Алаш қайраткерлері мен қазақ зиялылары туралы не білеміз?
Бұл мәселе төңірегінде әңгіме қозғар болсақ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Зарқын ТАЙШЫБАЙДЫҢ айтары көп. Таяуда біз ғалымға жолығып мынадай сұрақтар қойған едік.
– Зақа, 6 монография, 7 оқулық пен оқу құралдарының авторысыз. Олардың ішінде «Абай және баспасөз», «Абайтану арнасында», «Мағжанның Қызылжары», «Алаш көсемсөзі», «Қазақтың ханы – Абылай», «Баспасөз тарихы» секілді сүбелі шығармаларыңыздың орны бөлек. Бұдан басқа елі қатты қадірлеген, халқының сый-сияпатына ерекше бөленген жазушы Сәбит Мұқановтың күрескерлік тұлғасы мен шығармашылығына қатысты індете зерттеп жүрген еңбектеріңіз де бар. Соның бір парасы Сәбең И.Сталиннің қабылдауында болды ма, жоқ па деген дүдәмал сауалдарға жауап беретін сияқты.
– Әлемдік тарихта Сталиннің рөлі туралы тиянақты көзқарас әлі қалыптасып болған жоқ. Көрші елдің өзінде қоғамдық пікір әрқилы. Біреулер оны миллиондаған жазықсыз адамдарды қырып-жойған қанішер десе, енді біреулер жер-дүниені фашизмнен аман сақтап қалған тұлға ретінде дәріптейді. «Өгіз соқа жеккен, ағаш шәркейлі Ресейді 30 жыл қатаң тәртіпке салып, әлем мойындаған алып державаға айналдырған теңдессіз билеуші», Лениннің «ұлыдержавалық шовинизмге» қарсы күресін жақтап,патшалық Ресейдің құлақкесті құлы болған ұлттарға, оның ішінде қазақтарға кеңестік автономия әперіп, жер-суын түгендеп берген Ұлттар ісі жөніндегі нарком екені тарихи шындық. Солай бола тұра, Сталиннің аты аталғанда тітіркене қалатынымыз неліктен? Бәлкім, мұндай күйге түсуіміз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жалған жаламен атылып, Сібірге айдалып кеткен ондаған мың қандастарымыздың қилы тағдырына байланысты болар.
Әңгімені әріден орағытып отырғаным, «пролетарлық жас қаламгер» Сәбит Мұқановтың «халықтар көсемінің» арнайы қабылдауында болғанын жоққа шығарып, қиял-ғажайып ертегіге балайтындар арамызда жоқ емес. Ол жөнінде қаламгердің өзі «Есею жылдары» атты өмірбаяндық кітабында баяндағанымен, 25 жастағы қазақ жігітінің Мәскеуге арып-ашып жетіп, Компартияның Бас хатшысымен ауызба-ауыз тілдескеніне, өлеңдері өз елінде кітап болып шықпай жатқаны туралы шағымдануына шәк келтірушілердің кездесетінін былай түсіндіруге болатын сияқты. Біріншіден, аюдай ақырып, түкірігі жерге түспей тұрған Сталинмен әңгімелеспек түгіл, сырттай атын атауға екінің бірі жүрексінетін. Екіншіден, ол кездегі қалыптасқан ұғым бойынша Сталиннің қабылдауына кіру үшін М.Горький, М.Шолохов, Д.Бедный, А.Лахути сияқты әйгілі әдебиет өкілдері болмаса республиканың бірінші басшысы, не Кеңес өкіметін қолымен орнатқан күрестес серігі болуы шарт. Үшіншіден, ауылдан шыққан батырақ баланы қабылдай қоятындай ол кімнің шікірә еді? Оның үстіне, Сәбеңнің өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер бұл оқиға жөнінде жақ ашпауы күмән-күдікті қоюлата түскен тәрізді. Оның да мынадай себептері болуы мүмкін: біріншіден, адал коммунист, социализм ісіне шын берілген, ел ішінде қадірі асқан Сәбеңнің «қанішер, жауыз» Сталиннен көмек сұрап баруы әрі нанымсыз, әрі сүйкімсіз факт, яки «ұлы көсемнің» қабылдауында болдым деуі – жалған. Өйткені, Кремль қабылдауында болғандар тізімінде «Сәбит Мұқанов» деген жазу жоқ. Бірақ, сәбиттанушылар тарапынан «қарадық, дерек табылмады» деген сөз де естілмеген. Осылайша, жабулы қазан жабуымен қала берген сияқты. Жерлес жазушымыздың бұл оқиғаны ойдан шығарды деушілердің уәжіне тоқталайын десең, естеліктерін елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жылдардың басында, Компартияның әйгілі ХХ сьезінен кейін, Сталиннің есімімен мақтану абырой әпермейтін кезде қағазға түсіргенін ескерсек, ойымыз онға, санамыз санға бөлінері анық.
