Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы
Осы Заң жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын тарту есебінен тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу жөніндегі қызметке байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау кепiлдiктерiн белгiлейдi.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) кепілдік – Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдік беру жағдайы туындаған кезде тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтауды ұйымдастыру және үлескерлерге тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлестерін беру жөніндегі міндеттемесі;
2) кепілдік беру жағдайы – олар басталған кезде Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорында тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтау жөніндегі міндеттеме және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру туралы шарт бойынша үлескерлердің алдында жауапкершілік туындайтын, осы Заңда айқындалған жағдай немесе жағдайлар жиынтығы;
3) кепілдік жарна – уәкілетті компанияның тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру туралы шарт бойынша Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорына төлейтін ақша сомасы;
4) кепілдік мерзімі – тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы объектілерінің Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес белгіленген пайдалану мерзімі, осы мерзім ішінде құрылыс салушы, уәкілетті компания және мердігер (бас мердігер) жобалау-сметалық құжаттамаға және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы объектісі көрсеткіштерінің сапасын сақтауға кепілдік береді;
5) кідірту талабы – кепілдік беру жағдайы туындаған кезде тараптарда талаптар қоюдың басталуымен уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқару шарты бойынша құқықтар мен міндеттер туындайтын талап немесе талаптар жиынтығы;
6) тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлес – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты орындау үшін салынған тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрамына кіретін, үлескерге берілетін тұрғын немесе тұрғын емес үй-жай;
7) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) жобалау құны (бұдан әрі – жобалау құны) – құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны, жобаны басқаруға, авторлық және техникалық қадағалауға жұмсалатын шығындар, қарыздар бойынша сыйақы және осы Заңда көзделген өзге де шығыстар;
8) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы – ауырлық пен әсерді көтеріп тұратын, тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) беріктігін, қаттылығын және орнықтылығын қамтамасыз ететін, тірек конструкциялары, жабын және төсем конструкциялары бар, тірек жүйе (тіреуіш);
9) Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры (бұдан әрі – Кепілдік беру қоры) – жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы, кепілдік беру жағдайы туындаған кезде құрылысты аяқтауға және үлескерлерге тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлестерін беруге кепілдік беретін коммерциялық емес ұйым;
10) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу – тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа негізделген қатынастары;
11) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру туралы шарт (бұдан әрі – кепілдік беру туралы шарт) – Кепілдік беру қоры, құрылыс салушы және уәкілетті компания арасында осы Заңда айқындалатын тәртіппен және талаптармен жасалатын шарт;
12) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға қатысушылар – құрылыс салушы, уәкілетті компания, мердігер (бас мердігер), екінші деңгейдегі банк, инжинирингтік компания, Кепілдік беру қоры және үлескер;
13) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы инжинирингтiк компания (бұдан әрі – инжинирингтік компания) – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген және осы Заңның талаптарына сәйкес келетін заңды тұлға;
14) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы инжинирингтік көрсетілетін қызметтер – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында, оның ішінде тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысы барысына мониторинг бойынша және тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысына бағытталған ақшаның нысаналы жұмсалуына бақылау жасау бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтер кешені;
15) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құрылыс салушы (бұдан әрі – құрылыс салушы) – уәкілетті компанияның жарғылық капиталына қатысу арқылы, тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті өзінің меншікті және (немесе) тартылған ақшасы есебінен жүзеге асыратын заңды тұлға;
16) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу саласында басқаруды, сондай-ақ өз құзыреті шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
17) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт – уәкілетті компания мен үлескер арасында жасалатын, бір тарап тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталған соң екінші тарапқа тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесін беруге міндеттенетін, ал екінші тарап төлем жүргізуге және тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесін қабылдауға міндеттенетін, тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысумен байланысты құқықтық қатынастарын реттейтін шарт;
18) уәкілетті компания – дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы құрылыс салушыға тиесілі, тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) үлестік құрылысын және тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлестерді өткізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақтардағы қызметті қоспағанда, қандай да бір өзге коммерциялық қызметпен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлға;
19) үлескер – тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесті алу мақсатында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты жасасқан жеке тұлға (уақытша болатын шетелдіктерді қоспағанда) немесе заңды тұлға;
20) шағын қабатты құрылыс – жер үстіндегі биіктігі үш қабаттан аспайтын (мансардты есептемегенде) шағын қабатты тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар), оның ішінде әрқайсысының пәтер маңындағы учаскеге шығу жолы бар оқшауланған тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар).
2-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасы осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу қатынастарына қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң бір тарап тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын қамтамасыз етуді және құрылыс аяқталған соң екінші тарапқа тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларын беруге міндеттенетін, ал екінші тарап төлем жүргізуге және тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларын қабылдауға міндеттенетін қатынастарға қолданылады.
2. Тұрғын үйлерді (тұрғын ғимараттарды) салу үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын осы Заңда белгіленген талаптарды бұза отырып тартуға тыйым салынады. Осы Заңның талаптарын бұза отырып құрылыс үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту жөнінде жүргізілген мәміле жарамсыз деп танылады.
3. Осы Заңның ережелері тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды жасасу бөлігінде құрылыс салушының және (немесе) уәкілетті компанияның контрагенттеріне, олармен тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлестермен есеп айырысқан жағдайда қолданылады.
4. Осы Заңның күші:
1) мемлекеттік сатып алуларға;
2) Кепілдік беру қорын қоспағанда, акцияларының бақылау пакетіне тікелей немесе жанама түрде мемлекет иелік ететін заңды тұлғалардың тұрғын үй құрылысына немесе құрылыс ұйымдарына объектіні пайдалануға бергенге дейін құрылыс объектісіндегі тұрғын және (немесе) тұрғын емес үй-жайларды өткізу құқығынсыз инвестициялауға;
3) салынып жатқан тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) тұрғын және (немесе) тұрғын емес үй-жайларды ол пайдалануға берілгенге дейін жеке және (немесе) заңды тұлғаларға сату (талап ету құқықтарын басқаға беру) құқығынсыз салынып жатқан тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) тұрғын және (немесе) тұрғын емес үй-жайларды заңды тұлғалардың ғана сатып алуына;
4) шағын қабатты құрылысқа байланысты қатынастарға қолданылмайды.
2-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕСТІК ҚАТЫСУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрғын үй
құрылысына үлестік қатысу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құзыретіне:
1) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды жүзеге асыруды ұйымдастыру;
2) Кепілдік беру қорын құру (айқындау);
3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;
3) кепілдік беру туралы шарттың үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;
4) жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
5) құрылысы аяқталмаған объектімен бірге жер учаскесін кепілге қою шартының үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;
6) уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) кепіл шартының үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;
7) уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) cенімгерлік басқару шартының үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;
8) кепілдік жарнаның мөлшерін айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
9) капиталдың жеткіліктілік нормативін айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
10) кепілдік беру жағдайларын реттеуге арналған резервті есептеу және қалыптастыру әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
11) үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында:
1) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу объектілерінің құрылысына қатысушылардың қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;
2) үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаттар береді;
3) үлескерлердің ақшасын тартуға берілген рұқсаттардың есебін жүргізеді;
4) тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей уәкілетті органға үлескерлердің ақшасын тартуға берілген рұқсаттар туралы ақпарат береді;
5) тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу объектілерінің құрылысы барысына мониторингті жүзеге асыру үшін құрылыс салушылардан, уәкілетті компаниялардан, инжинирингтік компаниялардан және Кепілдік беру қорынан қажетті материалдар мен құжаттарды сұратады;
6) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
7) өздерінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асырады;
8) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың қатысушыларымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
9) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды,
сондай-ақ олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізеді;
10) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕСТІК
ҚАТЫСУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
7-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру тәсілдері
1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу:
1) Кепілдік беру қорынан кепілдік алу;
2) екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;
3) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.
2. Тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) құрылысы үшін осы бапта көзделмеген өзге де тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады.
8-бап. Кепілдік беру қорының кепілдігін алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру
1. Кепілдік беру қорының кепілдігін алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін құрылыс салушы мынадай:
1) республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы құрылыста жалпы алаңы кемінде он сегіз мың шаршы метр және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердегі құрылыста кемінде тоғыз мың шаршы метр тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысының объектілерін өткізу, оның ішінде тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер) ретінде жиынтығында кемінде үш жыл тәжірибесінің болуы;
2) өзінің қаржылық есептілігіне сәйкес соңғы екі қаржы жылында аудиторлық қорытындымен расталған шығынсыз қызметінің болуы;
3) қарыз және меншікті капиталының арақатынасы арқылы есептелген коэффициент шамасы тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын салудың оны пайдалануға қабылдағанға дейінгі бүкіл мерзімі ішінде
жетіден аспауы талаптарына сай болуға міндетті.
