07 Сәуір, 2016

Биыл егін шығымды болады

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
коммуниуация-кішіКеше Орталық коммуникациялар қызметінде көктемгі егіс науқанына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Онда Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова биылғы егіс жұмыстары жөнінде әңгімеледі. «Қазгидромет» мекемесінің мә­ліметтері бойынша, биылғы бас­талып кеткен егіс кезінде топырақ ылғалы өте жақсы қалпында сақталып отыр. Барлық өңірлерде топырақтың метрлік қабатында жер ылғалы жеткілікті болатын көрінеді. Осыны айтқан департамент директоры, жаздық ауылшаруашылық дақылдары 209 мыңнан астам гектарға себілетінін атап өтті. Оған қоса, қар суының, сондай-ақ, наурыз айындағы жауын-шашынның  нәтижесінде топырақтағы өнімге қажетті ылғал айтарлықтай толыға түскеніне назар аудартты. Осыған байланысты ғылыми мекемелер еліміздің солтүстік және орталық өңірлері үшін жаздық бидай дақылдарын себуге ең ыңғайлы кезең ретінде 15-30 мамыр аралығын атап отыр екен. Спикердің сөзіне қарағанда, диқандар егіс алқаптарын толық анықтап болған. «Облыс әкімдіктерінің алдын ала мәліметтеріне қарағанда, 2016 жылы ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егіс алаңы 21,6 млн. гектарды құрайтын болады. Оның ішінде 15,2 млн. гектарға астық, майлы дақылдар 1,9 млн. гектарға, жем азық 4  млн. гектарға, бау-бақша өнімдері мен картоп 411 мың гектарға егілмек. Кейбір өңірлерде орын алып отырған тұқым тапшылығы ішкі облыстық және облысаралық алмасулар есебінен қамтамасыз етіледі», – деді А.Қажыбекова. Директордың мәліметіне зер салсақ, 2016 жылы ауылшаруашылық дақылдарын 21,6 млн. гектарға егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,4 миллионға артық екен. Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары аясында бидай алқабы 2011 жылмен салыстырғанда 2,1 млн. гектарға қысқарыпты. Ал, егістегі бидайдың үлесі 55 пайызға дейін азайып кетіпті. Сондай-ақ, майлы дақылдар алқабы 11, мал азықтары алқабы 42 пайызға ұлғайған көрінеді. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға екінші деңгейлі банктер және «Қазагро» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы шаруаларға 60 млрд. теңге бюджеттік несие бөлініпті. Оған қоса, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын арзандатуға 26,3 млрд. теңге жұмсалады екен. Бұл қаржы 291 мың тонна минералды тыңайтқыштарды және 12,6 млн. литр гербицидтерді жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұлармен бірге, аса зиянды жәндіктермен күрес жүргізу үшін республикалық бюджеттен 4,6 млрд. теңге қарастырылыпты. Бұдан басқа өсімдік шаруашылығы саласын қаржыландыруға барлық бағыттар бойынша 34,8 млрд. теңге бөлінеді. Ал ЭМ мәліметіне сай, көктемгі егіс жұмыстарын өткізу үшін дизель отынына деген сұраныс 367 мың тоннаны құрапты. Мұнымен бірге, осы сәуір айына дейін еліміз 6,5 млн. тонна астықты экспортқа шығарып үлгеріпті. Бұл көрсеткіш өткен маусыммен салыстырғанда 33 пайызға артық. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».