Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Нұртай Әбіқаевтың төрағалығымен өткен кезекті төралқа мәжілісінде академия мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасын қолдау мақсатында құрылған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Қазақстан-2020» атты демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясына кіретіндігін мәлімдеді.
Мәжілісте сөз алған төралқа мүшелері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізуге қолдау білдіргендердің саны 5 миллионнан асуы елдің Елбасына ерекше құрметін әрі оған деген сенімін көрсететінін атап өтті.
Елбасы Қазақстанды басқарған алғашқы жылдан бастап өзінің көреген басшылығы мен сарабдал саясаты арқасында әлемдік державаларды мойындатқан тұлға ретінде, елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына пайым-парасатын, күш-жігерін аямай жұмсап келеді. Отанымыздың білімі мен ғылымына деген көрегендік көзқарасы тым ерекше. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Елбасы Жарлығымен жүзеге аса бастады. Еліміздің онжылдықта алар асуы айқындалған бағдарламада отанымызда білімді ұрпақты оқытып, тәрбиелеп өсіру мәселелері айқындалған. Әсіресе, дарынды жастарды әлемдік аты шыққан университеттерде оқыту идеясының авторы да Нұрсұлтан Әбішұлы екенін әрбір қазақстандық ерекше мақтанышпен айтады. Ғылым мен инновацияны кеңінен дамыту күн талабы екенін дөп басқан Елбасы, ғылымды дамытуды өрістету мақсатында қаржыландырудың бірнеше тетіктерін ұсынып, ғылыми жобаларды іске асыру үшін тікелей ғалымдардың өзіне берілетін гранттық қаржыландыруды ұсынды. Мұны ғылыми көпшілік көптен күткен еді. Ұзақ мерзімге бағдарламалар жасауда Президенттің көрегендігін бірден байқауға болады. Еліміздің ғылыми-инновациялық өркендеуіне бағытталған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасында адами капиталды дамытуға мықтап ден қоюы еліміздің ертеңін ойлаған басшының ғана қолынан келетін шаруа. Парламент Мәжілісінде мақұлданған «Ғылым туралы» заң жобасында елдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатқан ғалымдардың мәртебесін арттыруға баптардың енгізілуі тікелей Елбасының тапсырмасымен орындалғанын отандық оқымыстылар орынды мақтан етеді. Біздер, ғалымдар, Елбасының 2030 жылдарға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық жоспарларын іске асыруға мүмкіндік беруіміз керек деп есептеймін. Сондықтан, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының референдум өткізу мақсатында құрылған коалицияға кіруін қолдауларыңызды сұраймын, деді осы академияның вице-президенті, академик Кәрімбек Құрманалиев.
Мәжілісте шығып сөйлеген төралқа мүшелері Б.Әбдірәсілов, Н.Бектұрғанов, Е.Омаров, С.Маусымбаев және басқалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасын қолдау мақсатында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен құрылған коалицияға академияның кіргенін жөн көретіндігін және қолдайтындығын тілге тиек етті.
Ұсыныс бірауыздан қабылданды.
«Егемен-ақпарат».