Жаһандық экономикалық дағдарыстың дами түсуінен энергия мен минералдық ресурстардың ірі тұтынушы елдерінің экономикасы рецессияға ұшырауы, негізгі энергия тасымалдағыштарға бағаның төмендеуі және сәйкесінше экспорттаушы елдер үшін қаржы түсімдері көлемінің азаюы Қазақстанның экономикасы мен өндірісіне кері әсерін тигізуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы қараша айындағы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында «Қазақстанның экономикасына бүгінде бірқатар сыртқы факторлар кері әсер етуде, әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда. Жаһандық дағдарыс бізге байланысты емес. Жаһандық дағдарыстардан ешкім де сақтандырылмаған» деп атап көрсетті. Алайда, жаһандық дағдарыстың күрделілігіне қарамастан, барлық компаниялар одан әрі өсуге ұмтылуы қажет және сыртқы дүниенің шақыруына сәйкес реформалар жүргізуі қажет. «ҚазТрансОйл» АҚ-та бұл орайда Елбасының Қазақстан халқына өткен жылғы қараша айындағы Жолдауында белгіленген дағдарысқа қарсы стратегияның негізгі жорамалдарын жүзеге асыру үшін қандай жұмыс атқарылуда екендігін осы компанияның бас директоры (басқарма төрағасы) Нұртас ШМАНОВ былайша әңгімелейді.
– Нұртас Нұрыбекұлы, 2015 жыл Қазақстанның барлық өндірістік салалары, оның ішінде мұнай-газ секторы үшін іс жүзінде оңай болған жоқ. Жекелей алғанда, Энергетика министрлігінің мәліметтері бойынша, 2015 жылы мұнай және конденсат өндіру көлемі 79,46 млн. тонна құрады, бұл 2014 жылғы өндіру деңгейіне қатыстылығы жөнінде 98,3% құрайды. Сәйкесінше мұнай тасымалдау көлемі де төмендеуде. Компанияның таяуда жарияланған қаржылық есептілігіне сәйкес, компанияның шоғырландырылған таза пайдасы төмендеді. Компания қызметінің өткен жылғы негізгі көрсеткіштері туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
– «ҚазТрансОйл» АҚ магистралды мұнай құбыры бойынша еліміздің ұлттық операторы ретінде бұрынғыдай нарықта көшбасшы болып отыр, елімізде өндірілетін барлық мұнай көлемінің 50%-дан астамын тасымалдайды. 2015 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ компаниялар тобының мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау мен қотарудың шоғырландырылған көлемі 61 млн. тонна құрады, бұл жоспарлы көрсеткіштен 1,8 млн. тонна артық, бірақ 2014 жылғы ұқсас көрсеткіштен 3 миллион тоннаға азырақ. Осылайша мұнайдың шоғырландырылған жүк айналымы 45,5 млрд. тонна шақырым құрады, бұл жоспарлы көрсеткіштен 1,7 млрд. тонна шақырым жоғары және 2014 жылғы ұқсас көрсеткіштен 1,2 млрд. тонна шақырым артық. Атырау және Маңғыстау облыстарының тұтынушыларына су жеткізу көлемі – 2014 жылмен салыстырғанда 183 мың текше метрге артты. Тұтастай алғанда, біз өндірістік көрсеткіштердің негізгі жоспарларын орындап шықтық.
Ал атқарған қызметтің қаржылық нәтижелеріне келетін болсақ, 2015 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ-тың шоғырландырылған таза пайдасы 44,7 млрд. теңге құрады, бұл 2014 жылғы нәтижеден 3,7% төмен. Сонымен компанияның жекелеген таза пайдасы – 79,6 млрд. теңгеге едәуір өсіп, өткен жылғы нәтижеден 38%-ға жоғары болды.
«ҚазТрансОйл» компаниялар тобы үшін табыстың негізгі факторлары мұнай тасымалдау және қызметтерге тарифтердің көлемі болып табылады. Бұл жағдайда тасымалданатын мұнай көлемінің төмендеуі тасымал айналымының кемуіне себеп бола алмайды, керісінше былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өсім байқалуда. Мынаны айту маңызды, мұнайға әлемдік бағалар біздің тарифтердің деңгейіне әсер етпейді, өйткені, уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен тарифтік әдістемеге сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың пайдалану шығындары тарифке әсер ететін негізгі фактор болып табылады. Олар негізгі құралдардың құны, инвестициялар, қызметтер көлемі. Осылайша, мұнайға әлемдік бағалар есеп айырысу факторы ретінде тарифке қатыспайды. «ҚазТрансОйл» АҚ компаниялар тобының шоғырландырылған пайдасының төмендеуіне келетін болсақ, аталған жағдайда «Қазақстан – Қытай Құбыры» ЖШС-дағы қаржылық нәтижелердің нашарлауы кері рөлін тигізді, бұл негізінен 2014-2015 жылдардағы ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты болды.
