07 Сәуір, 2016

Қаршадай қаһарман

512 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
20160404_113417Оқиға былай болыпты. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Қосағаш ауылының жанынан ағып жатқан Қаржан өзенінің шалт мінез танытуына алдындағы күндері қатты жауған жаңбыр себеп болған. Селдете төккен жаңбырдан соң лай суы аралас ағып, тасырлап жатқан өзен жағасында кішкентай балалар ойнап жүреді. Өзеннің дәл жиегінде тұрған 3 жасар Ақеркенің аяғының астындағы топырақ омырылып түскенде, бүлдіршін суға ағып кете барады. Өзен жағалап ойнап жүрген балалар шу ете қалғанда сиыр бағып жүрген Мұхамедәлі Сманов суда ағып бара жатқан қызыл көйлекті қызды көріп, тұра жүгіреді. Жағаға келіп үстіндегі киімдерін шешіп, суға қойып кеткен ол: «Өзімнің жүзе алатыныма сендім, бірақ өзенге түскенде қап-қара лай суды көріп, шошып кеттім. Дегенмен, судағы қызды қалайда алып шығу керектігін ойладым. Ағып келе жатқан қыздың алдынан шығып, ұстап алдым да, жағаға алып шықтым. Сол кезде қыз қимылсыз қалды. Жерге жатқызып, «өмір қауіпсіздігі» сабағында көргендей, көкіре­гінен басып-басып жібер­дім. Сол кезде қыздың аузынан шөп-шалам аралас су атқы­лап шықты. Сәлден соң ол тыныс ала бастады. Қызды сол жерде қалдырдым да, әріде мал бағып жүрген қыздың әкесіне қарай жүгірдім. Әкесі келіп қызын ауруханаға алып кетті», – дейді Мұхамедәлі Сманов. Кейде бала түгіл үлкен адам ақыл таппай қалатын қысыл-таяң шақта ішіне су толып, тынысы үзіліп, ессіз жатқан қызды жал­ма-жан тірілткен қаршадай баланың арқасында көрер жарығы таусылмаған бүлдіршін аман қалады. Оқиғаны facebook әлеу­мет­тік желісінде жариялап, жұрт­шылықтың ерліктен хабардар болуына мұрындық болған Алтынтөбе ауылының тұрғыны Сейдалы Дүйсебайұлының сілтеуімен кішкентай батырдың көршісі, бір жағынан туыс әпкесі, әрі сол мектептің мұ­ғалімі Жанар Сейдрахыммен хабарласқанымызда, ол жаңа ғана мектеп директоры Қа­сым­сейіт Дуанқұловтың Мұ­ха­медәлі Смановты дүйім жұрт­тың ал­дына шығарып алғыс айтып, марапаттағанын айтқан. Артынша телефон арқылы тілдескен сынып жетекшісі Әлима Әмірсейітқызы шәкір­тінің әкесі Ахмен Құрақұлы Смановтың ауылда тұрақты жұмысы жоқтығын, ал анасы Раушан Сманованың үй шаруасындағы 5 баланың анасы екенін, Мұхамедәлінің отбасында төртінші бала екенін, анасының жақында тағы да бөпелі болғанын айтты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».