08 Сәуір, 2016

Мәдениет мәйегі

768 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
1беткеӨрелі жастың, өскелең буынның байрақты еліміз бен байтақ жерімізге деген шексіз құрметі, ең әуелі олардың тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, қастерлі құндылығын жан-жүректен шынайы сезінуімен, мемлекет алдындағы жауап­кер­шілігімен өлшенеді. Жұрт­шылықтың жадында болар, азаттықтың елең-алаңында, 1991 жылы 10 желтоқсанда өткен ал­қалы жиында сөйлеген сөзінде Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев: «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Алдымызда қиын-қыстау күндер, асуы биік белдер, айбынды міндеттер тұр. Оның үдесінен шығу үшін ең алдымен бірлік, ынтымақ керек», деген еді. Содан бергі ширек ғасырда биік мінберден айтылған бұл сөздер жаңа ел тарихының тағылымды беттеріне айналды. Ақиқатын айтқанда, Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесті кезеңі ішінде Қазақстан халқы Елбасы атап көрсеткен талай-талай асуы биік белдерді басып өтіп, елеулі міндеттерді орындады. Мемлекет басшысының еге­мендікті нығайтуға, мемлекет­тілікті өрістетуге бағытталған сындарлы ішкі және сыртқы саясатын іске асыруға бел шеше кірісті. Сол жолда ел-жұрт бірлік бар жерде бітпейтін іс жоқ екенін, ынтымақ болса, іргеге ырыс қонатынын әлемдік қоғамдастыққа дәлелдеді. ERA_6970+Біздің дәуірімізге дейінгі VIІ-VI ғасырларда өмір сүрген сақ ойшылы, философ Анахарсистің: «Еркін адам дегеніміз – өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүретін адам», деген сөзі арада талай заман өтсе де өзектілігін жоймағанына көз жеткіземіз. Даңқты бабамыз айтқан еркіндікке біз елдік талап пен елшілдік дәстүрдің арқасында қол жеткіздік. Ең басты жетістік – еркін ойлай білетін, өз құқығын қорғай алатын жас буын қалыптасты. Кеңес кезіндегідей жатқа жалтақтамай, өз қалауымызбен қаламызды салып, даламызды жайнаттық, адамның еркіндігі мен құқығына құрылған Ата Заңымыздың ережелерімен өмір сүрудеміз. Ойға тұсау, өріске шектеу жойылды. Өзге елдермен терезені тең еткен демократия ұстындары бекемделді. Ана тілімізге, ата-баба діні мен дәстүріне даңғыл жол ашылды. Жекеменшік құқығы көптеген заңдардың жұмыс істеуіне негіз болды. Әсіресе, халық бойында нешеме уақыт бұғып, бұйығып жатқан рухани азаттық алақанына қонды. Нәтижесінде, халықтың ұлттық рухы оянды, тарихи санасы жаңғырды, мәдени мұрасы, дәстүр-салты қайта оралды. Сөйтіп, барымызды бүтіндедік, жоғымызды түгендедік. Ендігі жерде елдік еңсемізді сырттан ешкім төмендете алмайтынына көзіміз жетті. Бүгінде жер-жаһанды шарпыған дағдарыс өтпелі сынақ екені түсінікті. Қай заманда да қарынның ашқанына емес, қадірдің қашқанына қамығатын, әрдайым рухын биік ұстайтын, мәдениетін қастерлейтін қазақ халқы бұл сыннан жүйелі бірлік пен тірліктің арқасында өтуге болатынын біледі. Өйткені, табиғаттағы құмырсқа философиясы адамға да тән. Әдетте, экономикалық, әлеуметтік сынақты тоғышар топ тек қаржы-қаражатпен ғана байланыстырады. Бірақ адамзат тек тамақпен, ақшамен өмір сүреді дегенге адам сене ме? Біз осындайда рухани азықты, рухани серпілісті, тіпті, естілік пен ескіліктің, сұлулық пен сындарлықтың бәсін ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселені Ұлттық музейге толассыз келушілер үрдісімен бағамдауға болады. Оған өткен жылдың соңында қызмет бабымен Астанаға келіп, Ұлттық музейдің ішкі құрылымымен, тарихи экспонаттарымен танысқан Санкт-Петербургтегі Эрмитаж басшысы, белгілі тарихшы-музейшілер әулетінің өкілі, әріптесіміз Михаил Пиотровскийдің мына бір сөзі ой салады: «Дағдарыс кезінде музейге келушілердің саны көбейеді. Әлемнің қайсыбір елінде сондай. Сен жаңа көлік ала алмауың мүмкін, бірақ сен музейге жиі барып содан ләззат ала аласың. Жұрт музейге үсті-үстіне келіп жатыр, келіп жатыр. Басқа баратын жер жоқ па, әлде, оптимизм іздеп келе ме – бұл факторды арнайы қарастыру керек». Оның айтуынша, дағдарысты кездерде халықтың музейлерге көп келуі қоғамды әлеуметтік-психологиялық сабырлылыққа бейімдейді, бастайды, қалыптайды. Музейлерге келген жұрт адамзат тарихының, оның ішінде өз елінің қол жеткізген жетістігімен қатар, сан қилы тауқымет пен зобалаңға толы айғақты деректерге, нақты жәдігерлерге көз жеткізіп, философиялық ой-толғамдарға барады. Яғни, қазақы ұғыммен айтқанда, адамды тәубесіне келтіріп, кез келген қиындықтың өтпелі екенін көрнекі құралдар көрсетіп бермек. Биыл – ел өміріндегі ерекше белесті жыл. Тарихи тәуелсіздікке ширек ғасыр толатын мерейтой межесі. Сондықтан, Елбасы айтқандай: «Дағдарыстың бәрі келеді, кетеді. Қайта осындай өтпелі кезеңде ұтымды шешімдер қабылдап, қарекет ету керек». Осы орайда рухани-мәдени салада маңызды да жауапты шаралар атқару міндеті тұр. Арнайы құрылған мемлекеттік комиссия мәжілісінде де көптеген міндеттер айқындалып, жоспар түзілді, оның бәрі рет-ретімен орындалатын болады. Соның аясында артық қаржы тілемейтін, ынта мен құлық танытып, құнттап жатсақ, орайласа кететін ойтамызықты ортаға ұсынуды жөн көрдік.         Мысалы, әлемдік тәжірибеде, кез келген мерейтойлық кезеңдерді әрбір 25 жылмен белгілеудің де өзіндік мәні бар. Өйткені, тарих әр буынды 25 жылдық айырыммен бөледі. Айталық, бала туғанда, әкесі – 25-те, атасы – 50-де, бабасы – 75-те. Бұл адам жасындағы ортақ шартты ырғақтың мемлекет тарихында да өзекті негізі бар. Мысалы, осыдан 50 жыл бұрын Гайана елі мен Лесото корольдігі тәуелсіздік алып, жаманды-жақсылы мемлекет бола бас­тады. Сондай-ақ, тура жарты ғасыр бұрын кеңестік «Луна-9» планетааралық стансасы тұңғыш рет айға қонды. Ал, 75 жыл бұрын фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан агрессия жасады. Әлемнің жартысын Екінші дүниежүзілік соғыс өрті шарпыды. НКВД Эстония, Латвия, Литва тұрғындарын депортациялай бастады. Еділ бойындағы неміс автономиялық республикасы жойылды. Майданда сан мыңдаған жазықсыз жан өлім құшты. Дүниежүзі бейбітшіліктің қадірін бұрынғыдан жүз есе артық білді. Осы және басқа оқиғалардың Қазақстаннан тыс жүрмегеніне көп мысал келтіруге болады. Біз жоғарыдағы деректерді хронология үшін ғана айттық. Елбасы айқындап берген біздің «Мәңгілік Ел» жолымызда алдағы әрбір ширек ғасырда айрықша биіктерді бағындырамыз деп ойлаймыз. Сонда әлем уақыт пен заман сағатына қарап, Қазақстан 2016 жылы мына белеске көтерілді, 2041 жылы мына асуды алды, 2066 жылы мына асқарға шықты деп, көңіл тоғайтары сөзсіз. Бұл тұрғыда да «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы елдік темірқазық, мемле­кеттік тұғырнама болатынына сенеміз. Осы ретте жалпы мәдени саланың, соның ішінде музейлердің алдындағы міндеттер айқындала түседі. Біріншіден, барлық музей бағыты мен деңгейіне қарамай Тәуелсіздікті – Қазақ елі тарихының биігі, жасампаздығының өлшемі есебінде тұжырымдамалық арқау етіп алуы керек. Екіншіден, Қазақстанда музей атаулы ірілі-ұсақты жәдігерліктерін халыққа «Мәңгілік Ел» мұратымен байланыста түсіндіріп, талдап, баяндап бере алатын деңгейде болуы тиіс. Үшіншіден, бүгініміз – өткеніміздің жалғасы, ертеңіміздің бастауы. Ендеше, осы сабақтастық, дәнекерлік жастарға түсінікті пішінде, тіпті, ағартушылық пен ізденіс аясында айқындалғаны абзал. Жас ұрпаққа Тәуелсіздіктің тарихын, жасампаз жолын көрсетіп, ұғындыру мақсатында республикамыздың барлық музейлері тақырыптық экспозициялық жоспарларына, негізгі және қосымша қорларына жаңа талаппен терең де жүйелі сараптама жасап, қазақстандық патриотизмді бейнелейтін, айшықтайтын көрмелер мен лекциялар ұйымдастырғаны жөн деп білеміз. Заман жаңарады, заманмен бірге адам да жаңарады. Тәуелсіздік жылдары оқып-тоқып, қызметке араласқандарды есептемегенде, азаттық құрдастарының өзі әжептәуір азамат болып қалды. «Болашақ» бағдарламасы түлектері мен «Назарбаев Университет» ғылыми ізденістері, спорт пен мәдениеттегі жаңа есімдер – әлем және Қазақстан, әлем және Астана атын шартарапқа мәлім