– 2015 жылы алынған пайданың негізінде халықтық инвесторлар қандай дивидендтер күтеді?
– 2015 жылғы бір жай акция үшін есептегенде дивиденд сомасы мен мөлшері туралы шешім акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылданатын болады. Жиналыс биылғы жылғы мамыр айында өтеді. 2014 жылғы жақсы қаржылық көрсеткіштердің арқасында біз 2015 жылы акционерлерге 46,4 миллиард теңге мөлшерінде жоғары дивидендтер немесе бір акцияға 120,7 теңге төлеуге қол жеткіздік. 2012-2014 жылдардың қорытындысы бойынша біз барлығы 117 миллиард теңгеден астам жалпы сомаға дивидендтер төледік.
– Елбасы өзінің Жолдауында бюджет саясатын оңтайландыруға, мемлекеттік табыстар мен шығыстар жүйесін қайта қарауға ерекше назар аударған. Бұл тапсырма тек мемлекеттік органдарға ғана емес, сондай-ақ, бюджеттің табыс бөлігін құрайтын барлық ірі компанияларға да қатысты. «ҚазТрансОйл» АҚ сондай-ақ еліміздің ірі салық төлеуші компаниясы болып табылады. Жеке шығыстарды оңтайландыру үшін компания қандай шаралар қабылдауда?
– Мынаны атап өткен жөн, «ҚазТрансОйл» АҚ шығындарды тиімді басқару бойынша жүйелі жұмысты бірнеше жылдан бері жүргізіп келеді. Жекелей алғанда, 2012 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-та шығындарды басқарудың бағдарламасы жасалып, бекітілді. Оның басты міндеті өндірістік, жалпы, әкімшілік және тарифтік емес шығыстарды оңтайландыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру есебінен шығындарды оңтайландыру және одан әрі тиімді басқару болып табылады. Бағдарлама бес жылдық кезеңге арналып жасалған және жыл сайын бір жылға көкжиектің кеңеюімен жоспарлау өзектендіріледі. 2013-2015 жылдары барлығы, шығындарды басқару бойынша іс-шаралар арқасында, 7,6 млрд. теңге мөлшерінде экономикалық тиімділікке қол жеткізілді.
2016-2020 жылдарға шығындарды басқару бағдарламасы оңтайландыруды және өндіріске ресурстардың үлестік тұтынуын төмендету есебінен 23 млрд. теңгеден астам сомаға өндірістік шығыстарды қысқартуға және іске қосылмаған активтерді қысқартуға, сондай-ақ, тарифтік сметаларға кірмейтін шығыстарды қысқартуды көздейді. Осы арада мынаны атап айту керек, «ҚазТрансОйл» АҚ 2016-2020 жылдарға бизнес-жоспар қалыптастыру кезінде 11 млрд. теңге сомаға жоспарланатын шығындарды қосымша қысқартты. Энергия үнемдеу және жылу мен электр энергиясының нормативтік-техникалық шығындарын төмендету бойынша компанияда жүргізілетін жұмыстар нақты жағдайда істеуде және бірнеше жылдан бері үнемдеудің жоғары нәтижелерін беруде. Сорғы стансаларында жұмыстың оңтайлы режімдері өндірістік филиалдарға енгізілуі нәтижесінде біз электр энергиясын және газды тұтынуды едәуір қысқарттық. Мұнай айдауға электр энергиясының үлестік шығысы 2009 жылдан бастап 13,6%-ға – 2009 жылдан 2015 жылға дейін 5,44 мың кВт сағат/млн. тонна шақырымнан 4,7 мың кВт/млн. тонна шақырымға төмендеді. Газ тұтынудың динамикасы едәуір үнемдеуді көрсетіп отыр – 2009 жылы 165,3 млн. текше метрден 2015 жылы 127,4 млн. текше метрді құрады. 2009 жылдан бастап 2015 жыл аралығында энергия-ресурс үнемдеу саласында компанияда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде энергия ресурстарының негізгі түрлерін тұтыну 21%-дан астамға қысқартылды, және осы кезең ішінде мұнай тасымалдау жүк айналымы 6,13%-ға артты, су жеткізу көлемі 32,08%-ға ұлғайды. Ақшалай алғанда үнемдеу шамамен 7,2 млрд. теңге құрады.