Енді, міне, Сәбит Мұқанов өміріндегі тарихи деп атауға тұрарлық осы фактінің анық-қанығына жетіп отырмыз. Сәбеңді Иосиф Сталин Кремльдегі кабинетінде 1925 жылы 7 қаңтарда қабылдағаны белгілі болды.
– Олай болса, осы деректің қалай табылғандығы, мән-жайы туралы газет оқырмандарын құлақтандыра кетсеңіз?
–2007 жылы Мәскеудегі «Новый хронограф» баспасынан «Сталиннің қабылдауында болғандар» (На приеме у Сталина. Тетради (журналы) записей лиц, принятых И.В. Сталиным деген 1784 беттік жинақ бар-жоғы 350 данамен жарық көрген. Кітапқа берілген аңдатпада: «1924-1953 жылдары Сталиннің қабылдау бөлмесіндегі хатшылардың РФ Президентінің мұрағатында сақталған жазбалары жарияланып отырғаны, сол жылдары Сталиннің Кремльдегі кабинетінде болғандардың әрқайсысы дәлдікпен тіркелгені» жазылған. Басылымға берілген түсініктерде Сталин дәуірін сипаттайтын деректер молынан ұшырасады. Онда Кеңес Одағындағы ең биік лауазым иесінің адамдарды қабылдау тәртібі, келушілерді тіркеу жүйесі көрсетілген. Біз қазақ тарихына керек болады-ау деген оймен Сталиннің қабылдауында болғандардың арасынан өзімізге көзтаныс есімдерді іріктеп алдық. Әлбетте, іздегеніміз – Сәбит Мұқанов еді!
Сталиннің қабылдау бөлмесінде отырған хатшылар келгендерді әуелде ататегімен ғана тіркеген. Кейінірек қайдан, не себеппен келгенін жазатын тәртіп орныққан. Тек ататек қана көрсетілгендіктен, кейбірін ажырату оңай емес. Біз білетіндерден Санжар Асфендияров, Әліби Жангелдин, Сейітқали Меңдешев, Смағұл Сәдуақасов, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Жұмабай Шаяхметов, тағы басқалары қабылданған. Мемлекеттік маңызы бар мәселеге Молотов, Ворошилов, Куйбышев, Каганович бастаған 26 адамның ішінде РСФСР Үкіметі Төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов та қатысқан. Алайда, 1925-1926 жылдардың құжаттарын қанша мұқият қарасақ та, үлкен тізімнен Сәбит Мұқанов деген жазуды таба алмадық. Одан әрі іздестіру үстінде «1925-1928 жылдары Сталиннің қабылдауы туралы жиынтық деректер» («Сводки приема И.В.Сталиным посетителей за 1925-1928 гг.») деген басқа бір қорға кез болдық. Түсінікте бұл деректердің Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мұрағатында сақталған «Сталиннің жеке қорынан» алынғандығы жазылған. Жұмбақтың жауабы осы жерден табыла кеткені! Кеңестік Ресей тарихын зерттеу кезінде жазушылар мен өнер қайраткерлерінен өз атына келген кейбір хаттарға Сталин «менің жеке архивіме» деп белгі соққанын байқаған едік. Мәселен, Д.Бедныйдың, А.Панферовтің, Е.Пешкованың, А.