немесе композиторды қайтпас сапарға шығарып салған ән
Биылғы жылдың басында «Хабар» Агенттігі» АҚ тапсырмасымен «Көркем фильм» киностудиясы қазақтың қайталанбас композиторы Нұрғиса Тілендиевтің таланты мен музыкалық туындыларына арналған «Құстар әні» 5 сериялы фильмін көрерменге тарту еткен-ді.
Ұлтымыздың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер 500-ден астам ән жазса да, неге сазгердің бүкіл шығармашылық ғұмырына арналған картина осы әннің атымен аталды? Бұл – кездейсоқтық емес. Композитор қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен екен. Неге? Бұл да – кездейсоқтық емес.
Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей.
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал, адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай,
жылай да алмай қалады.
Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктемде.
Өскен жерге сыймай кетіп барады,
Туған жерін қимай кетіп, қимай кетіп барады.
Ғаламат қылқалам шеберінің қолынан шыққан сурет сияқты көз алдыңда көлбеңдейтін осы бір әнде бүкіл тіршілік біткеннің тағдыры жатқан жоқ па? Адамның мұңы, қайғысы мен қуанышы аралас басы бүтін ноталардан мін таппассың. Толайым талант тудырған бұл ән қалай өмірге келген?
Табиғат та түлейді. Көктемнің күтіп тұрған жазы бар болса, адамдар да өз өмірінің күзінен қашып құтыла алмас. Құстар да қақаған қыстың алда екенін қанаттарының мұңды суылымен меңзеп, алыс-алыс жылы жақтарға қарай ұзақ сапар шегеді. Жыл құстарының қыстаудан кейін өз ұяларын қалай табатындығының сыр-себебін әлі ешкім ашып айта алмайды. Ал өз ұясына қайтпай қалатындары қаншама? Адамның сол құстардан айырмашылығы бар ма? Тәңірдің де, табиғаттың да алдында тіршілік біткен дәрменсіз.
«Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс қой, оның денесінен бір жапырақ етті үзіп алып, лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүлкілдеп, өлең айтып жатады», деп Қанабек Байсейітов айтатынындай, ұлы композитор осынау құбылысты «Құстар қайтып барады» әніне сыйғызды.
Сонымен, 1965 жылы ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарған екен. Ол кезде еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар.
Бірде жұмыстан шығып, көңілсіз күйде үйіне қарай тартады. Сірә, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек. Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағына аяңдай келіп, орындыққа отырып, айналасына қарай бастайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған өзге құстар, оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шоқып, мазасын алады.
Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас», деген ойға келеді. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім» – деп үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып береді. Саябақтағы оқиға сазгер жүрегінде қалып, көңіліне тигені соншалықты, ол «Құстар қайтып барады» әнін дүниеге әкеледі.
Кейін Тұманбай Молдағалиев бауырын шақырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтып береді. Ақын інісі ағасын мұқият тыңдап, ән мәтінін жазуға бел буады. Осылай «Құстар қайтып барады» әні халық назарына ұсынылады.
Бұл әннің алғашқы орындаушысы – Қазақстанның халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста сол кезде өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер шырқады. Осы әннің арқасында олардың есімдері елге кеңінен таралды.
Бар халық осынау ғажайып әннің әлдиіне бөленді. «Құстар әні», «Бара жатыр құс қайтып», «Құстар қайтып бара жатыр» деген атауларға ие болды. Сазгердің жүрегінен шыққан әуенді сырын бұзбастан тек шебер орындаушы ғана жеткізе алады. «Құстар қайтып барады» әнін Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты саз өнерінің майталмандары шырқады. Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде өз концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтайды екен. Өзі шығарған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше санаған.
Жоғарыда атап өткендей, композитор қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен екен. Әйгілі композитордың музыкалық мұраларының жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет те бар.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.