Қосымша мынаны атап айтқым келіп отыр, 2015 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ компаниялар тобы мемлекеттік бюджетке бағыттаған барлық салық және өзге аударымдар 41,6 млрд. теңгеден астам құрады, оның ішінде ҚТО бойынша жекелей алғанда – 29,3 млрд. теңге болды, бірлескен-бақыланатын ұйымдар бойынша – 12,3 млрд. теңге аударылды, бұл Елбасының өткен жылғы қараша айындағы Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыруға ықпал етеді.
Біз шығыстарды оңтайландыру кезінде магистралды мұнай құбырларын дамытуға және сенімді жағдайда күтіп ұстауға бағытталған өзіміздің өндірістік бағдарламамызды қысқартпайтын болдық. Біз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз және ішкі нарыққа және экспортқа мұнайды уақтылы әрі іркіліссіз тасымалдау бөлігіндегі мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін орындаудамыз. Осыған байланысты, аталған өндірістік шығындарды үнемдеу біз үшін ерекше қымбатқа түседі және мемлекет имиджіне айтарлықтай залалын тигізуі мүмкін. 2015 жылы біз жалпы ұзындығы 175,6 шақырым мұнай құбырларының учаскелерін айырбастау бойынша барлық жоспарланған жұмыстарды атқардық. Жекелей алғанда, өткен жылы жүзеге асырылған ірі жобалардан, жалпы ұзындығы 102,6 шақырым «Туймазы – Омбы – Новосібір-2» (ТОН-2) магистралды мұнай құбырының қазақстандық учаскесінде құбырларды айырбастау жұмыстары жүргізілгенін атап айтқан жөн. ТОН-2 мұнай құбырын күрделі жөндеуді жүзеге асыру 2014 жылы басталған еді. Ол отандық мұнай өңдеу зауыттарына Батыс Қазақстанның мұнайын жеткізуді қамтамасыз ету және Омбы – Прииртышск – Атасу – Алашаңқай бағдары бойынша Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен Ресей мұнайын сенімді тасымалдау мақсатында жүргізілуде. 2016 жылы ТОН-2 мұнай құбырын жаңғырту аяқталады. Жоба шеңберінде барлығы 185,6 шақырым құбыр айырбасталады.
Сондай-ақ, 2014 жылдан бастап «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» және «Өзен – Жетібай – Ақтау» мұнай құбырларын жаңғырту жөнінде жұмыстар атқарылуда. Қазіргі кезде «Өзен – Жетібай – Ақтау» мұнай құбырын жаңғырту аяқталып, ол пайдалануға берілді. Тұтастай алғанда аталған мұнай құбырларын жаңғырту жобасы 2014-2017 жылдарға есептелген, ол Ақтаудан Атырау бағытына қарай Бозашы мұнайын сенімді тасымалдауды қамтамасыз ету үшін іске асырылуда.
Бұдан басқа, 2015 жылы жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын «Павлодар – Шымкент» мұнай құбырының учаскелері айырбасталды. Аталған жұмыстар Қазақстан – Қытай құбыр жүйесін кеңейту шеңберінде жүргізілді, бұл «Павлодар – Шымкент» мұнай құбырының Жұмағалиев – Атасу учаскесінде жылына 17,8 млн. тоннаға дейін өткізу қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді.
– Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында қойылған жаңа тапсырмаларды ескере отырып, компания ағымдағы жылы қандай жоспарларды атқармақ?
– Үстіміздегі жылы «ҚазТрансОйл» АҚ 663 шақырымдық МАС-ты (мұнай айдау стансасын) жаңғыртудан және аталған объектіні кеңейтуден кейін пайдалануға тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба Қазақстан – Қытай мұнай құбырын кезең-кезеңімен кеңейтуді жүзеге асыру шеңберінде атқарылады. Бүгінгі таңда 663 шақырымдық МАС Өзен – Атырау магистралды мұнай құбырынан Атырау мұнай өңдеу зауытына түсетін Маңғыстау мұнайын жеткізуде. Мұнай тасымалдау 663 шақырымдық МАС – Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай құбыры бойынша жүргізілуде. Жаңғырту нәтижесінде ішкі нарыққа (Павлодар мұнай-химия зауыты және Шымкент мұнай өңдеу зауыты) және Қытайға экспортқа Атыраудан Батыс Қазақстанның мұнайын жеткізуді қамтамасыз ету үшін Кеңқияқ – Атырау (жұмыстың реверстік режімінде), сондай-ақ 663 шақырымдық МАС – арқылы мұнайды айдауды іске асыру мүмкін болады. Біз биылғы жылдың үшінші тоқсанында жобаны жаңғыртуды аяқтауды көздеп отырмыз.