Барбюстің хаттары дегендей. Сталиннің бұл хаттарды арнайы сақтауына қарап компартияның идеологтары ретінде өнер адамдарын, әсіресе, жазушыларды жанына жақын тартқан, кейбір «еркеліктерін» кешіріп, қолпаштап отырған деген жорамал жасауға болады. Сәбиттанушылардың бұл дерекке кездесе алмай жүрген себебін осыдан іздеу керек секілді. Айналып келгенде, Сәбит Мұқановқа қатысты дерек Сталиннің қабылдауында болғандарды тіркейтін негізгі журналдар мен дәптерлерден бөлек, «Сталиннің жеке архивінде» сұрыпталып, тиісінше, Ресей Президентінің мұрағатында емес, Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатында бөлек қорда сақталған. Оны құрастырушылар былай деп жазады: «Бәлкім, бұл деректерді хатшылықтың немесе мұрағаттың қызметкерлері қабылдау үстінде де, тіпті, қабылдау біткеннен кейін де жедел толтырып отырмаған. Демек, уақыт өткен соң, белгілі бір қорытынды жасау қажет болғандықтан, арнайы зерттеп, толық мәнді саяси құжат түрінде дайындағаны байқалады».
«Сводки» деп аталған деректер арнайы тәртіппен жүйеленген. Келушілер: «Жұмысшылар мен шаруалар», «Оқу орындарының өкілдері», «Партия қызметкерлері», «Кеңес қызметкерлері», «Кәсіподақ қызметкерлері», «Комсомол ұйымдарының өкілдері», «Әскери қызметкерлер», «Шет елдердегі коммунистік ұйымдардан», «Баспасөз қызметкерлері»... деп, жеке-жеке топтастырылған. Қабылдауға келушілердің кейбіреулерінің аты-жөні, қай жерден екені, қабылдауға келу себебі атап көрсетілген.
Осы ретпен «Прием И.В. Сталиным работников печати. 1925 год. 1. Досов и Луканов – Киргизия, о киргизской печати 7 января» деген жазуға кез болдық. Осы тұста Сәбең кітабында басқаша суреттеген кей жайтты анықтауға тура келді. Біріншіден, «Досовтың» Әбілқайыр екендігі, Мағжан, Сәкен, Нығымет, Хошмұхамметпен бірге қазақ жастарының «Бірлік» ұйымын құрғаны, 1920 жылы Омбыда «Кедей сөзі» газетін шығарысқаны, Орынбордағы кеңестер съезіне Сәбеңмен бірге қатысқаны, Семейде, Ақтөбеде, Шымкентте басшы қызметтер атқарғаны, Қазақстанның Мәскеудегі өкілі, Орталық Комитетте нұсқаушы болғаны белгілі. Сондай-ақ, 1926 жылғы 29 желтоқсанда Сталиннің қабылдауына кіргені туралы «Досов Абель-Каир» – представитель Казахской республики» деген дерек толтырылған. Сәбең 1933 жылы «Қызыл профессорлар» институтында жүргенде РКП(б) Орталық Комитетінің нұсқаушысы Әбілқайыр Досовты «ең көп білетінім де, ең жақын сырласым да» (425-бет) деп жазады. Бірақ, Сталинге барғанда оның есімін атамайды.
– Сөз ыңғайыңызға қарағанда Луканов Мұқанов демекшісіз ғой?
