Эр-Рияд әлемдегі ең ірі қор құрмақ
Сауд Арабиясы мұнай дәуірінің аяқталу кезеңіне байланысты дайындыққа кірісті. «Эр-Рияд» әлемдегі ең ірі ұлттық әл-ауқат қорын құрады», деп мәлімдеді Салман Корольдің ұлы, ханзада Мохаммед. Әрине, жоба бойынша мөлшері 2 трлн. доллар болатын Қоғамдық инвестиция қоры (PIF) бірден құрыла қалмайтындығы белгілі. Қазір PIF қорында бар болғаны 5,3 млрд. доллар қаржы бар көрінеді. Соған қарамастан, бұл қор қазірдің өзінде Saudi Basic Industries Corp. компаниясын қосқандағы бірнеше ірі компаниялардың және Корольдіктегі ең ірі несие орталығы – National Commercial Bank-тің иесі болып табылады. Сонымен бірге, PIF шетелдерде де жұмыс істейді. Мәселен, өткен жылы ол оңтүстіккореялық Posco Engineering and Constriction Co. компаниясының 38 пайыз акциясын 1,1 миллиард долларға сатып алды. Осы қор болашақта Ресей экономикасына 10 млрд. доллар инвестиция құяды деген де болжам бар. Сауд Арабиясы Корольдігі үкіметінің жоспары бойынша, PIF-ті әлемдегі ең ірі қорға айналдырудың алғашқы қадамы ретінде Aramco мұнай компаниясы акциясының бір бөлігін сатып, оны мұнай алыбынан өнеркәсіптік конгломератқа айналдыру көзделінуде. Bloomberg агенттігіне берген бес сағаттық сұхбатында ханзада Мохаммад Aramco компаниясын жекешелендіру келесі жылдан бастап қолға алынатындығын атап көрсетті. Алғашқы жекешелендіру науқанына компанияның 5 пайыз акциясы шығарылады. Қалған акция PIF қорына беріледі. Ханзада Мохаммед Корольдіктің экономика және даму істері жөніндегі кеңесін басқарады. Бұл кеңесті Салман өзінің ұлы үшін әдейі құрған болатын. Ханзада қорғаныс министрлігінен басқа экономика, қаржы және мұнай министрліктеріне де жетекшілік етеді. PIF қоры да ханзада Мохаммед жетекшілік ететін кеңеске қарайды. Ханзаданың пікірінше, енді 20 жылдан кейін Сауд Арабиясы Корольдігі мұнайға тәуелділіктен толық құтылып, экономиканың басқа салалары дамыған ірі мемлекетке айналады. Корольдік үкіметі күн тәртібіне қойып отырған бұл ХХІ ғасырдың бас айналдырар экономикалық жоспарын іс жүзіне асыруда PIF мегақорына жүктелетін міндет зор. Оның әлеуетінің мықтылығы сондай, әлемдегі ең ірі 4 компанияны: Apple Inc., Alphabet Inc., Google Microsoft Corp., Berkshire Hathaway Inc. бірден сатып алатын мүмкіндігі болады. «Ұлттық жоспар» деп аталатын бұл жоба осы сәуір айында жариялануы тиіс. Бірқатар сарапшылардың айтуынша, ұзақ жылдардан бері «ұйқыдағы» корольдік аталып келген Сауд Арабиясының бірден осындай зор реформаларды жүзеге асыруы күрделі өзгерістерге ұрындыруы мүмкін. Ал енді бір сарапшылардың пікірінше, Эр-Рияд мұндай реформалар жасау кезеңін әлдеқашан өткізіп алған сияқты. Қалай болғанда да, ханзада Мохаммед өте ауыр істі қолға алғалы отыр. Халықаралық валюта қорының экономистері 2014 жылы жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізе келіп, «Парсы шығанағындағы мұнай монархтары экономикадағы түбегейлі реформалар жасау кезеңін өткізіп алды», – деген қорытынды жасаған болатын. Олардың айтуынша, мұнай баррелі 100 доллардан жоғары болып тұрған кезеңде жасалмаған реформаны, мұнай «бөшкесі» 40 долларға бағаланып тұрған кезде қолға алу, сыпайылап айтқанда, өте қиын болады. Ал ханзада Мохаммедтің айтуынша, жақындағы 2 жыл ішінде мұнай бағасы өсетін көрінеді. Бұл тек уақытқа ғана тәуелді мәселе. Джорджтаун университетінің экономисі және саясаттану профессоры Пол Салливан: «Сауд Арабиясының экономикасы әртараптандыруды, түбегейлі реформалар жасауды қажет етеді. Алайда, реформаны мейрамханадағы ас мәзіріндей тапсырыс беру арқылы жүзеге асыруға болмайды», дейді.Британиядағы зауыттар жабылады