663 шақырымдық МАС-тың құрылысымен қатар «Кеңқияқ» басты мұнай айдау стансасын жаңғырту жүргізіледі. Бұл Атыраудан Батыс Қазақстан мұнайын «Кеңқияқ» басты мұнай айдау стансасына қабылдау көлемін ұлғайту үшін қажет, бірінші кезек шеңберінде – 6 млн. тоннаға дейін, екінші шеңберде – жылына 12 млн. тоннаға дейін, бұл Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбыры бойынша кейіннен тасымалдау үшін қажет.
– Жолдауда айтылған жаңа әлеуметтік саясат аясында жұмысшы кәсіптерін игеруге жастарды тартуға, сондай-ақ Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын дамытуға ерекше назар аударылған, онда әрбір адам өзінің еңбегімен мемлекетке пайда тигізуі қажет делінген. Өндіріске жастарды тарту және адам ресурстарын дамыту саласында «ҚазТрансОйл» АҚ-та қандай жұмыстар жүргізілуде?
– «ҚазТрансОйл» АҚ атқаратын басым істерінің тізіміндегі алғашқы орындардың бірін қызметкерлерді оқыту, біліктілік деңгейін арттыру алып отыр. Кәсіпорында еліміздегі және шетелдердегі жоғары оқу орындарында, бейіндік колледждерде және компанияның оқу-курс комбинатында мақсатты даярлықтан және қайта даярлаудан өткен жүздеген жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Бұдан басқа адам ресурстарын дамыту және ынталандыру жүйесін енгізу «ҚазТрансОйл» АҚ дамуының стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан да қызметкерлерді оқытуға барлық шығындарды адам ресурстарын дамытуға арналған ұзақ мерзімді инвестициялар ретінде қарастырамыз. 2015 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-тың көптеген жұмыскерлері өздерінің жұмыс тиімділігін арттыру үшін қажетті бірнеше мәрте оқып-үйренуден өтті. Оқытудың жалпы саны 557 іс-шараны құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 36%-ға артық. Оқып-үйренуден өткен жұмыскерлердің жалпы санынан 65%-ы өндірістік қызметкерлер. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарының едәуір бөлігі компанияның Батыс филиалындағы оқу-курс комбинатының негізінде жүргізіледі. Осы арада аталған оқу-курс комбинатын мұнай-газ секторында мамандар даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыратын ең таңдаулы бейіндік мекемелердің бірі деп толық айтуға болады.
Біз өз қызметімізде жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды, әсіресе, қызметкерлерге қамқорлық көрсетуді әрдайым назарда ұстаймыз. Осындай жұмыстың негізінде қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуына жағдай жасап, ұжымда тұрақтылықты қамтамасыз етеміз. Бұл және басқа қағидаттар «ҚазТрансОйл» АҚ-тың өз ұжымы алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі, өзекті басымдығы және адам ресурстарын басқару саласына бағытталған қызметі екендігі компанияның жаңартылған кадрлық саясатында белгіленген. Ол 2015-2019 жылдарға арналып қабылданған. Жекелей алғанда, бүгінгі күні компанияда кадрлық резерв қалыптастырылған, жастар саясаты жасалған. Біз өндірістен қол үзбей жұмыс орындарында оқытатын тәлімгерлік жүйесін кеңінен насихаттап, дамытамыз. Оны өз кезегінде ұжымда биік беделге ие мамандығының майталманы атанған мол тәжірибелі жұмыскерлер жүргізеді. Бұл біздің жұмысымызда өте маңызды болып саналады, өйткені, теориялық жағынан білімді болуына қарамастан, көптеген жұмыскерлер іс жүзінде біліктіліктің қыры мен сырына әбден қанығады. Бұдан басқа, жұмыс орындарында, өндірістен қол үзбей жыл сайын жұмысшыларды оқыту жүргізіліп келеді. Бұл біздің жұмысшылардың білім деңгейлерін қалыпты ұстауға және сәйкесінше деңгейін тереңдетуге өте қажет. Мынаны мақтанышпен айтқым келеді, біздің өндірістік объектілерде негізінен жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Олар озық технологиялармен және заманауи жабдықпен жұмыс істеуге