«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ
Баға жетпес бағдарламалық құжат
Дер кезінде көтерілген бастама
Отанымыздың асқақ мәртебесін айқындайды
Біз әлемдегі жағдайдың қалайша өрістеп жатқандығын ерекше толқыныспен бақылап отырамыз. Өйткені, ол күн өткен сайын шиеленісіп барады. Жер-жерде қақтығыстар ошағы пайда болып жатыр. Мәселен, Кавказда, Таулы Қарабақтағы біраз уақыт тынышталып қалған қақтығыс қайта белең алды. Осылайша, әлем алаңдатарлық жағдайды бастан өткізу үстінде. Әйтсе де, біздің ертеңгі күннен үлкен үмітіміз бар. Олай дейтініміз, Қазақстанның, Елбасының бейбітсүйгіш әлеуетіне ерекше сенім артамыз. Біз жақында ғана Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитті жіті қадағалап отырдық. Еліміздің, Елбасының бейбітшілік ыңғайындағы игі бастамасына тағы бір мәрте көз жеткіздік осы алқалы жиын барысында. Ядролық әлеуеті жағынан әлемде төртінші орынға ие болса да, осыдан ширек ғасыр бұрын тарихта тұңғыш рет елімізде қуатты ядролық полигонның жабылғандығын мақтанышпен айтуымызға болады. Сол кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өте күрделі шешім қабылдады. Кейбір мемлекеттер тарапынан ядролық қаруды сақтап қалу туралы ұсыныс түсіп жатса да, қатерлі қарудан бас тарту жөніндегі ұйғарымға келді. Ондағы жалғыз мақсат адамзатты сақтау, оған қатер төндірмеуден туындаған-тұғын. Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын ядролық қаруды ойлап тапқан Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассел ядролық қарусыздану жөніндегі манифесін жариялаған еді. Енді арада 60 жыл өткен соң Елбасы ядролық қарудан бас тартқан елдің басшысы ретінде өз манифесін жариялады. Қазақстан Президенті «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде «Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде, мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген өтінішпен қайырылып отырмын», деген-ді. Шынында да, Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, егерде соғыс бола қалған күнде жеңімпаз болмайды және бола алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Көрнекті оқымыстылар Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассел манифесін қабылдаған кезде жағдай, психология мүлдем басқаша болатын. Адами қарым-қатынастар да өзгеше еді. Әлем қос полярлы-тұғын: коммунизм, антикоммунизм деген сияқты екі жүйе арасындағы күрестен тұратын. Бүгінде көріп отырғанымыздай, терроризмнің шегі де, тосқауыл болар шекарасы да қалмай барады. Ал ядролық қару экстремистер мен терроршылардың қолына түскен жағдайда не болатынын болжау тіпті қиын... Бастамашысы Қазақстан, Елбасы болып табылатын бастама, «Әлем. ХХІ ғасыр» атты бейбітшілік манифесінің маңызы өте зор. Қазақстанның бастамасы бойынша өткен жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі арқылы тағы да біздің елдің бейбіт бастамасы әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. Елбасының іргелі бастамасы жаһанға бейбіт бастамаларымен танылған Қазақстанның асқақ мәртебесін айқындайды. Георгий КАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор.Қазақстанның жасампаздық қадамы