Өткен аптада Tata Steel компаниясының басқармасы Мумбай қаласында өткен мәжілісінде Ұлыбританиядағы бүкіл болат өндіру бизнесін сату жөнінде түбегейлі шешім қабылдады. Соның салдарынан 40 мыңға жуық адамға 15 мың болат балқытушы, 25 мың қосалқы өндірістердің жұмысшыларына қысқару қаупі төнді. Осы хабарды ести салып, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон демалысын шұғыл үзіп, Лондонға қайтып оралды. Ол бірден Tata Steel компаниясында қалыптасқан ахуалға байланысты министрлер кабинетінің жедел мәжілісін өткізді. Осы мәжілістен кейін үкімет өкілі мәлімдегендей, премьер-министр металлургиялық зауыттарды мемлекет меншігіне алудың ешқандай тиімділігі болмайтындығын атап көрсетіпті. Бұл үкімет Tata Steel компаниясының болат құюшыларын тағдыр тәлкегіне қалдырады деген сөз емес. Жалпы, металлургия Британия экономикасында шешуші рөл атқарады. Сондықтан, министрлер кабинеті баспасөз хатшысының айтуынша, «ешқандай мүмкіндікті де жоққа шығаруға болмайды». Мәселен, үкімет компанияның барлық зауыттарын сатып алмаса да, кейбір зауыттарды үкімет қамқорлығына алуы мүмкін. Tata Steel компаниясы Британиядағы зауыттарды сатуға еріксіз мәжбүр болып отыр. Себебі, тұманды Альбионда орналасқан зауыттар күніне 1 млн. фунт стерлинг (1,44 млн. доллар) шығын әкелуде. Оның ең басты себебі, Еуропада болат балқымаларына деген сұраныстың күрт азайып кетуі болып отыр. Еске сала кететін болсақ, Tata Steel компаниясы 2007 жылы ағылшындық Corus металлургиялық алыбын 14 млрд. АҚШ долларына сатып алған болатын. Сөйтіп, Tata Steel әлемдегі бесінші ең ірі, Үндістандағы бірінші металлургиялық компанияға айналды. 2007 жылы Corus-тың табысы 800 млн. доллар болды. Алайда, одан кейінгі жылдары ол үнемі шығынмен жұмыс істеп келеді. Қаншама рет қайта құру жұмыстары жүргізілсе де оң нәтиже бермеді. Өткен жылы Ұлыбританиядағы зауыттардан 3,5 мың адам жұмыстан қысқартылды. Бұл сәтсіздіктер тек әлсіз менеджменттің ғана салдары емес, сонымен бірге, әлемдік экономикада қалыптасқан күрделі ахуалдың әсері. Tata Steel компаниясына қарасты британдық зауыттардан шыққан болат балқымалары Еуропаға жіберіледі. Ал соңғы жылдары кәрі құрлықта оған деген сұраныс барынша төмендеп кетті. Сонымен бірге, Қытай болат балқытушыларымен бәсекеге түсу уақыт өткен сайын қиындап барады. Үндістанда Tata Steel компаниясының өнімдеріне деген сұраныс біршама жоғары. Бірақ бұл британиялық зауыттар жұмысының салдарынан компания шегіп отырған шығынды жаба алмайды. Сөйтіп, үндістандық болат өндіруші алып компанияны британдық бизнес құрдымға тартып барады. Мумбайда өткен мәжілісте осы мәселе ашық айтылып, Ұлыбританиядағы зауыттарды түгелдей сату туралы шешім қабылданды.Бай мемлекет анықталды
Жақында Global Finance Magazine басылымы Бүкіләлемдік банктің және Халықаралық валюта қорының деректерін негізге ала отырып, ең бай мемлекеттердің тізімін жариялады. Ең бай мемлекеттерді анықтаудың негізгі көрсеткіштеріне мемлекеттің жан басына шаққандағы сатып алу қабілетіне басымдық берілген ішкі жалпы өнім, өмір сүру деңгейі және инфляция мөлшері алынды. Осы көрсеткіштерге байланысты жасалған зерттеу нәтижесіндегі әлемдегі ең бай мемлекет – Катар болып табылды. Бұл елдің жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі 146 167 АҚШ долларына тең болды. Ал екінші орында жан басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері 94 167 АҚШ долларын құраған Люксембург иеленді. Әлемдегі 25 ең бай мемлекеттің құрамына Еуропаның 12 мемлекеті, сонымен бірге, АҚШ, Канада және Австралия кірді. Еуропадағы мұндай мемлекеттер қатарына Ұлыбритания да кірмей қалды. Сөйтіп, әлемдегі ең бай 25 мемлекеттің тізімі былай құралды: Катар, Люксембург, Сингапур, Бруней, Кувейт, Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері, Гонконг, АҚШ, Швейцария, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Нидерланд, Ирландия, Австралия, Австрия, Швеция, Германия, Тайвань, Канада, Дания, Оман, Исландия, Бельгия, Франция. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».