Жаңашылдық
Аман ердің аты шығады дейді халқымыз. Тоталитарлық режім қыспағынан аман шығып Тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз – Қазақ елінің басты бақыты. Тәубеге келу, шүкіршілік ету дегеніміз, міне, осы да. Егер дәл осы ойдың жетегімен әңгімемізді әрі қарай жалғасақ, амандығымыз босағаның беріктігіне де байланысты екенін байқаймыз. Еліміздің сондай босағасының бірі – Батыс Қазақстан. О бастан өзінің геосаяси және геоэкономикалық қарым-қатынастарын оң жолға қоя білген өңірде бүгінгі күні тың жобалар жүзеге аса бастады. Оның үстіне өткен наурыз айында Президент Жарлығымен Алтай Көлгіновтің Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалуы аймақтың алға басуы үшін соны бір серпін әкелгені сезілгендей көрінеді. Облыс басшысының Ұлт Жоспарында қойылған «100 нақты қадамды» іске асыруға байланысты өткізген баспасөз мәслихатында да жаңашылдық пен жасампаздық ахуалы айқын аңғарылды. Атап айтқанда, «100 нақты қадам» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған. Мұндағы басты мақсат экономикасы дамыған, ғылымы мен білімі өркендеген және рухани қазынасы байыған мемлекет құру. Тек осындай жағдайда ғана бәсекелестікке төтеп беруге болады. Ендеше, нақты қадамға нақты іс-қимыл жоспары қажет екені талас туғызбайды. Осы тұрғыда облыстың жаңа басшысы не дер екен деген журналистік әуестіктің басым түскенін де жасырып қала алмаймыз. Жоқ, босқа күдіктенген екенбіз. Облыс басшысы болып тағайындалғанына үш аптаға да тола қоймаған А.Көлгінов бес реформаның бағытынан тамыр тартатын жергілікті атқару органдарының міндеттерін тайға таңба басқандай айқындап берді. Баспасөз мәслихаты үстіндегі нақты тұжырымдар, нақты сұрақтарға қайтарылған нақты жауаптар аймақтың жаңа басшысының бұл басқосуға жан-жақты әрі тыңғылықты әзірліктермен келгенін көрсетті. Бес бағыт, бес реформа бойынша Орал өңірінде атқарылуға тиісті жобалар мен бағдарламалар жүректерге жеткендей әсер қалдырды. Бірінші реформа кәсіби мемлекеттік аппарат құру десек, бұл тұрғыда А.Көлгінов Орал өңірінде де мемлекеттік қызмет кез келгеннің қолжаулығы бола алмайтынын атап көрсетті. Тек төменгі буыннан тәжірибе алған кезде ғана одан жоғары лауазымға орналасуға жол ашылады. Біздің мақсатымыз өзіндік ой-пікірі бар, бастамашылдық таныта білетін, білікті де білімді, кәсіби деңгейі жоғары азаматтардың іс басына келуіне жағдай туғызу. Бұл үшін облыста қажетті ресурстар мөлшері қаралды, деді ол. Сондай-ақ, оның айтуынша, республикада Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі өкіл институты енгізілуіне орай облыс әкімдігінде де Әдеп жөніндегі уәкіл бекітіліпті. Ол азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерді қабылдап, қажетті көмектер мен кеңестер бермек. Олардың конституциялық құқықтарын қорғауға да өз ықпалын тигізбек. Алдағы 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы олардың қызметінің сапасы мен нәтижесіне байланысты төленбек. Бұл тұрғыда біз әділдік пен тазалықтың үстем түсуіне барынша мүдделі болып отырмыз, деп ой қорытты Алтай Сейдірұлы. Есеп беруші екінші реформа бойынша жергілікті полиция қызметінің ерекшелігіне кеңірек тоқталды. Бұл бір сөзбен айтқанда, тұрғындарға ең жақын құрылым. Оның құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан жыл басынан бері өңірдегі жергілікті полиция өкілдерінің тындырған істері айтарлықтай. Ең бастысы, оларға халықтың сенімі нығайып келеді. Бұл, біріншіден, тұрғындармен ашық әңгімеге келіп, қоян-қолтық жұмыс жасаудың нәтижесі, деді облыс әкімі. А.