– Шынында да «Луканов» деген кім деген сауал өз-өзінен туындайды. Кремль қызметкерлерінің орыс емес нәсіл өкілдерінің аты-жөнін қағыс естуі, айтуға, жазуға келгенде қателесуі әбден ықтимал. Мысалы, осы құжаттардың өзінде Нығымет Нұрмақовты біресе «Новмет», біресе «Нурманов», Әлихан Бөкейханды «Ализан», Сұлтанбек Қожановты «Ходжанов», «Хаджанов», Жалау Мыңбаевты «Мунбаев», Қаратілеуовты «Каратисаув», Қозыбағаровты «Казыбагаров», Тұрар Рысқұловты «Рыскунов» деп бұрмалап жазған. Олай болса, «Луканов» деп отырғанымыз – «Муканов»! Дәптерге дұрыс жазылғанның өзінде қолтаңбасы қисықтау біреу «М» әрпін каллиграфия түрінде көріксіздеу таңбалауы мүмкін. Қолдан жазылған түпнұсқасы дұрыс болса да, көшіруші қате жіберуі ғажап емес. Сәбеңнің жазғандарына қарағанда, 1924 жылдың аяғында, дәлірек айтқанда, 24-25 желтоқсанда Мәскеуге барған. Он күндей күтіп, Сталиннің қабылдауына кірген. Уақыт жағынан сәйкес келіп тұр. Әрине, дүдамалымыз да жоқ емес. Сәбең Орынбордан аттанғанда қасына өзімен бірге оқитын ауылдасы Үмітбай Балқашевті ертіп алған. Мейманханада екеуі бірге жатқан, Мәскеуді бірге аралаған. Осында оқуда жүрген Абдолла Асылбековті тауып алған. Бірақ осы сапарында Әбілқайыр Досов туралы аузына алмайды. Ал Сталиннің қабылдауына Сәбит пен Әбілқайыр өз беттерімен жеке кірді деудің еш қисыны келмейді. Тіркеу құжатында екі фамилия бірге жазылған және уақыты да бірдей. Сталиннің қабылдау тәртібінде қосарлап жазудың мысалы көп. 1925 жылы Мордовияны автономия дәрежесіне көтеру жөнінде ұсыныспен кірген Дорофеев пен Диманштейн, Түрікменстан ОАК төрағасы Айтақов, совнарком төрағасы Атабаев, партия жетекшісі Межлаук топтасып кірген. Ал, Сталинге кірмеген адамның тұсына «не принят» деген белгі соғылған.
Сәбең осы сапары туралы өз аузынан айтты деген мынадай дерек бар. Бірақ мұнда жазушы оқиғаны басқаша баяндайды. 2010 жылғы 5 қазанда «Юридическая газета» басылымында жарияланған «Дух сильный и неподкупный» атты мақаланың авторы Алипа Утешева белгілі журналист, жазушы Кемел Тоқаев туралы әділет саласының ардагері, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Ізгілік Нұрмағамбетұлы Дабаевтың аузынан жазып алған естелікте Сәбең туралы деректер келтірген. Әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай: Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшысы Нұрымбек Жанділдин республика Жоғарғы Советінің марапат бөлімінің меңгерушісі Ізгілік Дабаевпен сыйлас болған. Сол кісіні қонаққа шақырып, Сәбит Мұқановты, Батыс Қазақстан обкомының хатшысы Бисен Жұмағалиевты, Жоғарғы Совет ведомостарының бас редакторы Кемел Тоқаевты қосады. Алғашқы сөз Сәбеңе беріліп, әңгіме қызған тұста Жанділдин: «Сәбе, сіз Сталиннің қабылдауында қашан болып едіңіз?» деп сұрайды. Сәбит Мұқанов: «Мен ол кезде Қызыл профессорлар институтында оқушы едім. Бірде Сталинге жолыққым келді. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы: «Қандай мәселемен кіретініңізді қағазға түсіріп беріңіз, кейінірек өзіміз шақырамыз», деді. Бірнеше күннен кейін шақырту алып, Бас хатшыға кірдім. «Қандай шаруамен келдіңіз?» деді. «Жазушы болғым келеді, бірақ Қазақстанда жазғандарымды баспайды, демагогсың, сенен жазушы шықпайды», дейді. Одан арғы оқиға былай өрбиді.
– Бізде, Орталық Комитетте Мағжан Жұмабаев деген қазақ жазушысы бар. Ол бізге қазақтың барлық жазушылары туралы түсінік, мағлұмат беріп отырады. Соған тапсырып, жазғандарыңызды басып шығарып, Сізді жазушы етіп шығарамыз.
– Мені демагогсың деп жүрген сол Жұмабаевтың өзі ғой. Ол маған қол ұшын бере қояр ма екен?