АҚШ астанасында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің басты оқиғасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі болғаны талас тудырмайды. Елбасының бұл ғаламдық инициативасы әлемдік қауымдастықтың тарапынан адамзатқа қауіп-қатер төндіріп тұрған қанды қақтығыстар мен сойқанды соғыстардың алдын алуға негізделген бағдарлама ретінде бағалануда. Қазір әлем ғаламат өзгерістердің табалдырығында тұр. Тұрақсыздық оттары жер-жерде тұтанып, ядролық терроризм қаупі қылаң беріп қалады. Қауіпсіздікті сақтаудың бұрынғы тетіктері күннен-күнге күшін жоғалтып барады. Осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылықтар мен дау-дамайлардың шешімін табудың тиімді жолдарын ұсыну маңызды болып саналады. Қазақстан Президентінің бағдарламасында ХХІ ғасырдағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жаңа парадигмалары ұсынылды. Ол – бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін бірдей жауапкершілік қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен келіссөздер. Ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құруға қадам жасау, жаһанның тұрақтылық жағрафиясын кеңейту, әскери блоктардан бас тарту, халықаралық қарусыздандыру үдерісін жаңа тарихи жағдайға бейімдеу, барлық ұлттардың ғаламдық инфрақұрылымдарға, ресурстар мен рыноктарға тең дәрежеде және әділет талаптарымен еркін енуіне негізделген үрдістер қалыптастыру – Нұрсұлтан Әбішұлының мәлімдемесіндегі айрықша атап өтерлік адамзат үшін аса мәнді міндеттер, міне, осылар. БҰҰ қолдауымен бейбітшілік, тұрақтылық, өзара сенім және қауіпсіздік жолында жұмылған мемлекеттердің Жаһандық коалициясын құру – жоғарыдағы мақсаттарды жүзеге асырудағы маңызды қадам болары сөзсіз. Қазақстан – әлемдік қоғамдастыққа қарусыздану мәселесіне байланысты салиқалы саясат жүргізудің жарқын үлгісін көрсеткен мемлекет. Күш-қуаты жөнінен әлемдегі төртінші атом арсеналынан бас тартуымыз осы ойымыздың дәлелі емей, немене? «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – Қазақстанның соғыссыз әлемге бағытталған кезекті бір батыл қадамы. Ендеше, соның қайырлы болуына бәріміз тілектестік білдірейік. Елена НЕЧАЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты. АСТАНА.Бітімгершіліктің рөлі қашанда жоғары
Өңірлік және жаһандық қауіпсіздік әрдайым Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси бағытының басты ұстанымы екендігі аян. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем тарихында теңдессіз – көлемі бойынша әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту жөнінде қабылдаған стратегиялық шешімі бүкіл өңірдің ядролық қауіпсіздігінің кепілдігін қалыптастырды. Ал 1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру идеясын ұсынуы Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі өзекті факторлардың бірі болды. Біздің еліміз осы тәуелсіздіктің тұғырына мінген жылдар ішінде бейбітшілікті қолдаған саясатынан бір айныған емес. Сондықтан да, Қазақстан Иранның ядролық проблемасы сияқты жаһандық қауіпсіздік мәселелері мен шиеленістерді шешуде маңызды бітімгершілік рөл атқарып келеді. Осы орайда, қазақстандық дипломатияның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірегей тәжірибе жинағаны сөзсіз және ол әлем жұртшылығының біздің Президентіміздің бейбіт бастамаларына зор қызығушылықпен назар аударуына алып келді. Ядролық қарудың террористердің қолына түсу мүмкіншілігіне байланысты жаһандық қауіпсіздікке төнген қатер жақында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің басты тақырыбы болды. Вашингтонда өткен саммитте Қазақстан Президенті бұл мәселеге байланысты бірқатар нақты ұсыныстар білдірді: Біріншіден, бұл мәселеге