12 Сәуір, 2016

Бейбіт атом – ен байлық көзі

477 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Медиев-2– Мен, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұзақ жылдар Қарағанды облысында басшы қызметтер атқарған, жуырда ғана «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» атағының тұңғыш иегері болған Қасымбек Медиұлы МЕДИЕВ, – ядролық жарылыстардың зардабын өте қатты тартқан, полигонмен жапсарлас жатқан Егіндібұлақ ауданында 1964-1969 жылдар аралығында еңбек еттім. Яғни, бұл кесапаттың қазақ халқының басына қаншалықты қайғы-қасірет әкелгенін көзбен көріп, жүрекпен сезінген адамның бірімін. Сондықтан да, 1991 жылдың 29 тамызында, кеңес басшы­лы­ғының айтқанына және КСРО-ның әскери-өнеркәсіптік кешенінің қарсылығына қарамас­тан, Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойғанында ерекше қуанған жандардың қатарында болған едім! – Қасымбек Медиұлы, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы әріп­тестік негіздегі қарым-қаты­нас­қа ерекше мән берілді. Аталған халықаралық ұйым­мен арадағы тығыз байланыс біздің елге қандай пайдасын тигізеді деп ойлайсыз? – Қазіргі таңда Қазақстан МАГАТЭ ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Елімізде халықаралық отын банкін орналастыру жөніндегі келіссөздер осының айғағы. Бұдан бөлек, елде атом стансалары да салынбақшы. Ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан бейбіт мақсаттағы ядролық бас­тамалар көтеріп, әлемнің өзге елдеріне үлгі танытып келеді. Яғни, атомды бейбіт мақсатқа қолдану берекенің бастауы екенін дәлелдеу – біздің елдің басты нысанасының бірі болмақ. «ХХІ ғасырда әлемге тыныш­тық керек!», – деді Елбасы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттегі «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялағанында. Бүгінгі күнде бүкіл әлемді үрей құшағына алған ғаламдық бұл м­әселеге Қазақстан басшысы терең талдау жасады, тығы­рық­тан алып шығарар нақты жол­дарды ұсынды. Әлемдік қауым­дас­тық Қазақстанның және оның басшысының жердің бетін ядролық қарудан тазарту жөнін­дегі ұсыныс-тілектерін оң бағалайды деп сенемін. Мұның өзі біздің еліміздің халықаралық аренадағы жағымды имиджінің қалыптасып, беделінің артуына ықпал етері сөзсіз. Сайып келгенде, бұл Қазақстанның әлем елдерімен қарым-қатынасына оң әсерін тигізіп, оның экономикалық байланыстарының нығаюына да септігін тигізеді емес пе?! Бүгінгі күнде әлем елдері Ядро­­­л­ық материалдарды қор­ғау туралы конвенцияны рати­фика­­циялауға асығар емес. Ал  бұл дегеніңіз, қауіпсіздік сала­сындағы ең негізгі құжат. Сондай-ақ, ядролық қарудан бас тартқысы келетін елдерге нақты кепілдік беру мәселесі де күн бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Біздің ел болса еш кепілдіксіз, төртінші ядролық арсеналдан 20 жыл бұрын өз еркімен бас тартқан еді. – Бәзбіреулер «Ядролық қарудан бекерге бас тарттық, ол бізге айбар болар еді ғой», деген сыңайдағы пікір айтады. Бұған қандай уәжіңіз бар? – Өз басым ядролық қарудан бас тарту – өте дұрыс қабылданған шешім деп санаймын. Әрбірден соң, Қазақстанның осы игі іске алғаш бастамашы болғанын мақтан да етемін! Қазақта «Тентек шоқпар жияды» деген сөз бар. Егер де біз ядролық қарудан бас тартпай, сыңарезу саясат ұстанған болсақ, әлем халқы бізге құрметпен емес, күдікпен қарар еді. Әлбетте, мұның арты жақсылыққа апармайды. Оны мына Солтүстік Корея­ның мысалынан көруге болады. Сондықтан да, адамзат баласына қатер төндіретін қарудан бас тартып, өркениет көшіне ілескен елдердің қатарында болуымыз қазақ халқына бұйырған бақ деп түсінген жөн. Әлемге біз алапат қарумен емес, эконо­микалық-әлеуметтік және мәдени әлеуетімізбен сыйлы болғанымыз артық. – Ядролық қарудан ада әлем орнату жөніндегі саяси маңызы зор істе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алар орны туралы не айтар едіңіз? Елбасының бұл ерлік ісін бүкіл әлем әлдеқашан мойындаған. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Әбішұлы атом қаруынан бас тарту жөніндегі аса күрделі жұмыстарды ұзақ жылдардан бері табанды түрде жүргізіп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі 29 тамызды, Семей полигоны жабылған күнді Ядро­лық сынақтарға қарсы күрес­тің халықаралық күні деп жа­рия­лаған жоқ па? Осыдан-ақ әлемдік қауымдастықтың біздің елдің, оның басшысының бұл шешіміне деген үлкен құрметін, жоғары бағасын байқауға болады. «Қазақстандағы ядролық сынақтардың ауыр салдары және Ядролық сынақтарға жаппай ты­йым салу туралы шарттың тезірек күшіне ену қажеттігі туралы біз бастамашылық еткен АТОМ жобасында халықаралық деңгейде айтылған, оның идеяларына 100-ден астам елдің қарапайым тұрғындары қолдау көрсетті», – деп бұған ерекше маңыз берген еді Елбасының өзі. Небір сынақтардан өткен сая­саткер, Семей ядролық поли­го­нын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған қайраткер тұл­ға ретінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл адамзат баласының тағдырына алаң­дайды. «Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауымыз керек. Бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және мил­лиондаған адамдарының күш-жігерін өткен ғасырлардың қасі­ретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатері­нен әрқашан арылту үшін біріктіру қажет», деді Елбасы саммиттегі сөйлеген сөзінде. Бұдан асырып айтудың өзі ақылға сыйымсыз шаруа және де оның қажеті де жоқ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.