– Мен одан сұрамаймын. Бұйырамын, деді көсем. Осылайша Сталин менің жазушы болуыма көмектесті, ал қолжазбаларымды Жұмабаевтың өзі редакциялады, – дейді Сәбең сөзінің аяғында. Бұл жерде Сталиннің қабылдауына Мәскеуде оқуда жүргенде барғанын айтып, Мағжан есімін қосқан. Бұлардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін қазір дәлелдеу қиын. Бір ғана даусыз шындық – 25 жастағы рабфак оқушысы Сәбит Мұқановтың үлкен батылдық жасап, Кеңес мемлекетінің бірінші басшысы Иосиф Сталиннің қабылдауына барғаны көзсіз ерлікпен бірдей.
Сәбит Мұқанов мерзімді баспасөзде жарияланған, жарияланбаған өлеңдері мен мақалаларын жинақ етіп бастыру туралы талпынысы іске аспаған соң партияның Орталық Комитетіне шағым айтқанын баяндадық. Сәбең артына: «Көшірмесі өзімде сақталған бұл арыздың тарихтық және әдебиеттік мәні болғандықтан, құрметті оқушы жолдастар, сіздердің алдарыңызға сол қалпында тартқым кеп отыр», деген жазба қалдырған. Онда Орынбор қаласында тұрғаны, мемлекеттік рабфак студенті болғаны айтылады. Баяндау хаттың жазылу мақсаты – РКП(б) Орталық Комитетіне қырғыз халқының мәдени дәрежесін өсіруге себепкер болып жатқан объективтік және субъективтік жағдайларды сипаттап беру. Одан әрі балалық шақтан әдебиетке құмарлығын айта келіп, ой-пікірі жат адамдардың өзінің өлеңдер жинағын шығармай жүргенін, осы жағдай РКП(б) Орталық Комитетінен жәрдем сұрауға, жинағын «Шығыс» баспасынан кітап етіп бастыруға жәрдемдесуін өтінуге мәжбүр болғанын жазады. Жазушының айтуына қарағанда, құжатқа Сталин қызыл қарындашпен: «Москвадағы «Шығыс» баспасына! Жолдас Сәбит Мұқановтың бұл жинағындағы өлеңдердің жақсылары таңдалып, жинақ болып басылсын. И.В. Сталин», деп бұрыштама соққан. Алайда, Нәзір Төреқұлов оған оң қабағын бермей: «Көрерміз, оқырмыз, пікірімізді айтып, хат жазармыз», деп шығарып салады. Автордың баяндауынша, біраз күндерден кейін қолжазба поштамен өзіне қайтып келеді.
Міне, Сәбит Мұқановтың Мәскеуге сапары осылай аяқталған.
– Сіз зерттеу барысында Сталиннің қабылдауында болған тағы қандай қазақ зиялыларын анықтадыңыз?
– Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне « быв.пред. Совнаркома Киргизии» (Қазақ Республикасы үкіметінің бұрынғы төрағасы) деп қағазға түскен. Екеуара қандай мәселе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жасау абырой әпере қоймас. Дегенмен, Сәбит Мұқановтың: «Жуық арада (1960-жылдары. – З.Т.), Москвада марксизм-ленинизм институтынан Сәкен Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП(б) Орталық Комитетіне қазақ ұлтшылдарымен күресі туралы жазған ұзақ хаты табылды», – деп куәлік етуі Сәкеннің Сталинге жолыққанын дәлелдей түседі.(«Есею жылдары», 1977).