етті. Ширек ғасырдағы еліміздің әлемдік қауымдастықтағы орны, Астанадағы дүниежүзілік деңгейдегі саммиттер, форумдар, съездер, басқосулар, жалпы Қазақ елі орталығының саяси миссиясы – жаңа Қазақстанның айбыны мен айдынын айғақтайды. Біздің музейлер бұл жетістіктерді – тәуелсіздіктің жемісі ретінде жеткізе алатындай ізденістерге барса дейміз. Сонымен бірге, төл мәдениетіміз қанат жайып, өнеріміз ілгерілеп жатса, бұл тәуелсіздіктің арқасы екені ақиқат. Тәуелсіздік жеңістері шығармашыл қауымның тақырыптарына да тамызық болды. Қылқалам шеберлері егемен жылдарда бар шабытымен сурет салды, халықаралық көрмелерге қатысты, шығармашылығын шыңдады. Осындай жетістіктерді жалғастыра отырып, дәл биыл отандық суретшілер мен мүсіншілер еліміздің музейлеріне елдік тақырыптағы туындыларын тапсырса, тәуелсіздік тойына тамаша тартуы болар еді. Халық – қазына, халық – көмбе. Қазақстан Ұлттық музейі біраздан бері елімізге белгілі тұлғалардың мұрасын құнттау мен елге таныстырудың жаңа формасын іске асырып келеді. Тәуелсіздік тарихына арналған арнайы залымыз кез келген келушіні баурап алатыны бір басқа, әрбір қазақстандық азаматқа еліміз үшін, Елбасы үшін мақтаныш сезімін сыйлайды, қоғамдық ой салады. Мұны «тұлғалар мұрасының музейдегі тұғыры» деп анықтауға да болады. Осы шара барысында жер-жерден қаншама жәдігерлік жиналды, қаншама мұраға «екінші өмір» берілді. Біле-білсек, бұрынғы-кейінгі қайраткерлердің, ақын-жазушылардың, өнер-мәдениет тұлғаларының бәрі – Тәуелсіздіктің негізін қалағандар. Сондықтан, мерейтой жылы осы үрдіс жалғастырыла береді. Мұраны жинау бар да, оны халыққа лайықты көрсету бар. Біз осы жағына көп мән беруіміз керек. Музейлердің алдында тағы да бір бұқаралық міндет бар. Ол – БАҚ-пен, баспалармен тығыз байланыс жасау. Қазір нарық және бәсеке заманы. Қай ақпарат құралы өз бетінде халық сүйетін мұраны, жәдігерлікті ұсына отырып, өзіне қажетті жарнама немесе басқа да материал бергісі келмейді? Әлемнің кез келген «ұшақ немесе борт журналын» қараңыз: бүгінгі стильді бұйымның жанында тарихи жәдігерлік тұрады. Сондай-ақ, бүгінгі өмірдің негізі, бас­тамасы ретінде де көне жәдігерлік ұсынылады. Біз баспаны, соның ішінде тарихи-танымдық еңбек, оқу құралдарын шығаратын саланы әлі музейге тарта алмай жүрміз. Қазіргі кітаптардағы ескіліктің суреттерін байқасаңыз, тұпнұсқадан алынбағаны, көшірмеден көшірілгені тайға таңба басқандай көрінеді. Оқушы дәптері, күнделігі, басқа да жазу-сызу қағаздары бетінде музей жәдігерліктері жүрсе, қандай тағылымды. Отандық кәсіпкерлеріміздің, бизнес қауымының, іс адамдарының да ұлттық құндылықтарымызға оң қабақ танытатын мезгілі келіп жетті емес пе? Біздіңше, Тәуелсіздіктің зор жеңісі де осындай ықыластылықта болса керек. Әлбетте, мұндай істердің бәрі отаншылдық негізде, арнайы тапсырмасыз, әрбір азаматтың, әрбір маманның өз ниетімен, түсінігімен жүзеге асырылып жатса, бәріміз де құптап қуанар едік. Бұдан біз замандастарымыздың бойын­дағы Отанға деген шынайы құрмет­тің, Қазақ еліне деген риясыз жана­шырлықтың жарқын үлгісін таныр едік. Әрине, Тәуелсіздік – ұлыстың ұлы жетістігі. Ширек ғасырлық мерейтой Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатындағы барша этносқа ортақ. Бейбітшілік және келісім Сарайының тарихи, салтанатты рухынан, Түркістанның Тайқазанынан Ұлттық музейге тапсырылған осы қазанның рәміздік көшірмесіне дейін еліміздің бар жұртын бір мүддеге топтастырады, бір арманға ұштастырады. Қазақстандағы халық татулығы да – музейлердің де, шынайы өміріміздің де сәні. Еліміздің бақыты да, бағы да – қазаққа етене бауыр басқан барша қауымның ортақ жемісі. Әлімсақтан қазақ пен Қазақстан мұраты – «алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді». Музейлерді – мәдениет мәйегі, өркениет жолы десек, осы мәйек пен жол елімізді жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенеміз. Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры. АСТАНА.