Көлгінов баспасөз мәслихатында бұдан кейінгі үшінші, төртінші және бесінші реформаларға сәйкес облыста ертеңгі күні атқарылатын істерге екпін түсірді. Біздің алдымызда облыста индустриялық-инновациялық даму қарқынын жеделдету және аймақ аумақтарын әлеуметтік тұрғыдан одан әрі жаңғырту міндеттері тұр, деді бұдан әрі ол. Өткен жылы өңір экономикасын өркендетуге тартылған инвестиция көлемі алдағы 2014 жылмен салыстырғанда 28 пайызға өсіпті. Дегенмен, бұл деректі қанағат тұтып отыра беруге болмайды, деді облыс әкімі. Бұдан кейін терең талдаулар мен сараптамаларға қарай ойысқан өңір басшысы инвестицияның басым бөлігі негізінен өңдеу өнеркәсібіне тиесілі екенін айтып берді. Сондықтан, ауыл шаруашылығымен айналысатын шалғай аудандарда мал басын өсіру және ет пен сүт өндіру әрі оның өнімдерін өңдеу арқылы қосымша инвестиция көздерін тарту қарастырылып отырғаны да әкім есебінің желісінен көрініс тапты. Бұдан әрі жаңа өндіріс орындарын жасақтау мен істеп тұрған өндірістерді кеңейту арқылы – жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігі айтылды. Мұндай мысалдар жеткілікті. Соның басында Орал трансформатор зауыты тұр. Отандық кәсіпорын өз өнімдерін экспортқа, соның ішінде ТМД елдері мен Иранға шығаруды көздеп отыр. Екінші бір іргелі нысан қатарында өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, қуат көздеріне деген тәуелділікті еңсере білген «Батыс Пауэр» компаниясы бар. Бүгінде аталған газды-турбиналы стансаның екінші кезегі кешенін қолға алу белгіленген. Биыл облыста индустрияландыру картасы бойынша жүзеге аса бастаған жобалар да бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Қазіргі кезде бал татыған бекіре балық пен оның қара уылдырығы еске түскен кезде тек жұтынып, тамсанып қана қоямыз. Айтайын дегеніміз, биылға жобалардың арасында бекіре балық пен қара уылдырық өндірілетін кешеннің орны бөлек. Жабық су айдыны жағдайында іске қосылатын айрықша жобаның жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күні шекаралық аймақта бірлескен кәсіпорындар құру ісіне де жаңаша көзқарас қалыптасып келеді. Өйткені, бұл үрдіс сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдетудің басты бір жолы. Әрі басты бір көзі. Батыс қақпада біріккен кәсіпорындарды көбірек құруға деген көзқарас осындай өміршең ойдан бастау алғаны анық. Оның алғашқы легінде «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ тұрғаны да басы ашық мәселе. Бұл Орал өңіріндегі экспорттық өнімдер шығаруға бағытталған ірі Қазақтан – Ресей кәсіпорны болып табылады. Бүгінде олар өздерінің басты өнімдері ұн мен макарон бұйымдарын Армения мен Ресей Федерациясына шығарып отыр. Бұлардан ішкі және сыртқы рыноктарға жүзден астам ет консервісі өнімдері түрлерін шығаратын «Кублей» ЖШС-де қалыспай келеді. Біз облыс тұрғындары арасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын белгілеп отырмыз, деді баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов. Ауылшаруашылық өндірісін әртараптандыру ісі де ұдайы назарда ұсталмақ. Зеленов ауданында етті бағытқа негізделген құс фабрикасы құрылысының жүріп жатқаны осы пікіріміздің бір дәлелі. Аталған жоба облыс тұрғындарын құс етімен қамтымақ. Әрі жүздеген жаңа жұмыс орындарының іске қосылуына септігін тигізбек. Ақжайық аумағындағы шешімін толық тауып үлгермеген мәселелердің бірі – автожол құрылысы. Осынау проблемалық сипаттағы мәселеге жан-жақты тоқталған брифинг беруші жарамды және қанағат тұтуға тұратындай өңірдегі автомобиль жолдары жалпы ұзындықтың 38,1 пайызын құрайтыны жөніндегі деректі алға тартты. Аталған мәселеде алдағы атқарылуға тиісті істер мен жобалардың ауқымдылығы да осыдан көрінеді. Биыл облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға жөндеу жүргізуге әрі оны ұстап тұруға бөлінген қаражат мөлшері тиісінше тоғыз және алты миллиард теңге. Баспасөз мәслихатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сай адам капиталы сапасын көтеру туралы ой қозғалды. Сондай-ақ, экономиканың алты негізгі саласы үшін өңір аумағындағы арнаулы және жоғары оқу орындарында білікті кадрлар әзірлеу мәселесі сөз болды. Мұның өзі әріптестік негізде таңдалмақ, деді А.Көлгінов. Осы орайда, Батыс Қазақстан индустриялық колледжі мен өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорындар арасында қол қойылған келісімдер қазірдің өзінде нақты нәтижесін беруде. Өзара ынтымақтастыққа сәйкес колледждің инженерлік-педагогикалық ұжымы Астанада және Белоруссияның Минск қаласында біліктілігін көтергені осының дәлелі. Міне, осылайша облыс басшысы Ұлт Жоспарында қойылған «100 нақты қадам» бойынша Орал өңірінде алдағы уақытта атқарылатын сан алуан істер мен жарқын жобаларды жаңашыл да жасампаз леппен баяндап берді. Ұлт Жоспары жай жоспар емес. Бас жоспар. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуды көздеген қабырғалы құжат. Барша қазақстандықтарға бүгінгі күрделі және дағдарысты кезеңнің зардабын тарттырмауға барынша жағдай туғыза алатын кең ауқымды байыпты бағдарлама. Мемлекет басшысы белгілеп берген Ұлт Жоспарының жүзеге асуына үлес қосу бәріміздің ортақ парызымыз, деп түйіндеді өз ойын Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.Жер
Ұлт Жоспарына сай пайдаланылмақ
Бүгінгі күні еліміздегі барлық атқарушы органдар жетекшілері өз іс-қимылдарын Ұлт Жоспарында қойылған міндеттерге қарай бағыттап отыр. Солардың бірі Батыс Қазақстан облысының жаңа әкімі – А.С.Көлгінов. Оның біріншісі кезекте Орал өңіріндегі ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселесіне назар аударғаны, бұл жөнінде жер қатынастары мәселелерімен айналысатын жергілікті ведомстволарға тиісті тапсырмалар бергені батысқазақстандықтарды бір серпілтіп тастады. Бұл жөнінде «100 нақты қадамның» ішіндегі 35 және 36-қадамдар ісімізге нақты бағдар болып табылады, деді ол газет тілшісіне. Облыс басшысы қойған нақты тапсырмаға орай қазіргі күні облыста пайдаланылмай жүрген жерлерді анықтау және оларды нарықтық айналымға қайта енгізу ісі қызу қолға алынды. Осы орайда кейбір деректерді алға тартар болсақ, бүгінгі күнге дейін аймақтағы бос жатқаны анықталған жерлердің 71,3 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылған. Соның ішінде оның 51,6 пайызы ауылшаруашылық мақсатындағы айналымға тартылған. Ендігі мақсат иесі бола тұра, оның киесін ескермей жүрген меншік иелерінен қалған 29 пайыздық жерді мемлекет меншігіне қайтару болып отыр. Ашығын айтқанда, жерді бостан-босқа аздыру мен тоздыру немесе оны өз мақсатына пайдаланбау – үлкен күнә. Кәдімгідей кінә. Мұндай жағдайда оның мемлекет есебіне өткені аса пайдалы. Бұл үшін облыста жер қатынастары мәселелерінде белгіленген заңдылық пен нормативтерге сай аукциондар өткізу белгіленген. Осылайша, бос жерлер аукционға қойылмақ. Облыс басшысы Алтай Көлгінов жер мәселесіне байланысты өткізілетін аукциондар жасырын емес, жариялы түрде болатынын жария етті. Соған сай мұндай деректер барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ. Сонымен бірге, бұл тұрғыда жерді иеленуді, немесе оны жалға алуды мақсат еткендер интернет көздеріне де арқа сүйей алады. Мұндағы басты мақсат пен басты ұстаным – біреу ғана. Кімдекім жермен өз деңгейінде жұмыс істеуге құлқы соқпаса немесе оны тиімді пайдалануға ұмтылмаса – оларға жер телімдері бөлінбейді. Бұған қоса, аукционға қойылған талаптар бойынша болашақ жер иелері жұмыс орындарын ашуға әрі салық түсімдерін тұрақты төлеп тұруға тиісті. Жер қатынастары мәселесіне байланысты тағы бір түйін оны аудандар дамуының жаңадан қабылданған немесе жаңадан қабылданатын бас жоспарларына сәйкестендіру, деді бұдан әрі өз сөзінде облыс әкімі А.Көлгінов. Қазіргі кезде бұған дейін пайдаланылып келген бас құжатттар бүгінгі өскелең талаптар деңгейіне жауап бере алмайтыны белгілі болып отыр. Бұл көрініс, біріншіден, оны жасақтауға жеткілікті қаржының бөлінбей келгендігінен орын алған. Қысқасы, бас жоспарсыз ауыл шаруашылығы саласында шұғылдануға тілек білдіргендер немесе өндірістің өзге түрімен айналысуға бел буғандар жерге қол жеткізе алмайды. Әңгіменің қысқасы, облыс орталығы мен әр ауданының бас даму жоспары болуы қажет. Тек соған сәйкес толық жобалау жұмыстары жүргізілмек. Тек сонда ғана жермен жұмыс істеуге ниет білдіргендер мен бизнес өкілдеріне жер телімдері бөлінбек. Міне, бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысының жаңа әкімі Алтай Көлгіновтің жерді пайдаланушыларға қойып отырған басты талабы осындай. Бұл міндет жер қатынастары мәселелерінде және Ұлт Жоспарында, жоғарыда айтылғандай, оның 35 және 36-қадамдарында Елбасы қойған міндеттермен тығыз үйлесім табады.