2. Кепілдік беру қорының кепілдігін алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін құрылыс салушы бір мезгілде бір құрылыс жобасынан көп емес қызметті жүзеге асыратын уәкілетті компания құрады.
Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бір жер учаскесінде (бөліп беруде) бірнеше құрылыс объектілерін көздеуі мүмкін.
Құрылыс салушы осы Заңның 15-бабына сәйкес үлескерлерге тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) олардың үлестерін беру жөніндегі өз міндеттемелерін орындаған уәкілетті компанияны тартуға құқылы.
3. Кепілдік беру қорының кепілдігін алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін уәкілетті компанияның:
1) мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншік құқығымен тиесілі жер учаскесі;
2) кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы;
3) осы Заңның 20-бабына сәйкес жұмсау үшін жоспарланған ақшасы және (немесе) егер жер учаскесі меншік құқығымен тиесілі болса, жобалық құнының кемінде он пайызы көлемінде немесе егер жер учаскесі мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен тиесілі болса, жобалық құнының кемінде он бес пайызы көлемінде орындалған жұмыстар актілерімен расталған аяқталмаған құрылысы;
4) құжаттарды қарағаны үшін комиссияны, кепілдік беру туралы шарт бойынша кепілдік жарнаны төлеуге арналған ақшасы;
5) тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының мердігерлік шарты болуы міндетті.
4. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мүлік қандай да бір ауыртпалықтардан, құқықтардан және үшінші тұлғалардың талаптарынан еркін болуға тиіс.
5. Құрылыс салушы мен уәкілетті компания осы бапта белгіленген талаптарға сай болған кезде Кепілдік беру қоры тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылыс жобасы бойынша құжаттарды уәкілетті орган бекіткен тәртіппен тексеруді жүргізеді және кепілдік беру туралы шарт жасасады.
6. Кепілдік беру туралы жасалған шарт үлескерлердің ақшасын тарту үшін негіз болып табылады және құрылыс салушының және уәкілетті компанияның үлескерлердің ақшасын тартуға жергілікті атқарушы органнан рұқсат алуын қажет етпейді.
7. Осы Заңның талаптарын орындау мақсатында құрылыс салушы Кепілдік беру қорына аудиторлық қорытындымен расталған жылдық қаржылық есептілікті және уәкілетті компания Қазақстан Республикасының
бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті кепілдік беру туралы шарттың қолданылуы ішінде ұсынады.
9-бап. Екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру
1. Екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін құрылыс салушының республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы құрылыста жалпы алаңы кемінде он сегіз мың шаршы метр және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердегі құрылыста кемінде тоғыз мың шаршы метр тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысының объектілерін өткізу, оның ішінде тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер) ретінде жиынтығында кемінде үш жыл тәжірибесі болуы тиіс.
2. Екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін құрылыс салушы бір мезгілде бір құрылыс жобасынан көп емес қызметті жүзеге асыратын уәкілетті компания құрады.
Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бір жер учаскесінде (бөліп беруде) бірнеше құрылыс объектілерін көздеуі мүмкін.
Құрылыс салушы осы Заңның 15-бабына сәйкес үлескерлерге тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) олардың үлестерін беру жөніндегі өз міндеттемелерін орындаған уәкілетті компанияны тартуға құқылы.
3. Екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін уәкілетті компанияның:
1) мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншік құқығымен тиесілі жер учаскесі;
2) кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы болуы міндетті.
4. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мүлік, бір жер учаскесінде (бөліп беруде) құрылысты қаржыландыратын екінші деңгейдегі банкте кепілде болуы мүмкін жер учаскесін қоспағанда, қандай да бір ауыртпалықтардан, құқықтардан және үшінші тұлғалардың талаптарынан еркін болуға тиіс.
5. Құрылыс салушы және уәкілетті компания осы бапта белгіленген талаптарға сай болған кезде құрылыс салушы және (немесе) уәкілетті компания құрылысты аяқтау үшін жеткілікті сомаға тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын қаржыландыруға әзірлігі туралы екінші деңгейдегі
банктің шешімін алу үшін екінші деңгейдегі банкке өтініш жасайды.
Екінші деңгейдегі банк тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) қаржыландыруға әзір болған жағдайда инжинирингтік компаниямен шарт жасасады.
6. Құрылыс салушы және уәкілетті компания осы бапта белгіленген талаптарға сай болған жағдайда, құрылыс салушы мен уәкілетті компания облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына осы Заңның 18-бабында белгіленген тәртіппен үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін өтініш жасайды.
7. Екінші деңгейдегі банк инжинирингтік компания растаған, тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана осы Заңның 20-бабында белгіленген талаптарды ескере отырып, уәкілетті компанияның банктік шотындағы үлескерлердің ақшасын пайдалану туралы шешім қабылдауға құқылы.
8. Осы баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мүлік тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жергілікті атқарушы органда тіркелген кезден бастап үлескерлердің кепілдігінде деп есептеледі.
9. Екінші деңгейдегі банк осы баптың 3-тармағының 1) және
2) тармақшаларында көрсетілген кепілге қойылған мүлікті өткізу туралы шешім қабылдаған кезде кепілге қойылған мүлікті өткізуден түскен ақша ақшаны қайтару туралы талап қойған үлескерлердің және екінші деңгейдегі банктің талаптарын қанағаттандыруға бағытталады. Кепілге қойылған мүлікті өткізуден түскен ақша жеткіліксіз болған кезде осы мүлікке өндіріп алуды қолдануға және оны өткізуге байланысты шығыстарды жабу үшін қажетті сомаларды ұстап қалғаннан кейінгі айырма үлескерлер мен екінші деңгейдегі банк арасында осы талаптарды қанағаттандыру кезіндегі олардың талаптарының мөлшерлеріне пропорционалды түрде бөлінеді.
10. Кепілге қойылған мүлік өткізілген жария сауда-саттық өткізу күніне дейін өз талаптарын мәлімдемеген үлескерлерге берілуге тиісті ақша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың талаптарына сәйкес банктік салым шотына бағытталады.
Кепілге қойылған мүлікке өндіріп алуды қолданған және оны өткізген кезде екінші деңгейдегі банк тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасалған кезден бастап үлескерлердің сенім білдірілген тұлғасы деп танылады.
11. Уәкілетті компания осы Заңның 17-бабында белгіленген тәртіппен үлескерге тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесін берген кезден бастап кепіл құқығы тоқтатылады.
10-бап. Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы
тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту
тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру
1. Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін құрылыс салушы соңғы бес жыл бойы, оның ішінде тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер) ретінде республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы құрылыс кезінде жиынтығында жалпы алаңы кемінде алпыс мың шаршы метр және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердегі құрылыс кезінде кемінде отыз мың шаршы метр тұрғын үйлерді (тұрғын ғимараттарды) Қазақстан Республикасының аумағында салуға және пайдалануға беруге міндетті. Бұл ретте құрылыс салушының еншілес мекемелерінің жиынтық тәжірибесі ескеріледі.
2. Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін құрылыс салушы бір мезгілде бір құрылыс жобасынан көп емес қызметті жүзеге асыратын уәкілетті компанияны құрады.
Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бір жер учаскесінде (бөліп беруде) бірнеше құрылыс объектілерін көздеуі мүмкін.
Құрылыс салушы осы Заңның 15-бабына сәйкес үлескерлерге тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) олардың үлестерін беру жөніндегі өз міндеттемелерін орындаған уәкілетті компанияны тартуға құқылы.
3. Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін уәкілетті компанияның:
1) мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншік құқығымен тиесілі жер учаскесі;
2) кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы;
3) инжинирингтік компанияның есебімен расталған тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасының аяқталған құрылысының болуы;
4) инжинирингтік компаниямен шарты болуы міндетті.
4. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мүлік қандай да бір ауыртпалықтардан, құқықтардан және үшінші тұлғалардың талаптарынан еркін болуға тиіс.
5. Құрылыс салушы және уәкілетті компания осы бапта белгіленген талаптарға сай болған жағдайда, құрылыс салушы мен уәкілетті компания облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына осы Заңның 18-бабында белгіленген тәртіппен үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін өтініш жасайды.
6. Уәкілетті компания үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алғаннан кейін тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын осы Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес үлескерлердің ақшасын тарту тәсілімен ұйымдастырады.
7. Осы баптың 3-тармағының 1), 2) және 3)тармақшаларында көрсетілген мүлік тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жергілікті атқарушы органда тіркелген кезден бастап үлескерлердің кепілдігінде деп есептеледі.