машықтанған. Компанияда жоғары кәсіби мамандарды қашанда құрметтеу дәстүрге айналған. Сонымен бірге, университет қабырғасында жүрген болашақ мамандарды өзімізге тартуға белсенді түрде айналысудамыз. Міне, он жылдан астам уақыттан бері компания «Жас маман» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Оған қатысушылар жеке және іскерлік нәтижесі бойынша кешенді талдау негізінде іріктеліп бейіндік жоғары оқу орындарының студенттері атанады. Жас мамандар «ҚазТрансОйл» АҚ-тың құрылымдық бөлімшелерінің өндірістік объектілерінде өндірістік тәжірибеден өтуге ұйғарылған. Бейіндік мамандықтардың студенттеріне өндірістік тәжірибеден өту кезінде таңдаған бейіні бойынша жұмыс орны ұсынылып, екінші разрядты жұмысшы мөлшерлемесі бойынша жалақы тағайындалады, сондай-ақ, тәуліктік шығындары төленеді. Тұрғылықты жерінен тәжірибе өту орнына дейін жолақысы да компания есебінен өтеледі. Әрбір студентке компанияның тәжірибелі жұмыскерлерінен жеке тәлімгер бекітіледі. Біздің есігіміз әрдайым бейіндік студенттерге ғана емес, сондай-ақ, басқа мамандық иелеріне де ашық. Жыл сайын компания тәжірибеден өту үшін болашақ мамандық иелерін оқытуға бейіндік колледждер мен жоғары оқу орындарына жіберіп отырады. Тек 2015 жылдың өзінде ғана біздің өндірістік объектілерде 300-ден астам студент тәжірибеден өтті. Аталған объектілер Қазақстанның 11 облысында орналасқан. Міне, осыдан-ақ біздің даярлық орталықтарымыздың ауқымы қаншалықты кеңдігін білуге болады.
– Жолдауда айтылған дағдарысқа қарсы басты стратегия – әрекет етудің мынадай үш бағытын – өсім, реформалар және дамытуды айқындайды. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету және дағдарыстың осындай қиын-қыстау уақытында одан әрі дамуға «ҚазТрансОйл» АҚ-тың қосатын үлесі қандай?
– Қорытындысында мынаны атап айтқым келіп отыр, «ҚазТрансОйл» АҚ қазіргі кезде барлық қажетті инфрақұрылымға ие, көмірсутегінің әлемдік нарығына Қазақстан мұнайын сенімді және іркіліссіз жеткізуді жүзеге асыру үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Компания өзінің бүкіл қызметі кезеңінде мұнайды тасымалдау нарығында ұстанымын айтарлықтай күшейтіп, қолданыстағы магистралды мұнай құбырларын жаңғыртуды және жетілдіруді жүргізді, мұнай құбырларының өткізу қабілеттілігін кеңейту бойынша жобаларды, сондай-ақ мұнай тасымалдау жүйелерін интеграциялауды және мұнай тасымалдау бағыттарын әртараптандыруды жүзеге асырды.
Сонымен бірге, біздің ең маңызды міндетіміз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына мұнай тасымалдау үшін ішкі мұнай құбырлары желісін дамыту болып табылады. Бұл бағытта «ҚазТрансОйл» АҚ ағымдағы активтерді ұстауға инвестицияларды жүзеге асырады, мұнай құбырларының желілік бөлігінің сенімділігін қамтамасыз етіп, сорғы стансаларының тиімділігін жоғарылатады.
Қазір «ҚазТрансОйл» АҚ Қашағанда және Қазақстанның басқа кен орындарында мұнай өндіру басталған кезде өнім көлемін тиісті арттыруға және жеткізу көрсеткішін ұлғайтуға, сондай-ақ тасымалдауды іркіліссіз жүргізуге магистралды мұнай құбырлары жүйесін сенімді жағдайда күтіп-ұстауға жұмыстарды одан әрі жүргізе бермек. Өндірістік бағдарламаны атқарумен қатар біз компанияның шығындарын оңтайландыру және трансформациялау бойынша жұмыстарды да жалғастыра береміз. «ҚазТрансОйл» АҚ шығындарды басқару бағдарламасын жүзеге асыру үшін тиімді бақылау мен мониторингті де қолдай бермек. Осы аталған шаралар нәтижесінде, «ҚазТрансОйл» АҚ алдағы кезде де қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылардың мұнай-көлік қуаттылығына барлық қабілеттілігін дер кезінде қамтамасыз етуге әрдайым дайын тұрады.
– Бәрекелді! Істеріңізге сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».