байланысты дүниежүзілік қоғамдастықтың әрекетін үйлестіруде БҰҰ рөлін арттыру. Елбасы БҰҰ жаһандық мәселелерді жан-жақты шешуші ұйым ретінде баламасыз екенін әрдайым айтып келеді. Былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясының Жалпы дебаттарында сөйлеген сөзінде осы ұйымның тиімділігін арттыру мақсатында оның құрылымын реформалау бойынша нақты бастамаларды ұсынған болатын. Сол кезде Қазақстан Президенті терроризммен күрес бойынша БҰҰ жан-жақты қамтылған құжатын қабылдауды, сонымен қатар, БҰҰ қамқорлығымен халықаралық терроризмге қарсы бірыңғай дүниежүзілік жүйені құруды ұсынған. Екіншіден, Қазақстан қару жасауға мүмкіндік беретін деңгейге дейін уранмен байыту мәселесін шешуге шоғырлануды ұсынады. Бұл үшін Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен бірлесе отырып, кез келген елге сенімді ядролық отын жеткізілімін қамтамасыз ететін дүниежүзіндегі алғашқы Төмен байытылған уран банкі құрылды. Қазақстанда МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін құру бастамасын мүше-мемлекеттердің басшылары бірлескен мәлімдемесімен қолдады. Серік ҚОЖКЕНОВ, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры.Сынақ алаңын ашқандар көп, жапқан жалғыз!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған мемлекеттік сапарының тарихи маңызы зор. Қазіргі кезде әлемдік саясаткерлер мен ақпарат құралдары Қазақстан Президентінің ядролық қауіпсіздік саммитінде сөйлеген сөзі мен ұсыныстарын кеңінен саралау үстінде. Оның негізі бар. Өйткені, әлемде ядролық сынақ алаңдарын ашқан президенттер көп, ал сынақ алаңын жапқан тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев! Сондықтан, Мемлекет басшысының саммиттегі манифесі үлкен қызығушылық туғызды. Мұндағы мақсат дүниежүзінің көшбасшылары мен халқына адамзатты жаппай қырып-жоятын қару-жарақты ХХІ ғасырда қолданбау, атом әлеуетін бейбіт мақсатқа пайдалану. Манифестің маңызы – жер-жаһанда қоғамдық құрылысы әртүрлі мемлекеттердің басын біріктіретін, барша бейбітсүйгіш халықтардың ортақ мүддесін ойлаған ойлы құжат болуында. Қазақстан тарапының атом қаруын шығармауға және оны ешқашан қолданбауға үндеу жасауы аталған бастаманың үлкен гуманистік сипатын көрсетеді. Біздің мақсатымыз – әлемде алдыңғы қатарлы елдердің бірі ретінде атом қаруынсыз аймақ құру аясын кеңейте беру. Президент саммиттегі сөзінде бүгінде ядролық қарудан тыс аймақ ретінде осыдан он жыл бұрын құрылған орталықазиялық кеңістікті атап өтті. Аталған идеялардың Отаны, әлбетте, Қазақстан екенін мақтан тұтамыз. Бұл бастама тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр енді толғалы отырған мемлекетіміздің халықаралық дәрежедегі адамзатты ойландыратын ортақ мәселелерді шешуге қанат қағуымен құнды. Себебі, Қазақстан сияқты әлемде қуаты жағынан төртінші орынға ие ядролық қаруы болған елдің Еуразия кеңістігінде жойқын қарудан бас тартып қана қоймай, атомнан азат ету идеясын көтеруі қуантады. Бұл АҚШ, Ресей, Қытай сынды елдердің, әлемнің өзге де мемлекеттерінің қауіпсіздігін сақтау екендігін алып державалар жете түсінуі тиіс. Сондықтан, ядролық әлеуетті қоғамның дамуына жұмсауға болатындығын насихаттауы Елбасымыздың көрегендігі мен кемелдігі. ХХІ ғасырда әлем елдерімен иық тірестіре отырып, ұлы мәселелерді көтеруі Президентіміздің парасаты мен пайымының айқын көрінісі. Махмұт ТҮЙЕБАЕВ, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты. СЕМЕЙ.