8. Осы баптың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мүлікті кепілге беруге жол берілмейді.
9. Уәкілетті компания тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын аяқтау жөніндегі міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда үлескерлер Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті компанияның банкроттық рәсіміне бастамашылық жасауға құқылы.
10. Уәкілетті компания банкрот болған жағдайда үлескерлер тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын аяқтау үшін Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй құрылысы кооперативін құруға құқылы.
11. Уәкілетті компания осы Заңның 17-бабында белгіленген тәртіппен үлескерге тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесін берген кезден бастап кепіл құқығы тоқтатылады.
4-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕСТІК
ҚАТЫСУ ТУРАЛЫ ШАРТ
11-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт
1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша нысанда жасалады және осы Заңның 12-бабында көзделген тәртіппен тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда оны есепке қойған кезден бастап жасалған болып есептеледі.
2. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың тараптары іс жүзіндегі мекенжайының және (немесе) басқа жеке деректерінің өзгеруі туралы күнтізбелік отыз күн ішінде бір-біріне жазбаша хабарлауға тиіс.
12-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алу
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар, сондай-ақ талап ету құқығын басқаға беру туралы шарт уәкілетті компанияның ұсынысы бойынша тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда есепке алуға жатады.
2. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты есепке алу уәкілетті орган бекіткен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқығын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
13-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты өзгерту және бұзу
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа ол жасалғаннан кейін тараптардың келісуі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа қосымша келісімдер де жергілікті атқарушы органдарда есепке алуға жатады.
Үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруіне ол шарттың бағасын төлегеннен кейін немесе бір мезгілде, уәкілетті компания келіскен жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес борышын қолма-қол емес тәртіппен жаңа үлескерге аударғаннан кейін ғана жол беріледі.
3. Үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруіне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда есепке алынған кезден бастап тараптар салынған тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесті беру туралы тапсыру актісіне қол қойған кезге дейін жол беріледі.
4. Үлескер – жеке тұлға қайтыс болған немесе ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда, оның тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұрагерлеріне ауысады.
14-бап. Үлескердің құқықтары мен міндеттері
1. Үлескер:
1) осы Заңның 22-бабында айқындалған ақпаратты алуға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруге;
3) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың талаптарын уәкілетті компанияның тиісінше орындауын талап етуге құқылы.
2. Үлескер:
1) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес уәкілетті компанияның банктік шотына қолма-қол емес тәртіппен ақша салуға;
2) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың талаптарын уақтылы орындауға;
3) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) тіркелген пайдалануға қабылдау актісі болған кезде үлескер уәкілетті компаниядан хабарлама алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде үлесін беру туралы шартқа қол қоя отырып, тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесін қабылдауға;
4) іс жүзіндегі мекенжайы және (немесе) басқа да дербес деректері өзгерген жағдайда бұл туралы уәкілетті компанияны күнтізбелік отыз күн ішінде жазбаша хабардар етуге міндетті.
15-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау
1. Үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта көзделген үлестің құнын төлеуі төлемдерді шартта белгіленген мерзімде уәкілетті компанияның банк шотына салу арқылы жүргізіледі.
2. Үлескердің міндеттемелері ол үлестің құнын толық көлемде төлеген және оны тұрғын үйден (тұрғын ғимараттан) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес қабылдап алған кезден бастап орындалған болып есептеледі.
3. Құрылыс салушының және (немесе) уәкілетті компанияның тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесті беру жөніндегі міндеттемелері тұрғын үй (тұрғын ғимарат) пайдалануға қабылдап алынған және тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесін беру туралы шартқа тараптар қол қойған кезден бастап орындалған болып есептеледі.
4. Мердігердің (бас мердігердің) кепілдікті мерзім бойынша міндеттемелері ол кепілдікті мерзім кезеңінде туындаған, жобалау-сметалық құжаттамада және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта көрсетілген тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы көрсеткіштері сәйкестігінің бұзушылықтарын жою жөніндегі міндеттемелерін орындағаннан кейін орындалған болып есептеледі.
5. Тұрғызылған тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлес үлескерге іс жүзінде берілгенге дейін оның кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелін уәкілетті компания көтереді. Тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлес іс жүзінде берілгеннен кейін кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелі үлескерге өтеді.