Бизнес-омбудсмен институтымен бірге
Ақжайық аймағында Ұлт Жоспарындағы 54-қадамға сәйкес кәсіпкерлер мүдделері мен олардың заңды құқықтарын қорғауға жан-жақты көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда еліміздегі бизнес-омбудсмен институтымен байланыс ұстау ісі Елбасы Жарлығы бойынша жаңадан тағайындалған облыс әкімі А.Көлгіновтің басты назарында болып отыр. Осы орайда, облыста Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша өкілетті уәкіл Болат Палымбетовпен өңірге инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әртүрлі әкімшілік кедергілерді жою жөнінде ортақ ұйғарымдар жасалды. Бүгінде Орал өңірінде атқарушы билік пен бизнес өкілдері арасындағы іскерлік қатынастар нығайып келеді. Мұнда кәсіпкерліктің дамуы мен табысты жүруі және бәсекелестіктің өрістеуі үшін тиісті жағдайлар туғызылу үстінде. Әйтсе де, біз мұнымен шектеліп, тоқталып қала алмаймыз. Бұлай істеуге тиісті емеспіз. Бұл біздің іс-қимылымыздың басты бағыттарының бірі болып қала бермек, дейді облыс әкімі. Сондай-ақ, соңғы кезде өңір жетекшілері мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында орныға бастаған байланыстар да өз нәтижесін береді деп күтілуде. Қазіргі күні ауылдарда кәсіпкерлікті өрістетудің жаңа тынысын ашу үшін нақты шаралар белгіленді. Оның басты жолы ауыл тұрғындарына шағын несиелер беру ісінен көрініс таба алады. Бұл бағыт бойынша Ақжайық аймағы республика, облыстар арасында алғашқы үштіктің қатарында тұр. Аталған мәселеде туындаған жайттарды жергілікті жерде шешу қажет деген бизнес-омбудсмен Болат Палымбетовтің ұсынысы өңір басшысы тарапынан түсіністікпен қабылданды. Тағы бір айтарымыз, өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларында қалалық және облыстық мәслихаттар депутаттарының мандатын иеленгендердің отызы кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері екен. Мұны өкілетті уәкіл оң және жағымды жайт ретінде бағалады. Өйткені, олар өңірде кәсіпкерлік қызметтің өрістеуіне ықпалын тигізіп, байыпты бағдарламалардың жүзеге асуына бастамашы болмақ, деді ол. Облыста ұзын саны 47 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі бар. Осы арқылы 108 мың адам нәсібін тауып жүр. Жалпы, өңірлік өнімнің 38,8 пайызы шағын және орташа бизнес өкілдерінің үлесіне тиеді. Әйтсе де, «Атамекен» ҰКП-ның тапсырысы бойынша экономикалық зерттеулер институты жүргізген «Іскерлік ахуал» рейтингтік бағалау көрсеткіштеріне сүйенсек, өңірде бизнестің дамуына жағдай туғызу ісі алдыңғы жылдарда соңғы орындардың бірінде қалып қойғанын көреміз. Аталған әлеуметтік зерттеулер жүйесі әкімшілік реттеу, мемлекеттік қолдау, жылжымайтын мүлік, адами және қаржы ресурстары секілді бес қағидаттан тұрады екен. Осындай сипаттағы бизнес-ортаны бағалау тәсілі бойынша Батыс Қазақстан облысы өткен жылы он үшінші орынға табан тірепті. Әрине, қол соғатындай көрсеткіш емес. Дегенмен, соңғы уақытта сең сөгілгені, сөгілгенде де омырылып қатты сөгілгені, Орал өңірінде кәсіпкерлік пен бизнесті дамыту жөнінде нақты да іргелі шаралар белгіленгені көңілге үлкен медеу. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын.