09 Сәуір, 2016

Тағдырлы дарын

366 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Жазушылар одағыҚазақстан Жазушылар одағында белгілі ақын Тоқаш Бердияров туралы жазылған «Көке» атты естелік кітаптың тұсаукесері өтті 80-ші жылдар екен... Жазушылар одағында кезекті бір әдеби жиын өтіп жатады. Жиналыс төрағасы – Әбіш Кекілбаев. Төрағаға жақындау отырған қызба ақын Тоқаш Бердияров кенет орнынан атып тұрып: «Маңғыстаудан Темірхан ақынды Алматыға алдырыңдар. Уақыт жетті...» дейді де алды-артына қарамай, сыртқа шығып жүре береді. Кітаптың тұсаукесері үстінде қазақтың танымал ақындары мен жазушылары тік мінезді, өр сөйлейтін, жалтаңды жаны сүймейтін Тоқаш Бердияровқа қатысты небір қызықты-қызықты естеліктер айтты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ақын Темірхан Медетбек әңгімесін: – Ақын інім Болат Шарахымбайдың жинақтың атын «Көке» қоюының өзі сол бір өткен жылдардың жылнамасы іспетті дер едім, – деп бастады. – Көзі тірісінде осынау жаратылысы ерекше, болмысы бөлек бұл азаматтың ізінен ерген інілері шын мәнісінде де ол кісіні «Көке» деп өттік. Тоқаш көкем – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ақындардың ішінде ең дарындысы еді. Өзгесін былай қойғанда, тағдырлы ақынның «Оқ пен гүл», «Ескі паравоздар» поэмалары оның есімін қазақ әдебиетінде өшпес белгі соққандай қалдырды. Ақынның жерлесі, белгілі жазушы Зәкір Асабаевтың Бердияровтың жеке басының мәдениеті туралы майын тамызып айтқан әңгімесі де тыңдаушысын тапты. Жыр жампоздары Аманхан Әлім мен Ұлықбек Есдәулет кешегі студент кездерінде арқалы ақынға серік бола жүріп жыр оқып, жыр тың­даған адуынды қимас сәттерді еске алып, тамсана айтып жұртты таңдандырды. Ара-тұра ақынның найзағай ойнағандай, төңіректі «күркіреткен» тосын мінездері мен қызықты-қызықты қылықтары туралы да айтылмай қалмады... Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары ақын Маралтай Райымбекұлы әріптесі Болат Шарахымбайға өз бетінше шығарған бұл естелік кітабы үшін алғысын білдірді. Одақтың жоспарында ақынның 90 жылдығын атап өту бар екенін де ескертті. Қазақ ақынының жоқтаушысы болған ақын Болат Шарахымбайдың еңбегін бағалап, Одақтың атынан қолдан құйылған Абай ескерткішін сыйға тартты. Көзі тірісінде «Тентек Тоқаш» атанған ақынның шырайлы шығармалары туралы ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің, белгілі әдебиет сыншылары Бейсенбай Кенжебаев пен Сағат Әшімбаевтың, жазушы Мархабат Байғұт пен ақын Есенғали Раушанның ақ параққа аппақ көңілмен жазып қалдырған ой-толғамдарын кітаптан оқи отырып, айрықша мінезді ақынның өткен өмір жолы расында да оқырманын терең ойға қалдыратыны бар екен... Кеш үстінде жазушы Зәкір Асабаевтың «Ақындарды түсіну керек. Ақындарды түсінудің өзіне еңбек керек...» деп қайталай-қайталай айтқан бір ауыз сөзі де көп жайтты аңғартып тұрғандай. Сол кеңес заманының өзінде, кезекті кітабынан алған қаламақысына туған ауылы «Ұшқын» мен Келес ауданының орталығы Абай ауылына дейінгі 10 шақырым жерге асфальт төсетіп, жол салдырған Тоқаш ақынның іс-әрекеті сол заманның өлшеміне, коммунистік мо­ральға қалай ғана сыйып кетті екен?! Жұмбақ! Темірхан ақын дөп басып айтқандай, «тағдырлы дарынның», тағдыры өз заманына жүк болған адуынды ақынның өмір жолынан сыр тербеген «Көке» кітабы қас пен көздің арасында тарап кетті... Айтпақшы, сөз соңында «Көке» кітабы жазушы Талғат Айтбайұлының жекеменшік «Тоғанай -Т» баспасынан 500 данамен ғана шыққанын да еске сала кеткенді жөн деп таптық. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.