16-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тараптардың жауапкершілігі
1. Уәкілетті компания құрылыстың барысы мен сапасына бақылауды қамтамасыз ету бойынша жауапты болады.
2. Уәкілетті компания үлескерлермен жасалған, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта айқындалған талаптарда тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысы үшін енгізілген ақшаға билік етеді және мыналар:
1) үлескерлер ақшасының нысаналы және уақтылы пайдаланылуы;
2) объектіні салу кезінде нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарын сақтау;
3) пайдаланылатын құрылыс материалдарының, конструкциялардың, жабдықтардың сапасы және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу;
4) объектіні пайдалануға тапсыру мерзімдері;
5) үлескерге оның үлесін беру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта көзделген жауаптылықта болады.
3. Уәкілетті компания қойылған біліктілік талаптары арқылы мердігерді (бас мердігерді) таңдау үшін жауапты болады.
4. Уәкілетті компания үлескерді кезекті төлемді төлемегені туралы пошта арқылы хабардар етуге міндетті. Мұндай хабарлама салым тізімдемесімен тапсырыс хатпен жүзеге асырылуы немесе үлескерге қолхатпен жеке өзіне тапсырылуы тиіс.
Үлескердің шарттық міндеттемелерді орындаудан бас тарту фактісін тану үшін төлемді (төлемдерді) кешіктірудің жалпы мерзімі кемінде үш ай болатын төлемді (төлемдерді) төлемегені туралы кемінде үш хабарламаның болғаны белгіленуі қажет.
5. Үлескер кезекті төлемді төлемеген және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт талаптарына сәйкес осы баптың 4-тармағында айқындалған мерзім ішінде жазбаша өтініш бермеген жағдайда, уәкілетті компания мынадай шешімдердің бірін қабылдауға:
1) кейіннен талап ету құқығын басқаға беруді ресімдеуде жәрдем көрсете отырып (бұрынғы үлескерге енгізілген ақшаларын қайтара отырып), үшінші тұлғадан осындай үлесті төлеуге арналған қаржыландыруды (ақшаларды) қабылдап алуға;
2) шартты бұзуға және үлесті үшінші тұлғаға өткізуге және сатудан түскен ақшаны тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдап алған күннен бастап үш ай ішінде үлескерге қайтарып беруге не бұрынғы үлескер осы ақша үшін жүгінгенге дейін оның банктік шотта сақталуын қамтамасыз етуге құқылы.
17-бап. Тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесті беру
1. Уәкілетті компания үлескердiң салынған тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесiн оған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта көзделген мерзiмнен кешiктiрмей беруге мiндеттi.
2. Уәкілетті компания үлескерге оның тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлесiн берудi салынған тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін жүзеге асырады.
3. Салынған тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін уәкілетті компания үлескерлерге тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлестерiн беру жөнiндегi мiндеттемелерді мерзiмiнен бұрын орындауға құқылы.
4. Уәкілетті компания тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының аяқталғаны туралы және үлестің беруге дайын екендігі туралы үлескерге хат жіберуге, сондай-ақ үлескерді үлесті қабылдап алу қажеттігі туралы және үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта көзделген әрекетсіздігінің салдарлары туралы алдын ала ескертуге міндетті. Хат тапсырыс хатпен және пошта жөнелтілімін адресаттың алғаны туралы хабарламамен пошта арқылы жіберілуге немесе үлескерге қолхатпен жеке өзіне табыс етілуге
тиіс.
5. Уәкілетті компанияның тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының аяқталғаны туралы және тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлестің беруге дайын екендігі туралы жазбаша хабарламасын алған үлескер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта көзделген мерзімде немесе, егер мұндай мерзім белгіленбеген болса, көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны қабылдауға кірісуге міндетті.
6. Жұмыс нәтижелерін қабылдау уақытында ондағы жобалау-сметалық құжаттамадан және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттан кері шегінулерді анықтаған үлескер уәкілетті компаниядан тараптармен келісілген мерзімде анықталған кемшіліктерді жоюды талап етуге құқылы.
5-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕСТІК ҚАТЫСУ ТӘРТІБІ ЖӘНЕ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
18-бап. Үлестік тұрғын үй құрылысын ұйымдастыру
кезінде екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы тәсілімен немесе тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру тәртібі
1. Уәкілетті компания үлескерлердің ақшасын тартуды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатының негізінде жүзеге асырады.
2. Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Үлескерлердің ақшасын тартуға р