Бейбітсүйгіш халықпыз
Саясат алаңындағы сарабдалдық
Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттердің маңызы аса жоғары. Қазақстан Республикасының Президенті мұндай саяси алаңда адамзаттың ортақ ұстанымдарын басшылыққа алатыны, ізгі мүдделерді биіктетуге тырысатыны көпшіліктің құрмет сезімін оятады. «Әлем. ХХІ хасыр» сияқты бағдарламалық құжатты жаһан талқысына ұсынып қана қоймай, оны іске асырудың нақты жолдарын көрсету әлемдік қоғамдастықта зор саяси және моральдық беделге ие тұлғаның қолынан келеді. Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммитінде бұл бағамға лайықты бірден-бір саясаткер біздің Президентіміз екендігі анық дәлелденді. Бұған форум мінберіне көтерілген мемлекет басшылары мен сарапшылардың барлығы дерлік Нұрсұлтан Әбішұлын қолдап сөйлегені куә бола алады. Одан кейінгі кездесулерде, пікір алмасуларда, баспасөз мәслихаттарында жылы шырайлы көңіл ауаны байқалып тұрды. Мұның көптеген себептері бар. Ең алдымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған көпұлтты, көпэтносты, көпдінді мемлекет Тәуелсіздігін жариялаған небәрі 25 жылдың ішінде тарихи өлшемдегі жетістіктерімен әлем назарына ілікті. Бұл орасан қуатты атом қаруынан жаһанда бірінші болып бас тарту қадамымен байланыстырылатыны белгілі. Екіншіден, «барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ, бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс!» деген ескертпені айтуға біздің Президентіміздің басқалардан гөрі моральдық құқығы жоғары. Елбасымыз саяси сылбырлықтың орны толмас қателіктерге бастайтынын баса айтты. «ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Бізде мұндай мүмкіндік енді болмайды. Бұлай болмаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың, тіршілік белгісі байқалмайтын орасан зор үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде мұнан басқа планета жоқ және болмайды да». Бұл сөздер саясат ойынының опық жегізер салдарларын алға тартуымен құнды. Біздің ойымызша, Н.Назарбаев ұсынған «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарламасы әлемдік көшбасшылар тарапынан қолдау табатыны анық. Бұл пікірді пысықтай түсу үшін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі кезекті самитті Астанада өткізу туралы ұсыныс жасалуы Қазақстан беделін асқақтатып тастады. Нина МИТЧИНОВА, саясаттанушы. КӨКШЕТАУ.Игі бастамалардың жалғасы
Ядролық энергия – ғасырдан астам уақыттан бері ғалымдар арасында, ел билеушілердің, тіпті, бүкіл халықтар арасында үлкен қызығушылық тудырып отырған сала. Біреулер одан әлемді өзіне бағындырар үлкен күш, қару көрсе, енді біреулер оны ғылыми-техникалық дамудың өзегі, әлеуметтік-экономикалық өркендеудің үлкен деңгейіне жеткізетін энергияның қайнар көзі деп біледі. Соңғы онжылдықта жаһан жұрты кез келген күшке қарсы күштің табыларын ұғынды. Яғни, маңайындағыларға үстемдігін жүргізіп, басқа мемлекет пен оның халқына қысым көрсетудің мәнсіз іс екеніне көз жеткізіп келеді. Сондықтан, жақында Вашингтонда өткен төрткіл дүние назарын өзіне аударған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте Қазақстан Президентінің сөз сөйлеуі және ядролық қауіпсіздік тұрғысында күн тәртібінде тұрған өткір проблемалар жайында мәселе көтеруі біздің елдің халықаралық аренадағы салмағын тағы бір айқындап берді. Бұл Қазақстан Президентінің осы саладағы бүгінге дейінгі игі бастамаларының заңды жалғасы деп санаймын. Нұрсұлтан Назарбаев манифесінде қазірдің өзінде ядролық қатерлердің сейілмей, қайта ұлғайып отырғандығына назар аударды. Қанат жайып үлгерген озбыр террорлық ұйымдар мен аймақтық ұлтаралық қақтығыстардан туындап отырған жаңа проблемалардың бар екенін тілге тиек етті. Әлемді ядролық қарудан азат ету жайында жаһан жұртына идея жариялағандардың алғашқыларының бірі де біздің Елбасымыз болатын. 1991 жылы 29 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Бірнеше жыл өткенде, дәл осы күн Ядролық сынаққа қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып бекітілді. Содан бері Қазақстан Президенті бұл бағытта талай игі бастамалардың жаршысы болып келе жатыр. Бастысы, оның бәрі әлемдік қоғамдастық тарапынан үлкен қолдау табуда. Н.Назарбаев ядролық бассыздықтардан шығудың жолы ретінде оны бейбіт қолдану үшін ядролық энергияны адамзат игілігі үшін пайдалану жөнінде ұсынысқа басымдық танытты. 2012 жылы 29 тамызда Астанада өткен парламенттік Ассамблея АТОМ жобасының онлайн петициясына қол қойылды. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Маңыз қойып айтатын тағы бір мәселе, Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Ал, бұл банктің ел экономикасының өсуіне үлесі зор болары сөзсіз. Серекбол ТОҚМОЛДИН, физика-математика ғылымдарының докторы.