1927 жылғы 11 мамырда Сталиннің алдында болған Әлихан Бөкейхан Центриздаттың ғылыми қызметкері ретінде тіркелген және «өз шаруасымен» деп белгі қойылған. Бұл арада Әлекең Сталинге өзі сұранып барды ма, әлде арнайы шақыртылды ма – белгісіз. Әлихантанушы Сұлтан-Хан Ақұлұлының баяндауынша, Әлихан Бөкейханның Қазақстанға іссапармен бару мәселесі қозғалып, жұмыс орнында рұқсат берілмегеннен кейін Сталинге жолығып, жағдайды түсіндірмек болған. Содан кейін ғана Сталин тарапынан Қазақстанға сұрау салынған. Дәл осы арада Сталин Әлекеңе жаулық ойлады десек, күпірлік болар. Әйтпесе, қабылдай ма? Керісінше, Әлекеңнің жеке басының ерекше қасиеттерін сыйлап, бағалап, пікірлескен. Жергілікті маңызы бар мәселені баса-көктеп шешпей, Қазақстан басшыларына жеделхат соқтырып, сұрау салған. Ал, Сұлтан-Хан жазғандай, «Сталин Әлекеңе жаулық ойлап», қайтсем, көзін жоям» десе, уақыт шығындап оны қабылдай ма, Қазақстанға сұрау салып, әуре бола ма? Сталиннің жеке басына күдік келтіргеннен гөрі нақты фактілердің аражігін салмақтап көрген артық болмас еді.
Үшінші бір дерек, Голощекинмен сыйыспай, Қазақстандағы басшылық қызметінен босап, Коммунистік академия жанындағы марксизм курсында оқып жүрген жұмыссыз Сұлтанбек Қожановтың Бас хатшының қабылдауында болуы. Замандастарының айтуынша, жиын-топтарда Сталин Сұлтанбекке: «Ей, Шыңғысхан!» деп оның беттілігін, өткірлігін, алған бетінен қайта қоймайтын табандылығын есіне салып отырады екен. Қолдағы құжаттарға қарағанда ол Сталиннің алдында бірнеше мәрте болып, республиканың мәселелерін шешкен. Дәлірек айтсақ, Сталин оны 5 рет қабылдаған, ал Голощекинді бір-ақ рет, 1927 жылы ғана шақыртқан. Сұлтанбекті 1927 жылы 23 ақпанда қабылдағанда: «Не мәселемен?» деген сұрақтың тұсында «Тов. Сталин знает» деген белгінің қойылуы жақын таныстығын, тіпті, сыйластық сенімін көрсетсе керек. Герувайтис-Степуро деген адам келгенде «Тов. Сталин знает по Туруханской ссылке, по личному вопросу» деп жазылған. Уездік партия қызметкерлері курсында тыңдаушы Кирсанованы «Бұрын келісілген», Николаеваның тұсына «Быв. зав. Женотделм ЦК» десе, Ленгник пен Седой-Литвиннің тұсына «Из общества старых большевиков» деген жазулар бар.
Смағұл Сәдуақасов 1928 жылғы 21 наурызда қабылдауға кіргенде «быв. Наркомпрос Каз. Респ.» деп тіркеліп, «В распоряжение Казкрайкома» деп қоса жазылыпты. Бұл да Смағұлдың бұрынғы наркомдығын емес, өзінің алдында бірнеше рет болған алғыр қазақ жігітінің қадірін бағалағандық. 1926 жылғы 22 ақпанда Сталин Сейітқали Меңдешевті қабылдаған. Соның алдында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған Меңдешев тізімге «Қазақстан тұтынушылар кооперациясының төрағасы» деп тіркелген және ВКП(б) Орталық Комитетінің кадр бөлу бөлімінің резервінде тұрғаны көрсетілген. Қазақ автономиясының негізін қалап, алғашқы төрағасы болған жасамыс қайраткерге осындай құрмет көрсетілген.
Сәбит Мұқановпен әңгіме үстінде өзі мақтап, қолдау білдірген Әліби Жангелдинді Сталин бір жылдан кейін өз кабинетінде 1926 жылғы 15 ақпанда қабылдап, әңгімелескен. Әлекеңнің кісілігін, ұстамдылығын, тазалығын бағалап, әттең, білімі және басқарушылық алымы жетіспейді деп қынжылған. Мемлекет мәселесін шешуге шамасы келмейтінін біле тұра, жеке басын қатты сыйлаған.
Демек, Сталиннің қабылдауына кім көрінгендер емес, кабинет иесінің назарына іліккендер ғана келгені ешқандай дау тудырмайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суретте: С.Мұқанов 20-жылдардың соңы.