Алтын дала ауылына көшіп келгенге дейін Оташевтар отбасы Торғайда тұратын. Жангелдин ауданындағы «Аққұм» кеңшары жердің түбі еді. Сол жылдардың алмағайып сипатын есіне алса, Жамал апаның әлі күнге дейін жүрегі сыздайды. Кеңес Одағы тарап жатты, шаруашылықтың да, ауылдың сәні де кеткен. Қаладан келген саудагерлер жалаңдап, бір қап ұнға бір қой, екі-үш қап ұнға бір сиыр алып кетеді. Жұрт босып көшті. Зәрезап болған олардың да салы суға кеткен. Боран болса жол жоқ, облыс орталығы мен ауданды жалғайтын ұшақ та ұшпай қалған. Қыстың ақтүтек бораны ұлып тұрған желтоқсанның он алтысы күні Жамал апаның кіші келіні Алтынай толғатты. Әйтеуір ауылдағы акушер-фельдшер Гүлнар Оспанова үйде босандырып алып, екі шекесі торсықтай ұлдың кіндігін кесті. Келіні аман есен аяқ-қолын бауырына алып, немерелі болған Едрес әкей мен Жамал апаның қуанышында шек болған жоқ. Боранға қарар емес, соғым да сойылды, ауылдастары шілдеханаға келді. Ұлдың аты Бексұлтан болды.
– Құдайға мың да бір шүкір, келіндердің аяғы құтты болды. Үлкен келінім ұл тапқанда «қайта табысқан дініміздің, дәстүр-салтымыздың, тіліміздің иесі, мұрагері болсын» деп немеремнің атын Мұрагер қойдым. Осы Алтынай келінім тұңғышын тапқанда «қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды» деген сөзі жүректі тырнап кететін «Қасқалдақ» әнінің кең жайылып тұрған кезі еді. Қазақстан республикасын басқаруға Колбиннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев келгенде жұрт көңілді бір демдеді. Егемендік келді. Мен де немеремнің атын Нұрсұлтан деп қойдым. Ал Бексұлтан туғанда, елде ақ түйенің қарны жарылды, елдің нағыз бостандығы, еркіндігі жария болды, аяқтан тұсау, мойыннан қамыт шешілді. Сол тәуелсіздігіміз, тіліміз, дініміз, имандылығымыз бәрі бекісін деп мына немеремнің атын Бексұлтан қойдым, – дейді Жамал апа Оташева.
Осы баланы аудан жұртшылығы таниды десек, өтірікші бола қоймаспыз. Ақ түйенің қарны жарылған, азаттық таңы атқан 1991 жылғы 16 желтоқсан күні туған бала ауданда көп емес екен. Аудан орталығындағы мәдениет үйінде Тәуелсіздік құрдасының бір жасқа толуы аталып өтті, одан тұсауы кесілді.
Торғайдан жұрт боса көшкенде осы Тобыл өзенінің жағасындағы ата-жұртына тоқтағанмен, Оташевтар отбасы керемет өмірге күмп ете қалған жоқ. Өйткені, нарықтың қос бүйірден қысқан қиын уақыты еді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген емес пе, сол жылдары облыста ұры-қары да көбейген. Ұрылар Бексұлтанның әкесі Әділханның да бір-екі қарасын жәукемдеп алған болатын. Жұмыс жоқ, үйде кемпір-шал, шиеттей бала-шаға. Ұрыдан қорқып мал ұстамаса тағы күн жоқ. Әділхан қорадағы малдың қысқы шөбін өзі орады. Әне-міне дегенше үйелмелі-сүйелмелі Нұрсұлтаны мен Бексұлтаны да мектепке барды. Буыны қатпаған бала болса да Әділхан ұлдарын шөп шабуға ертіп кетеді. Бексұлтан ағасына қарағанда шаруаға икемдеу, мықшыңдап атты арбаға өзі жегеді. Әкесі орған шөпті жинайды, тәмпіш мұрны тершіп бір тынбайды.
– Осындағы шаруашылық тарап жатқанда бізге де бір тозығы жеткен трактор тиген болатын. Кейін бір жүк мәшинесін алдық қарызданып, қауғаланып жүріп. Соның барлығын жөндейтін Бексұлтан. Мектепте оқып жүргенде-ақ техниканы ұршықша үйірді. Менің сеніп алғаным сондай, Бексұлтансыз тракторды қозғамаймын да. Жаздыгүні Бексұлтанның арқасында осы жаман трактормен шөбімізді дайындап, жамау-жасқау мәшинемен отынымызды тасып аламыз, – дейді Әділхан.
Бексұлтан Алтын дала орта мектебінің 9-шы сыныбынан кейін облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқып, оны жақсы бітіріп шықты. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 100-ден асыра балл жинап, А.Байтұрсынов атындағы университеттің агрономия факультетіне грантпен түсті. Қазір оның екінші курсында оқып жатыр. Бала кезінен спорт пен музыкаға әуес болды. Негізі көп балалы Оташевтар отбасынан домбыра мен гармонь, гитара арылған емес. Едрес атасы мен Жамал әжесінің өзі де өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар. Балаларының барлығы да әнмен, күймен өсті.
– Бексұлтанның мінезі тұйық. Не нәрсені де үндемей жүріп бітіреді. Мектепте оқып жүргенде «Жігіт сұлтаны» байқауына шақырды. Сонда өз баламды өзім танымай қалдым. Байқауға қатысқан он ұлдың арасынан жарқырап, бірінші орынды алды. Өзімізге үйде байқатпайды екен, домбыра тартқанда жұртты аузына қаратты. Бексұлтанның ойған оюын көрген жан таң-тамаша қалады. Бала кезінде бәйгеге ат жаратты, қолөнерге де бейім, аттың әбзелдерін жасауға талпынады, қамшы өреді, – дейді анасы Алтынай. –Қазір спорт пен оқуды қатар алып жүр, оған да қуанамыз.
Қазақша күрестен 83 килолық салмақта Бексұлтан аудан мен университеттегі факультетаралық жарыстарда көзге түсіп жүр. Сабақтан қол босағанда жаттығулардан қалмайды. Қысқы сессиясын да жақсы бітірді.
– Басқа факультетке түссем де болар еді, бірақ өзім осы агроном мамандығын қаладым. Өйткені, келешекте қалада қалмаймын, нақ ауылға барамын. Менің арманым – ауылды көтеру. Ал ауыл шаруашылығы жақсармай, ауыл да гүлденбейді, ол тек мамандардың арқасында мүмкін болмақ, – дейді Бексұлтан.
Жиырмаға енді аяқ басып, мұрты тебіндеген бозбаланың ақыл тұнған ойлы жанарынан табандылықты оқығандай боласың. Сөздің емес, істің адамы болайын деп тұрғандай. Тәуелсіздік деген ұғым көз алдымда тамыры беки түскен шынар болып елестеп кетті...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы, Қостанай ауданы.