор Қамбар МҰСАБЕКОВКЕ жолығып, ойын білген едік.
– Елбасының АҚШ-тағы саммитте сөйлеген сөзін дүниежүзі жоғары бағалап отыр. Мемлекет басшысы ұсынған ядролық қарудан азат әлем құру идеясына қатысты сіз не дер едіңіз?
– «Қырғи-қабақ соғыстың» адамзат баласына ауыр қасіреттен басқа әкелгені жоқ. Адам өмірге келгенде қызық көрсем, мына ғаламда өз орнымды тауып, бақытты өмір сүрсем, ел-жұртқа пайдасы тиетін азамат болсам деп келеді. Діни фанатизм миын улағаны болмаса, жалпы адамзатқа керегі осы. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев әлемдегі барша мемлекеттің басшыларына үлгі болатындай бастама ұсынды. Қазіргідей соғыста жеңімпаздардың болмайтындығын, түбі бәрі опық жейтіндігін ең басты үш қағидатпен дәлелдеп берді. Соғыс десе есі кеткен қатыгез біреулер болмаса бейбітшілікті қалайтын әлем халқы Қазақстан Президентінің ұсынысына ұйитындығы белгілі. Әлемдегі тартыс соғыспен шешілмейді. Елбасының пікірі осыны айғақтап отыр.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе.
Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқын, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр.
Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады. Дүние әзірше өткен төрт онжылдықтың оң инерциясының арқасында сақталып тұр, деп атап көрсетті Елбасы. Бұл – өте алаңдататын жағдай.
– Қазір екі мемлекет жанжалдасса, біздің Елбасынан төрелік күтетіндей жағдай қалыптасып келеді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қазір әлемді дағдарыстан бөлек, «қырғи-қабақ соғыстар» қалжыратып тұр. Оны алысқа бармай-ақ кешегі ТМД елдерінің өмірінен анық көруге болады. Ресей мен Украинаның арасындағы текетіреске дүниежүзі алаңдай бастады. Қазір Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында оқтын-оқтын оқ атылып, арғы түбі бір ағайын бір-бірінің жағасына жармасып қояды. Әзербайжан мен Армения баяғы ескі даудың қоламтасын үрлеп, Таудағы Қарабақ үшін соғыс жағдайында тұр. Бейбіт келісімге келуге соншалықты тырыспайды.
Осындай жағдайда біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың баянды саясатына сүйсінесің. Жан-жағымыздағы көршілерімізбен аралықтағы шекарамыз бекемделгендіктен, жер дауы жоқ. Қай-қайсымен де айрандай ұйыған тату көршіміз.
Нұрсұлтан Әбішұлының тыныштықты сақтауға қосқан үлесін әлемдегі барша мемлекет бағалайды, кесіміне құлақ түреді. АҚШ-қа арнайы сапар соның айғағы. Дүниежүзі халқына ажал шақыратын аждаһа соғыс емес, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тыныштық керек. Біздің Елбасы осы мақсатта қызмет етіп жүр.
Әңгімелескен
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.